Бейсенбі, Маусым 22

Өлмейтін өсиет

Өмірі өлмейтін өсиет! Себебі, беретін ғибраты әліге дейін бір мысқал да кемімеген. 
Ұлықпан ұзақ уақыт сапар шегерінде ұлына үш түрлі өсиет қалдырып: 
– Әйеліңе сырыңды айтпа, жаңа байығаннан қарыз алма, әкімнің нөкерімен дос болма, – дейді. Баласы әкесінің айтқандарын тексеріп көргісі келді. Сосын, бір қойды сойып, етін қапқа салып, қанын сорғалатып үйіне келді. Әйелі:
– Бұл не? – деп сұрады. Ері: 
– Түзде бір кісімен ерегісіп, байқамай өлтіріп алдым. Қаптағы соның денесі. Қораға көмейік, сен ешкімге айтпа, – деді. Ертесіне жаңа байыған танысынан әдейі қарыз алды. Арғы күні әкімнің Дәруһа нөкерін қонаққа шақырып, онымен дос болды. Бір күн отбасында ойламаған жерден жанжал туады. Әйелі екеуі біраз жерге барысады. Әйелі шыдамай кетіп:

– Құдайыңды ұмытайын деген екенсің. Қылмысыңды әшкерелеп, дарға тартқызам, – деді. Әйелі сол заматта ханға барып:– Менің байым адам өлтірді. Денесі қорада көмулі жатыр. «Айтсаң өлтірем» деп мені қорқытты, – деп, байын ұстап берді.

Хан нөкерлеріне:– Қылмыскерді кім әкеледі? – деді. Сол кезде патшаға жағымпазданған Дәруһа:– Тақсыр, рұқсат болса мен жеткізейін. Өткенде оның үйінде қонақта болғанмын. Түрі сол кезде маған ұнамаған. Бұйырсаңыз, алдыңызға сүйреп әкелемін, – деді. – Жеткіз! – деп бұйырды патша. Жандайшап нөкері тілге келместен, досын жығып салып, қол-аяғын байлап, ат көтіне өңгеріп, сүйрей жөнелді.

Досы:– Дәруһа досым. Бір күн ас бергенге қырық күн сәлем деген. Үйімде талай отырып, ас жеп едің. Қолыма арқан батты, босат. Өз аяғыммен барайын, – деді. Дәруһа көнбеді. Жолда жаңа байыған танысы кездесті. Досының істі болғанын көріп, «Қап, қарызым қайтпайтын болды-ау» деп жаны қалмады. Хәл сұрамастан:

– Досым, қарызымды қайтар, – деп жабыса кетті. Досы:– Бауырым, тұра тұрсаңшы. Басыма іс түсті. Құтылсам, қарызыңды қайтарамын, – десе де, ол ізінен қалмай, сарайға еріп келді.

Хан:– Қарағым, бұл не масқара? Сені ел «Ұлықпанның ұлы» деп айтады. Ата даңқына дақ түсірдің, – деді. Бала:– Әкем үш түрлі өсиет айтты. Соның растығын тексермек болдым. Әйелімді алдап, қораға қой көмдім. Мұқтаждығым болмаса да, жаңа байығаннан қарыз алдым. Достарым көп болса да, сіздің нөкеріңізбен жолдас болдым. Арты осыған әкеп соқты, – деді. Хан қораны тексертті. Расында да қораға қой көміліпті. Хан оған риза болып, баланы босатады.

Ел аузынан

Алты Алаш-руханият

Жауап жазу

Your email address will not be published.