Бейсенбі, Маусым 22

Роберт Закс Орындалмаған уәде

 

Бұл Данияның бір көркем қалашығында болған оқиға. Онда саяхатшыларға қызмет ағылшын тілінде көрсетіледі екен. Мен әкемнің жұмыс орайындағы демалыс сапарына бірге ере шыққан болатынмын. Жолай біз керемет көңілді уақыттарды бастан кештік.

– Шешеңнің келмей қалғаны қандай өкінішті! – деді әкем опынып, –  келгенде айналадағы көріністерді көріп, бір жасап қалар еді. Әкемнің қылшылдап тұрған жас кезінде Данияға жолы түсіпті.

– Мұнда соңғы рет келгеніңізге қанша болды? – деп сұрадым мен одан.

– О, отыз жылдың шамасы. Жолай осы мейманханаға соққаным әлі жадымда, –  деді ол жан-жағына жағалата қарап, өткенді еске алып отырып. – Ол бір ғажап күндер еді… – деп кенет сөзден қалған әкеме қарағанымда мен оның жүзінің қуарып кеткенін байқадым. Көз салған жағына назар тастағанымда қарсы жақтан, отырған қонақтарға сусын құюға кетіп бара жатқан әлдебір әйелді көрдім. Кезінде әдемі болса болған шығар, ал қазір жуантық келген, дудар шаш біреу еді.

– Сіз оны танисыз ба? – деп сұрадым мен әкемнен.

– Ертеде таныстығымыз болған, – деді ол.

Әйел бізге қарай жақындап келді де:– Бірдеңе ішесіздер ме? – деп сұрады.

– Бізге сыра беріңіз, – дедім мен. Ол басын изеді де кетіп қалды.

– Қалай өзгеріп кеткен! Құдай оңдағанда, ол мені танымай қалды, –  деді әкем, беторамалымен жүзін сүртіп.

– Мен оны шешеңмен таныспай тұрғанда білетінмін, – деді сосын сөзін ары жалғап, – онда мен саяхаттап жүрген жас шәкірт, ал ол сүп-сүйкімді бойжеткен болатын. Өте әдемі еді. Бірден ұнатып, ғашық болып қалдым. Ол да мені.

– Ол туралы апам біле ме? – дедім мен тосыннан дүңк еткізіп.

– Әрине, – деді әкем жеңіл ғана. Артынан маған әлдебір алаң көңілмен қарап қойды. Ал, мен болсам, бір ыңғайсыз күйде қалдым.

– Әке, сен бекер… – дей беріп едім. Ол:– А, жоқ. Саған бәрін айтып берейін. Мен сенің бұған бола уайым арқалағаныңды қаламаймын, – деді. – Біздің романтикалы махаббатымызға оның әкесі қарсы болды. Ол үшін мен бір шетелдік едім. Болашағым бұлыңғыр, әрі келіп әкеме иек артсам керек. Үйленетінімді айтып әкеме хат жазып едім, ол оқу қаражатымды қиып тастады. Артынша ауылға қайтпақ болдым. Оның алдында қызбен жолығып, өзімнің Америкаға аттанбақ екенімді, тойға жетерлік ақша қарыз алып, бір-екі айда қайтіп келетінімді жеткіздім.

– Біз, – деп жалғастырды әкем әңгімесін, – қыз әкесінің хатты қатаң қадағалайтынын білетін едік. Сондықтан алдын-ала кездесетін уақыт қана жазылған бір парақ қағаз жіберетін болып келістік. Белгіленген жерде жүздескен соң, іле-шала бас құрамақпыз. Сонымен мен елге қайттым, қарыз ақша таба сала, кездесетін мезгілді жазып, хат жолдадым. Кешікпей жауабын да алдым. Онда: «Мен сонда болам!»,-депті. Бірақ, бола алған жоқ. Артынша мен оның екі жеті бұрын сол ауылдағы бір мейманхана қожайынына үйленіп кеткенін естідім. Мені күте алмапты.

– Тәңірге мың да бір алғыс, ол мені күте алмапты! – деп жалғады әкем әңгімесін, – Мен үйге қайттым, сенің шешеңмен таныстым, содан бері бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Анда-санда жастық шақта болған сол бір романтикалы оқиғаны күле отырып еске аламыз.Біздің сыраны көтерген даяшы әйел қайтып келді.

– Америкадан келдіңіздер ме? – деп сұрады ол менен.

– Иә, – дедім мен.

Сәл езу тартқан ол:– Америка-керемет көркем ел, – деді.

– Иә, онда сіздің көптеген отандастарыңыз тұрады. Сіздің бару ойыңыз болған жоқ па?

– Жоқ. Қазір де жоқ, – деді ол, – кезінде бір болған, көп жылдың алдында. Бірақ, осында қалып қойдым. Соным оң болғандай.

Сырамызды тауысқан соң, біз орнымыздан қозғалдық. Былай шыға бере мен:

– Әке, сіз онымен кездесетін күнді қалай жазып едіңіз? – деп сұрадым.

Әкем іркіліп, жанынан хатқап (конверт) алып, 12- 11- 13,   деп жазды.– Осылай, – деді соңынан, – бұл, әрине, 1913 жыл, 11 желтоқсан дегенді білдіреді.

– Жоқ! – дедім мен құлындағы даусым шығып, – Данияда, немесе еуропаның кез-келген елінде бұлай жазылмайды. Мұндағылар әуелі күнді, сонан соң айды жазады. Сонда мынауыңыз 11 желтоқсан емес, 12 қараша болып шығады.Әкем алақанымен маңдайын басты.

– Онда ол келген болды ғой! – деді жан даусы шығып. – Мен төбе көрсетпегендіктен, үйленіп кеткен болды ғой!

– Бір сәт үнсіз қалған әкем, – Жарайды, – деді артынша, – оған бақыт тілеймін. Ол онсыз да бақытты секілді.

Жолымызға түсіп, былай ұзаған соң:– Шаруаның бұлай аяқталғаны қандай жақсы болған, – дедім мен күңк етіп, – болмаса шешеммен жолыңыз тоғыспай қалғандай екен. Қолын иығыма қойып, жүзіме мейірлене қараған әкем:

– Мен екі есе тәлейлі жанмын, жігітім. Басқаша болғанда, мен сенімен де кездеспей қалар едім, – деді жымиып.

 Ағылшын тілінен аударған: Серік Нұғыман

Алты Алаш -руханият

Жауап жазу

Your email address will not be published.