Жексенбі, Желтоқсан 17

Э. Хемингуэй Көпірдегі қарт

 Американдық атақты жазушы. Нобель сыйлығының иегері

Үсті-басын шаң-тозаң басқанымен, көзінің нұры қайтпаған қарт кісі жол жағасында отыр. Таяу жердегі өзенге салынған аспалы көпірден арба, жүк машина, балаларын жетектеген ерлер мен әйелдер өтіп жатыр. Әскерлер қарайласып, дөңгелектерін шабақтарынан тартып қозғалтып, алға жылжытқан бір қашыр арба көпірдің қисайған жағынан бері шайқалақтап ілгерілеп келеді. Жүк машиналар әлдеқашан жағаға шығып алып, алысқа бет түзепті. Тобықтарынан топырақ кешкен диқандар жолды бойлап аяңдап барады. Бірақ, әлгі қарт әлі қозғалмай орнында отыр.

Ол енді жүре алмастай шаршаңқы көрінді. Көпірден өтіп, арғы жақты барлап, жақындап қалған жаудың қалай қарай бет түзегенін байқап қайту – менің міндетім болатын. Мен бұларды орындап болып, қайтып келіп көпірден өттім. Бұл кезде мұнда көп арба қалмаған екен. Бірен-саран ғана жаяу жүргіншілер кездесті. Ал, әлгі қарт әлі орнында отырыпты. – Қайдан келесіз? – деп сұрадым мен одан. – Сан Карлостан, – деді ол күлімсіреп. Бұл оның туған ауылы болса керек, оны еске алған сәтте әнтек жадырап, күлімсіреп қойды. – Мен қолда баққан айуанаттарымнан алаңдап отырмын,  – деді ол түсіндіріп. – Е… – деп қойдым мен ештеңеге түсінбесем де. – Иә, – деді ол, – мен, өзің көріп отырғандай, айуанаттарымнан алаңдап осында қалып қойдым. Мен Сан Карлос ауылынан кеткен ең соңғы адаммын.

Ол қойшыға не бақташыға ұқсамайтын еді. Мен оның шаң басқан киіміне, күреңіткен кір-қожалақ жүзіне, одан болаты жасымаған көздеріне қарап отырып: – Ол қандай хайуанаттар еді? – дедім. – Бірнеше түрлі, – деді ол басын шайқап, – мен оларды тастап кеттім… Мен көпірге, одан Африкалықтардікінен аумайтын Эбро Делта ауылына көз жібердім. Әрі жау әскерін тұңғыш көргеннен бері қанша уақыттың өткенін, әрбір қауіпті жағдайға тап болғанда қосылып қоя беретін дабылдың алғашқы жаңғырығын еститін кездерімді, соңында келіп шалдың әлі де анадай жерде отырғанын ойлап өттім. – Ол қандай хайуанаттар еді? – дедім сосын. – Барлығы үш түрлі жануар болатын, – деді ол түсіндіріп, – екі ешкі, бір мысық, одан қалса, төрт жұп кептерім бар еді. – Ал, сіз оларды тастап кеттіңіз?.. – дедім мен. – Иә, барлығын… себеп – зеңбірек.

Бір капитан маған зеңбіректен оқ жауатын болғандықтан, кетіп қалуым керек екенін ескертті. – Онда отбасыңыз жоқ болды ғой? – дедім мен көпірдің арғы басындағы, жағадағы еңкейіске қарай жеделдете түсіп келе жатқан соңғы бірнеше арбаға тесіліп отырып. – Жоқ, – деді ол, – мен тек хайуанаттарымды ғана айтып отырмын. Мысық, әрине, бірдеңе қылар… Мысық өзін-өзі асырай алады. Бірақ, басқаларының күні не боларын ойлап жете алмай отырмын.

– Сіздің саяси көзқарасыңыз қандай? – деп сұрадым мен. – Менде саяси көзқарас жоқ, – деді ол, – мен жетпіс алты жастағы адаммын. Әзір он екі шақырым жол басып келдім. Менше, мен енді көп жүре алмаймын. – Бұл аялдауға ыңғайлы жер көрінбейді, – дедім мен, – егер сіз бара алсаңыз, Тортосаға баратын айырық жолда жүк машинасы сабылып жатыр. – Мен тағы біраз аялдайын, – деді ол, – содан соң қозғалармын. Әлгі жүк машинасы қайда барады дедің? – Барселонаға, – дедім мен. – Мен онда ешкімді танымаймын, – деді қарт, – дегенмен, саған көп рақмет. Мың да бір алғыс!

Ол маған ешбір мағынасыз, шаршаңқы жанармен қарап қойды. Соңынан әлдекіммен көңіліндегі алаңын бөлісе сөйлеп кетті. – Мысық бірдеңе болар, оған сенем. Ол туралы көп алаңдаудың қажеті шамалы. Мәселе басқаларында… Қазір сен басқалары туралы не ойлап отырсың? – Олардың аман қалуға неге мүмкіндігі болмасын?! – Сен солай ойлайсың ба?.. – Неге олай ойламасқа, – дедім мен бұл кезде ешбір арба қалмаған алыс жағаға көз салып отырып. – Бірақ, мен зеңбіректен қашып кетіп қалғанда, оқтың астында қалған олар қайтті екен? – Кептердің кәтегін ашық қалдырып па едіңіз? – деп сұрадым мен одан. – Иә, – Онда олар ұшып кетті. – Дұрыс, олар, сөз жоқ, ұшып кетті. Мәселе басқаларында.

Әзірге ең жақсысы ‒ олар туралы ештеңе ойламаған, – деді ол. – Егер сіз демалып болсаңыз, мен жүрейін, – дедім оны қузап, – орныңыздан тұрып, қимылдап көріңіз. – Рақмет, – деген ол орнынан тұрып еді, екі жағына кезек теңселіп кетті де, кешікпей шалқалап барып топыраққа отыра кетті. – Мен хайуанаттарымнан алаңдап отырмын, – деп күңк етіп, артынша тағы қайталады. – Мен тек хайуанаттарымнан ғана алаңдап отырмын. Мен оған ешбір қолқабыс жасай алмадым. Ол бір мереке* күні әрі фашисттер Эброға жақындап қалған жексенбі болатын. Сол күні тұман түсіп, аспанды қалың бұлт торлап алғандықтан, жау ұшақтары әуеге көтеріле алмаған-ды. Осы және тағы бір жай – мысықтың өзін-өзі қалай асырауды білетіні әзірге шалда бар жалғыз жұбаныш-тұғын.  Иса пайғамбар қайта тірілген күн.

 Ағылшын тілінен аударған: Серік Нұғыман

Алты Алаш- руханият

Жауап жазу

Your email address will not be published.