Жексенбі, Қараша 19

Мағжан Жұмабаевтің салт-дәстүр жырлары

Бесік жыры

Күнім, айым,

Еркетайым,

Бөлейін енді.

Тыста дауыл,

Жатқан ауыл,

Ұйқың да келді.

Жұмсақ бесік,

Жылы төсек,

Жата ғой, қозым,

Әлди, бөпем,

Әлди, бөпем,

Ұйықта, жұм көзің.

Құлыншақтар,

Қозы, лақтар –

Бәрі-ақ ұйқыда.

Сен – жұлдызым,

Сен – көз нұрым,

Кір тәтті ұйқыға.

Сая жаным,

Балапаным,

Соқсын дауыл, жел,

Болма алаң,

Сүйген анаң

Сақтар, анық біл

Беу-беу, бөпем,

Беу-беу, бөпем,

                Әлди, әлди-ай!

Сәулем, еркем,

Күні ертең

                Толарсың сен ай.

Пісіп алмам,

Толып бағлан,

                Жүгіріп жүрерсің.

Сұлу сүйрік,

Жорға жүйрік

                Тайға мінерсің.

Қара жарғақ,

Түлкі тымақ

Шоқтап киерсің.

Қуанып, қалқам,

Ерке марқам,

                Қысып сүйермін.

Мініп тұлпар,

Алып сұңқар,

                Тауға кетерсің.

Сен боп сөзім,

Жасты көзім,

               Сағынып күтермін.

Қызық іздеп,

Қыздар көздеп,

               Елдер кезерсің.

Тарлан шүйіп,

Сұлу сүйіп,

              Үйден безерсің.

Қуып бақыт,

Тілеп тақыт,

            Жолдар шегерсің.

Жүрек жара,

Мен – бейшара,

            Жастар төгермін.

Қайнап қаның,

Батыр жаның

              Ерікке ұмтылар.

Сен еріме,

Жас бөріме

          Қарсы кім тұрар?

Алмас қылыш,

Найза құрыш

             Белге буарсың.

Сен, сырттаным,

Арыстаным,

            Жауды қуарсың.

Туған жерден,

Өскен елден

             Ерге не қымбат?

Жас жолбарыс,

Жаумен алыс,

             Шаңға, қанға бат.

Айбатыңды,

Қайратыңды

            Көріп қарт анаң

Төгіп жасын,

Жайып шашың,

           Тілер: «Бол аман!»

Күтем, күйем,

Көрсет, ием,

           Сол алтын күнін.

Ұйқың тәтті,

Ұйқың қатты,

           Қозым, құлыным.

Жаным да сен,

Тәнім де сен,

           Қарашығым-ай!

Әлди, бөпем,

Әлди, бөпем,

           Әлди, әлди, әлди-ай!

Шолпы

 Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

Қанымды қайнатты құрғыр.

Шық-шық жүрекке тиеді,

Күлпара талқан боп сынғыр!

 

Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

Өзекті өртеді құрғыр.

Әдейі іргеден жүреді,

Сұлу қыз санадан солғыр!

 

Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

Жүректі жандырды құрғыр.

Кеудені кернеді жалын,

Сәулем, періштем, тез кір!

 

Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

Есімнен аудырды құрғыр.

Лебізіңнен еріп барамын,

Жаным-ай, жақында, қол бер!

Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

Талдым, қалды сүлдер.

Сыбырға айналды сылдыр,

Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

 Ата, Бата

 Мектептен қайтты Марияш,

Әліппесі қолында.

Шақырды оны атасы:

«Кел, құлыным, кел мұнда».

Марияш:

«Ата, ата!» – дегенде,

Атасы:

«Құлыным ата дейді ғой!»

Марияш:

«Бата, бата!» – дегенде,

Атасы:

«Құлыным бата дейді ғой!»

«Бата!» – десең, қарт атаң

Айналсын сендей ботасын!

Оқы, құлыным, ғалым бол,

Атаң берді батасын!

***

Ал, ішіңдер,

Бұл – қымыз.

Бұл қымыздың арғы атасын сұрасаң,

Құлаша қулық бие сүті еді.

Томсарған ер қазақтың асы еді,

Бұл қымызды кім ішсін?

Бұл қымызды

Айлы күні айналған,

Бұлтты күні толғанған,

Құрығын қу найзадай таянған,

Томсарған ер қазақтың өзі ішсін!

Алты Алаш-руханият

Жауап жазу

Your email address will not be published.