Бейсенбі, Қыркүйек 21

ҰЛЫ АТАМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАУ, ӨСИЕТІН ҰМЫТПАУ – БІЗГЕ СЫН

45685Қазақтың маңдайына біткен ақтангер ақыны, Алаштың ұлы күрескері – Таңжарық Жолдыұлы туғанына 111 жыл болды. Қазақтың жоғын жоқтап, тағдыр тауқыметін ұлтымен бірге тартқан тұлғасы, Алатаудың асқар шыңы еді. Біз кішкентай кезімізден Таңжарық жырларымен сусындап, Таңжарық рухымен нұрланып өстік. Таңжарық тілімен төгілген мөлдір жырдың құдіретін сездік.

Мен өз басым Таңжарық жырына өлердей ғашық болдым. Бала жүрегіммен егіле оқыдым, азаматтық рухын сіңірдім. Өзімді Таңжарықтың ұлындай сезіндім.

Таңжарық Жолдыұлы (15.3. 1903. ҚХР, Іле аймағы, Күнес ауд. – 6.8.1947, сонда) – ақын. Кейін Қытай мектебінде (1917), Қазақстанда КегенНарынқол аудандарында жеті жылдық мектепте (1922 – 25) оқыған. Қазақ жазушыларының еңбектерімен кеңінен таныс болған. Өзі де өлең жазып, айтысқа катысқан. Т. Шыңжаңда мұғалім, “Іле” газетінде редактор (1936) болып кызмет істеген. Таңжарық 1940 – 46 ж. Қытайдағы солақай саясаттың кесірінен тұтқындалып, түрмеге жабылған. Оның “Жастарыма”, “Осы таң кімнің таңы?”, “Оқып көр газетімді”, “Көңілім қалды, торықты”, “Абақтыда кім жатыр?”, “Ақын сыры”, “Еліме”өлеңдері осы кезде жазылған. “Өткен күндерім” (1942), “Қоштасу” (1941 – 42), “Қасқыр мен Бөрібасар” (1934 – 43), т.б. толғау жырлары мен “Назигүл” (1943) дастанының авторы. “Алғашкы жинақ” (Құлжа, 1948), “Армантау” (А, 1974) жинақтары жарық көрген. Ұлы атамызды ұлықтау, өсиетін ұмытпау – бізге сын. Марқұмның топырағы торқа, барар жері ұжымақ болсын. Артында қалған қазақ атты қаймана еліне Алла назары болсын. Ұрпағы ұлысын құрметтеп, тәуелсіздігін мәңгі етісін деп тілейміз. Төменде марқұмның өлеңдерін беріп отырмыз.

Ақын сыры

Ақынға жағар жұрттың тыңдағаны,

Ол сонда өршеленіп шыңдалады.

Ел сезгіш,сөйлеушісі дана болса,

Сол кезде сөз дәмді боп тыңдалады.

Негізін әр нәрсенің білу керек,

Сыртын да пашақ сынса қын қалады.

Әдеті бұл жалғанның әне сондай,

Бір белгі тышқаннан да ін қалады.

“Түк қалар ат аунаса” дейді қазақ,

Қоқты да қой жусаған жүн қалады.

Ақиқат анық айтып,шынын сөйле,

Жарамсыз жалған сөзге кім нанады.

Білетін терең сөзді білгіштерге,

Жұмбақ сөз перде ішінде ымдалады.

Көңілсіз,көрсе қызар,тез оңғыштар,

Су тимей,жауын жаумай дымданады.

Шыққан сөз білімді ден білгіш көрсе,

Таразы талқысын да сыналады.

Өтіліп нешеу тасқау өткермеден,

Жалғаны жарамсыз боп,шын қалады.

Ұстадан тат,мирас боп молдадан хат,

Бақсының тұқымын да жын қалады.

“Атамның мирасы ” деп әлгі бақсы,

Қаңғырып,қанын бұзып жынданады.

Көпіріп жоқты сөйлеп,күйсей берсе

Жын-шайтан соны алмай кімді алады.

Артына ақын өлсе белгі болып,

Әңгіме,өлең,тақпақ,жыр қалады.

Біреуден біреу алып елге тарап,

Сөйленіп ол әр жерде жырланады.

Мініскер мініп алып,сынын қосып,

Өң беріп,шырай кіріп сырланыды.

Халыққа айтқан сөзі ұнап тұрса,

Сонда ақын қыран құстай қырланады.

Ие боп кейбір надан ел сөзіне,

Боялып сөздің беті ұрланады.

Өз сөзім өзім тауып сөйледім-деп,

Қарайып,қанын бұзып сұрланады.

Кешегі Абай,Жамбыл,Әсеттердің,

Сөздерін келісеме былғағаны?!

Ахмет,Абай,Әсет,Мыржақыптар,

Жетпейді оған жисаң мың баланы.

Шәкерім,Әріп пененМұрын,Омар,

Көмбеге олар шапса тың барады.

Әйелден кеше Сара,бүгін Дина,

Сөзбенен басқан талай ұл баланы.

Сөзінің әр-бірінің заты бөлек,

Ойласаң миға салып ылғанады.

Сөздері басқа ақынның маған мәлім,

Құрт салған шәйдай іріп былғанады.

Бәрін де Абай сөзі басып түсер,

Бір парша шетен алып қырнағаны.

Сөзі бар басқалардың жыртық-жамау,

Жүректен әрең шығарн тырнағаны.

Көбінің сөздерінің мәнісі жоқ,

Секілді боз торғайдың шырлағаны.

Екпінді жүгірістен танбастар бар,

Ағындап атқан оқтай зырлағаны.

Менің де миым сұйық,ақылым аз,

Сай көрсем әрең тұрмын құлдағалы.

Айтуға дәмсіз сөзді қорғанамын,

Болмаса тұрғаным жоқ бұлдағалы.

Терең сөз таппаған соң шерім шықпай,

Ашылмай жүрегім де кір қалады.

Жатқан соң тар қапаста жарық көрмей,

Ауырып жан,ой шіркін қйналады.

Дарйға-ай,өтіп кеткен өмірді ойлап,

Төсегім бейне тоғай шырғанағы,

Өстіп-ақ,дүние шіркін өтер мекен,

Тоқтамай сырғи-сырғи сырғанағы.

Ол сырғыса өмірің бірге сырғып,

Жыртылып кәлендірдің бар парағы,

Әжім сол өткен күннің ізі мекен,

Ажалдың осы ма әлде ымдағаны.

Кетейін өз әлімше із қалдырып,

Жастардың оқыр кейін тыңдағаны.

Көпшілік қате болса айып етпе,

Шешеннен сөз,шесерден мін қалады.

 

1943 жылы,Үрімжі түрмесі

 

Іле түрмесінен

Бір сөзді бастан өткен бастағаным,

Әр істі жақсы-жаман басқарамын.

Алдамшы дүниенің мастығымен,

Көңілім мінезіндей жас баланың.

Жастықта ажал бір күн келсе жетіп,

Жаманы сол емеспе масқараның.

Көңілдің көрсе қызар байлауы жоқ,

Көзіме көрінгенді бас саламын.

Қайғысыз,уайымсыз қайран жас күн,

Тоқ болам деген ой жоқ,аш қаламын.

Көңілге қылған ісіті қыла бермей,

Жастықта онда неден жасқанамын.

 

Ағалар енді қалам қолға алалық,

Мөлшерлеп ақылменен толғаналық.

Сөзімде кемшіл барма,қате барма,

Байқасын оқып көріп көп қалайық.

Ішінен татымдысын таңдап алып,

Жүруге жастар оқып қолданалық.

Шықпайма шын қысылса сөзден өрнек,

Солғұрлы өзімізді қорламалық.

Тамышдан там берсе дария болып,

Кетпей ме ақырын да ол молайып.

 

Таңжарық Жолдыбаев машһұр атым,

Белгілі алты алашқа жазған хатым.

Пенде боп дүниеге келгенненсоң,

Тірлікте не көрмейді адамзатың.

Бұл жалған ешкімке де жолдас емес,

Әншейін бір бес күндік көңіл шатың.

Көңілді шат қылар деп сайтанға еріп.

Осы ма дүние сенің махаббатың,

Бұл күн де мүсәпірлік басқа түсіп,

Ашынып,арыз-мұңғып жазған дәтім.

Шығыппен бейсағат күн биыл үйден,

Берерме ақыр жалған бірер сәтін.

 

Дүние әлеміңе созамын қол,

Адасқан мен бір ғарып таба алмай жол.

Торланып біздің басқа түсті тұман,

Айықсын алдағы күн тілегім сол.

Сыртым сау,ішім түтін қапалықпын,

Бұл күн де көңілім жүдеу,ғасыретім мол.

Тереңге түсіп кеттім ұстар тал жоқ,

Ел-жұртым есіңе алып жәрдемші бол,

Жайлаған шалқар көлді аққу едім,

Шынымен қараңғы үйде болдым ба қор?!

Шынмен шырмадың ба шіркін қырсық,

Арылмай аңдып жүрген недеген сор.

Көп кезген қасқыр түсер қақпанға деп,

Кез болды мен сорлыға қазылған көр.

Шарықтап көкте жүрген ақсұңқарға,

Оралса оңай екен жайылған тор.

Деушеді қысас кетпес дүние де,

Кетерме осы кезде бір келмей ол.

 

Ел-жұрттың өлең жаздым атын салып,

Қайғының ақ қағазға хатын салып.

Тар қуыс,тас зынданға түстім міне,

Қайырылған қанатынан құстай талып.

Келген соң жұмыр басқа амал барма,

Отырмын ақ алмастай тілді жанып.

Қапалық,қайғы-ғасырет уайыммен,

Жүрмедім анық бір жыл шөлім қанып.

Жамбыл да зындан бар деп естушедім,

Отырмын үйір болып,енді налып.

 

Көз көрді естігенді анық болып,

Үйрендім абақтыға қанық болып.

Жатырмын енді шықсам көргісіз боп.

Қал-жйын түрмеңіздің танып болып.

Үстін де жатқан үйдің көздей тесік,

Күн шалмай кетті беттер шырық болыпн.

Зар болып бір көруге дос-жаранды,

Жатырмын жау қолын да ғарып болып,

Мінекй абақтыңды қылдым мекен,

Айналып дүние жүзін шарып болып.

Биіт,бүрге,қандалалар қанды сорды,

Қасынып жатқаным жоқ қарық болып.

Етін жеп,қанын сорып,қу сүйекке,

Жабысқан терің кетті қабық болып.

 

Бұлдағы бір өсиет болсын жұртқа,

Жайылсын қырдағы елге дәріп болып.

Ақыры тиянағым осы болды,

Қиялдың қиырына барып болып.

Күңірендік қараңғы да қайран халқым,

Кек қалсын ұрпағыңа анық болып.

Тоздың ғой тоз-тоз болып томашадай,

Қорландың ақыл-естен танып болып.

Бізге де таң ататын күн боларма,

Сұм көңіл көтеріліп жарық болып.

Керек жок ер басына не келмейді,

Бір нәубет келген шығар тарих болып.

 

Құтылмас көптен қоян қамалаған,

Қар болмас ер,дұспаны табалаған.

Мысалы айдың нұрын азайта алмас,

Аспанға құтырған ит абалаған.

Алды-артын зейін қойып,түгел ойлап,

Жігіт жоқ өзін-өзі шамалаған.

Көре алмай күншілдік ғып жүргендер көп,

Жете алмай атын басқа сабалаған.

Көбіктей су бетінде көлбеңдеген,

Қалып тұр қазыр көңіл заманадан.

Құзғындар жем іздеген қоршай түсті,

Қасқырдай қалды азы таламаған.

Ит екеш итте еркелеп алдап бізді,

Соларды іс жүзінде сағалаған.

Бес күндік байлауы жоқ сасық жалған,

Барма екен малы-басы аман адам.

 

Жарамас қалам алмай жатқан-Тәке,

Көбейді сырттан дұспан сатқан-Тәке.

Аңдымай аяқ басу қатер екен,

Жолықты жолға құрған қақпан-Тәке.

Ашуда темекіңе құмар қанбай,

Алмасты ашырқанбай тартқан-Тәке.

 

Тартынба бір есептен жаудан-Тәке,

Болса да бастан бағың ауған-тәке.

Қызық көп өмір болса көретұғын,

Біткен жоқ осыменен саудаң-Тәке.

 

Ей,Тәке құлағың сал мына сөзге,

Қызығып жүргенің жоқ пұл мен бөзге.

Көңілің де көздегінің-шын әділдік,

Ойласам арманың жоқ одан өзге.

 

1926 жыл,Іле түрмесі

One Comment

Жауап жазу

Your email address will not be published.