Бейсенбі, Қазан 19

Төлен Тілеубай: Бұл қандай жинақ?

«Тәуелсіздік – тұмарым» – бұл қандай жинақ???

Қазақ қоғамында айтылған өткір пікір, тұшымды ой, парасатты сын, жанашыр тілекті таспаға бастырып, тарихтың парағында қалдыру.

Тәу етер тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толды. Алаш аңсаған азаттықты, Тәңір сыйлаған тәуелсіздікті тұғырына қондыруға, өз дәрежесінде ұлықтауға қазақ баспасөзінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жиырма бес жылда қазақ баспасөзі қара халықтың мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Ар-намысына араша түсті. Ұлтқа, ұлттық мүддеге «тас лақтырғандарға» сөзбен «соғыс ашты». Ел қуанғанда шаттанды, ел мұңайғанда жұбатты. Бі сөзбен айтқанда, тәуелсіздік таңы атқаннан бері елдік, мемлекеттік мүдделерге жан-тәнімен қызмет етті.

Асыра айтқаным емес, қолыма қалам-қаруымды ұстап, ұлттық мұрат пен мүддеге өз қал-қадерімше қолғабыс қылдым. Қоғамға бағдар сілтеуші қауымның тура бел ортасында жүрдім. Не жазсам да ұлық оқырманға ақиқатты білу, азат ойды жеткізу құқығын қастер тұттым. Жан қалауыммен таңдаған мамандығыма барынша адал болуға тырыстым. Ең бастысы, ақпарат майданының сарбазы болу, ұлт ұпайын түгендеуге үлес қосу жаныма шексіз ләззат сыйлады.

Мен сұхбаттасқан жандардың арасында мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, саясаттанушы, дипломат, дәрігер, филолог, әнші, ғарышкер, спортшы т.б. кәсіп иелері, ақжағалылар бар. Ең құндысы – сұхбат кейіпкерлерінің жиырма бес жылда баспасөзде айтқан орамды ойлары, парасатты пікірлері біздің қоғамға ой салды, бұқара мен билікті «оятты». Осылардың бәрінен қоғамдық пікір құралды. Бұл орайда қазақ әдебиетінің алыбы Ғабиден Мұстафиннің: «Мұралардың ең қымбаты – сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады, күн жылытпас суық көңілді жылытады, асылы адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды» деген қанатты сөзін басшылыққа алдым.

Уақыт бәрінен жүйрік. Бірақ жақсы айтылған сөз ешқашан ескірмейді. Өйткені, ежелгі грек ойшылы Менандр айтқандай, сөзден күшті нәрсе жоқ. Ал арғысын талғамы жоғары, мәртебесі биік ұлық оқырманның өзі-ақ бағамдай берер.

Алаш ұлы Төлен Тілеубай

Жауап жазу

Your email address will not be published.