Дүйсенбі, Қаңтар 22

Сәкен СЫБАНБАЙ. «Маркестің аруағы ырза шығар»

(Осыдан үш ай бұрын дүниеден озған ақын, сыншы, түркітанушы Әмірхан Балқыбектің әрі керемет футбол жанкүйері де болғанын біреу білер, біреу білмес. Өзі куә бола алмаған биылғы әлемдік доп додасы жайында досымның рухына сыр шерткім келді)

\r\n

Биылғы чемпионат тіпті қызық болып жатыр, Әбеке.

\r\n

Қазір баяғыдай бір қауым жора-жолдас жиы­лып футбол көру, сонан соң оны талқылау, алған әсерлеріңмен бөлісу деген мүлде жоқ. Дабырласып отырып көріп, дауласып тарқайтындай жастан өтіп те кеткен шығармыз. Өзің білесің, бүгінде алқалы топтың орнын әлеуметтік желі деген ұғым басты. «Білесің» деппін-ау, сен жалпы әлеуметтік желі дейтін жалмауызды мүлде мойындамай-ақ кеткен екенсің ғой, айтпақшы. Фейсбук түгілім, агентті де ашқан жоқсың. Және дұрыс істепсің. Заман ағымына ілеспек болған біздің де одан тапқанымыз шамалы – бес-он лайкқа мәз болып, алтыннан қымбат уақытымызды өз еркімізбен ұрлатып, жүріп жатырмыз.

\r\n

Айтпағым: қазір жұрт әсерін ауызбен емес, осы әлеуметтік желідегі жазбасымен жеткізуге көшті. Тіпті, «го-о-ол!» деген қуанышты айқайдың көршіңнің терезесінен емес, компьютерден твиттерден естисің. Яғни, оқисың. Рахаттанып отырып, футболды ауызша талқылай алатын сұхбаттас тіптен қат. Барының өзі… қолы тимей ме, қошы келмей ме – әйтеуір әңгімелесуге әуес емес. Іргедегі Әлібек жиенің жалпы доптың домалақ екенінен хабардар бол­ғанымен, ол туралы пікірлесуге жоқ-ақ. Баяғы екеуміз футбол жайында әңгіме бастағанда-ақ қабағы кіржиіп, лажы болса, тақырыпты басқа арнаға ауыстыруға тырысушы еді ғой, әлі сол.

\r\n

Яғни, бұл жағынан да жоқтығың қатты білініп жатыр, Әбеке. Сен болғанда… Сен болғанда, биыл Бразилиядағы доп нөсеріне сүйсінер ме едің. Чемпиондық атағынан топтық кезеңде-ақ айрылып қалған испан­дықтардың шарасыздығына налыр ма едің. «Футболдың төрт жылдан бері дамып кеткенін, елдің бәрінің сендерге қарсы қалай ойнау керектігін меңгеріп алғанын, сәт сайын ілгерілеп отыру керек екенін енді ұқтың ба, дон Кихот… дон Висенте!» деп бапкерге шүйлігер ме едің. «Ағылшындар футболды ойлап тапқанымен, қалай ойнауды өздері ұмытып қалған-ау деймін…» деп жымияр ма едің. «Құрамында Борхесі бар команда жаман ойнаушы ма еді!» деп Коста-Риканың табысына риза болар ма едің. «Акутагаваны оқымаған ғой атаңа нәлеттер!» деп, бірде-бір рет жеңе алмай, жер болып қайтқан жапондарды жазғырар ма едің. Германия – Алжир матчы алдында бұлардың 1982 жылғы ойыны қалай өткенін тәптіштеп әңгімелеп берер едің. Есте сақтау қабілетің күшті еді ғой. Кейде өз өлеңіңнің шумағын ұмытып қалсаң да, Андрей Бальдың Бразилияға нешінші минутта, неше метр жерден гол соққанын біреу түнде түртіп оятып сұраса да, айтып берер едің…

\r\n

Елдің бәрі «вампир ме, немене, бәле…» деп ит терісін басына қаптап жатқан Луис Суаресті «ұлылардың қателіктері де ешкімге ұқсамайды!» деп ақтап алар ма едің. Есімде, екеуміз қайбір жылы Марадона мен Зиконы салыстырып, дауласқанбыз. «Зико жасыл алаңда да нағыз азамат еді, доп тебуді қойған соң да беделді министр, танымал футбол маманы болды. Ал Марадона ше? Қолмен гол соқты, өз қақпасына кіріп бара жатқан допты қолымен қайтарды, одан қалса, Фалькаоны іштен теуіп, алаңнан қуылды! Футболды қойған соң да оның өмірі кісі қызығарлық емес еді: есірткімен ұсталды, шектен тыс семіріп кетті, журналистерге қарсы оқ атты! Рас, Марадона – ұлы футболшы, бірақ, Зико – әлем чемпио­ны болмаса да, жас спорт­шыға үлгі болар-ақ мысал» де­ген менің ұзақ-сонар монологыма «Дара таланттар шектен шықпай жүре ал­майды!» деп, бір-ақ ауыз сөзбен жауап қайырған едің. Рас шығар. Суарес те – дара талант қой.

\r\n

Сен болғанда, үнемі жолы болмай жүретін, бірақ, биыл қарсыласының бәрін жайратып келе жат­қан Голландия үшін шын қуанар ма едің. Сенің Мәкішің, Марқаң – менің Мархабат жеңешем де өзің бардағы әдетпен әлі футбол көріп жүр ғой, «Биыл алтынды осы Қызғалдақтар елі алады-ау…» деп еді чемпионат басталмай тұрып. Айт­қаны дәл келетін сияқты, құмалақшы апаларымызша айтқанда, әйтеуір «құйысқаны көтеріліп» тұр.

\r\n

Сен болғанда, гүрілдеген даусың­мен: «Сол ежелгі эллиндіктер// Ұлының,// Жақсы ойы үшін береді екен той жасап!» – деп өлең оқып алып, сол Эллада жігіттерінің кезекті ерлігіне тіпті де таңқалмас едің, олардың қайтпас, қайсар болмыс­тары туралы ежелгі грек миф-аңыздарынан мысал келтіріп, «миымызды ашытар» ма едің. «Мына Колумбияның өрлеуін-ай, ә, марқұм Габриэль Гарсия Маркестің аруағы ырза шығар бұларға!» деп, күлер ме едің. «Мықты-ей бәрі!» деп, шын мықтыларды мойындай білетін болмысыңмен түйіндер ме едің әр әңгімені.

\r\n

«Қазақ та мықты ғой, бірақ! – дер ме едің сосын темекіңді қисық түтіндете ойланып. – Әдебиет жағын айтамын да».

\r\n

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

\r\n

1/8 финал. Франция – Нигерия – 2:0 (Погба, 79, Йобо, 90, автогол). Германия – Алжир – 2:1, қосымша уақытта (Шюррле, 92, Өзіл, 119 – Джабу, 120+1). Аргентина – Швейцария – 1:0, қос.уақытта (Ди Мария, 118). Бельгия – АҚШ – 2:1, қос. уақытта (Де Брюйне, 93, Лукаку, 105 – Грин, 107)

\r\n

Ширек финалда мына командалар кездеседі:

\r\n

 04.07. Франция – Германия                21.50                     «Қазақстан»

\r\n

              Бразилия – Колумбия             01.50                      «Еуразия»

\r\n

05.07. Аргентина – Бельгия                21.50                      «Еуразия»

\r\n

             Голландия – Коста-Рика          01.50                      «Қазақстан»

\r\n

\r\n

http://almaty-akshamy.kz/

One Comment

  • Мен Әмірхан ағамды жақсы көруші едім. Өте адал, жанашыр адам еді. Қайтыс болды дегенде өзімді тастанды бала сияқты сезіндім. Топырағың торқа, жаның жәннәтта болғай. Әмин.

Жауап жазу

Your email address will not be published.