Бейсенбі, Қыркүйек 21

Марат ӘБСЕМЕТ: Міржақыптың “Оян, қазақ!” идеясы – Қазақ Елінің нағыз ұлттық идеясы!

Марат ӘБСЕМЕТ.
Міржақыптанушы ғалым:

– Міржақып Дулатұлы XX ғасырдың басындағы Алаштың ағартушылық, демократтық бағыттағы ақ семсер арыстарының бipi еді. Аумалы-төкпелі заманда қазақ елінің болашағы үшін өз басын қатерге тіккен тектілердің төресі еді ғой… Міне, биыл 125 жылдық мерей тойы келіп жатыр. Біз Жақаңның саяси қайраткерлігінен бастасақ…

– Жақаң Алаш қайраткерлерінің арасындағы орны ерекше. Елі үшін туылып, ел үшін шаһит кешетін тұлға болады. Ол сол елдің ертеңінің нұрлы болуы үшін жанталасады. Міне, Жақаң – қазақтың ертеңі үшін туылған жан. Иә, ол алыс ауылдарда мұғалімдік қызметін атқара жүріп жәбір көрген қара қазақты көріп, патшаның отарлауына қарсы бір жола күрес жолына түседі. 1905 жылы Орал қаласында «Пікір» деген газет ашуға ат салысқан еді. Сол кездегі газет дегеніңіз үлкен идеологиялық қару болатын. 1904 жылдың басында Міржақып Дулатұлы мен Ахмет Байтұрсынұлы екеуі Алаш ұлдарын патшаға қарсы күреске шақырып үндеулер жазды. Осы үндеулердің әсерінен қазақ халқының патшаға қарсы наразылығы күшейе түсті. Патша үкіметі ел наразылығының соңы көтеріліске соғуынан қорқып саяси тінтулер жүргізе бастады. Кітапханаларды жапты, пошта хабарларын конфискеледі. Осындай алмағайып уақытта, осы ұрымтал тұсты тиімді пайдалану үшін Міржақып пен Ахмет Омбы қаласына жүріп кетеді. Сол жерде Жақаң Ә. Бөкейхан, Ж. Ақбаевтармен танысып, жасырын кездесулер жасайды.. Омбы, Қарқаралы, Орал, Санкт-Петербург қалаларын аралап, көрнекті қоғам қайраткерлерімен пікірлеседі, мәдени – саяси шараларға қатысып ой-өрісін кеңейтеді. Осы жерде алдыңғы қатардағы қазақ интеллигенциясының өкілдері: Шаймерден Қошығұлұлы, Сералы Лапин, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов және басқалармен кездеседі, оқудағы жастармен жүздеседі. Қазақ зиялыларын қатты толғандыратын бірде бір патшаның қол шоқпарларының қазақпен санаспайтындығы еді. Осындай жиындардың бірінде Санкт-Петербургте «Серке» деген атпен қазақ баспасөз орталығын ашу ұйғарылды. «Серке» деген ат жайлы Шаймерден Қошығұлұлы өз естелігінде: «Серке бір отар қойды боранда дүрыс жолға алып шығады,— деп жазды,— олай болса «Серке» газеті езілген қазақ халқына дұрыс жол керсететін, оның ұлттық сана-сезімін оятатын жолбасшы болу керек», – деген. 1907 жылы наурыздың 28 күні I-ші және II-ші Ресей Мемлекеттік Думанның депутаты Ш. Қошығұлұлының қаражатына татар қайраткері А.Ибрагимовтың басшылығымен «Серке» газетінің алғашқы саны Санкт-Петербургтегі шығатын апталық «Ульфат» газетінің қосымшасы ретінде жарық көреді. Бұл газет қазақ жастарына арналған еді. Газеттің алғашқы номерінде Жақаңның «Қазақ жастарына» деген өлеңі басылып шықты.

– Газеттің ғұмыры қысқа болды ғой…

– Оның себептері көп қой. «Серкенің» екінші нөміріне Жақаңның бүркеншік атпен «Біздің мақсатымыз» деген мақаласы жарық көрді. Бұл мақала «Қазағым менің, елім менің!», – деген сөздермен басталады. Бұл мақаласында Міржақып 1905 жылы Қарқаралыдағы бас көтеру мен Оралдағы съезде қазақ халқының айтқан талаптарын жинақтап көрсетеді. Ашық, ақиқатты жазады. Жаным-ау, осының бәріне патшаның полиция сақшылары да қарап жатпайды ғой. 1905 жылғы революцияның толқулардан үрейленіп қалған олар қол астындағы бұқара халыққа қатаң бақылау жасап отырды. Ұзамай жандарм ізшілері Загородный 34 көшесіндегі Антокольск баспаханасына келіп, «Ульфат» және «Серке» газеттерін конфискелеп, жауып тастады. Осы іс жөнінде жасалған протоколда былай деп жазылған еді: «Серке» гезетінің № 84 және «Ульфат» газетінде 6 июль күні (1907) жарияланған «Біздің мақсатымыз» мақаласында саяси қылмыстық белгілер бар». Полицияға түскен мәліметтер бойынша, бұл қазақ халқын барлық өкімет орындары мен оның өкілдеріне қарсы күреске шақыратын «бүкіл қазақ халқына арналған үндеу сияқты». Ары қарай Петербург баспасөз істері комитеті газеттің осы нөміріне қатысты барлық адамдар жауапқа тартылсын деген шешім қабылдады. Мұның бәрі Міржақыптың саяси-әлеуметтік көзқарасының қалыптасуына үлкен ықпал етті. Ахаң мен Жақаң бірін-бірі іштей тез ұғысып, бір мақсаттың жолында, ұлы мақсаттың жолында ақтық демдері біткенше, жұп жазбады…

– Міржақып Ахмет ағасына еріп, Омбыдан Қарқаралыға келеді. Осында көптеген астыртын жұмыстарға қатысты ғой…

– Иә, 1905 жылы Қарқаралыға Ахаң менен біраз оқығандар бас қосып, үкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз, тілек) жіберген. Ол петициядағы аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Екінші – қазақ жеріне земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылдардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан, қазақ жұртын мүфтиге қаратуды сұраған. Ең қызығы патша осы талаптармен санасты. Жақаң 1905 ж. 17 қазанда Ресей үкіметіне қазақ халқы атынан жолданған Қарқаралы құзырхатын дайындаушылардың бірі болды. 1905-1907 жылдары Зайсан уезіндегі Бекмұхамбет қажы ашқан қазақ мектебінде сабақ берген. 1906 жылы Дулатов конституциялық демократтар партиясы делегаттары қатарында Санкт-Петербургке барады. Түрлі сипатты жиындар мен саяси күштер ұйымдастырған көше шерулеріне, ереуілдерге қатысады. Осы кезден бастап Ресей үкіметі құпия полициясының саяси сенімсіз адамдар тізіміне ілігеді. Міржақып отарлаушы орыс мемлекетінің бұл сұрқия саясатына қарсы шығып, «Жұмбақ» деген мысал жазады. Міне, бұл –Жақаңның саяси қайраткерлігінің басы ғана еді. Өзің білесің, 1909 жылы қазақ даласын дүр сілкіндірген үш кітап шықты. Оның бірі – Абайдың өлеңдер жинағы, екіншісі –Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы», Үшіншісі – «Оян, қазақ!» атты Міржақып Дулатұлының қазақ елінің манифесіне айналған публицистикалық-лирикалық жинағы. Жақаң еңсесі түсіп езіле бастаған қазақ халқының тарих сахнасына шыққан революциялық күрестер мен шайқастар дәуіріне дәлме-дәл келді. Болашаққа деген нық сеніммен жігерленген оның отты шығармашылығы – қазақ халқының бостандығы мен теңдігі еді. Ол ұйқыдағы ұлтты ояту үшін жан дауысымен, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті. «Оян, қазақ!»,– деп қалың ұйқыдағы қазақ даласын оятуға талпынды. «Оян, қазақ!» жинағы қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің манифесіндей зор роль атқарған кітап болғаны ақиқат. Оның Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі бағасы Қөшке Кемеңгерұлының пікірінде айқын да дәл берілген: «Оян, қазақ!» алғашқы шыққан Грибоедовтың «Горе от умасындай», – деді ол. «Оян, қазақты!» ел қазақтары құрандай жаттады. Міржақыптың атын алты алашқа таратқан осы «Оян, қазақ!» Ең әуелгі саяси қайраткерлігі осы. «Оян, Қазақ!» жинағы шыққан кезде Қырым, Кавказ, Түркияға дейін тарап кеткен еді. Түркияның бостандығы үшін күресіп жүрген қайраткерлердің қолдарына да түсті…

–Қызық екен. Ол қайраткерлер кім?!

– Ол Міржақып Дулатұлын ұстаз тұтқан, азаттықты аңсаған азаматтардың қатарында болған Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік еді. Ол 1917-1918 жылдары билікке келген кезде досы профессор Тайыр Шағатайға тапсырма беріп «Оян Қазақ!» кітабын түрік тіліне аударып шығарған еді. Осы кітапқа еліктеп «Оян, Түрік!» деген кітаптар да шыққан. Ал Жақаңның «Оян, қазақ!» кітабы Ататүріктің столының үстінде тұратын болған. 1994 жылы Түркияға шақырту алып, Стамбул университетінде Міржақыптан лекция оқыдым. Лекция соңында бір түрік ақсақалы келіп қолыма түрік тіліне аударылған «Оян, Қазақ!» кітабын ұстатты. Кітап 1930 жылдары Анкара қаласында шыққан екен. Соған қарап таңданып тұрған кезде әлгі ақсақал лекцияға келген қалың адамның ішіне кіріп кетіп таба алмай қалдым. Ол кітапты қойынымнан тастамай жүргем болатынмын. Осыдан 5 жыл бұрын Астанадағы С.Сейфуллин атындағы мұражай қайта-қайта сұратқан соң сонда тапсырдым.

– Жақаңдарға үлкен көмек көрсетіп, «Серке» газетінің екі нөмірін шығарған татар баспагері Әбдірашид Ибрагимов Жапонияға қашып кетеді ғой…

– Әбдірашид Ибрагимов «Серке» газетінің барлық мұрағаттарын бірге алып кетеді. Сол жердегі жапон зиялыларымен араласады. Жапондар «Серке» газетінің екі нөмірімен танысып отырып, Міржақыптың «Оян, Қазақ!» кітабы қатты әсер етеді. Міржақып бір өленінде жапон ерлігін де жырлаған. Кейбір азаматтар Міржақыпты өз іштерінен жапонның рухани ұстазы деп сайлайды. Сол кездің өзінде Жапонияда Міржақып туралы көптеген мақалалар, зерттеулер шығады. Жақаңа еліктеп «Оян, жапон!» деген кітапта шыққан еді. 1997 жылы ғалым Уямо Томохико жапон тілінде Міржақыптың саяси көзқарасынаң диссертация қорғады. Казір Уямо Томохико Жапонияның Хоккайдо Университетінің проректоры.

– Жақаң 1918 жылы қазіргі Қытайдағы қарамағындағы бұрынғы қазақ жерінің бір пұшпағы саналған Шәуешек қаласына қару-жарақ алу үшін барды ғой. Сол жерде Оспан батырды көрді ме ?!

– Ақсақалдар айтуынша көрген екен. Оспан батырдың бозбала кезі болса керек. Оспандар арнайы күтіп алған. Жақаң Оспанға бата беріп, өзінің «Оян, Қазақ!» кітабын сыйға тартқан. Оспанның өр рухына ұлттық рух қосқан да «Оян, Қазақ!» кітап болуы мүмкін.

– Міржақып бір ғасыр бұрын «Оян, Қазақ!»,– деді. Біз ояндық па?!

– Біз әлі қалғып отырмыз. Оянған жоқпыз. Неге?! Себебі, мемлекет басында отырған кейбір қазақтарымыз ана тілін әлі білмейді. Менсінбейді. Неге олар өз тілінде сөйлемейді?! Бұл – бір. Екіншіден, мемлекет мекемелерінің аты қазақша, заты орысша. Кейде өз ұлттық мүддемізді умытып басқа мемлекеттердің экономикасын, саясатын қолдап кетуге бармыз. Бұл нені көрсетеді?! Бұл патша заманынан бізге сіңген құлдықтың белгісі. Бұл әлі де кешегі өткен Абылайдың, Кенесарының, Махамбеттің, Абайдың, Міржақыптың рухы үзіліп қалғандығы. Біз әлі еңсемізді көтерген жоқпыз. Әлі де намыстана алмаймыз. Рухани құлдырау, жерге бөліну, қол сүйу… Міржақыптың «Оян, қазақ» идеясы қазақтың нағыз ұлттық идеясы. Бізге әлі мыңдаған жылдарға азық болары хақ. Біздің оянғанымыз – өз тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді нығайтып, ана тілімізді әлем тілдермен тең дәрежеге көтеріп, қазіргі алпауыт елдермен экономикамыз бен рухани әлеуетіміз бір сатыда тұруы деп ойлаймын.

– 1990 жылы өзіңіздің жанкешті ізден¬гішіңіздің арқасында қиырдағы Соловки аралындағы Карелияның Соловецк поселкісінен Міржа¬қып¬тың қабірін таптыңыз. Бірнеше зерттеу-сарап¬тама негізінде мүрдесінің дәлдігі тұжырым¬далды. Осы кезде сіздің сүйінші хабарыңызды естіген Жа¬қаңның Алматыда тұратын жалғыз тұяғы Гүлнәр апайдың көңіл күйін айтуға тіл қуаты жетпес, сірә…

– Сүйінші хабарды өзім айттым. Гүлнар апай өкіріп жылап жіберді. Апайға әкесінің бейітінен бір уыс топырақ әкеліп бердім. Иә, ол кездегі Гүлнәр апайдың көңіл күйін тілмен айтып жеткізе алмаспын…

– Міржақып Дулатұлының соңғы тұрағы, соңғы күндері мен оның мүрдесі қалай табылғандығы туралы қысқаша айтып берсеңіз?

– 1990 жылы мамыр айының аяқ кезінде академик Д.С.Лихачевтің басшылығымен Соловки музейінде 20-30-шы жылдардағы жазалауда құрбан болғандарды еске алуға арналған рәсімге қатысу үшін Совет мәдениет қорының стипендиаты, әрі Міржақыптың шығармашылығын зерттеуші ретінде қағаз алдым. Соловки форумына сонда тұтқында болғандар мен кезінде сол құрылысты көзімен көргендердің және зерттеушілердің үлкен тобы қатысты. Біз үш күнге арналған жиында Соловкидің тарихи сәулет орындарын, Секир тауы, Саватьево, Исакова елді-мекендерін аралап көрдік. Осы аралда алғашқы күннен бастап-ақ бұрынғы тұтқындардан: «Сіздер Міржақып Дұлатұлын білесіздер ме?!», – деп сұраумен болдым. Анасын жоғалтып, адасқан баладай бұрынғы тұтқындардан үздіккен үмітті сұрағым бір дүниенің пұшпағын тапты. Лагерьдің бұрынғы тұтқыны – Татарстанның халық суретшісі Бақи Орманшы нақтырақ мәлімет берді: «…Бутырь түрмесінде аулада аз ғана серуенде жүргенде Міржақып Дулатұлымен танысып қалдым. Есімде, танысу кезінде ол өзін «Мир-Якуб» деп атады. Одан кейін біздің тағдыр былай болды: мен Сорокаға (қазіргі Беломорск) тап болдым. Міржақып Соловкиден кейін Сорокадан жарты сағаттық жолдағы Сосновецте Міржақыппен бірге «Сұлтан-Галиевтің ісі» бойынша сотталған татар жазушысы Махмуд Будайли болды…» Осы сапарда менің жолым болды. Ақыры сол жерден Жақаңды танитын бұрынғы тұтқындарды таптым. Олар: Леонард Юльевич Кижло мен Иван Николаевич Русинов еді. Леонард Юльевич Соловки лагерінде Міржақыппен кездескенін, кейін орталық лагерге алып кеткенін, 1933 жылы Жақаңның Соловки монастырының бір құжырасында соңғы рет кездескенін айтып берді. Ал Иван Николаевич тұтқын болып жүріп лагерде түрлі спектакльдерде артис болыпты. Қойылымдардан кейін тұтқындар арасында болатын қызу пікірталастарда Міржақыптың ой –пікірлерінің ерекше болатынын, оның театр өнеріне деген сезімталдығының күшті екенінің ерекше таңданыспен айтып берді. 1933 жылдың күзінде шетелде жүрген қазақ елінің ардақтыларының бірі – Мұстафа Шоқай Соловкиден Міржақыпты алып кету үшін бір жайлы кемемен адам жібереді. Жақаң қанша азапта жүрсе де шет елге барудан бас тартады. 1994 жылы Қызыл Ай қоғамы арқылы барып қайтқан Міржақыптың зайыбы Ғайнижамал Дулаткеліні бұл мәліметті растайды. Жақаң лагерде жүргенде шет елге кетіп қалуға көптеген мүмкіндіктер туады. Бірақ, туған елін артқа тастап шет елде кетіп қалуға дәті жібермеген. Жақаңның осы мінезі жөнінде халық арасына әр түрлі аңыздар көп тараған. Лагер бастықтары тұтқындарды мейілінше пайдалану үшін олардың біліктілігін артыруға жағыдай жасаған. 1934 жылдың басында Міржақып Медвежья гора қаласындағы фельдшерлердің орталық курсында оқиды. 1934 жылдан бастап 1935 жылдың 5-ші қазанына дейін, яғни өмірінің соңына дейін Міржақып Сосновецте Тунгуд бөлімшесінің 5-ші орталық лазеретінде фельдшер болып жұмыс істеген. Сосновец поселкесі Карель АССР-інің Беломорск ауданында орналасқан екен. Мен Сосновецті аралап 55 жыл бұрын жерленген Міржақып Дулатұлына сұрау салдым. Қолымда Гүлнәр апайдың берген құжаты бар. Менің Сосновецке келгенім христиандардың «Қасиеті Троица» мерекесімен тұспа тұс келді. Бұл кезде олар да өлгендерін еске алатын уақыт екен ғой. Сосновец поселкесінің атқару комитетінің төрайымы Светлана Васильевна Фроловаға өзімнің келу мақсатымды баяндап, М.Дулатұлының қабірін табуға көмектесуін сұрадым. Карелия мемлекеттік мұрағатының қызметкері Кондратьевтен Ақтеңіз – Балтық лагері, Тунгуд бөлімшесінің Сосновец лазаретінде қазақ ұлтының тек қана М.Дулатұлының жұмыс істегенін айттым. Бұл дерек менің жұмысымды жеңілдетті. Поселкелік атқару комитетіне жиналған бұрынғы тұтқындардың көпшілігі М. Дулатұлының есімін білмесе де олардың бір бөлігі, тек тұтқындарға ғана емес Сосновец поселкесінің тұрғындарына да дәргерлік көмек көрсеткен қазақ фельдшерін білетін болып шықты. Светлана Васильевнагың көмегінің арқасында Міржақыпты қай жерде жерленгенін білетін адамдармен кездестім. Көп жылдар бойы Жақаңның қабірін иесіз қалдырмай шөбін отап,айналасын тазартып күтіп жүрген орыс әйелі Мәрия Иванова Соколованың ізгілігін айта кетуіміз керек. Мәрия Ивановадан мән-жайды сұрығанымда ол: «1942 жылы өте жақын адамымыз қайтыс болды. Біз оны ескі қорымғы жерледік. Сонда анам басындағы белгіге айрықша шар және жұлдыз орнатылған қабірді көрсетіп: «Бұл жерде Сосновец лазаретінде фельдшер болып істеген қазақ жерленген»,- деген еді

Жергілікті тұрғындар мен Сосновец лазареті коллективінің сұрауы бойынша лагерь басшылары оны тұтқындар мен жер аударылып келгендерге арналған жалпы орға көмбей, «ерікті» қорымға жерленгенін кейін естіп білдім. Жанына шешем жерленген. Мен қорымға келіп шешемнің қабірін ақтап, майлағанда оның да қабірін ақтап, майлап отырамын», – деді. Міне, қабірді осылай таптық…

– Лагерьде тұтқындарға арналған кітапхана болды ғой….

– Соловкидің 30 мың томға жуық кітап қоры бар бай кітапханасы болған. Кітапхана 60-қа жуық газет пен 40-қа тарта журналдарды жаздырып алып отырған. Бұрынғы тұтқын профессор Ю.И.Чирковтің айтуынша, кітапхананың қоры негізінен тұтқындардың үйлерінен алдырылған кітаптармен толықтырылған. Лагерьде монахтардың 500 жыл бойы жинаған көне славян қолжазбалары мен кітаптары сақталған монастырь кітапханасы да болған. Сонымен қатар сирек кездесетін көне түркі жазбалар да болған. Лагерь тұтқындарына Міржақыптың есімі өте жақсы таныс болса керек. Себебі, монастырдың кітап қорында Жақаңның өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалар жарияланған энциклопедиялар мен кітаптар бар. Осы жерде мынаны айта кеткен жөн. Міржақып кітапхананың екі-үш сөресін қазақ әдебиеттерімен толықтырған. Лагерде орыс тілін білмейтіндерге зорлық зомбылық қатты көрсетілген. Осыны ескерген Жақаң Соловкидің ызғарлы ұзақ түндерінде монастырдың тар құжырасында сарылып отырып, қарындаш тұқылымен 1932 жылы түркі-орыс сөздігін жазып шығады.Ол төрт дәптерден тұрған. Бұл сөздіктің құндылығы, кереметтігі соншалық ежелгі түркі ескерткіштерінің бірі – «Күлтегін» жырдағы түркі сөздері және түрік-орыс терминологиясы жинақталған. Міржақыптың бұл сөздігін түркі тектес халықтар арасындағы орны бөлек, ерекше ғылыми еңбек деп білуміз керек. Міржақыптың түркі-орыс сөздігі түркі тілдес тұтқындардың жағдайын жақсартуға үлкен септігін тигізді. Біріншіден, қазақтар, өзбектер, әзірбайжандар, татарлар, түркімендер т.б.с. түркі тектес ұлттар бір диалектіде түркі тілінде сөйлеуге мүмкіндік алса, екіншіден, түрме басшылығы тілді сылтау етіп қорлау мүмкіндігінен айырылды.

– 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі – Амангелді Имановтың өліміне Міржақып Дулатовтың қатысы бар деген сумаң сөз әлі тиылған жоқ. Осының кесірінен ақтау кезінде қиындық туғаны белгілі. Бұқаралақ ақпарат құралдарында да осы жайлы мардымды мақала да жазылмай жүр. Осыны ашып айтып берсеңіз?

– Жақаңның Амангелдіні өлтірді деген жалған сөз. Амангелдіні өлтірген басқа адам.. Бұл жабылған жала. 1916 жылы Ресей отаршылары 1 дүниежүзілік соғысқа қазақтарды тарта бастады. Қазақтар Ресейге әскер бермеу үшін көтерілістер жасады. Әр ру өз хандарын сайлады. Қыпшақтардан Амангелдінің рулас ағасы Әбдіқапарды хан қылып сайлайды. Әбдіқапар орыстарға әскер бермеді. Кейін кеңес үкіметі Амангелдіні комиссар қылып сайлайды. Міне, сол кезде бақталас салдарынан Амангелді мерт болады. Оның өлімің алаш әскерің басқарған Міржақыпқа жабады. Жақаң Амангелдіні өлтіруі мүмкін емес. Өйткені, Амангелді Жақаңның шәкірті еді. Екеуі өте жақсы қарым қатынаста болған. Бұл – бір. Екіншіден, 1915 жылы Амангелді батыр байлардың жұмсауымен барымтаға шығып жүрген кезде түрмеге түсіп қалады. Сол уақытта Міржақып байларды айыптап оны құтқарып алған («Қазақ», 1915, №137) Тағы бір дәлел бар. Амангелді жөнінде ең бірінші диссертация қорғаған Аяп Нұрқанов деген ғалым болған. Ол кісімен мен кездескен едім.

– Алаш қайраткерлерінің бәрі ақталып жатыр. Тек Міржақып ақталмады. Амангелдіні Міржақып өлтірген жоқ қой. Расыңызды айтыңызшы. Кәрі қойдың жасындай ғұмырыңыз қалды. Алладан қорықпайсыз ба? Сіз Амангелдіні зерттедіңіз ғой, – деп сұрадым. Аяп ағамыз:

– Марат, Амангелдіні Міржақып өлтірген жоқ. Оны Әбдіқапардың жігіттері өлтірді, – деген еді.

1983 жылы үйленген кезімде Амангелдінің баласы Шәріппен бір бас қосуда болған едік. Бір сәті келгенде:

– Сіздің әкеңіздің құнын кім төледі, – деп сұрадым.

– Менің әкемнің өліміне Міржақыптың қатысы жоқ. Оның құнын басқа кісілер төледі, – деді.

– Нақты кім, – дегенде. Үндемеді.

Ал, 20-ші жылдардаң бастап 30-ші жылдарға дейін НКВД тергеушілері Міржақыпқа әртүрлі айып таққанымен Амангелдіге келгенде дәлел таба алмаған. Бұл жалған айып Амангелді туралы кинофильм түсіру кезінде пайда болды. Себебі кеңес үкіметінің бас жауы роліне қызыл жазушыларының сценарийі бойынша алаштың адал ұлы Міржақып бейнесі сомдалған еді. Міржақып 58 статьямен айыпталып айдауда жүріп 1935 жылы өлді. Оның өлімін естіген торғайлық ақын Файзолла Сатыбалдыұлы өз жоқтауында:

Міржақып пен Ахмет,
Нақақтан-нақақ болды шет.
Бір уақыттар болғанда,
Ақталар орнап әділет…
Қиянат кетпес тоқтаусыз,
Әділ сөз қалмас құптаусыз,
Күндердің күні болғанда,
Міржақып кетпес жоқтаусыз…, – деген екен.

– Қазіргі уақыттағы Міржақыптың мұрасы жайында жасалып жатқан шаруаларға тоқтала кетсеңіз. Не істеліп, не істелмей жатыр?!

– Қазір Ресейден шығатын «Жизнь замечательных людей» деген кітап бар. Ол кітапқа кез келген тұлға кіре бермейді. Оған әлемдік деңгейдегі ірі қайраткерлердің істеген еңбектері туралы мәліметтер беріледі. Жақаң осыған еніп жатыр. Әлемдік деңгейде қазақ үшін кім не жасап жатыр?! Әрине, қазіргі таңда қазақ үшін өз үлесін қосып жатқандар көп. Ал, ең бірінші әлемдік деңгейде қазақ үшін кім не істеді деген заңды сұрақ туады ғой. Міне, әлем тарихында Міржақып қазақ үшін өте үлкен-үлкен еңбектер істеді. Мысалы, ең бірінші «Оян, қазақ!» деген манифесін, қазақтың тұңғыш романы – «Бақытсыз Жамалды» жазды. Қазақтың тұңғыш «Серке» газетін Санкт-Петрбург қаласында Ресей империясының астанасында шығарды. 1913 жылы қазақ, қазақ емес, «қырғыз» атанып жүргенде «Қазақ» деген атпен ұлы Аханмен тағы бір газет шығарды. 1915 жылы Ақмола жерінде «Бақытсыз Жамал» романы бойынша пъеса қойды. Алаш әскерін құрды. Алаш маршыны жазды. Бірінші Қазақ Конституциясының авторларының бірігейі. Жақаңның кереметтілігі – қазақтың тұңғыш математигі! Ең бірінші математикадан «Есеп құралы» деген 5 кітап шығарды. 1907 жылы Польша астанасы Варшавада халықаралық тіл – «Эсперанто тілі» қоғамының төрағасы да болды. 1914 жылы Мәскеу Шығыстану институты әйгілі шығыс классиктерінің шығармаларын құрастырып «Шығыс жинағы» деген кітап шығарған. Сол кітапқа қазақтан Абай мен Міржақып қана кірген. Яғни, қазақта сол кезде Абайдан кейінгі екінші әлемге танылған осы кісі еді. Міржақып – қазақтың маңдайына бақ болып біткен сөнбес жарық жұлдыздарының бірі ғой. Қазір Жақаңның шығармашылығы, саяси қайраткерлігі, тағы да басқа көптеген еңбектері туралы 10 томдық кітап дайындап жатырмын. Алла қаласа, 2-3 жылда шығарып қаламыз деп ойлаймын. «Жизнь замечательных людей» сериясына жазылған 30 б.т. кітабымыз дайын тұр. Міржақыптың музыкалық мұрасы телегей теңіз. Оның әндері, күйлері, романстары бар. Үлкен диск қып шығару жоспарда бар. Бәрі сақталған – текстері де, ноталары да.

-Әңгіменізге көп-көп рахмет. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

 

Сұбхаттасқан:

Бауыржан Қарағызұлы 2014 жыл

Алты алаш – Рухалният

 

 

 

 

Жауап жазу

Your email address will not be published.