Жексенбі, Қараша 19

Ерлан Жүніс. Тыныштықбек Әбдікәкімұлының бір жұмбағына жорамал

Шығармадағы ойды ашып көрсету – әдеби анализ, ойдың жетілмегендігін көрсету – сыни көзқарас, ал ойды өзіңше түсіну – көзқарас. Біздікі – көзқарас.

Ересек адамдар әлдене жайлы әңгімелесіп отырып, күлген болса – кішкене нәресте де сықылықтап қосыла күлген болар еді. Сонда біз айтар едік: «Өй, құлыншақ, сен не түсініп мәз болдың?».

Бұл – постмодерн көзқарасы.

«Біздер «гомосапиенс» кезімізден білгір ек… Ал, мен өзім, мысал үшін, альфа жылы, игрек тәулігінде туыппын да… Кейін, икс-бесінде (омега жылы)қайтыс болам.\r\nСоным үшін кешіріңдер»… (Т. Ә)

Осы жолдарды оқыған оқушы әуелі таң қалады. Іле әлденені еске түсіруге, ілесе – түсінуге тырысады.

«Біздер «гомосапиенс» кезімізден білгір ек» – Хомо Сапиенс. Яки гоминид. Примат. Саналылық пен білгірлік – Хомо сапиенс сапиенс.

Алайда ақын «біздер» және «ал мен өзім» деген екі ұғымды қолданып отыр. Бұл – «біздерден» бөліну. Яғни Дарвиндік «Біздерден» өзін бөлектеу. Олдувай мәдениеті тұсында гоминид тасты тасқа соғып отырған сәтте, мен дүние сырын білген – ғарыштан келген құбылыс едім деу.

«альфа жылы, игрек тәулігінде туыппын да…Кейін, икс-бесінде (омега жылы) қайтыс болам»…

АЛЬФА ЖЫЛЫ

Ең әуелі келетін ой – Альфа Центавра жұлдыздар шоғыры. Centaurus – Кентавр. Кісі кеуделі жылқы. Демек, жылқы жылы. Алайда ақын жылқы жылының төлі болмай шықты.

Енді?

Альфа – барлық әліпбилердің бірінші һәрпі. Альфа, Алеф, Алиф… Египет иероглифінен шығып протосинай әліпбиіне өтіп, одан Финикия (фойникес) әліпбиіне жеткен Алеф – өгіз деген мағына береді екен. Сиыр жылы болды ғой. Бірақ, ақын сиыр жылы да тумаған екен.

Сонда?

Әлде мұның сыры Дарвинизмнен бас тартуында жатыр ма? Ежелгі жазбаларда, кейінгі діни кітаптарда Альфа және Омега – бірінші және соңғы әріп – әуел мен ақыр деген мағына беруші еді ғой. «Мен Альфа және Омега, бәрінің бастауы және соңы». Ақын рухы әуел баста, сөз жаралған он сегіз мың ғарышта туған. Бірақ бұл – абстракция ғой.

Ең ежелгі әріп бізді осынша әуреге салды. Соңына дейін әуреленейік.

Каббалада бұл әріптің Эйн-Соф деген мағынасы бар. Эйн-Соф – шексіз, кіршіксіз Тәңірия.

Кәдімгі өзіміз қолданып жүрген А – көкке ұмтылған қарама-қайшылықтардың бірлігі. Жаратушыға ұмтылу. Бұл – пирамида, киіз үй, қос, мазар.

«Жұлдызданған Аспанды да (барлығынан жоғары), жұмыр баспен дар-р еткізіп жыртып шығам мен әлі!» (Т.Ә)

Енді «А» әрпінің жазбаша кіші түрі «а» – оралған жылан. Ақынның бір өлеңінде «иіріліп, жиырылып өз ішіме тығылам» деуінің де сыры осында тұр. Ақын жылан жылы туылған. Оның культі – Мар. Альфа – Алеф – А – а.

ИГРЕК ТӘУЛІГІ

Ежелгі әліпбилерде әріптердің рет саны кәдімгі есеп санымен сәйкесіп отыратынын байқаймыз. Сол себепті де санды әріппен, әріпті санмен таңбалау үрдісі қалыптасқан.

Игрек – латын әліпбиінде 25-әріп. Ақын айдың 25-тәулігінде туылған деу әбден қисынды. Алайда, ақынның туған күні айдың 20-тәулігі екенін білдік.

Сонда қалай?

Ү – таңбасы латын әліпбиінде игрек деп оқылса, грек әліпбиінде ипсилон деп оқылады. Ал ипсилон грек әліпбиінде реті бойынша жиырмасыншы әріп.

Мұның жұмбағы шешілді:

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы – 1953 (жылан жылы) жылдың 20 маусымында өмірге келген.

ИКС-БЕСІН және ОМЕГА

Адамның өмірге келуі мен өмірден өтуі – Жаратушының ғайыбы. Ғайып – пенде санасының баспалдағы бармайтын әлем. Сондықтан біз икс-бесіннің сандық-цифрлық мәніне емес, пәлсафалық қасиетті мәніне қатысты ойланайық.

Х – латын әліпбиіндегі Икс, грек әліпбиіндегі Хи, ескі славян әліпбиіндегі Хер, араб және кириллицадағы Ха. Бірақ мұның бәрі бізге қорек бола амайды.

Бізге иврит тіліндегі Х – Хет керек.

Хет – олардың танымында қашу (жүгіру) және қайта оралу деген мәнге ие. Яғни өмір айналымы. Символикада – көпір деген мағына береді. Аспан мен жер арасындағы көпір. Көпір – Жаратушы мен ғаламның, ғалам мен адамның бірлігі. Сол көпір арқылы Адам баласы өз Иесіне барады.

Омега – бірдің соңы, екінің басы.

Сонымен, бұл – біздің көзқарас. Ол ақынның ойымен мүлде сәйкес келмейді. Ақын басқа нәрсені айтуы да әбден мүмкін.

Интеллектуалды поэзияның ғажабы да осында емес пе?!.

Ал Сіз қалай ойлайсыз?

3 Comments

  • А-а, мен енді түсіндім, сіз өзіңіздің бірдеңе білетініңізді көрсетпекші екенсіз ғой. Кешіріңіз… (Одан бізге не пайда? Интернетте бәрі тұр)

  • Жанбота

    Ерлан аға, сіздің “көзқарасым” дегеніңіз болмаса, бір қияйыны бір қияйы қуған екен дер едім. Қиял қуудың да шегі бар ғой. “Лақпа айтыс” дегендей қайдағы жоқты ойдан шығарып лағудың не керегі бар осы. Істейтін жұмысыңыз жоқ па? Онда бәріміз аузымызға келгенді оттап, сандырақтай берейік. Сіз сияқтылар өзінше жұмбақ қылып шешіп жүрсін. Мына жұмбақты да шешіңізші:\r\n Мен самати кассандра альфамын, \r\nҰмай анадан құс жолына кесте алған, \r\nГомо сапиенсті еске алған, \r\nДионистен ешкі алған, \r\nМезозойдан кеш қалған.

  • Ақтілек

    Поэзияның құдыреті осындай терең астарында шығар…

Жауап жазу

Your email address will not be published.