Сейсенбі, Шілде 25

А. Омаров: Абай о дүниеге әкететін екі-ақ нәрсең бар дейді…

 ҚР Дін істері агенттігінің дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші маманы, абайтанушы философ ғалым Асан Омаровпен болған қоғамдық тұрақтылық, ұлтаралық келісім тақырыбын қамтығанәңгімеге зер салайық, зердеге тоқиық.

–        Асан Қайырбекұлы, х алықаралық терроризм, экстремизм   және есірткінің заңсыз айналымы орын алған мына алмағайып заманымыз қиындап кеткендей… Өркениеттік құндылықтар дағдарысының алдын алу үшін не істеуіміз керек ?

–        Өркениеттер қақтығысы ХХІ ғасырда өршіп тұрғаны рас. Таяу Шығыста басталған күйзелістер Украинада жалғасты. Әлемнің бірі – батыс, бірі – шығыс болып бөлінгені әлі де аяқталған жоқ. Оның себебі де белгілі – әлем үйлесіммен дамуы үшін рухани және материалдық құндылықтар бірлесе өркендеуі шарт. Батыс өркениеті материалдық техникалық дамуы бойынша оқ бойы озып кетті де, ислам әлемі, жалпы Шығыс жан дүниесін, рухани болмысты аялайтын халықтар ретінде ілесе алмай қалды. Түптің түбіндегі сәйкессіздіктің себебі сол.  Бұл шешілетін мәселе, егер Батыс әлемі Шығыстан руханилықты алып үйренсе, ал Шығысқа ғылымсүйгіштікке, қоғамдық әділеттілікке, адам өмірі бәрінен де қымбат деген ұстанымға бейімделмей болмайды. Шығыста адам өмірі қымбат деп саналмайды, ал Еуропада осы қағидат барлық заңға кіріктірілген.  Аталған бастаулар реттеліп, ортақ негіздер қалыптасатын болса, әлем бойынша ортақ консенсус табылатын күн де алыс емес сияқты.

–        Әлеуметтік саясат – қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін құрал. Осы қағиданы қалай түсінесіз?

–        Әр елдің әлеуметтік жағдайы жеке отбасының және қоғамның әр мүшесінің мінезі мен ниетіне тәуелді. Сондықтан да жеке адамға жағдай жасалып, оның қоғамдағы әділеттілікке сенуі маңызды. Егер мемлекеттің халыққа қызмет етіп жатқанына жұртшылықтың көзі жетсе, сонда ғана оңтайлы атмосфера пайда болады. Халық кез келген қиындыққа төтеп береді. Мұндай әлеуметтік саясаттың мысалы көз алдымызда. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде әке-шешелеріміздің, жас өспірім бала-шағалардың көрмеген тауқыметі жоқ. Бірақ қатігез, қараулық болды ма? Жоқ, керісінше, бір-біріне бауырмалдылық танытып, бір тілім нанды бөліп жеп, береке-бірлік керемет болды, еменжарқын мейірімділік кемерінен асып төгілді. Сол кезді бәрі де сүйінішпен еске алатыны – тақсіреттің ащы дәмін татудай-ақ  татса да, рухани жағынан азып-тозған жоқ. Бұл әлеуметтік саясат әр адамға жетті, әркімнің бабын таба білді деген сөз. Егер әділеттілік пен қамқорлық күшті болса, кедейдің байып кетуі шарт емес. Баласы мектепте білім алып, ауырып қалса дәрігерге емделе алатындай жағдайлар жасаудың маңызы зор. Демек, ауыл демей, қала демей барлығының тең дәрежеде инфрақұрылымы дамытылуы тиіс. Өкінішке қарай, ауылдарымыз ай далада ақ отау болып,бүгінгі заманымызға сай дәрежеде өмір сүре алмай қалды. Тек үлкен қалаларды жұмаққа айналдырсақ дегенді өз басым дұрыс пікір дей алмаймын. Әйтеуір, Қазақстан даму жолының әлеуметтік саясатты шешуге басымдық беруі көңілге үміт ұялатады.

–        «Әлем ауыр дүниетанымдық және құндылық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Өркениеттер қақтығысын, тарихтың ақырын, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі. Біз мәдениеттер мен діндердің қатар өмір сүруі жағдайында өмір сүріп үйренуіміз керек », – деп атап өткен болатын Елбасымыз.

Бұл тұрғыдағы жеке пікіріңіз қандай?

–        Адамға тән азығы керек пе – керек. Біз күніне кем дегенде үш рет тамақтанамыз. Жанымыз да сол сияқты азықтануы керек. Абай атамыз адам екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан деген. Біз жанымызға нәр беріп, азықтандыру керектігін ескере бермейміз. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк болса болды деп ойлаймыз. Жан жабырқап, көңіл шіркін көтерілмесе – ештеңе де ілгері баспайды, ісіміз де оңалмақ емес. Ұрыс-керіс, жанжал табыла кетеді. Жан азығы деген – әлемдік деңгейдегі жылтырауық мәдениет емес, ұлттық дәстүрдің тамырынан нәр алатын сабақтастық, ата-баба салтымен жұғысты болатын үлкен мәдени қайнар бұлақ. Айталық, бірін-бірі қонаққа шақыру, сіз-біз деп сыйласу, жасы үлкен адам келе жатқанда атып тұрып орын беру, соның барлығы адамға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Әдебиет, өнер, киноны айтпағанда, арамыздағы қарым-қатынастың өзі жанға азық береді. Жан азығы молайып, имандылық көбейгенде оңға баспайтын іс жоқ. Махаббат пен әділет көп жерде экономика тек өрге басады. Локомотивке тіркелген вагондар сияқты. Алдымен экономиканы реттейік, рухани жағдай өз өзінен бола жатар десек, жұтаңдыққа ұрынамыз. Сонау Аристотельден бастап әлемнің барлық ойшылдары қақсап айтқан ақиқат осы. Ұлы Абай да экономика, шаруа жайын қозғаған емес.  «Көп адам дүниеге бой алдырған, бой алдырып аяғын көп шалдырған» деп, гәп мінез бен ар-ұятта екенін ескертеді. Дүние-мүлік, пайда деп қашанғы құлап мертіге бермекпіз тақыр жерде.

Екі аяқты тең басу үшін заттық және рухани құндылықтар қатар дамуы шарт.  Бір Алла Тағала жаратқан он сегіз мың ғалам, Күн мен Жер күллі адам баласына ортақ. Сол сияқты діндердің ішкі мазмұны да бір. Оны бауырмалдылық, мейірім, ғылым және әділет сияқты ұғымдар құрайды. Діндер сыртқы фомасы жағынан ғана «біреулер екі саусақпен, біреулер үш саусақпен шоқынады»  немесе «намазды имаммен я имамсыз оқиды екен» дегендей, шексіз түрлене береді. Оған мән беріп, дабырайтып көрсету дұрыс емес. Күнде тележәшіктен естіп, көреміз – мұсылман бауырлар сүннит және шииттер болып бөлініп, бірін бірі қанға бөктіруде. Апыр-ай, діннің сыртқы көрінісіне бола осыншама құрбандық неліктен дейсің еріксіз. Анығы, дінде адамдықтан ауытқуға, қатыгездікке орын жоқ. Алдымен, өзіңнің жаман мінезіңе «жихад» жариялап, жүрегіңді тазартып алуың шарт.

–        Сананы тұрмыс билеген заманымызда рухани құндылықтан гөрі, материалдық қажеттілікке бойсұнып барамыз. Осы орайда, өзіңіз бір жазбаңызда:«Иә, қаумалаған дерттер көп, келешегіміз жылма жыл бұлыңғырланып барады. Бірақ, сол індет атаулыны тойтаратын «антивирус» уысымызда ғой, ол — Абай мұрасы емес пе?!. Абай мұрасы — әлемдік дәрежедегі ұлттық брендіміз» деген екенсіз… Осы ойыңызды сабақтасаңыз…

–        Соңғы жылдар мен Астана тұрғынымын. Бірде ауладағы кішкентай сәбилердің ойындары мен жүріс-тұрысын бақылап отырып, оларда эгоим мен қатыгездік мінез көп екенін байқадым. Қазір бұрынғыдай 7-8 бала жоқ, жалғыз-жарым еркетотайды тәрбиелеген заман туды ғой. Құлап қалса, жыласа, болды, бітті ата-әжесі айғай-шу көтереді дегендей. Қоғамдық көлікте де немересін отырғызып, апасы тұрады қасында… Эгоистік тәрбие көрген балалар ертең ата-анасына да қарамай кетуі мүмкін. Бұл жердегі айтпағым – бізге қазақы тәрбиеге қайта оралу қажет. Ұлттық тәрбиелік жүйемізде төрт діңгек бар: ұят болады, жаман болады, обал болады және сауап болады деген. Міне, осыларды ғылыми негізде жаңғыртып, тәрбие құралы қылуымыз керек. Өйткені, бұл төртеудің астарында аят-хадистер мен Абай, Шәкәрімнің өсиеттері тұнған. Ұлы Абай бәріміз білетін «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде бес нәрсеге асық бол деген: еңбек, талап, терең ой, қанағат және рақым. Кәне талдап көрелік. Алдыңғы екеуі (еңбек, талап) алдыңа мақсат қойып, аянбай еңбектенсең материалдық құндылыққа жетесің дегені, ал қалған үшеуі ше? Олар рух әлеміне қатысты.  «Терең ой» деп Абай әлбетте ақыретті меңзейді («Ертең қайда барасың, білемісің? Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ!» – дегені соның мысалы). Қанағат, рақым да адамға Құдайды тану арқылы қонатын қасиеттер.  Абай Шығыс пен Батыс мәдениетін тел емген. Бала күніндегі лақап аты «Телқара» болғаны сияқты Батыстан ғылым мен прогрессті, ал Шығыстан иман-тағатты бойына сіңірген біртуар ғұлама. Шындығында екі бастауды үйлестірген данышпандар көп емес. Батыс философтары материалдық құндылықтарға басымдық берді. Бұл дұрыс та шығар, ғылымсыз даму жоқ. Шығыс ғұламалары сопылыққа бейім, олар бұл өмірдің жалғандығын, ақыретті ойлау керектігін жиі айтады. Абай осы құндылықтардың ортаңғы інжу-маржанын тапты. Кемеңгердің кемеңгерлігі осы арада. Бұл дүниеде істеген істерің о дүниеде егіндік болады дейді қазақтың ойшылы. Абайдай ұлы ұстазымыз тұрғанда, біз сырттан ұстаз іздеуге және адасуға тиісті емеспіз.

–        Қазақстандағы қазіргі діни ахуал күрделі әрі сан-салалы. Әсіресе дәстүрлі емес, тоталитарлық және деструктивті секталар мен радикалды діни ағымдардың кейбірі тіркелуді қажет деп таппайтындықтан, олардан зардап шеккендерді анықтау немесе оларды жауапқа тарту барынша қиын. Ең басты алаңдатушылық тудыратын мәселе діни ұйымдар мен олардың іліміне сенушілердің күн санап өсуінде болып отыр. Бұған бақылау жасай алмауымыздың себебі не?

–        2011 жылы Дін туралы жаңа заң қабылданды. 2012 жылы жаппай тіркеу өткізілді. Қазір тіркелген діни бірлестіктердің саны 3100-ге жетті. Олардың көбісі бұрыннан тіркеліп келгендер. Тіркелмей жүргендер – «Біз тек құдайдың заңына бағынамыз» деген принципті ұстанатын баптистер,  содан кейін халықаралық қолдауға ие Йегово куәгерлері сияқты протестанттық ағымдар бар. Алайда, елді ең көп мазалап тұрғаны ислами ағымдар. Салафизм, артынша уахабизм деген ағым жайлап алды. Уахабизм – жастардың ағымы. Өмір тәжірибесі мол жасамысы адамдар бұл ағымға мүше болмайды, олардың торға топыралап түсіретіні – діни сауаты таяз, өмір тәжірибесі шамалы жастар ғана. Міне, аят, хадистер мынау деген соң, соқыр сеніммен серкелеріне ере береді.  Әйтпесе өлген адамның жетісін, қырқын, жылын беру, мәйіттің басына зират көтеру шариғатқа теріс дегенге ақылы сау қазақ сене ала ма.   Ұлттық салт-санаға соғыс ашқан уахабистік ағым қауіпті, әрине. «Мен таза мұсылманмын» деп жариялау оңай, ал мінезіңді түзеу, мейірімді болу аса қиын шаруа. Хадис шарифте: «Адамның жақсысы – адамдарға пайдалысы» делінген. Жат ағымдарды бір дегеннен қоғамнан аластату мүмкін емес, бұл заңға да томпақ келеді. Халықаралық ұйымдар діни бостандыққа қылаудай да кедергі келтірмеуді қатты қадағалайды. Қай дінді қабылдайды, ғибадатты қалай жасайды әр адамның өз еркі. Жаңағы уахабистік ағым өкілдері де  тек заң бұзушылық болған жағдайда ғана мемлекет тарапынан жазаға тартылады. Ең дұрысы, адасқан жасты біліммен, үгіт-насихатпен ортаға қайыру керек. Дін істер агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов деген азамат дінді руханилендіру керек деген бастама көтерді таяуда. Бұл дінді ғұрпылық, салт-жоралғы күйінде қалдырмай, оның мейірім, әділет, ғылымның қайнары екендігін көрсету және адамгершілік тәрбиелік потенциалын пайдаға асыру деген сөз. Бұрынғы зайырлылық бағыттан гөрі бұл жаңа сапалық деңгей болып табылады. Дінді руханилендіру – қазақы салт-дәстүр мен жоғарыда сөз еткен төрт діңгекке,  сондай-ақ, теологияға, яғни Құдайдың әмірі, болмысы, заңын танып-білуге  кең жол ашылатын болады. Айта кетері, Абай, Шәкерім дінтанушылар емес, ұлы теологтар, яғни халыққа Құдайды танытушы тұлғалар.

–        Қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың бір кепілі – дін екені сөзсіз.

Ал, сіз белгілі «Дінтану» оқулығының авторысыз. Қалай ойлайсыз, мектептердегі осы пәнді ұстаздар қауымы өз деңгейінде оқыта алып жүр ме? Оқыта алмаса, қалай оқытулары керек?

–        Өз деңгейінде оқыта алмай жүргенінің өзіндік себебі бар. Қазір ол пәнді тарихшылар оқытуда. Белгіленген 34-ақ сағатқа дінтанушы маманды ұстау мүмкін емес. Сол себепті тарихшылар дипломына «дінтанушы» деген қосымша мамандықты жаздыру турасында ұсыныс түсіп жатыр. Оқудың сапасына келсек, қазір дін пәні оқулығы таза ақпараттық сипатта. Бұл дұрыс емес. Дін ілімі оқушының жанына, жүрегіне әсер ететін, келешек өмір жолына бағдаршам болатын биік ізгілік деңгейінде оқытылуы керек.  Бұл, әрине, көп күшті керек қылатын қиын шаруа…

–        Тоқсан ауыз сөзіңіздің тобықтай түйінін ортаға салсаңыз…

–        Шәкәрімнің: «Шаранамен туып ең, Бөз оранып өтесің. Бір елесті қуып ең, Қашан оған жетесің» дейтұғын сарыны мұсылмандық  өлеңі бар. Бұл арада «елес» деп байлық пен мәнсап айтылған. Адам баласы шыр етіп дүниеге жалаңаш келеді, өлім жеткенде небары екі метр бөз оранып жер қойнына кетеді. Өзіңмен бірге алып кетерің не? Ахиретте жақсы көлігің, зәулім баспанаң, сүйікті немерең, жарың мен бала-шағаң, дос-туысың бәрі де керек емес. Абай о дүниеге әкететін екі-ақ нәрсең бар дейді: бірі – фәниден бақиға иманды болып кетуің, екіншісі – жақсы істерің. Тозақтан алып қалатын осы екеуі ғана. Мұны шариғат та растайды. Демек, өмірден өкінбей өтуге керегі – Құдайға сенетін, әділ, мейірімді адам болу! Қазіргі таңда екінің бірі «е-е, бір Құдай бар ғой» деп мойындығансиды.  Тек ауызбен айту, шірік, шикі сенім. «Сенің құр иман келтіргенің керексіз, егер сен сол иман келтіргеніңнен пайда алсаң ғана, иманың кәміл болады» деп ескертеді Абай. Яғни Құдайға сенімің ісіңнен, мінезіңнен менмұндалап тұруы керек.  Тоқ етеріне келер болсақ, қазақтың ұлы ұлт, күшті халық болуына Алла Тағала барлық мүмкіндікті жасаған. Бір жағынан, жер-анамыздың асты-үсті байлығы, екінші жағынан, Абай, Шәкәрімнің мұралары соның кепілі. Соңғылар түбі бір түркі  елдері түгіл, жалпы адамзатқа ұсынар рухани көмбеміз, баға жетпес брендіміз! Бар мәселе, ұлы данышпандардың өсиеттерін ауызекі айтып қана қоймай, олардан пайда ала білуге саяды. Сонда ғана өзгелер сыйлайтын халық боламыз (қазіргідей не болса соған еліктеген күйбең тіршілік пен құрт-құмырсқаның күйіндей пендешілік жағдайда абыройымыздың асқақтауы, мәңгілік ел болу талабымыз, шыны керек, көкей түкпірінде күмән туғызады). Құранда: «Шапағат иелерін әрбір ұлт-ұлысқа жібердік» делінген. Сондықтан өз басым Абайсыз қазақ ешқашан төрге шыға алмайды, ал әгәрәки ұлы данышпанның асыл мұрасын санамызға шөктіріп, рухымызға сіңіре алсақ, қазақтан ұлы халық болмас еді дегенді үнемі айтумен келемін.

Мейірімді Алла тағала ләйім соған жеткізсін.

Әңгімелескен: Әйгерім ЕРМЫРЗА

(Әңгіме 2014 жылы алынған, қайталап беріп отырмыз)

Алты алаш – руханият

Жауап жазу

Your email address will not be published.