Бейсенбі, Маусым 22

Қылышымның майын бер…

Қылышымның майын бер…

«Қылышымның майын бер» деген мақал болған. Яғни, сал-серілер дегеніміз кімдер? Сал-серілер – рыцарьлық орденнің қалдықтары. Ол – ертеден құрбаншыл, пидагер әскер болған. Яғни, жауға сауытсыз, кіреукесіз шабады екен. Әскерге ерліктің үлгісі көрсету, дем беру үшін. Сонда әскердің қолбасшылары «Аналар жауға сауытсыз шапқанда, сендер неден қорқасыңдар» дейді екен. Көп жағдайда сал-серілер түгелдей қырылатын болған. Былайша айтқанда, олар әскери әулеттен тараған. Мысалға, Украинадағы «запорожный казактардың көсемі» Тарас Бульба – сал-сері. Оларды Еуропада – рыцарьлар, Жапонияда – самурайлар деп атаған. Ал сал-серілердің «Қылышымның майын бер» деген сөзі қайдан шыққан? Ол мынадан шығыпты: егер де сері әлгі соғыстан әлдеқалай тірі қалып, қайтып келе жатқанда кез келген ауылдың сыртына келіп жығылады екен. Үстіндегі әлем-жәлем киіміне қарап, сері екенін бәрі бірден білген. Сонда жұрт жылап-сықтап соғыстан аман қайтқан серіні құшақтап жатқанда, сері  «қылышымның майын бер» дейді екен. Ол «жаудың да, өзімнің де қанымды аямай төктім, осы қылышымның майын, яғни ақысын бер, Отан үшін басымды бәйгеге тіктім,» дегені екен. Сонда әлгі серінің қойнына жатып шыққан қыз бұзылған болып есептелмейтін көрінеді. Керісінше, ол үлкен абырой болып саналған. Серілердің халыққа еркелейтіні осыдан шығыпты. Ал халық барлық еркелігін көтереді. Міне, қандай көне мәдениет.

Ал Ресейдің қол астына өткен соң, сал-серілерге қару-жарақ асынуға тыйым салынады. Енді олар қылыш-найзаларын қойып, қолына домбыра ұстап, әртістік богемаға айналып кетті. Ән салып, күй тартып, ел қыдыратын болды. Бірақ баяғы әдеті қалды.

Таласбек Әсемқұлов

Т. Тілеубайдың «Тәуелсіздік – тұмарым» кітабынан

Жауап жазу

Your email address will not be published.