Бейсенбі, Қыркүйек 21

Гүлдана Айтбаева «Көктен мекен тауып алсам деп едім…»

* * *

Бәрі жақсы, бәрі шүкір, бәрі бар,

Өмірімде бәрі шекер, бәрі бал.

Қамыққандар, бармағыңды баппенен,

Бақытымның бір шетіне малып ал!

Өмірдің де таңдап алғын мәндісін,

Кері кетпей алға бассын әр ісің.

Асқақтаған арманыңа қол жеткіз,

Бақытты бол, Керек емес алғысың.

Бақытты бол, маған әсте қарама,

Дұрыс?

Теріс?

Санаңа сал, сарала.

Ал мен, жаным, көкке қарап қол жайып,

Тілеуіңді тілеп тұрсам…

Бола ма?

Бәрі жақсы, бәрі шүкір, бәрі бар,

Қанағатқа тұзың-шекер, уың-бал.

Тарыққандар, бақытымнан бір асап,

Тойымсыздар, маңдайыңа жағып ал!

* * *

Түсімде – бағымсың,

Өңімде – сағымсың…

Тамырда толқындай тулаған қанымсың.

Күн батса жанымды жегідей жегенмен,

Үмітпен оянар таңымсың!

 

Біреуге арманмын,

Біреуге…  Жалғандым.

Бір жалған жарымжан сәулеге арбалдым,

Жастықтың астына жасырып жайымды,

Қиялдан қалғанмын…

 

Кеміріп кенімді тағдырдың мазағы,

Азғынның сұм ойы көрімді қазады.

Аяшы,

Ей, ғазал дүние азабы,

Жаным жазалы…

САҒЫНДЫМ…

Бауырыңда өстім, қайғы мен мұңға таң қалып

Өзіңнен үлгі ап алысқа, ата, самғадық.

Ақылмен құйған адамдық-адалдығыңды

Ту қылып ұстап, арсыздық іске бармадық.

 

Ет жақын жаның тұрмайды екен іздетпей

Жоқтығың Ата, жанымды шарпып күзгі өрттей.

Қарсы алып алдан тұратын күліп бейнеңіз,

Тас мүсін болды…

Сезімсіз сурет селт етпей.

 

Бетінен жердің шарқ ұрам іздеп бейнеңді,

Періште пейіл мұңайып мүшкіл күйге енді.

Тілдесе алсам бір ғана тілек тілер ем:

Бұршы деп бері о бетке өткен күймеңді.

 

Елесің жансыз – бойымның болды тұмары

Не үшін? Неге?

Санамның бітпей сұрағы…

Әлпеті ұқсас қария көрсем көшеден

Басымды сүйеп, өксігім келіп тұрады.

 

Қала алмас ешкім бұғаулап ұстап уақытты

(Жаратқан Ием ісіне мінсіз ұқыпты).

Аташым менің, болмасын алаң көңілің

Ізіңнен ерген ұрпағың, тәубе, бақытты…

 

Автор жайлы:

Гүлдана АЙТБАЕВА – 1986 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Ақтөбе мемлекеттік университетінің түлегі.

Алты Алаш – руханият

4 Comments

  • Anonymous

    “Күзгі жапырақ”, “Көктен мекен тауып алсам деп едім…” өлеңдерімді жарияланым қатарынан неге алып тастағанын түсінбей отырмын жариялаушының?..

  • Айнұр

    Ешбір ақынға ұқсамайтын өзіндік стилі бар. Керемет!!! Жарайсың, құрбым!

  • Талғат Кеңесбаев

    Өте жақсы өлеңдер…бұл авторды бұрын оқымаппын…

Жауап жазу

Your email address will not be published.