Сейсенбі, Шілде 25

Фрэнсис Бэкон Үйрену туралы

Үйренудің көңілділік үшін, көркемдік үшін, қабілет үшін атқарар қызметі орасан. Оның көңілділікке басты көмегі өзіңмен-өзіңді жеке тастап, оңаша қалдырады. Көркемдік үшін – шешен сөйлеуге, ал қабілеттілік үшін – жұмыстарды жете меңгеріп, тез бір жақты етуге икемдейді. Тәжірибелі адам әрбір кішкене істерге дейін жіңішке жоспарлап, артынан орындауға шебер болғанымен, дана ақылшылар, үлкен жоспар, ұлы істерді жобалаушылар қашанда оқығандардан шыққан. Уақытының көбін үйренуге жұмсайтындар – жалқау, көркем сөз теруге жұмсайтындар – бейтабиғи, барлық істі оқығандарына салатын оқу соққандар болып шығады. Білім табиғи кемелденеді әрі тәжірибе арқылы толығып отыруға тиіс. Табиғи қабілет табиғи өсімдікке ұқсайтын болғандықтан, оны үйрену арқылы күзеп отыруға тура келеді. Тек тәжірибенің шеңберінде ғана қалғандар үшін алғанда, үйрену өзіне-өзі бағдар беріп, үздіксіз кеңейіп отыруы керек. Ысылған адамдар үйренуге шебер келеді. Қарапайым адамдар қызыға қараса, зерек адамдар оны істеуге епті болады. Білім өзін қалай қолдануды үйретпейтіндіктен, бұның өзі үйренуден сырт әрі жоғары тұратын, тек бақылау арқылы ғана қолға келтіруге болатын көрегендік есептеледі. Кітап оқығанда оған қарсы пиғылда немесе бүкілдей арбалып қалуға болмайды. Құлай сенуге немесе жеңіл-желпі құптай салуға, айтар әңгіме, сөйлер сөз үшін сөйлем іздеуге тіпті де болмайды. Қайта жақын танысып, ой елегінен өткізу керек. Кейбір кітаптар аса қызықты, ал кейбірі өте тартымды болады. Аз сандағы кітаптарды жайлап оқып, ойға сіңіруге тура келеді. Сондай-ақ, қайсыбір кітаптардың кей бөлігін ғана оқу керек болса, кейбіреуін жіңішкелеп болмаса да оқып шығуға тура келеді. Енді бір аз сандағысын түгелдей мұқият, назар салып оқу керек. Кейбір кітаптарды басқаларға тапсырып оқытып, олар арқылы үзінділер алуға болатын шығар, дегенмен, бұл кітаптардың тек маңызсыз мазмұндағы, екінші деңгейлі кітаптар болмағы шарт. Басқаша айтқанда, маңызын қалқып алған кітаптар буланған су секілді мағынасыз.

Кітап оқу – адамның білімін толықтырады. Пікір алмастыру – білімді ұштаса, жазу – кемелдендіреді. Сондықтан, аз жазатындарда өте мол есте сақтау қабілеті болу керек. Аз пікірлесетіндер аса қағылез, ал тым аз оқитындар білмейтінін де білетін етіп көрсете алатын асқан айлакер болуы керек.

Тарих адамды сұңғыла, өлең қағылез, математика жіңішке, физика терең, этика салауатты, ал логика мен әрлеу ғылымы шешен етеді. Үйрену адам мінезін өзгертеді деген осы. Одан басқа, үйлесімді үйрену арқылы ұмтылса, ақылда тосқауыл, санада іркіліс болмақ емес. Құдды дене шынықтырудан өз емін тапқан бойдағы дерт секілді. Домалатпа доп (боулинг) тас байлану мен бүйрек, садақ тарту өкпе мен көкірекке, жаяу жүру асқазанға, ат міну миға пайдалы деген сияқты. Сондықтан, зердесі шашыраңқы адам математика үйреуі керек; есеп шығару барысында сәл ғана қате кетсе, қайта бастан қайталауына тура келеді. Егер оның зердесі парықтауға, айырмашылықты байқауға үйлесімсіз болса, онда оның шіркеу философиясымен айналысқаны жөн. Себебі, олар бір талдап шаш тарағандай мұқият болады. Егер ол адам мәселелерге ой жүгіртуге икемсіз болса, онда оны бір істі дәлелдеумен бір уақытта екіншісін түсіндіру жұмысына салу керек. Оның заңгерлердің дело істеуін үйрегені абзал. Демек, бастағы әрбір кемшіліктің өзіне сай дауасы да бар.

аударған: Серік Нұғыман

Алты Алаш-руханият

Жауап жазу

Your email address will not be published.