Жексенбі, Қараша 19

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Ащы-ащы шай ішіп кешкілікте…

Түз тағысы

Ауылдың тіршілігін бақылаңыз,

Әр күні – жомарт ертек, ақын аңыз…

…Ащы-ащы шай ішіп кешкілікте

Тәтті-тәтті ой ойлап отырамыз.

 

Мұндайда әңгіме көп, түн – көңілді,

Тыңдайсың кішің менен үлкеніңді.

Әзілқой, әпенділеу қойшымыз бар,

Қой көзді, теке танау, жылқы ерінді.

 

Қиын-ақ таудағы бір қыстақ үшін,

Қасқырлар жазда – қысым, қыста – қысым.

Қойшымыз теперішті көп көрген бе,

Әйтеуір, көп айтады түз тағысын:

 

«…Тағдыр-ай, кей жылдары кекесін ең,

Кездестік қиындықтың көкесімен…

Сол жылы күн де жиі қызарақтап,

Ал түнде Ай қарайтын шекесінен.

 

…Онда да сары ала қаз ерте келді,

Құтырған түлкі желді ерте келді.

Түлкі жел түледі де, …қар борады!

(Сол күндер, ойласаңыз, ертек енді)

 

Онда да, дәл осындай, …Қойымыз арық,

Сұрғылт-сұрғылт ойлардан бой мұзданып…

Жиі-жиі сұңқылдап байғыздарың.

 

Қарекет те молайып бірер есе,

Уайымнан ұп-ұзын шідер есем…

Сенің өзің қайтер ең, көтерем бұлт

өрісте жиі-жиі үйелесе?!

Онда да, дәл осындай төл кезінде,

Ауылдың қасқыр ұлып желкесінде…

Бір жақсы төбет бар ед,

Сол төбеттің

құйрығын ғана таптым ертесінде!..

Қойсаңшы итшіліктен бұл өмірді,

Қорқаулар күшіктейтін білем інді,

Қолыма шор қайыңнан сойыл алып,

сауырға бірақ тарттым күреңімді!»…

Әй, шіркін,

Тіл бәрінен шалымдырақ,

Бояуы суреттің қалың бірақ!»

Сөйтіп ол…кетер қайта түсіп ізге…

(қызық қой одан арғы «ісі» бізге)

Соңыра дөңбекшіп біз жата алмаймыз,

кілең бір көкжал еніп түсімізге:

«…түскендей қайдағы бір орға барып,

қорқаулар қамалына көр қамалып!..»

Еріксіз үзік-үзік ұйқыңызды

жатасыз кірпігіңізбен жалғап алып.

…Томпаңдап, байғыз үнін тыста күшік

Келеді тұмсығымен ұстағысы…

Міне, енді енесі де үрді тауға,

Қойшымыз атып тұрды…             Түз тағысы!

 

Боран алдында

 Нені көрмек төлші қыз қолайнадан?!

Малда жүріп, жан бар ма қараймаған…

Боз саулықтар сүзісіп жатыр сыртта,

Бойларында арқардың қаны ойнаған.

Төбет жатыр доп сынды домаланып,

(Бір «айқайдың» әйтеуір болары анық)

Жамбасынан сыз өтіп туған айдың,

Күн де бүгін алыпты қораланып.

Сиырлар да жөтелген ықтасында,

Қойшыңыз да сайлана берсін енді,

Қорасы мен көңілін мықтасын да.

Жетісіп бір тұр дейсің сай-сала қай,

Болар ма екен бұл Көкек ең «сорақы» ай?!

Қой – ашқарақ, төл – тоңғақ, жусан – өлі,

Тал – жалаңаш, бұлт – үркек, жел – солақай.

Бәлкім, қайта билігін құрмақ Ақпан?!

Жалықты ғой бала да сырғанақтан…

Бір пәле бар әйтеуір келмей тұрып,

Босағаны мысыққа тырмалатқан.

 

АУЫЛ КЕШІ

Қастерлеген хатыңды, бағалаған,

аман-есен мұндағы жаман ағаң.

Қақпақылдап тынымсыз жел – уақыт,

қаңбақ – күндер келмеске домалаған.

 

Төлдеп болды қолдағы ырысты мал.

Жүрегіңді тербетер тыныштық – ән.

Бүгін Аспан боталап, Тау тамсанды,

бүйен – сайға құйылып уыз тұман.

 

Қойшы аянбас сіздердей қонағынан,

не бір серке сойылар, не бағлан…

Жаз жазмышын оқисың, жанар қадап,

жадыраңқы іңірдің қабағынан.

 

Ыңылдайды інішек «Дудар-ай»-ды.

Ырымдайды қойшымыз туған Айды.

Таныстырған өзіңе тарғыл мысық

тышқандарды күнұзын қудалайды.

 

«Қылышбұлақ» – құты бар мекеніміз.

Жеке там үй – біздегі жеке мүйіс.

Марқа-көңіл қоймайды маңырауын,

терезеден Ай қарап текемүйіз.

 

Болмаса егер бойдағы сабыр-ұстам,

саған деген өлер ме ем сағыныштан.

Көгілдір нұр төгіп тұр Көкте жұлдыз,

қой көзіндей, сәулеге шағылысқан.

 

Тындырғандай осы айда зор жұмысты,

кеше ақыры «аспанға бөркім ұшты».

Төл деген не, тәйірі, күні ертеңгі

«сақманы» Өлеңнің қорқынышты.

 

 

Алты алаш – руханият

Жауап жазу

Your email address will not be published.