Жұма, Маусым 23

Бабалар тілі бүгінгі бәсекелестік бәйгесіне берік пе?

Серімов Е.Е.

ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы
Қарағанды академиясы
оқу-әдістемелік бөлім бастығы,
з.ғ.к., полиция полковнигі

 

Бабалар тілі бүгінгі бәсекелестік бәйгесіне берік пе?

 

Әр халықтың даму көшінде, әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта, тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, қашан да басты назар айдарылып отырылуы заңды құбылыс. Уақыт бедері өзгеріп, қоғам жаңғырған сайын толғауы тоқсан қызыл тіліміздің де қоры молайып, бояуы өзгеріп, қызметі кеңейіп, жаңа мағынаға ие болуы тарихи дамудың алғы шарттарының бірі. Осы өзгеріс, жаңалықтар аса қасиетті рухани қазынамыздың қорына орынды өрнек болып қосылып, ажарын аша түсетіні де ақиқат. Ендеше осы тарихи дамудағы ана тіліміздің бар мүмкіндігі, көркемдік кестесі толығымен пайдаланылса ғана, оның қуатты қаруға айналары сөзсіз.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңында: «Тіл – ұлттың аса игілігі әрі оның өзіне тән ажырамас белгісі, ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде өзінің болашағы – тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» делінген. Әрбір елдің қуатты күші, байлық-бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өрісімен де айқындалады. Ал мәдени өре, рухани талғам деген халықтың ақыл ойының көрінісі – тілге тікелей тәуелді екені белгілі. Тіл  – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін келбеті, болмысы дейтініміз сондықтан. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі. Осындай халықтық қасиетті мұрамыз –  ана тілімізді кәсібилік дәрежеге көтеру – басты мұратымыз болып отыр.

«Тіл және тәуелсіздік»  атты конференцияда сөйлеген сөзінде жазушы һәм қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы: «Сен балаңның тілін қазақша шығармапсың» деп соттайтын  сот ғұмыры болмайды. Ондай сот – өзіңнің арың, ондай сот өзіңнің ұлтыңның алдындағы адалдығың. Мемлекет бұл мәселеде өзінің азаматын далаға тастап кетпеуі керек» – деген еді [1].

Жоғары оқу орындарындағы оқу үдерісі тілді осылай қолдану арқылы баянын табады. Барлық оқу орындарында басты кезекте оқу үдерісі тұрады, ал ол жүргізілетін пәндерге негізделетіні аян. Расын айтсақ, сол құқыққа арналған пәндеріміз бен заң кодекстерінің қазақ тіліндегі көрінісі көңілді жайландыратындай емес. Осы себепті біз кейінгі ұрпаққа толыққанды білім бере алмай жүрміз. «Көре тұрып айтпаған – көргенсіздік белгісі» дегенге жүгініп, айтылмай қалса, ең өкініштісі сол болар деген уәйімшіл ойдың желеуімен ғана сөз етіп отырмыз мұны. Еліміздегі заңдардың түгелі дерлік орыс тілінде жазылып, содан соң барып қазақшаға аударылатыны – кезінде қанша айтылса да, қаперге алынбай жүрген ортақ мәселе. Заң кодекстері мәтіндерінде тілдік ала-құлалықтар жыртылып айрылады. Сөзімізді қуаттау үшін нақты мысалдарға жүгінейікші. Күмән сөздің егесі болғанда, куә сөздің шегесі ғой. 2007 жылдың қаңтарынан күшіне енген «Алқабилер туралы» қабылданған заң тілі де қазақша сөйлеп тұрған жоқ.

Дүниежүзiлiк қауымдастықтың толыққанды мүшесi болған Қазақстан Республикасы әр азаматының экономикалық, әлеуметтiк, мә­де­ни тұр­ғыда, сон­дай–ақ­ өз құқықтары мен бос­тан­дықтарын қам­та­ма­сыз­ ет­е­тi­нiн мiндетiне ал­ып, ад­ам­ ғұ­мырындағы осы негiзгi тұ­ғыр­лар­дың­ бiрi бұ­зылса, азаматтың өз құқығын заң­ ал­дында қор­ғау­ына ке­пiл­дiк­ берiп отыр. Сот, әкi­м­шi­лiк, заңнамалық құ­зыр­лы­ ор­гандарға әрбiр ад­амның құ­қығын бұзу сия­қ­ты қылмыстық жайттардың ал­дын алу, сот­тық,­ құ­қық­тық қорғау потенциалын арт­тыру жүк­те­луде. Осы тұрғыдан келгенде алқабилер институтының сот жүйесіне енгізілу маңызы, үлес-салмағы айрық­ша бағалы. Негізі 1995-жы­лы тамыздың 30-ында қабылданған Қа­зақ­­стан Республикасының Кон­с­ти­ту­ция­сының 75-бабының 2-тармағында Конституциялық нормамен қыл­мыс­тық­ сот жүргiзуге алқа билерінің қа­ты­с­уы алдын ала қарастырылып қойылған еді. «Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасында» да бұл институт өз көрінісін тапқан. Негізінен алқабилер институты Қазақстанның өркениетті озық елдердің қатарынан табылып отырғандығының айқын көрінісі. Бұл заң түптеп келгенде, ұлттық құқық жүйесіндегі заңнамамыздың басты жетістігі десек, артық кетпейміз.

Алқабилер институтының өзіндік ерекшелігі соттағы негізгі тұлға қылмыстық істе сотталушыны не ақтап, не оған тиісті үкімді шығаруда шешуші дауыс алатын алқабилер – «халық өкілдері» деген түсініктен туындайды. «Алқаби – соттың қылмыстық істі заңда бекітілген тәртіппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы». Мұнда «…белгіленген тәртіппен қарауына шақырылған» емес, дұрысы «соттың қарауына қатысуға шақырылған» деп жазылса керек еді. Мұнда логикалық-қисындылық мүлт кетіп тұр. Сол сияқты «мынадай мазмұндағы абзацпен (?) толықтырылсын» («абзацтың» өзі қазақша сөйлеп тұрған жоқ) немесе «…судьяға» деген сөзден кейін тиісінше «алқабиге деген сөздермен толықтырылсын» деген сөз тіркесіндегі «тиісінше» түсініксіз. Міне, бұл сияқты тілдік ақаулықтар күпінің бүргесіндей заң мәтінінде өріп-ақ жүр. Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің Жолдауында «Құқықтық нормалар қазақ және орыс тілдерінде мағыналық жағынан барабар жазылғанда ғана конституциялық заңдылық режімі қамтамасыз етіледі» делінген. Біз осы үдеден шыға алмай жүрміз.

Өткен жылдары заң ғылымдарының докторы, профессор Н.Дулатбеков бастаған  қарағандылық бір топ ғалым (заң ғылымдарының кандидаттары М. Қызылов, Б. Сыздық, А. Биебаева, А. Божқараұлы) «Билер соты мен ұлттық дәстүрлердің жандануы: заң шығармашылық және әлеуметтік тәжірибе» деп аталатын зерттеу кітабын шығарды. Ол туралы «Заң» газетінде сөз қылып өткенбіз [2]. Айтпағымыз еңбектің тұтас бір бөлімінде Конституциямыздың кейбір баптарының, қылмыстық кодексінің, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің ресми мәтінімен қоса, өздері жазып шыққан бейресми мәтінін де қатар ұсынған. Жарығаннан емес-ау, қазақшасы жас балаға пышақ ұстатқандай ебедейсіз дүниеге келген көптеген заң актілерінің екіұдай айтылған күмән тудырарлық тұстары көп болғанынан осындай әрекетке, экспериментке барған. Негізінен қазіргі қоғамымыз қазақша ойлап, қазақша дұрыс сөйлеп, сауатты жазу үрдісін меңгерген заңгерлерге зәру. Сан көп, сапа жоқ. Қысылтаяң кезде адамға бірінші кезекте қызмет көрсетер осылар емес пе. Осы тұйықтан шығар жол қайсы, қордаланып қалған бұл мәселелер қалайша шешімін тапқаны дұрыс? Бұл ─ сауатты жазып, дұрыс сөйлеу мәдениеті, жаңа аталымдарды қолдану қырлары және аударма технологиясын меңгеру ісі. Ошақтың үш бұтындай осы үш тұғырдан-ақ бабалар тілінің бүгінгі бәсекелестік бәйгесіндегі беріктігі анықталатындай.

Тіл мәселесi — тарихтың өзi көрсеткендей, талай ғасырдан берi әрi қазiрдiң өзiнде де идеологиялық, адами, құқықтық ықпал-әсер ету құралы болып келедi. Сондықтан қазiргi кезде ойлау үрдiсiн, сөз қа­дiрiн бiлер құқық қорғау органдары қызметкерлеріне үлкен талаптар қойылып отыр. Біз сол үдеден шықсақ дейміз.

Жаңа заманның жаңалығы мол болады. Қоғам  жаңғырғанда қоғамдық жүйелердің бүкіл саласы түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Тәуелсіздік алған кейінгі жылдары қоғам өміріндегі ерен құбылыстарды жаңаша пайым, түсінікпен қарау қажеттілігі туды. Осы жаңаша пайым, түсініктер жаңаша аталымдарды қажет ететіні белгілі. Бәсекелестік бәйгесіне біз осы жағынан ат қосамыз. Бабалар тілінің бұған мүмкіндіктері де, ішкі қуат-күші де молынан жетеді.

Сөз жоқ, тіл халықпен бірге туып, бірге жасайды десек, тіл халықтың өсу айрығында тұр. Ендеше замана ыңғайы, дәуір ағымы, уақыт талабына сәйкес тілдің де мың құбыла түлейтін өзіндік жаңара жаңғыруы болады. Әділі тек осы жаңғырумен қатар енетін жаңа сөздер, жаңа аталымдардан ретсіз басты алып қашпаған абзал. Жақсылығы мол өмірдегі жаңаша ұғымды толық мәнде бере алатын қазақтың төл сөздеріндегі сыңарын, баламаларын далаға тастамай, қаперге алып, иіні келсе орнымен пайдаланғанның несі кем? «Тіл дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айту шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық, сауаттылық» – дейді әйгілі тілші ғалым Мәулен Балақаев. Қазіргі біз қолданып жүрген сөздіктердің, қабылданып үлгерген құжаттардың бойынан әр жылдары терминологиялық комитет бекіткен, бұл күндері құқық қорғау органдары кеңінен пайдаланып, сол арқылы біршама қалыпқа түсіп қалған аталымдардың көрініс табуы қуантарлық жайт. Негізінде мұндай сөздіктерге ең әуелі терминком бекіткен, халық қабылдап, қолданып жүрген сөздерді кіргізген дұрыс болмақ.

Заң құжаттарының тілін сөз еткенде, сөз жоқ алдымен, қаншама уақыт бедерінде қалыптасып, тұрақталған орыс тіліндегі нысандарға жүгінеміз. Ондағы дайын түрлерін пайдаланамыз. Бәсекелестіктің берік іргесін құрайтын осы. Ол үшін аударма технологиясын жетік меңгеру бірден бір шарт. Осы орайда құжат мәтіндерін орыс тілінен қазақ тіліне аудару тәжірибесі мынадай теориялық қағидаларды есте ұстауды керек етеді:

– орыс және қазақ тілдерін лингвоаудармалық және стилистикалық тұрғыдан салыстыра білу;

– ресми іс қағаздары мәтіндерін орыс тілінен қазақ тіліне аударуға тән тілдік заңдылықтарды аңдау;

– күрделі стилистикалық құрылымдарды, яғни құрмалас сөйлемдерді, біртұтас үзіктерді аударудың тиімді, оңтайлы жолдарын іздестіру;

– белгілі бір сөздің қазақ тілінде баламасы жоқ, сондықтан оны сол күйінде қолдануды талап ететін жағдайларды анықтау;

– тілдердің лексикалық және грамматикалық (яғни мағыналық және өзара байланыстыра алу дейік) ерекшеліктерін ескеріп, орыс тілінен қазақ тіліне қысқарған сөздерді аудару тәсілін үйрену.

Ойымызды тұжырымдай келгенде, айтар ойымыздың өзегі, сөзіміздің төркіні мынаған саяды. Жоғары оқу орындарда оқылатын дәрістер мен мемлекеттік тілде әспеттеліп, дайындалатын құжаттарға, нормативтік заңды актілерге қазіргі күнгідей немқұрайлы қарамау керек. Негізінен қазіргі қоғамымыз қазақша ойлап, қазақша дұрыс сөйлеп, сауатты жазу үрдісін меңгерген заңгерлерге, оқытушыларға зәру. Саны сапалықпен өлшенбей тұр. «Әкең өгей болса, шешең өзіңдікі емес» деген сөз бар қазақта. Ана тілінің өзіміздікі болуы өзімізге байланысты екенін ұғатын кез жетті. Айта берсең құдайға да жетеді. Жалаң дидактика болса да  ақиқаты осы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Құлиев Ж. Ел боламын десең – ұлығыңды түзе /«Жұлдыз» журналы, № 1., 2010 ж.
  2. Қараңыз: Серімов Е.Е., «Болашақ заңгердің құқықтық әліппесі»/«Заң» газеті №172 (1398).

Жауап жазу

Your email address will not be published.