Жексенбі, Қараша 19

Либай өлеңдерінің аударылуы жөнінде

Әдеби ортада зерттеу көрмей, кенже қалып келе жатқан дүниенің бірі – қазақ көркем аудармасының қазыналы бір бұтағы саналатын қытай қазақтары әдебиетіндегі аудармаға өз деңгейінде назар аударылмай келеді. Содан келіп, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің бүйірін қампайтар үлкен олжадан игіліктене алмай отырмыз. Арамызды шекаралар бөліп жатқанмен сол шекараның ар жағында жазылған көркем туындылар біртұтас қазақ көркем ойының мүлкі де, тарихы жалпы қазақ тарихының бір бөлшегі. Соның ішінде, санының көптігімен, терең мағыналы тарихымен, көрікті сөз өнерімен ерекшеленетіні қытай қазақтары. Ондағы бауырлардың әдби өміріне көз сала отыру, құлақ түре жүру әбден игілікті іс. Соның ішінде аударма саласына да өте-мөте назар аударған жөн ғой деп ойлаймыз.

Соңғы жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ондағы қазақ зиялылары қытайдың классикалық көне әдебиетінен тартып бертінгі заманғы көркем туындыларына дейінгі көл-көсір мол дүниелерді өндіре аударғаны белгілі. Қазақ қалемгерлері қолы жетіп, іргелі екі елдің әдеби мұраларын өз төл әдебиетіндей бір сыпыра зерттеді және аударды десек, оның бірі орыс әдебиеті де, екіншісі осы қытай әдебиеті. Сол том-том болып шығып, дайын тұрған дүниелерді керегімізге әлі күнге жарата алмай келеміз.

Еліміз тәуелсіздік алған кейінгі жылдарда көрші елдің мәдениетіне біршама ізденістер жасалынды. Сол ізденістердің ішінде біздің көбіне-көп және айрықша тоқталып жүрген әдеби тұлғамыз Либай ақын. Оның өзінде ақынның шығармашылығынан жеке өмірін бөліп алып зерттеу басым. Біздің қуанатынымыз кеш те болса қытайдың бас ақынына ел зиялыларының назар аударғаны, өлеңдерінің азды-көпті аударыла бастауы.

Ли Байды біз орыс ақындарының аудармаларынан кеңес кезінде там-тұмдап болса да танып білдік. Бірлі-жарлы өлеңдерінің аударылған кездері де болған. Бірақ ол аудармалардың көркемдік талаптардан аулы алыс жатыр. Сондықтан Либай өлеңдерінің алғашқы және қызығарлық аудармасы деп қытай қазақтарының жасаған аудармасын айтуға болады. Бұл жағынан Либай өлеңін біршама толығырақ аударған Әзімхан Тішәнұлы. Сарабдал аудармашының тәржімасымен 1980 жылы Шынжаң халық баспасынан латын қарпінде жарық көрген «Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері» атты жинаққа Либайдың ұзынды-қысқалы 14 өлеңі енген. (Жалпы, Либайдың өзі жазды және ол жазды деп телініп жүрген өлеңдердің ұзын саны 1000-ның үстінде.)

Либай өлеңдері беті айнадай жалтырап, ішкі мол ағысы тежеу бермейтін Янцызы өзені іспетті. Ондағы қайнаған қуат пен күшті жеткізе білу қай заманда болсын аудармашының иығына түсер ауыр жүк. Жинақтағы ақынның бір ғана «Чаңганли жыры» атты өлеңінің өзі зерттеушінің талай күндік еңбегіне жүк болары анық.

 

Бала кез кекілімді желкілдетіп,

Мен есіктен шығушы ем гүл сындырып.

Сен ат етіп астыңа шыбық мініп,

Төсек бойлап жүруші ек ойын қуып.

Құлын-тайдай бірге өсіп Чаңганлиде,

Сәби жүрек көрген жоқ кір түсіріп.

Он төртімде қосылдым қосағың боп,

Бет қызарды ұятты сонда біліп…

 

Кешегі бүлдіршін қыз, бүгінгі жар жұбайының ішкі жан толқынысын, еріне деген махаббаты мен жырдағы өмір келбетін аудармашы сондайлық бір елжіретерлік сүйінішпен жеткізеді. Содан да, аударма түпнұсқадағыдай кол жетпейтін биік көркемдікке жеткен. Егер аудармасы әлсіз болғанда өлеңнен көркемдік ләззат ала алмаған болар едік.

Жасыратыны жоқ, Әзімхан аудармаларының бәрін дерлік көркемдігі кемеліне жеткен, толысқан аударма деу, керісінше, аға аудармашының шеберлік деңгейіне толық бойламағандық болып шығар еді. Либай өлеңдерінің сыңғырлаған әсем әуезі кей тұста тоқырап қалатын сәттері де аз ұшыраспайды. Бірақ, үлкен жағынан алғанда бұл олқылықтар ұлы ақынның жырларынан нәр алатын оқушы бақытын әсте кеміте алмайды. Бір Либай емес, «Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері» жинағында ұлы ақын өзіне ұстаз тұтқан, терезесі тең дос тұтқан ақындардың да шығармалары топтастырылған. Осы уақытқа дейін бұл жинақтың біздің елде бірде-бір рет жарыққа шықпауы қытай бөлігіндегі қазақтардың аударма ісіне, әдеби ортасына назар аудармай отырғанымыздың белгісі. Нәтижесінде, көрші отырған бір елдің қаншалаған әдеби мұраларынан қазақ оқушылары сусындай алмай келеді.

Бізде Либайды аударудан бұрын ұлы ақынның қай жұрттың тумасы екені төңірегінде пікір-таластарға көбірек жол беріп алғанымыз рас. Ақынның шыққан тегінен гөрі бізге жеткен мұраларын жүйелі әрі сапалы түрде аудару ісі ең бірінші кезекте тұрса керек. Әйткенмен, күткен үмітіміз ақталғандай болып, «Елібай. Либай. Либо» (Алматы. ҚазАқпарат. 2009) деген атпен баспадан тұңғыш рет Либай өлеңдерінің толықтырылған көлемді жинағы жарық көрді. Жинаққа Әзімхан Тішәнұлының «Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдеріне» кірген жоғарыда айтылған аудармаларымен қоса, біздің танымал ақындарымыз аударған өзге де өлеңдері енген. Ақын өлеңдерін біздегі ақындар жолмажол және орыс ақындарынан тәржымалаған.

Жинақты оқып отырып мынандай ойға келесіз. Түгел дерлік болмаса да, ішінде жақсы шыққан аудармалар бар. Тек әлдебір асығыстықтан туатын үстіріт шалалық бұл жинақты да айналып өтпеген тәрізді. Содан болар, кей ақындарымыз өздерінше шығандап, түпнұсқадан оза шауып, бұра тартқан тұстары аз емес. Сөзді талғап қолданудың аздығы да көп жерде Либай өлеңдерін өз деңгейінде жеткізу мұратын талап деңгейінен шығармай тастаған. Бір қуанарлығы, жинақта бір өлеңнің бірнеше ақын аударған нұсқалары қатар беріліп отырған. Оқырманға бір уақытта оқушы да, сыншы да болу мүмкіндігі бар. Түпнұсқадан тікелей аударылған, болмаса, орыс тіліндегі тәржымасынан аударылған өлеңдердің тілдік көркемдігін, әсерлі сазын аудармашылардың қай дәрежеде жеткізе алғанын салыстыра отырып анық байқауға болады. Сөзіміз дәлелдірек болу үшін сондай аудармалардың бірнешеуін мысалға келтірейік. А. Ахматова аударған «Стихотворние» атты өлеңнің Несіпбек Айтұлы мен Асқанбай Ерғожа аударған екі нұсқасы төмендегідей.

На горной вершина

Ночую в покинутом храме.

К мерцающим звездам

Могу прикоснуться рукой

Боюсь разговаривать громко:

Земными словами

Я жителей неба

Не смею тревожить покой.

 

Осы өлеңді «Тау басындағы пұтханаға түнегенде» деп атап, Несіпбек Айтұлы төмендегідей етіп аударады.

 

Пұтханаға түнедім биік таудың басында,

Алақанда тұрғандай жұлдыз біткен қасымда.

Шығармаймын даусымды, кете ме деп оянып,

Ұйықтап жатқан алаңсыз әулиелер осында.

 

Ал Асқанбай Ерғожада ол былай:

 

Тау басында пұтхана тіпті биік,

Жұлдыздарға кетердей қолың тиіп.

Әруақтардың мазасын алмайын деп,

Жай сөйлеймін сыбырлап, басымды иіп.

 

Өлең аудармасының бірінші нұсқасынан гөрі екінші нұсқасында Либай жырларына тән өлеңдік өлшем, мақам нәзіктігі, түпнұсқадағы ойдың әдемі бояуы мен сорабы алғашқысынан жандырақ, қанығырақ жеткен. Тек «әруақтардың мазасын» емес, бірінші нұсқасындағыдай «әулиелер» деп алғанда жөн болар еді. Себебі, өлгендердің рухы тірілердің жолын байлайды деп қорқатын қытай ұғымы бойынша ақынның әруақтардың мазасын алмайтыны өз-өзінен түсінікті. Бұл жерде ақынның түн тыныштығы әлдилеген пұтханадағы тас құдайлардың қатты сөйлеп тыныштығын бұзбайын деген құрметі айтылып отыр. Кұңзының (Конфуцидың) «Әруақтар мен құдайларды құрметтеңдер, бірақ олардан алыс жүріңдер» деген өсиеті тегін айтыла салмаса керек. Бұл жағынан келгенде, өлеңнің алғашқы аудармасындағы «әулиелер» көңілге көбірек қонады. Сол сияқты осындағы «басымды иібі» ұйқас үшін ғана демесеңіз орысша нұсқасынан ондай сөзді көріп тұрған жоқпыз.

Кей аудармашыларымыз бұрыннан айтылып, жазылып жүрген көркем аударманың талаптарынан көпе-көрнеу аттап, өрескел олқылықтарға барған. Берісін айтқанда, түпнұсқа мен аудармасы арасындағы мағыналық жақындықты, мазмұн тұтастығын сақтамаудың салдыранынан өлеңді өз ыңғайларына қарай бұру, сырттан сөз қосу, «артық» жерін кесіп, «өңдеуге» дейін барып, ақыр соңында Либай өлеңі өздерінің төл шығармаларына айналып шыға берген. Біздің қаламгерлер қолына алған ақынды шын сүйіп, еміреніп-тебіреніп аудармайтын сияқты. Мысалы А. Гитовичтың аударған «Стихи о чистой реке» өлеңнің аудармасына үңіліп көрейік:

Очищается сердце мое

Здесь, на чистой реке;

Цвет воды ее дивной –

Иной, чем у тысячи рек.

Разрешите спросить

Про Синьань, что течет вдалеке:

Так ли камешек каждый

Там видит не дне человек?

Отраженья людей.

Словно в зеркале светлом, видны,

Отражения птиц –

Как на ширме рисунок цветной.

И лишь крик обезьян,

Вечерами, среди тишины,

Угнетает прохожих,

Бредущих под ясной луной.

 

Аудармасы:

 

«Мөлдір өзен туралы»

Мөлдір өзен

Мөлдір су.

Мөлдірлікке наз тарттым.

Тұнығына шомылып көңілімді ағарттым.

Жүрегімді тазарттым.

 

Мың өзенге бергісіз бұл өзеннің мол суы,

Бәйшешектей бүрлеп тұр шөпілдеген толқыны.

 

Су кіндігі үйіріліп шым-шым етіп бүршіктеп –

Мөлдір тамшы қонады гүл ерніне ыршып кеп.

 

Суретшідей қағылез бұл маңайдың бар құсы,

­Өзен бетін өрнектеп қыл қаламдай шалғысы…

 

Аққу-қаздар кешқұрым ауық-ауық үн қатып,

Нәзік үнін олардың тыңдау маған бір бақыт.

Жарқыраған айнадай айдынына Ай құлап,

Жүрегімнің тұсынан ағады өзен баяулап.

 

Аударған: Жәркен Бөдешұлы мен Ғалым Жайлыбай

         Сөз жоқ, бұл өлең ақындарымыздың өз жанынан шыққанда Есіл, Жайық сияқты еліміздегі көрікті өзен-сулардың біріне арнап жазған табиғат лирикасы дер ек.  Өкінішке қарай, бұған аударма ретінде қарасақ мүлде көңіліміз толмайды. Орысша нұсқасымен салыстыра қараған адам (аударма орысша нұсқасынан жасалғандықтан және А. Гитовичке сенгендіктен  қытай тіліндегі түпнұсқасымен салыстыруды артық көрдік.) өлең бойындағы қаншалаған асылынан айрылып, жүдеп-жадауға түскенін, тіпті жәй мазмұндап бере салудың өзінен тым алыс жатқанын қынжыла отырып байқамауы мүмкін емес. Бас айналдырарлық ғажайып сұлу сурет орта жолда ескерусіз қалған да, осының кесірінен өлеңге арқау болған негізгі ой бұлыңғыр тартып көрінбей қалған. Көркемдіктің осынша аяқасты болғаны жаныңызға батады. Бұл жерде де кінәні «асығыстықтыққа» арта салсақ тым жеңіл құтылған боламыз. Түпнұсқаны дәл бұлай басынан-аяғына дейін түк қоймай өзгертіп, басқаша жырлап шығу үшін де үлкен «еңбектің» жұмсалғаны ақиқат. Бұны бет-беделі жоғары екі ақынымыздың аударма мәдениетіне немкеттілігі демеске шарамыз қайсы! Ақындарымыз Жуковский айтатын «бақталастықты» түпнұсқадағы мінсіз сұлулықты, көрікті ойды ана тілінде қайта тудырып, қапысыз сомдау үстіндегі ымырасыз күрес деп емес, автордың «кем-кетігін» түзеу, керек жерінде одан «асып» түсу деп жаңсақ түсінді деуге келмейді. Бұл пікірдің айтылып-жызылып жүргені бір бүгін емес.

Аударма туынды қашанда өзінің аударма табиғатын танытып тұруы керек. Ондай танытқыш құралдар – түпнұсқада кездесетін жер-су, адам аттары мен шығарманың ішкі иірімі. Осы екі талап та өлең аудармасында сақталмаған. Түпнұсқадағы Синьань атауы және оған қатысты айтылатын ақын ойы атымен жоқ. Екіншіден, жер түзілісі мүлде басқа, маймылы шулап азан-қазан боп жататын шығыс қытай орманы «аққу-қазы» қиқулаған қазақтың өзен-көлдеріне айналып жүре берген. Сөйтіп өлеңді бастапқы сыр-сипатынан айырып, адам танығысыздай өзгеріске ұшыратқан. Тіпті мұны Абай үлгісінде жасалған еркін аударма деп ақталған күнде де түпнұсқаға жасалған мұндай қиянатты бүркемелеп қалу мүмкін емес.

Жинақтағы Либай өлеңдерінің басында көп кездесетін кемшілік сырттан қосылған басы артық сөздердің жиі ұшырасатыны. Мысалы:

Экспромт

Подымаю мечь

И рублю ручей –

Но течет он

Еще быстрей.

Подымаю кубок,

И пью до дна –

А тоска

Все так же сильна.

 

А. Гитовичтың аудармасы

Кескіледім бұлақты

Семсерімді қолға алып.

Көз ілеспей су ақты

Одан әрі долданып.

 

Тостақ толы шарапты

Толғап-толғап сімірдім.

Басылмады сағыныш,

Қысқасын-ай ғұмырдың!

 

Аударған: Жүрсін Ерман

 

Басқасын айтпағанда, осындағы «қысқасын-ай ғұмырдың» деп аудрамшы өз жанынан сөз қосып тұрған жоқ па?!

А. Гитовичтың бұл аудармасы Либай өлеңдерінің ішіндегі өз алдына жеке бір өлең бе, жоқ әлде толық өлеңнің үзіндісі ме, біле алмадық. Олай дейтініміз, Либайдың «Шұанжоудың Шиетяу сарайында хан ордасының қаламгері Ли Юн ағайды ұзатып салу» деп аталатын атақты өлеңінде де тура осындай жолдар бар. Романтизммен сарындас осынау ғажайып жырды Әзімхан Тішәнұлы жалын-лебін сөндірмей жүрекке мейлінше жылы жеткізеді:

 

Қылышпен қисам ағын су одан бетер ағады,

Шараппен тисам қайғыны одан бетер қозады.

Көңіл толмас өмірдің өмір болып несі сән,

Ең абзалы тентіреп жиһан кезіп жоғалған.

 

Соңғы екі жол жоқ демесеңіз, алдыңғы жолдар А. Гитовичте дәл бір Құс жолындай сайрап жатыр. Әр сөз, әр бөлшегіне дейін дәлме-дәл. Бәрінен де көркемдік қалыбы қаз-қалпында сақталған.

Жалпы, жинақта кездесетін шалажансар аудармалардың бәрі біздің Либайды әлі толық танып жетпегеніміздің, оны аудару ісінің толық бір ізге түсе қоймағанын, әлі де болса ізденіс үстінде екенімізді көрсетіп отыр. Ара-арасында осындай көркем аударма талабынан шықпай жатқандары болмаса, жинақтың үлкен басы құптауға тұрарлық. Тек бұл бір реткі науқан ретінде қалып қоймауы керек. Себебі, жинақ шыққалы бері де бес жылға жуық уақыт өтіпті. Одан бері Либайды кім, несін аударып жүр, бізге белгісіз. Бір білетініміз, Либай өлеңдері әлі де терең зерттеу мен аударуды қажет етеді. Қазақ көркем аудармасының ендігі алар асуы дегенде біз ақын мұраларын толық әрі сапалы аудару міндетін айтқан болар едік.

Нағыз Қыпшықбайұлы

Алты алаш – әдебиет

Жауап жазу

Your email address will not be published.