Дүйсенбі, Қаңтар 22

Алтай Бұқарбай Туыс ең, неге бөтенсің?!

Ноғайша кіммен сырласам,

Ноғайлы кешкен өмірді.

Ноғайлы мұңын ойласам

Көзімнен жасым төгілді!

 

Көк тіреген орданы,

Бөлініп елі тоздырды.

Береке кетіп қолдағы,

Орысқа көрін қаздырды.

 

«Қайранда менің Ноғайым»,

Сағынсам келер ме екенсің?!

Жолыңа күнде қараймын

Туыс ең, неге бөтенсің?!

 

«Қайранда менің Ноғайым»:

Қазтуған бабам жылаған.

«Ел айырылғанда» Қазағың

Қайғысын күй қып бұраған.

 

Туысың қазақ болғанда,

Түбің де қазақ Ноғайым.

Басыңа қайғы толғанда

Мен қарап неге тұрайын!

 

Тілің мен ділің бізде бар,

Шаңырағың Қазақта.

Қазақ пен Ноғай Ордалар

Біріксе барар жәннатқа!

 

Салт-дәстүрің де осында,

Домбыраң бізде сайраған.

Ноғайым болса қасымда

Төрімді сайлап, жайланам!

 

Біріксек шіркін осылай,

Бір елдің егіз баласы.

Жазылар еді досым –ай,

Тарихтың салған жарасы!

 

Қазаққа орал Ноғайым,

Басқаға сені қимаған.

Жолыңа күнде қараймын,

Ноғайсыз өмір мұң маған!

 

Орал Қазақ еліне,

Күтіп біз жүрміз асыға.

Қарашы Ноғай тегіңе

Сағынған кәрі-жасы да.

 

Көк бөрілерім – туысқан,

Көк бөрі болып ұлыдым.

Қазақ боп жолын қуысқан

Ноғайдың мен де ұлымын!

 

«Қайранда менің Ноғайым»,

Қосылар күнді сағынам!

Туыспен толса маңайым

Қайғы-мұңымнан арылам!

 

Алтай Бұқарбай

Алты алаш – Әдебиет

Жауап жазу

Your email address will not be published.