Дүйсенбі, Қаңтар 22

Иса ТОҚТАРБЕКҰЛЫ. Қазақстан кіндік атқару комитетінің басындағы Қазақ азаматтарына ашық хат

 \r\n\r\n \r\n

«Ақ жол» №166

\r\n

Бейсенбі, 27 апрель, 1922 жыл.

\r\n Қазақстан жерлеріндегі қазақ  халқының патшалық құлдығынан құтылып көзін ашқанына міне екі жыл толып, үшінші жыл болды. Содан бері Қазақ жұртының бағыты саяси жақтан болсын, шаруашылық жағынан болсын, ғылым жағынан болсын, бір қадам ілгері жылжыды ма? Совет хүкіметі  халық бостандығы үшін қан төгіп төңкеріс жасап, патшаның һәм патшашылдардың көзін жоғалтып әр жұрттың тізгінін өзіне беріп өзін өзіне билетті. Шіріген патшалық заңдарын жоқ қылып, жаңдан адамшылық жолына бейімдеп негізді заң шығарды. Бұл заң адам баласына сонша жағымды заң болып шықты. Мұсылман жұртының ислам негізін үйреткен құраны қандай болса совет хүкіметінің заңы сондай болды. Құранды кісі өлтіру, ұрлық қылу, ел талау һәм басқа сол сияқты нәрселер дұрыс емес екен, осыларды жұрт істесе құран айыпты бола ма? Яки, істеуші айыпты бола ма? Әрине, мұның жауабы оңай. Құранда кінә жоқ. Сол сияқты біздің ілгері баспай отырғанымызға совет хүкіметі шығарған негізгі заң айыпты болмаса керек.\r\n\r\nСовет хүкіметі біздің қолымызды теңдікке жеткізбек үшін өзімізге автономия берді. Автономияға өзімізден азаматтар қойдық. Сыртқы істер болмаса ішкі жұмыстар жөнінен совет хүкіметі қолымызды қақпайтын болды. Біздер бұқара өзіміздің іс басымыздағыларға сонша сендік, сонша қуандық. Қанаттыға қақтырмай, тырнақтыға түрткізбейді, тұмсықтыға шоқтырмайды деп, сіздер қызметті қолдарыңызға алып елді билегендеріңізге үшінші жыл болған екен. Содан бері не істеп, не қойғандарымызды өздеріңіз білмесеңіздер жалпы жұрт түк білмейді. Бұрын Николай заманында қазақ жұрты қандай таяқ жесе өзгерістен кейін сіздер адам болғалы да сондай таяқ жеп отырған жоқ па? Оның бір мысалы мынау емес пе?\r\n\r\nОсы 20-шы жылдан бері, әсіресе 21-ші жылдың ішінде бір Ақмола үйезінде жиырма неше адамды қызыл коммунистілер мен қызыл әскерлер жазықсыз атып өлтірді, Семей губерниясында талай адамды коммунистер жазықсыз жоқ нәрсені сылтау қылып атты, осы 21-ші жылдың күзіне қарсы Мойынты болысы (Қарқаралы ояазы) Марсон деген елден 7-8 адамды Ақмоланың коммунистері мен қызыл әскері атып кетті, Қызыл тау елінен екі адам Ақшатаудан 2 адамды атып  Абыралы, Дегелең кент елдерінен де бірнеше адамдар атылды.\r\n\r\nБұл бейшаралар хүкіметте жазалы болып, айыптарына көзі жетіп өлсе, өлтірілсе сөз жоқ қой!\r\n\r\nБұлардан басқа орынсыз мал алу ауыл шабуылы, үй тонау, пара алу, жазасыз абақтыға түсу, таяқ жеу, дүре соғылудың ұшы қиыры болар ма екен? Мінеки жолдастар! Мынандай ақ заманда мұндай жауыздықтардың тыйылмауы ұят емес пе? Бұл қай заман еді. Басында өзгеріс, төңкеріс осындай жауыздықтар асқынып бара жатқан соң болған жоқ па еді.\r\n\r\nКеше езілген қазақ жұрты мына бостандық заманында атылып, айдалып, таяқ жемек түгіл қатты сөз естуі де ұят. Қазақ жұрты Николай заманында езілді. Сібір хүкіметі заманы мен колчак заманында баяғы Николайдың кебін киді. Енді мына теңдік құрдастық, ортақшылдық заманында тағы да таяқ жей ме? Бұл қалай? Жалпы жұрттың даусы, жылағаны орталыққа жетпегенмен іс басындағы азаматтар-ау, сіздердің дауыстарыңыз жетіп отырмай ма? Өтірік коммунист болып, елді жылатып талап, өлтіріп отырғандармен неге алыспайды. Неге оларды дүниеге қояды? Сіздер қазақтың орынсыз жылағанын сөйлесеңіздер партиядан шығып комиссар болмай қаламыз деп қорқасыздар ма? Партияның өзі де осындай езілген жұрттар үшін шыққан жоқ емес пе еді. Езілген жұртті қорғау ұлтшылдыққа келе ме?\r\n\r\nОсы күні ойлап байқасыңыздар, сіздердің баққан елдеріңіздің бір сыпырасы қаңғып қай жерлерде итке, құсқа жем болып қырылып жатыр. Қайсылары болыс-болысымен Қазақстан жерінен Түркістан жеріне қашып жатыр. Мысалы үшін мыналарды айтайын: Семей губерниясы Қарқаралы оязынан 2 болы ел (Мойынты Сарыбұлақ) Қарқаралыдан қашып Әулиеата, Алматы, Пішпек жерлеріне  тығылып отыр, Ақмоладан екі болыстай ел (Қойтас болыстары) Әулиеата, Түркістан, Шымкент жерлеріне тығылып қашып отыр. Естуімізге қарағанда Орал, Торғай облыстарында сондай елдер Түркістан жағынан болысқан болса керек.\r\n\r\nБұл неден? (қойшы жалқау болса қойға қасқыр шабадының) кебі ғой. Қазақстанға берілген автономияның атағына екі жыл толғандығына біздің Семей губерниясының барша үйездерінде зор-зор тойлар қылып өткен жаз қатты қуанып, қатты шаттықпен бір жұмадай сауық қылып ат шаптырдық. Істеген қызығымыз, ойлаған мақсатымыз бола алмай  тұр. Біздер мұны өзімізден көрмесек кісіден көрер бетіміз жоқ. Кешегі Николай қаһарының 16-шы жылында қазақты теңдікке алмай өлімге айдап қара жұмысқа майданға қан жылатып мылтықтың найзасымен шанышқылап қуғанда, бір жағынан қашып бунт шығарып, қарсылық қылғандарын қырып жатқанда өлсек қазақпен бірге өлейік деп Николайдың пиғылын жаратпай, ішінен қан жылап, алынған азаматтардың көңілін аулап қызмет қылып, патшаның қаһарынан алып қаламыз деп жаяу жалпы аш жалаңаш майданға жұмысшылармен бірге жүгірген оқыған азамттарды қайда қаңғыртып жібердіңіздер. Олар Николай заманымен саяси астыртын әдіс ойлап, зыр жүгіріп жүргенде  біздің көбіміз шай, қант жақсы пальто, механический батинка, триколардың әуесінде едік. Міржақыптың:\r\n\r\nКешегі қара күндерде,\r\n\r\nЖұлдызсыз айсыз түндерде.\r\n\r\nЖол таба алмай сенделіп,\r\n\r\nАдасып Алаш жүргенде,\r\n\r\nБұл күнгі көп көсемдер,\r\n\r\nСөзімен сондай қайда едің? – дегені есіме келеді.  Жоғарғы айтылған уақиғалар бір ғана Семей, Ақмола облыстарында емес қазақстанның әрбір жерлерінде бар көрінеді. Орал, Торғай, Ақтөбе жақтарында ел аралап жүретіндер кісі өлтірмей нәрсе таламай жүрмейтін болса керек. Орынбор маңайының казак-орыстары, мұжықтары Орал қазақтарының ауылдарын аймағыменен шауып алып, адамдарын қырып тастап жүр деп естиміз. Орыстардың қазаққа қылатын зұлымдықтары әрі күнге басылмағаны ма, бұл қалай? Мұны естімей отыр ма, жоқ, естісе де қазақ болған себепті қазақты неге өлтіре бересіңдер десе ұлтшыл болып кетеіміз деп қорқа ма? Қазақты һәм басқа бұратаналарды құл қылып езген орыс тұқымы мына мінездерін қояр, қоймаса центрдегі таза коммунистер ондай залымдардың көзін жоғалтар деп сенеміз.\r\n

 Иса Тоқтарбекұлы

\r\n

1922 жыл 22 апрель.

\r\n Редакциядан ескертпе:\r\n\r\nБұл материалдың жарияланғанына ғасырға жуық уақыт өтсе де, өз құндылығын, ақиқатын әлі жоя қоймағаны белгілі.\r\n\r\nОрыстардан көрген теперіштің бір куәсіндей болған, «Шаң басқан архивтерде жатқан» осынау үшбу хатты оқырман назарына қайта ұсынуды жөн санадық. \r\n\r\nСол кездегі «Ақ жол» газетінің төте жазу нұсқасынан кирил қарпіне аударған – Ғалымбек Елубайұлы.\r\n

«Алты Алаш» ақпарат

Жауап жазу

Your email address will not be published.