Бейсенбі, Қыркүйек 21

НОБЕЛЬ ДАУЫЛЫ НЕМЕСЕ ҚЫТАЙ ЖАЗУШЫСЫ МО ЯНЬ КІМ?

Үстiмiздегi жылдың Нобель сыйлығы қытай жазушысы Мо Яньға берiлдi. Бұл — қытай әдебиетiнiң XXI ғасырда екiншi рет аталмыш сыйлыққа ие болуы. Гау Шиңжиан 2000 жылы осы сыйлықтың иегерi атанған. Биыл 12- қазан күнi (Нобель сыйлығы әр жылы қазан айының екiншi аптасында бейсенбi күнi Стокгольм уақыты бойынша түскi сағат 1-де жария етiледi) әлемнiң бiрқатар ақпарат құралдары Нобель сыйлығының жаңа иегерiнiнiң есiмiн бiрiншi болып есту үшiн тағатсыздана күтiп тұрды. Швеция әдебиет академиясының тұрақты хатшысы П.Инген жылдағы әдетi бойынша көпшiлiк күткендей күлiмсiрей жұрт алдына шығып: «2012 жылдың Нобель сыйлығы шындық пен қиялды шебер тоғыстыра отырып, тарих пен қоғамдық болмысты терең қазбалаған шығармаларында У.Фолкнер мен Г.Маркестi елестететiн, қытайдың дәстүрлi әдебиетi мен ауыз әдебиетiнен тың мүмкiндiктер ашқан Мо Яньға берiлдi», — дедi.

Он жылда екi рет ұйытқыған Нобель дауылы

2012 жылдың Нобель сыйлығы жария болысымен, Батыс пен Шығыс жұрты бiрден «Мо Янь деген кiм? Таңдау неге оған түстi?» деген сұраққа жауап iздей бастады. Наурыз айында биылғы сыйлыққа ұсыну ресми түрде аяқталған соң аталған додаға әлемнiң 210 қаламгерi ұсынылғаны белгiлi болған. Тiзiмдегi қаламгерлердiң 40 пайызы бұрын сыйлыққа ұсынылмаған жаңа есiмдер едi. Нобель сыйлығына алғашқы iрiктеуден кейiн кiмдердiң келесi топқа өткенi мүлде құпия ақпараттардың қатарына жатады. Соған қарамастан қыркүйек туа сыйлыққа ие болу мүмкiндiгi жоғары деген бес жазушының есiмi ақпарат құралдарында төбе көрсете бастады. Сырттай тон пiшудiң көрiгiн «Ladbrokes» бастаған бiрқатар бәстiгушi компаниялар қыздыра түстi. Олар көрсеткен үмiткерлердiң тiзiмiнде жапон жазушысы Харуки Мураками, Қытай жазушысы Мо Янь, Албания жазушысы И.Кадра, Сирия ақыны Адынос, Корея ақыны Когендер топ бастап тұрды. Қазан айы туып, сыйлық иегерiнiң аты белгiлi болатын күн жақындаған сайын көпшiлiк назары, негiзiнен, екi адамға ойысты. Олар – жоғарыдағы тiзiмнiң басында тұрған жапон және қытайлық жазушылар едi. Бұл осы жылы азиялық жазушылар көш бастады дегендi бiлдiрдi.

Оған негiз де бар едi. Өткен он жылда, негiзiнен, еуропалық қаламгерлер мен Латын Америкасының жазушысы аталған сыйлыққа ие болған. Ендiгi кезек Азия мен Африка елдерi жазушыларына келгенi туралы айтыла бастаған. Мұнда жапон жазушысы Харуки Муракамидың бәсi бәрiнен жоғары тұрды. Шығармалары әлемнiң негiзгi тiлдерiне аударылған бұл жазушы осыған дейiн бiрқатар халықаралық сыйлықтардың иегерi атанып үлгерген болатын. Жұрт жапон жазушысы Нобель сыйлығының табалдырығында тұр дегенге шын сендi. Ал, қытай жазушысы Мо Яньге бәс тiккендер аталған жазушы шығармаларының соңғы бiрнеше жылда Еуропа елдерiнде, онда да Еуропаның өнер мен әдебиеттiң салтанатты ордаларында жиi-жиi ауызға алына беруi аталған қаламгер тасының өрге домалай бастағанын көрсетедi деп қарады. Айтса айтқандай, соңғы сәтте қытай жазушысының жолы болды.

Жақсының шарапаты

Жұрт қайсысының аты бәйгеден келер екен деп айрықша назар аударған азиялық екi жазушының басын қосатын тағы бiр түйiн бар. Жаздан бастап Жапония мен Қытай Тынық мұхиттың солтүстiгiндегi аралға таласып жатыр. Екi елдiң халқы да «арал бiздiкi!» деуден бiр танбай келедi. Бұл таластың ақыры екi мемлекеттiң арасында қарулы қақтығысқа дейiн баруы мүмкiн дегендi бүгiнде саясаттанушылар жиi айтуда. Дәл осындай жағдайда қай елдiң жазушысы Нобель сыйлығының иегерi атанса, сол елдiң десi басым түсiп, халықаралық дәрежеде беделi бiр көтерiлiп қалатыны анық. Соңғы кезде «Швеция әдебиет академиясы қақтығысып жатқан екi елдiң бiрiнiң жазушысына сыйлық бере қоймас. Себебi, олай iстеу екiншi елдi ырықсыз жағдайға қалдырады» деген де ой айтылды. Алайда, Швеция әдебиет академиясы соңғы таңдауы арқылы мәселенiң екiншi бiр қырын да ашқан сыңайлы. Ол 1994 жылғы Нобель сыйлығының иегерi – жапон жазушысы Ое Кендзабуроға (Oe Kenzaburo) қатысты.

Жапонияның екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн әдебиет майданына келген жазушысы ретiнде Ое Кендзабуро туған елiнiң империялық шапқыншылық соғыс қозғап, Азия халықтарына қырғын әкелген тарихты батыл сынауымен танылған қаламгер. Екiншi дүниежүзiлiк соғыс тұсында жапондардан көп таяқ жесе де Жапон үкiметiн әлi де сол қырғынға толық кешiрiм сұрата алмай отырған қытайлар Ое Кендзабуроны тиiстi әдiлдiктi айтқан жапондық ретiнде өте жоғары бағалайды. Мұндай рухани жақындастық өз кезегiнде қытай әдебиетшi қауымы мен Ое Кендзабуро арасына берiк көпiр қалыптастырды. Жапон жазушысының барлық шығармалары қытай тiлiнде жарық көрген. Қытай жазушыларымен, әсiресе Мо Яньмен тығыз жеке қарым-қатынас бар. Жапон жазушысы бiрнеше мәрте қытай жазушысының шаңырағында болды. Мо Яньның Мигау ауданындағы шығармашылық үйiнiң кiреберiсiне бүгiнде Ое Кендзабуроның қытай жазуымен жазған «Мо Янь мырза – кәсiптес ретiнде ол ең мықты қарсылас, әйтсе де досым болып қала бередi» деген арнау сөзi iлулi тұр. Азияда Нобель сыйлығының санаулы иегерiнiң бiрi ретiнде жазушы қытай әдебиетiн Еуропа елдерiнде насихаттауда белсендi рөл ойнап келедi. Ое Кендзабуро өткен 15 жылда бiр емес, бiрнеше мәрте «Мо Янь шығармалары Нобель сыйлығына лайық» деп ашық мәлiмдеме жасаған болатын.

Қалыптасқан дәстүрге сай Нобель сыйлығына үмiткерлердi негiзiнен әр елдiң әдебиет академиялары, қоғамдық әдеби ұйымдар мен бұрын Нобель сыйлығын алған жазушылар ұсына алады. Сондай-ақ, бұрынғы сыйлық иегерлерiнiң өтiнiшi көп жағдайда басты назарда ұсталады. Осы талапқа сай, Ое Кендзабуро 2006 жылдан бастап өзiне тиiстi өкiлеттiк бойынша Мо Яньды ресми түрде Нобель сыйлығына ұсына бастаған. Арада бiрнеше жыл өткенде бұл ұмтылыс өз жемiсiн бердi. Швеция әдебиет акедемиясы Харуки Муракамидi емес, Мо Яньды таңдады. Бiр сөзбен айтқанда, жауласуға дайын тұрған екi елдiң бiрiнiң жазушысы екiншi ел жазушысының Нобель сыйлығын алуына кең жол ашып бердi. Бiреулердiң «осы реткi сыйлық әдебиетке емес, бейбiтшiлiк саласына берiлген сыйлық болды» деген сөзiнiң төркiнi де осында жатыр.

Фолькнер мен Маркестiң көлеңкесiнде

Мо Янь 1955 жылы қытайдың Шандоң өлкесiнiң Гауми ауданында дүниеге келген. Қытайда «Мәдениет төңкерiсi» жүрiп жатқандықтан ол бастауыш мектептен кейiн оқудан шығып қалады. 1976 жылы әскер қатарына шақырылып, 1997 жылы ғана босаған. 1981 жылдан бастап шығармалар жариялай бастайды. «Мо Янь» оның бүркен- шiк аты. Өз аты — Гуан Моие. «Мо Янь» деген қытай тiлiнде «тiл қатқаным жоқ» дегендi бiлдiредi.

Жазушы Швед әдебиет академиясы айрықша атаған «Қызыл арпа» повесiн 1985 жылы жариялаған. Шығарма өткен ғасырдың 30-жылдарындағы тарихи оқиғаларды өзек ете отырып, патшалық жойылғаннан (1912 жылы қытайда шүршiттер құрған Чин патшалығы құлады) кейiнгi қытай қоға мы туралы баяндайды. Iшкi соғыс, жапондардың басып кiруi, жаңа таным мен ескiлiктiң тартысы, адам тағдырының тәлкегi шығармаға өзек болған. Повестiң көзге бiрден түсетiн ерекшелiгi – жазушының оқиғаны баяндау мәнерi латынамерикалық жазушы Г.Маркестiң қаламынан туған шығармалардың сарынын елестетедi.

Жазушы кейiн аталған повестiң тақырыбында бiрнеше шығарма жариялап, оларды тұтас күйiнде «роман» деп атаған. Содан бастап 2011 жылы жарық көрген «Балақай» шығармасына дейiн жазушы қаламынан 11 роман, жүзге тарта повесть пен әңгiмелер туды. Бұл шығармалардың бәрi дерлiк жазушының туған топырағы мен өскен ортасынан ойып алған оймақтай мекенге табан тiрейдi.

Бұл жағынан оның АҚШ жазушысы У.Фолкнерден үлгi алғаны көрiнiп тұр. Жазушының өзi шығармашылығында У.Фолькнердiң жан-жақты әсерiне ұшырағанын жасырған емес. 1987 жылы «Қызыл арпа» повесi бойынша қытай режиссерi Жаң Имоу түсiрген кинофильм сол жылы Берлин кинофестивалiнiң «Алтын аю» гран-приiн жеңiп алды. Жазушының бұдан тыс та бiрнеше шығармасына кино түсiрiлген. Мо Янь қазiр Қытай жазушылар одағы төрағасының орынбасары.

Мо Янь — қытайдың 1980 жылдан кейiн әдебиет майданына келген жас буынының өкiлi саналады. Қытайда солақай саясат түзелiп, ел етек-жеңiн жиып, қалыпты тұрмысқа көше бастаған тұста қытай әдебиетiне бiр буын жас жазушылар келген. Олар қызыл үкiмет құрылған жылдарда туылды, мектеп жасында «Мәдениет төңкерiсiнiң» дауылына жолықты. Көбi күн дидарлы көсемнiң талабы бойынша ауылдарға айдалып, оқудың орнына қара жұмысқа жегiлдi. Олар қытайдың дәстүрлi классикалық шығармалары – «Үш патшалық хикаясы», «Су бойында», «Қызыл сарайдағы түс», т.б. романдарын оқып және соларды ертегi ретiнде тыңдап өстi.

Қолдарына қалам ұстап, әдебиетке келген тұсында жаңадан аударылып, алдарынан шыққан У.Фолькнер, В.Уоллф, Т.Элиот, Т.Манн, Э.Хемингуэй, Д.Стэйн, Г.Грасс, И.Калвино, С.Беккет, Г.Маркес, т.б. шет елдiң модернист жазушыларының шығармаларымен ұшырасты. Бүгiнде қытай әдебиетiнiң басты прозаиктерi саналатын Ма Иуан, Жа Пiңуа, Уаң Зыңщи, Жаң Тешiңдердiң қатарында сол тұста Мо Яньның да есiмi аталатын. Арада 20 жыл өткенде сол топтан екi жазушы қара үзiп шықты. Оның бiрi – Мо Яань болса, ендi бiрi – Жа Пiңуа едi. Осынау жылдарда қытай әдебиетi бiрнеше мәрте Нобель сыйлығына қол созып көрген. Өткен ғасырда Швед әдебиет академиясы екi мәрте қытай әдебиетiне сыйлық беру туралы ойланған деседi. Сол тұста олар қытайдың өткен ғасырдың 30-жылдарында әдебиетке келген жазушыларын басты назарда ұстаған. Алайда, басты үмiткер саналатын Лау Шы (1899ж — 1996ж) 1967 жылы саяси дүрбелең кесiрiнен өзiне қол жұмсап тынса, одан кейiнгi Шын Соңуын (1902ж — 1988ж) 1988 жылы өмiрден озды. Осылайша, ағылшын және қытай тiлiн еркiн меңгерген ұрпаққа Нобель сыйлығын берудiң мүмкiндiгi қалмайды.

«Мен коммуниспiн!»

Мо Яньның аты бәйгеден келгенге дейiн әдебиет сыншыларының бiразы «Қытайдың бүгiнгi прозаиктерi Нобель сыйлығын алуға дайын емес» деп келдi. Қытайдың саясатын алға тартқан олар соңғы ширек ғасырда әдебиет майданына келген жазушылардың денi үкiметтiң сойылын соқпаса да, оның айтқанынан шықпайтын жазғыштар деп бағалайды. Нобель сыйлығының тарихына назар салсақ, бұндай әдебиетшiлерге сыйлықтың есiгi көп ашыла бермеген. 2000 жылы француз иелiгiндегi қытайлық Гау Шиңжанның сыйлыққа ие болуы жазушының Қытай үкiметiн 1989 жылы Тяньнанмэнь алаңында студенттерге жасаған қырғынды батыл сынауымен қатысты делiнедi.

Алайда, Мо Янь шығармаларына назар салсақ, оның өз тұрғысынан Қытай үкiметiмен белгiлi бiр аралық сақтап келгенiн, тiптi, сынап келгенiн де байқаймыз. Жазушы шығармаларында өткен ғасырдың 30-жылдарындағы тарихи оқиғалардан бастап 50-60-жылдардағы аштық пен саяси дүрбелеңдi жазған. Одан кейiн саяси дүрбелеңдердiң салдарын көтерген. Ал, соңғы шығармаларында қытайдың бүгiнгi баланы жоспарлы туу мәселесiне сын айтады. Қорыта айтқанда, жазушы өз шығармалары арқылы қытайдың бiр ғасырға жуық тарихының шежiресiн жасаған. Және оны әлемдiк әдебиеттiң талғамына сай белгiлi бiр көркемдiк деңгейге көтерген.

«Мен коммуниспiн. Нобель сыйлығы коммунистерге берiлмейдi деген сөз жоқ. М.Шолохов, Жан Поль Сартр сияқты коммунистер Нобель сыйлығын алған. Коммунист болу олардың мықты шығарма жазуына кедергi келтiрген жоқ», — деп жауап берген Мо Янь тiлшiлердiң аталған тақырыптағы сұрағына. «Мен көркем әдебиетке тән өмiр шындығын жаздым. Партиялық көзқарастың шеңберi мен үшiн әлдеқашан келмеске кеткен», — дейдi жазушы тағы бiр сөзiнде.

Қытай қақпасын ашу

Швед әдебиет академиясының Мо Яньды таңдауының тағы бiр себебi коммунистер басқарып отырған бүгiнгi Қытай елiнiң жағдайына да қатысты болса керек. Соңғы ширек ғасырда қытай коммунистерi жоспарлы шаруашылықтан бас тартып, қоғамға нарықты кiргiздi. Осының нәтижесiнде Қытайда түбiрлi өзгерiстер орын алды. Ширек ғасыр бұрын коммунистер жазушыларды қатаң бақылауда ұстайтын болса, бүгiнде жазушының қаламына жармасатын билiк жоқ. Оның орнына үкiмет жазушыларды ерекше қоғамдық топ ретiнде бағалап, оларды өз саяси жүйесiнiң бiр бөлшегiне айналдырған. Қытайдың Мо Яньмен деңгейлес жазушыларының денi кәсiби жазушы, басылымдардың редакторы, т.б. жұмыстармен қатар Қытай коммунистiк партиясының әр түрлi дәрежелi саяси кеңесiнiң мүшесi саналады. Басқаша айтқанда, жазушылар жүйенiң сыртында емес, iшiнде жүр. Олар не жазса да, кiмдi сынаса да белгiлi жақтан жүйенiң өз-өзiне сыны болып қабылданады. Былайғы қарапайым халық та солай деп түсiне бастаған. Бұл – олардың шығармашылықта билiкке сын айтқанымен, айқын оппозициялық саясат ұстануына кедергi келтiрiп отырды.

Сонымен бiрге жоғарыдағыдай тәсiл арқылы жазушылардың халық алдында үкiметке балама көзқарас айтатын тұлға ретiндегi рөлi төмендетiлдi. Уақыт ұзара келе бұл қытай жазушыларының бұрынғыдай қоғамда зор толқу тудыра алатын мүмкiндiгiн әлсiреттi. Айталық, Мо Янь соңғы жазған «Балақай» романында жоспарлы туу саясатын қатаң сынап жазса да, үкiметтiң одан қортынды шығарғаны шамалы. Нобель сыйлығы жазушыны осы тығырықтан шығарды. Ендi қытай қоғамы Латын Америкасы қоғамының бар былық-шылығын ақтарып тастаған Г.Маркестiң, саясатта өтiрiктiң қалай айтылатынын жерiне жете жазған Г.Грасстың, т.б. сұмдықтардың бетiн ашқан жазушылардың қатарында тұрған өз қандастары туралы ойланатыны даусыз. «Ол сонда не жазды екен?» деп жазушыны жата-жастана оқитыны да шындық.

Швед әдебиет академиясының бiр ойы да осы болса керек. Қытай билiгi қабыл алатын жазушыға сыйлық беру арқылы қытайдың үкiметтiк ақпарат құралдарының күшiмен қытай қоғамында Нобель сыйлығының ықпалын кеңейтуге кең жол ашады. Қазiрдiң өзiнде Қытай билiгi Мо Яньды «тұңғыш Нобель әдебиет сыйлығын алған жазушымыз» деп бастарына көтере дәрiптеп жатыр. Бұл — 2000 жылы Гау Шиңжиан сыйлық алғанда ақпарат бермей, берсе де, Швед әдебиет академиясын «Бiздiң саясатымызға араласып отырған, жаулық пиғылдағы саяси ұйым» деп сынаған, Гаудың кiтаптарын жарыққа шығармай тастаған жағдаймен салыстырғанда мүлде басқа көрiнiс. Ендiгi жерде қытай халқы Мо Яньның арқасында Гау Шиңжианның да кiтаптарын ашық оқып қалуы бек мүмкiн.

Қытай билiгi Мо Яньды «Нобель әдебиет сыйлығын алған тұңғыш қытайлық» деп айта бастады. Қытай әдебиетшi қауымы болса оны «қытай әдебиетiнiң Л.Синклерi» деп шулап жатыр. 1930 жылы Л.Синклер бiрiншi болып АҚШ әдебиетiне Нобель сыйлығын әкелiп, содан кейiнгi жарты ғасыр бойында америкалықтардың осы сыйлықты ең көп бағындырған ел ретiндегi тарихын бастап берген болатын. Қытайлар да сондай шұғылалы тарихтың басталуынан үмiттi.

 

Алаш ұлы НҰРҒАЗЫҰЛЫ Ардақ

Жауап жазу

Your email address will not be published.