Дүйсенбі, Қаңтар 22

Һусейн НиҺал АТСЫЗ Біз Тұрфанды салдық, Батыс – әлі есінеп жатқанда…

Һусейн НиҺал АТСЫЗ

(1905 – 1975)

«Көкбөрілердің өлімі» (1946),« Көкбөрілердің тірілуі» (1949) атты романдарының беташар жырлары

 

Көз жіберіп өткенге, Атажұртқа барайық,

Көкбөрінің ажалы – неден болды, қарайық.

Кезді көріп көзбенен, он төрт ғасыр бұрынғы,

Салыстырып көрейік, өткен менен бүгінді.

 

Дәл жүректен көздеген – кім болды екен кешегі,

Қилы-қилы сұрақты, осы кітап шешеді.

Неден, қашан болғанын сорымыз бен бағымыз,

Халқымыздың қапысын қалай тапты жауымыз?

 

Қайтып, қашан, қай кезде, неден қорқтық, қуандық?

Кек қылышын тот басқан, қалай қанға суардық?

Өстік, өндік, гүл жардық, өштік, солдық – біз қалай?

Мүмкін емес, еске алу, жүрек тулап, сыздамай.

 

Шолам десең көзбенен, көкжиегін көңілдің,

Тоз-тоз болған тағдырын, білем десең еліңнің,

Тырнап ашқың, келсе егер, ащы шындық жарасын,

Бұл кітапты қолға алсаң, барлығына қанасың.

 

Кәрі Алтайдың шыңына күнмен бірге шығасың,

Ұлы Түрік елінің даналығын ұғасың.

Білгің келсе, бұл жолда, қалай ақты қанымыз,

Сол айлы түн бастауы… Айтқаныма наныңыз.

 

Ер Түріктер туралы жыр

 

Ер Түрікпіз – өлуге әзір, Ұлы Мұрат жолында,

Ата дәстүр, ар намыс пен Бөрібайрақ қолында.

Жер қайысқан әскер тұрсын, қорықпай алға басамыз,

Қарсы келген қас-дұшпанның қанын судай шашамыз.

 

Біз Тұрфанды салдық, Батыс – әлі есінеп жатқанда,

Нұх пайғамбар тумай жатып, ат ойнаттық ақ тауға.

Түрік күші, Түрік тілі, жәйлі Көктен сұрағын,

Жауынгерлер ерлігіне көзің жетер шырағым.

Жер ойылып, аспан құлап, әлем отқа орансын,

Біздер үшін Ұлы Мұрат – түбінде алар, болар шың.

Жасқанбаймыз, дүлей боран, найзағайдан, жауыннан,

Ер Түрікпіз от жүректі – жаратылған дауылдан!

 

 

Түрікшілдік байрағы

Түрікшілдік – ұлы сезім, қасиеті қымыздай,

Түрікшілдік – Ұлы Мұрат, тәттілігі уыздай.

Барлығымыз Ер Түріктің – ұлы менен қызымыз,

Көкке малған көк бояудай, көк аспандай туымыз.

 

Осы байрақ көлеңкесі – пана болған бозғұртқа,

Аңыз болған, жер бетінен құрып кеткен көп жұртқа.

Тәңірқұттың әскерінен бізге жеткен желбіреп,

Көк байраққа табынамын, жан-жүрегім елжіреп.

 

Төгілген қан – тарихтың беттерінен жуылмас,

Атсыз – өлер, Бөрібайрақ – ешқашан да жығылмас!

1973 ж.

 

 

Хас батырлар жыры

Әскери ұшқыш, штабскапитан Кәмиге

Шіреніп садақ тартылар,

Қастасқан жауды атуға.

Толықсып, түнде ай туар,

Биікте тұрып, батуға.

 

Мәжнүн түзде зарланар,

Қосылу үшін Ләйліге.

Жүрекке ыстық қан толар,

Бір соғу үшін мәңгіге.

 

Егіліп ақын қамығар,

Тудыру үшін жақсы өлең.

Мызғымас қамал алынар,

Қарумен емес, баспенен.

 

Шырыны гүлдің ашылар,

Аралар дәмін татуға.

Со гүл де жерге шашылар,

Қажеті болмай пақырға.

 

Тәңірім – қызды жаратар,

Жар болу үшін еркекке.

Адамды – Алла жаратар,

Өлмекке, жерге бермекке.

 

Тасқа ұрып, басын тауменен,

Қолына алып, жүрегін.

Батырлар дағы жан берер,

Өзекті жанға бір өлім!..

1931 ж.

 

Өткен күн мен қара жер туралы жыр

– Келші, досым, мұңдасайық, бүккен сырды ашайық,

Өткен күннен бір белгіні – бүгін қашап, жасайық.

Жүректегі ескі жара аузын тырнап, ашайық.

– Қалай қидым, қара жердің қойынына аруды,

 

Періштедей қайран сұлу – суық көрді жамылды.

Қылықты еді, сұлу еді, сүйікті еді, көрікті,

Маған тағдыр – сол қызбенен бір болмауды беріпті.

 

Қапы қалдым, армандаған, орындалмай тілегім,

Сыздап, сыздап, сағыныштан қан жылайды жүрегім.

Қалың қайғы, албастыдай, басып келіп, көрінбей,

Өткен күндер – аза тұтып, орап алды кебіндей,

 

Мен өлсемші, сүйіктімнің махаббаты көмілмей.

– Ей, жан досым! Есіңді жи, өзіңді-өзің қолыңа ал,

Сүйген жанды өлім жеңбес, бақыт тағы жолығар.

Сүйгеніңді жер алды ма? Алам десе, қарамас,

Көн бәріне! Қара жерге өкпелеген жарамас!

 

Білсең, бізді, жаратқан да, өсірген де – Жер ғана,

Бесігіңде әлдиімен тербеткен де сол ғана.

Судың салқын тамшылары – тәнімізге жан берер,

Көк орманда жарқыл қағар, қызыл, жасыл сәулелер.

 

Ей, жан досым! Нысап керек, сезім керек мұндай да,

Тағдырымыз қара Жердің өз қолында тұрмай ма!

Бір қыз деген, не тәйірі, алам десе, Ол алады.

Ұлт та туар, ұлт та өлер… Бір сәт шешер бәрін де,

Бұл Қара Жер – бесігіміз және бізге қабір де.

Біле білсек, бұл Жер біздің бәріміздің Анамыз,

Қарғыс айтып, Анамызға – қалай қарсы барамыз.

Шындық деген – немене өзі? Оны қалай бағалар?

Ақын жырлар сұлулардың суықтығын да болар?

 

Аристотел жазған ғажап, толғауда да, Шындық жоқ!

Пифагор мен Платондық ойларда да, шындық жоқ!

Ұлы ойлардың әлемінде бола қалса, тапшылық,

Онда күтпе, адамдардан, тырнақтай да жақсылық.

 

Бір есуас: «Қанау атты болмайды!»-деп бақырар,

Бірі итше үріп: «Пролетар!» тобырларын шақырар.

 

Бір айуанда үстем болар – тек, жыныстық қабілет,

Фреидке тәнін берер, үстін басқан әбілет.

Ленин деген сайқымазақ, нысабы жоқ, көсемсіп,

Қараңғы елді астырар – құр мылжыңмен, шешенсіп.

 

Шындық деген пәлсәпа емес, керек десең, Дін де емес,

Қара Жердің тереңінде. Ал, тереңдер – үндемес.

Ешқашан да биіктерден іздемейді – Шындықты,

Тек, тереңнен таба алады, болса нағыз, кім мықты!

 

Көкке өңмеңдеп, ұмтылғандар, бәрі бір күн жалығар,

Нағыз Шындық – Жер қойнынан, тереңдерден табылар.

Біздер көмген денелерден – қажетінше нәр алған,

Жұмыр басты пенде дейін, Жер де жұмыр жаралған.

 

Өмір… Өлім… Тарихың да, осы Жерден жаралар,

«Өтміш» атты көне кітап – бәрін, бәрін, саралар.

Өтміш» атты өткен күндер – нәсіл селі тасқынды,

Өтміш» – біздің басымызды талай рет тасқа ұрды,

 

Қара түннің жанарына – мөлдіреген жас тұнды.

Ойлап тұрсақ, өткен күндер – аумалы екен ғажабы,

Қатар екен, бұл өмірдің қуанышы, азабы,

Еске алайық, сол бір шақты тарқамаған базары.

 

Ер Түріктің ұрпағымын! Түрік – жаным, арым да,

Атилланың ыстық қаны – лыпыл қаққан тамырда.

Еуропаның бар нәсілін – бір ыдысқа жинаған,

Ғалияның ойпатында, күш – мұхит боп тулаған.

Тарамыстай қара күшпін, ширатылған ылайым,

Мете қандай!? Түрік елі үшін – жауға қиған жұбайын.

Еш қашан да шағылмасын, тілеп, жаудан тауының,

Шыңғыс қандай!? Заң жолында – өзі өлтірген бауырын.

Тарихтың тар жолында – ауыздықпен алысып,

Қанша ма ерлер – өтіп кетті, құйын желмен жарысып.

 

Кейбіреуін біз білгенмен, белгісіз Ер қанша ма?

Сол Ерлердің құдіреті – бөлер бізді даңққа,

Әлде қашан сүйектері – жоқ боп, қурап қалса да.

Топыраққа айналса да – ол Ерлердің сүйегі,

Түрік халқы – марапаттап, даңқына бас иеді.

 

Ортақ санап, бір мекеннің, бір нәсілдің тағдырын,

Тең көреміз, алаламай – бөліп, жарып, барлығын.

Тоныкөктің даналығы – Ұлы қанмен аралас,

Бисмарк пе, оның атын ұстауға да жарамас.

Даңқты ұлдар: Алып Арыстан және Қылыш Арыстан,

Еуропаны табанға сап, Найзағаймен жарысқан!

 

Жұлып кеткен Анкара да Найзағайдың өмірін,

Мақтанардай, соншалықты – мықты ма еді Темірің?..

Оның бәрін, тізіп қайтем, мына жәйді байқашы?

Кім біледі? Не істеп қойды, Катерин мен Балташы?..

Анафарта майданын да, кім ерлікпен шайқасқан?

Напалеонның шағылды екен, тауы білсең, қай тастан?

…Иә, досым! Сүйген қызың – Қара Жерді жастанды,

Сол бір сәтте, мөлдір көзден – ең соңғы рет жас тамды…

Бақыт сана – тірі жүріп, Қара Жерді басқанды!

 

Бұл Өмірде – сүю бақыт, уылжыған аруды,

Аялау да – азаматтық, жаның сүйген жарыңды.

Бірақ, бұның барлығынан – биік тұрар Мақсат бар,

Ұлы Мақсат – жолын алсаң, онда тұлғаң асқақтар!

 

Қыз да өлер… Махаббат та шексіз емес, өлшеулі,

Шаттық өшіп, өмір солып, қайғы басар еңсеңді.

Тек, мәңгілік – таңдап алған, алға қойған Мақсатың,

Жәй нәрсе де, Біле білсең, Мақсатыңнан басқасын.

 

Жерді – Тажал, Өткен күнді – Түнге» теңеп, оңбайсың,

Жерсіз, Тексіз – шын бақытты, нағыз адам  болмайсың.

Өтті екен деп, күл шашпағын, басып кеткен – Өткенге,

Мастанбағын – болып, толып, аз нәрсеге жеткенге.

 

Әдет-ғұрып, жол-жоралғы – Қара Жерден жаралған,

Біздің текті нәсіліміз – Қара Жерден нәр алған.

«Өтміш» атты  өткен күндер – біздің Ата-Бабамыз,

Қанша суық болғанымен, бұл Жұмыр Жер – Анамыз!

 

Жер қойнында жатыр біздің – небір Ұлы Бабалар,

Қай жетесіз, өнген Жерін – «суық көр»-деп, табалар?

Жат елдіктер – Атажұртқа тұтқиылдан шапқан да,

Жау қолынан адам қаны – өзен болып, аққан да,

 

Қызық, думан, ыстық құшақ, есің ауып, дамылдап,

Бақытты ойлар – тұлпарлардай, алға шабар арындап.

«Жер алды,-деп,- сүйіктімді» қайысқаннан қабырғаң,

Жар төсегін тастар едің, атып тұрып, Дабылдан!

 

Айналайын, қасиетті Қара Жерді – қарға ма?

Бір-ақ сәттік, сезім жеңіп, өзіңді-өзің алда ма?

Жер бетінде шапқыншылық, қанды қырғын болса да,

Тіл тигізіп, күпір болып, өз Анаңды қарға ма?!

Берілме, дос, бостан-босқа, уайым, қайғы, күйікке,

Біздің Текті нәсіліміз – өзгелерден биікте!

Уайымды жең! Қасқайып тұр, қайғы менен дауылға,

Өткен күн мен Қара Жерде – болған емес, айырма!

Бұл екеуі – мәңгі жасар, бір-бірінсіз күні жоқ,

Бұны ұқпаған тексіздердің – көк тиындық құы жоқ!!!

 

1932 жыл.

 

 

 

Эгейден – Алтайға дейінгі Түрік жастарына!

 

І

 

Түріктерге жараспайды – күншілдік пен надандық,

Әр қашан да биік тұрсын, қасиетің Адамдық!

Күшің сына – қан майданда, даласында ұрыстың,

Ет-жүректен жаралғанмен, сен, шойынсың,  құрышсың!

 

Ішіңнен тын, қиналсаң да, қандай азап көрсең де,

Сырыңды аш па, жауларыңа – осы жолда өлсең де,

Жарты жолда жан тапсырып, көз жұмса да жолдасың,

Алған беттен тан ба, өзіңді – Ұлы Мұрат қолдасын!

 

Қанаушылар – сүліктейін, сорсадағы қаныңды,

Жауларыңнан биік ұста, ішсе де олар қаныңды!

Желдей зула! Ұлы Мұрат – ойнап жатсын қаныңда,

Отқа да жан, суға да түс, алған беттен тайынба!

 

Қажет болса, бас сауғалап, сен, шегін бе, өлімнен,

Ұлы Мұрат – күнің болып, күлімдесін көгіңнен!

Осы жолда шейіт болып, бірақ, дамыл табасың,

Сонда ғана ұрпағыңның мәңгі есінде қаласың!

 

ІІ

 

Мүмкін, шөлде – айрыласың, жаның сүйген жарыңнан,

Мүмкін, жарың – сені тастап, өзі кетер жаныңнан?

Құлай жаздап, жаман лашық – қатты соққан дауылдан,

Атып тұрар – күн де жетер, талып жеткен Дабылдан.

 

Жаман-жәутік, кім көрінген, сені қорлап, басынар,

Талай рет – ар-намысың, табанға сап, басылар.

Қолың – жара, табаныңнан – тілім-тілім, қан шығар,

Қанша сорлы болғаныңмен, сабырың да таусылар.

 

Қасиетті әр дұғаңнан – тек, күпірлік тапқандар,

Париж, Мәскеу – сияқтыға, ар-ожданын сатқандар.

Сабап қойдай, көкала етіп, бас-көзіңді ісірер,

Сенің ауыр қасіретіңді – олар қайдан түсінер!

 

Жас достарым, мен сендермен мәңгі-бақи біргемін,

Сөгілетін күні жақын – темір торлы іргенің.

Өмір, қайғы, боран, дауыл… Барлығы да өтпелі,

Аман болсын, бауырларым, Тәңір құты көктегі!

 

1931 жыл.

 

Варсағы

Халық әуенімен жазылған өлең

 

Бақыттан – бастар айналар,

Шаттықтан – жүрек бұлқынар.

Дұшпанның өзі – таң қалар,

Керемет түбі күн туар.

 

Кілең бір отты жігіттер,

Бірлесіп, жауға аттанар.

Түрік елі – тұтас біріккен,

Түбі бір сондай шақ болар.

 

Бір ел боп, Түрік, барша аймақ,

Төрт түлік – сыймай сай-сайға.

Құрылтай болып, Хан сайлап,

Ұлы той өтер – Алтайда.

 

Жәй тапқан Ана-қоныстан,

Ол кезде – Атсыз болмайды.

«Сақта!-деп,-Тәңір, орыстан!»

Қабірде жұртын ойлайды…

1944 жыл.

 

Фәдли Әлидің жолма-жол тәржімәсі бойынша өлеңге айналдырған – Жұмаш КӨКБӨРІ

Алты Алаш-руханият

 

Жауап жазу

Your email address will not be published.