Жексенбі, Қараша 19

КІСІЛІК: Ержан Тоқтасынұлы Желтоқсан – қорлыққа қарсы көтерліс…

Сол күндерді есіме алсам, әлі күнге дейін өзегім өртеніп, жүрегім сыздайды. Жүрегімннің бір бұрышында қалып қойған ой мазалайтыны рас. Бұл сырымды ашу үшін өз басымнан өткен бір оқиғаны айтайын. 17 желтоқсан күні қас қарая бастағанда, алаңда тұрған біздерді жан-жағымыздан әскерлер қоршап, аяқ астынан нағыз қырғын басталып кетті. Фурманов көшесінен алаңға қатарласа кірген өрт сөндіретін бес-алты көлік жиналған жастарды мұздай сумен атқылап, таратпақ болды. Біздің алдымызда сапта тұрған бастан-аяқ қаруланған солдаттар қолындағы дубинка, сапер күректерімен жастарды ұрып-соғуға кірісті. Жалаң қол болсақ та, айғайлап-ұрандап тойтарыс бердік.

Орталық алаңға шыққан жерде жалаңдаған жендеттер өрімдей қазақ қызын көз алдымда дубинкамен басынан ұрып сұлатты. Үсті басы қып-қызыл қанға боялған қыз есінен танды. Қарасам, әлгі қыз менен бір-екі қадам жерде ес-түссіз, шалқасынан жатыр. Қансыраған қорғансыз қызды жендеттердің тепкісіне тастап кетуге ар-намысым жібермеді. Бар пәрменіммен атылып барып, қолыма көтеріп алдым. Бар дауысыммен «Убийцы! Убийцы!» деп айқайлап, солдаттардың өздеріне қарсы ұмтылдым. Олар мұндайды күтпесе керек, шошып кері шегінді. Бірақ қайтадан бетпе-бет келгенде, олар мені соққының астына алды. Сонда да алған бетімнен қайтпай, әлгі қызды алаңдағы мінбердің түбінде 15-20 минут көтеріп жүрдім. Тіпті, аласапыранда оның я тірі, я өлі екеніне мән бермеппін. Осы сәтте менің басымда бір ғана ой болды. Әлгі қызды өлімнен арашалап, қанды төбелесті тоқтатуға ұмтылдым. Содан соң алаңның ортасында жараланған адамдарды зуылдап жинап жүрген жедел жәрдем көлігін тоқтаттым. Аяқ астынан бейтаныс бір жігіт жаныма келе қалды. Екеулеп қызды көлікке салып жібердік. Дәрігерлер дер кезінде өміріне араша түссе, тірі қалған шығар?! Жас шамасы 18-20-да болатын, өзі арықша келген, қара шашты қазақтың қарапайым қызы. Баспасөздегі осы сұқбатты оқып, бір күні үн қатар деп те үміттенемін.

Т. Тілеубай “Тәуелсіздік – тұмарым”

Алты Алаш – руханият

 

Жауап жазу

Your email address will not be published.