Жексенбі, Қараша 19

Тұрсынхан Зәкенұлы Мемлекетшілдік ежелгі Ғұн империясында да болған.

Мемлекеттілік дегеннен шығады. Бергі тарихты былай қойғанда, бағзы ғұндарда биік мемлекетшіл сана-сезімнің, ар-намыстың болғаны қытай дерегіндегі мына бір шағын мысалдан-ақ байқалады: Түмен тәңірқұттың ұлы Мөде Ғұн мемлекетінің тізгінін өз қолына алған тұста, көрші жатқан шығыс ғулар (кейінгі сянбилердің ата-бабасы) Түмен тәңірқұттың «қанатты пырағын» сұрап кісі жібереді. Мөде: бір қылқұйрықтың көзін қимасақ, олармен қайтып іргелес ел боламыз дейді де, әкесінен қалған дүлдүл жүйірікті елшіге жетелетіп қоя береді. Арада көп өтпей, шығыс ғудың елшілері келіп тәңірқұттың ханымдарының бірін сұрайды. Тәңірқұт оған да мақұл болып, өзінің нақсүйерерін олардың қалауына береді. Үшінші жолы, ғу елшілері тағы келіп, ғұндармен арада екі жақтың шекаралық қарауылдары тұратын жердің ортасында жатқан иен жер (бүгінгі сөзбен айтқанда бейтарап зона) біздікі, оған соқтықпаңдар дейді. Сонда Мөде тәңірқұт: Жер – елдіктің негізі, оны қалайша береміз (地者, 国之本也, 奈何予人)! -дейді де, қалың қолын бастап, шығыс ғуларға қарсы соғыс ашады. Ғұндарды көзге ілмей жәйін жатқан шығыс ғулар олардың бір жолғы соққысына шыдай алмай күйрейді. Бұдан шығатын қорытынды, б.д. б. ІІІ ғасырдың өзінде ғұндар елдіктің негізі болып табылатын «жер» немесе «территория» мәселесін бәрінен жоғары қойған. Мемлекет территориясын жат жұрттың сұғынан қорғау үшін шекараға «өтек» (瓯脱) деп аталатын қарауылдар қойған. Мөде тәңірқұт Ғұн билігін қолына алып, шығыс ғулар мен батыста юэчжилерді бағындырған соң, оңтүстікке ойысып, Цин Шихуан кезінде қолдан кеткен Ордосты қайтарып алып, «Хуанхэ өзенінің түстігіндегі ежелгі қамалдарды Хан патшалығымен арадағы шекара етеді» (Ханшу). Демек, ғұндар мемлекет топырағын қатаң қорғап, шекараны айқын белгілеп, тіпті, қолдан кеткен жерлерін де қайтарып алып отырған. Қаншалықты мол жерді иелеп жатса да, жаттарға алақандай жерді қимаған. Жерді ең басты құндылық ретінде бағалаған. «Отан» ұғымының негізінде осы «жер», «территория» ұғымның жатқанын ескерсек, ғұндар да өздерінің түпкі тегі скифтер (сақтар) секілді Отан үшін бәрін пида етуге дайын болған. Сонда, көне ғұндардың Отаны қайсы? Қытай ғалымы Лин Ган атап көрсеткендей, олардың түпкі отаны Ордос, Шұғай құзы, одан соң екінші рет орда тіккен жері Орхон бойы. Кейін Мөденің заманында олар шығыс пен батысқа кеңейіп, Еуразия даласының апай төсін еркін жайлады.Өз иелігім деп тастарына таңба басып, жеріне балбалдар қадады.

Алты алаш – руханият

Жауап жазу

Your email address will not be published.