Жексенбі, Қараша 19

Министрдің күмәнді істермен айналысқаны үлкен қателік

Жуырда Білім және ғылым министрі өткен жылы жалпы тарих пәнін ЖОО бағдарламасынан алып тастап, ел-жұрттың құлағын бір шулатып еді. Енді тіл мәселесі бойынша басы тағы дауға қалды. Ол өз бұйрығымен «Қазақстан Республикасындағы жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беру мамандықтарының классификаторы» деген құжатының жаңа нұсқасын осы жылдың 1 ақпанында қолданысқа енгізген екен. Алайда, аталған құжаттың «Бакалавриат мамандықтары» деген 7.1. бөлімінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті мамандығы жоқ болып шыққан. Оның орнына «Мұғалімдерді тілдер мен әдебиет бойынша даярлау» деген бап енген. Осыдан соң белгілі ғалым-академиктер Ә.Қайдарұлы, Ө.Айтбаев, С.Қирабаев, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев, М.Қойгелді Премьер-Министр Б.Сағынтаевқа, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықоваға, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М.Тәжинге ҚР Білім және ғылым министрінің үстінен мамандықтар тізімінен «Қазақ тілі», «Қазақ əдебиеті», «Қазақ тарихы», «Лингвистика», «Әдебиет тану», «Түркология», «Шығыстану» сияқты пəндер алынып тасталғанына қарсы ашық хат жазды. Олар Сағадиевтің бұйрығын «Ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер төндіруі ықтимал әрекет» деп бағалады.

Сонымен қатар, белгілі саясаттанушылар да министрді қолдамайтындарын білдірді.

Расул Жұмалы: «Министр емес халыққа сор болған Сағадиев кетсін. Опасыз шешімдері үшін жауапқа тартылсын!» – десе,
Айдос Сарым: «Осы бір түсініксіз, қадір-қасиетсіз министрдің қазақ атаулыға осыншама жауыққанын түсінбеймін?» деген риторикалық сұрақ қойды.
Ал «Қазақ үні» порталы «Мұндай білім министрі болса, ұлтқа жаудың керегі жоқ!» деп мәселені төтесінен қайырыпты…

Біздің ойымызша, бұл жағдай тілді тек «қатынас құралы» деп есептейтін шенеунік-министрдің тілдің өзге функцияларын ұқпағанынан туындап жатқан сыңайлы (қарапайым тілде «асфальт қазағы» дейді).

Негізі, тіл – ұлттың жаны. Ендеше, қазаққа көкпарды «ағылшынша тарту» қалайша мүмкін болмаса, қазақтың да «өз мемлекеттігін» өзге тілмен құра алмайтыны соншалықты анық. Халық ана тілінен, мәдениетінен, ділінен ешқашан өз еркімен бас тартпайды! Оның үстіне, қазіргі демографиялық ахуал мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарға жұмыс жасауда.

Қазақ тілі мен мәдениеті даму заңдылықтарына сай дами береді. Мүмкін, бүгінгі күні қазақ тілі функционалдық қызметі жағынан әлемдік талапқа сай келмей жатқан болар. Мүмкін ол қазір мемлекеттің даму қарқынына ілесе алмай келе жатқан болар. Бірақ қалай десек те, қазақ үшін қазақ тілінен өзге жол жоқ! Сондықтан білім ғылым министрлігі күш-жігерді «қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттыруға» бұрудың орнына, күмәнді істермен айналысқаны үлкен қателік.
Біз тілдік тұрғыда жаңа сапаға неғұрлым жылдам көтерілсек қана, ел тұтастығына, қоғамның шынайы бірегейленуіне қол жеткіземіз. Ол қоғамның монолиттенуіне, жұдырықтай жұмыла әрекет ету қабілетінің ашылуына әкеледі. Қазіргі министр мына әрекетімен асығыстық жасап отыр.

Әбдірашит Бәкірұлы
Алты алаш – ақпарат

Жауап жазу

Your email address will not be published.