Жексенбі, Желтоқсан 17

Әзімхан Алманов. Ұлтын ұлағаттап сүйе білген…

 «Мерей» баспасынан жақында ғана жарық көрген Саясат Бейісбайдың «Бір жұтым ауа» кітабын оқыған жанның көкейіне, ең алдымен, осындай ой келері анық.\r\n\r\n    Діннің тәрік, тілдің ғаріп күйге ұшыраған мына кезеңде тіршілік тауқыметімен арпалыса күн кешіп жүрген бүгінгі ұрпақ өкіліне «Еліңді сүй! Дәстүріңді құрметте!» — деп ақыл-өсиет айтушылық  түйеден түскендей емес пе, бұл қалай өзі?» — деп ойға қалуыңыз да мүмкін.\r\n\r\n   Алпысқа келген азаматтың өзінің жан тыныштығын күйттеп, ауырмайтын жамбасымен жата берсе, ешкімнің де өкпесі жоқ шығар.\r\n\r\n   Сөйтсе де, «тау ешкінің тауға шықпаса, тұяғы қышиды» дегендей, аты барда желіп жүріп ел таныған журналистің көргендері көзімен, ой-орманы өзімен болып, жиған-тергендері ұшты-күйлі құрдымға кетпей, қағазға түскені қандай жақсы.\r\n\r\n    С.Бейісбай көрген-білгендерін, көкейге түйгендерін туған елінің керегіне жарар, жыртығына жамар деп, талғамды ойлар түзіп, өзге ұлттардың іліп алар жақсы үрдістерін, үлгі болар қасиеттерін өзіндік пікір тоғысына үлестіріп, оқырман жүрегін дөп баса білген екен.\r\n\r\n   «Байдан ағады, балдан жұғады» деген сөзде шындық бар. Өз елінің ине сабақ жібіне дейін тәптпіштей ұғынып, терең түсінетін Саясаттың мақсаты — мына дөңгеленген дүниедегі көңілге қонар, көкейге тұнар толымды істерді өз жұртына тырнақтай да болсын жұғысты етуге ат салысу, жақсы үрдістерге елінің көкірек көзін ашып, назарын аудару.\r\n\r\n    С. Бейісбайдың сонау 1991 жылдың күзінен Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосында қызмет етуі, жол сапарлармен әр алуан мемлекеттерді аралап, басқа елдердің тұрмыс-тіршілігін өз елінің тыныс-тіршілігімен салыстыруына, ақ-қараны саралап елеп-екшеуіне, түптеп келгенде, санасына қайта сілкініс жасауына түрткі болғаны ақиқат.\r\n\r\n    Сан-салалы тақырыпқа арналған бұл шығармасында С. Бейісбай қаламгерлік қарымын әдеби, көркем образ сомдаудан гөрі, тіршіліктегі тағдыр тәлкегіне түскен қилы қарапайым кейіпкер-тұлғалардың каталог-жүйесін жасауға бағыттаған сынайлы.\r\n\r\n    Қазақтың ұлттық бет-бейнесінің қалай болу керектігі;\r\n\r\n    Ұлттық дәстүр, салт-сана жайлы;\r\n\r\n    Тілім-тілім болған тіліміздің жүрек сыздатар жай-күйі;\r\n\r\n    Елімізде ақпарат құралдарының саясат шоқпарына айналушылығы;\r\n\r\n    Көші-қонның тоқтап қалуының себеп-салдары;\r\n\r\n    Жемқорлық дерттің қазіргі қоғамда дендеп енуінің ұрпақ санасына тигізер зардабы;\r\n\r\n    Сананы серпілту қажеттілігі; Қысқасы осындай тарам-тарамды елдік, тілдік, ұлттық мәселедегі ойларының ойысар тұсы, түйісер мекені, ол — игілікті іс, тазалық, әділдік, адалдық, турашылдық, шындық, имандылық.\r\n\r\n   Қаламгер түсінігінде адал-арам, жақсы-жаманның араласып кетуі еліміздегі кейбір лауазымды адамдардың шетел банктеріне жасырын есепшоттар ашып, шетел асып зәулім үйлер салып жатқандары әлі бұлтартпас темірқазық адалдық, тазалық, имандылықтардың өзегіне құрт түсуінде жатса керек.\r\n\r\n   Жазушының Платон, Аристотель, Әл- Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қошқари, Қожа Ахмет Ясауи т.б. ғұламалардың мінсіз мемлекет және оны басқарушылар туралы айтқан ой-талғамдарына талдау жасауы да оқырманын бей-жай қалдырмайтыны күмәнсіз.\r\n\r\n    Кітаптағы Саясаттың балалық шағына қатысты жазған мөлдір ойлары мен сағыныш сезімдері — бөлек әңгіменің бір парасы.\r\n\r\n   Саясаттың мұраты (кредосы): жаныңа қолынан ештеңе келмейтін тамыр-таныс, туыс-бауыр, дос-жаран жинамай, бет-жүзіңе қарамай әділдікті жақтайтын, іскер әрі иманды адамдарды жинасаң, жұмысың жүреді, беделің артады.\r\n\r\n   Саясаттың үлгі-ұстанымы:   Адам да құмыра сияқты, ішіне дін кірмесе, жын кіреді. Жақсылыққа құштар болуды, ізгілікке ұмтылуды, имандылыққа талпынуды жақсы адамның міндетті ісі деп ұғыну аса қажет.\r\n\r\n Саясаттың қас жауы: қазақ тіліне жаны ашымайтындар.\r\n\r\nСаясаттың арманы: қазақтың қазақшыл қазақ, орысшыл қазақ, оралман қазақ, діншіл қазақ, дінсіз қазақ деп бөлінбей, үлкен қазақ ұлты болып ұйып қалыптасуы. Рушылдық, жершілдік деңгейден жоғары көтеріліп, ғаламдық биікке самғауы.\r\n\r\nСаясаттың бойтұмары: туған қазақ халқы.\r\n\r\n   Ащы мен тұщыны татқан, алыс пен жақынды жортқан С.Бейісбай өз елінде терең бойламайтын өмірлік мәні бар құбылыстарға өзге елде басқаша қарап, басқаша бағамдаған, басқаша ой түйген.\r\n\r\n    Талай жыл шетте жүріп, туған елінің болашағын ойлап, қиялын шыңдаған, арманын асқақтатқан С.Бейісбайдың «Бір жұтым ауасында» оқырманының жадына тоқитын, сезімін шарпитын, ойына ой қосатын небір жақсы түйін-пікірлер, ұғым-пайымдаулар баршылық. Тек көкірек көзіңіз сергек болсын!\r\n\r\n   Сөз соңында Саясат мырзаға айтар тілек-назымыз: қазірде өзі шеф-редактор болып қызмет атқарып жүрген «31 арнада» «өзі тілімізде сөйлемегендерді ұялтып», қазақ тілінің сол арнада сауатты орнығуына атсалысып, елінің өтелмеген мұратының бірін абыроймен іске асырса екен деген ой. «Ары бардың бетінде алау жанып тұрады» демеуші ме еді халқымыз, ар-намысына қамшы салдырмайтын Саясат сияқты ұлтын иманындай сүйген азаматтың туған тілінің биік тұғыры үшін аянбай еңбек етеріне біздің де ешбір күмәніміз жоқ.\r\n\r\n 

Жауап жазу

Your email address will not be published.