Бейсенбі, Қыркүйек 21

Наурызда үй бағасы тағы төмендейді

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті 2017 жылғы ақпанда тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі жайлы мәлімет келтірді.
Комитеттің хабарлауынша, 2017 жылғы ақпанда өткен аймен салыстырғанда жаңа тұрғын үйлерді сату бағалары 0,4 пайызға төмендеді, ал абаттандырылған тұрғын үйлер бағасы өзгеріссіз қалды. Ал абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,4 пайызға жоғарылағаны айтылады.

Наурыз айына келер болсақ, қайталама нарықтағы баспана бағасы тағы төмендейді. Homsters.kz талдау орталығының мамандары осындай болжам жасап отыр.

Теңгенің ақпандағы нығаюы қайталама нарықта бағаның төмендеуіне әсер етті, ал жаңа үйлер нарығындағы шаршы метр құны өзгерген жоқ. Наурыз айында қайталама нарықтағы баға төмендей береді, – делінген болжамда.

Мамандардың мәліметінше, ақпан айында республикамыздың ірі қалалары мен өңірлеріндегі қайталама нарықта баға айтарлықтай төмендей бастаған. Баспананың арзандауы, әсіресе, айдың екінші жартысында ұлттық валютаның 1 АҚШ долларына 312 теңге деңгейінде нығайған кезінде байқалды.

Бағаның төмендеуі әр өңірде біркелкі болған жоқ. Мысалы, Homsters.kz сарапшыларының мәліметінше, қайталама нарықтағы баспананың бір шаршы метрінің орташа бағасы былайша төмендеді:

• Астанада – 1,1 пайыз, 333,4 мың теңгеге дейін,

• Алматыда – 2,7 пайыз, 350,3 мың теңгеге дейін,

• Шымкентте – 3,8 пайыз, 203 мың теңгеге дейін,

• Қарағандыда – 1,3 пайыз, 197,7 мың теңгеге дейін.

Мұндай динамикаға ұлттық валютаның 4 пайызға, яғни 1 АҚШ долларына 326-дан 312 теңгеге дейін нығаюы негізгі себеп болды. Бірақ қайталама нарықтағы баға теңге бағамы динамикасымен салыстырғанда баяу төмендеді.

Егер ақпан айының басында сатушылар теңгенің нығаю үрдісінің қалай болатынын күтсе, айдың ортасында үрдістің сақталғанын көріп, өз нысандарының бағасын түсіре бастады. Алайда әдеттегідей бағаны теңге бағамына қарағанда баяу төмендетті – ел бойынша орташа бағаның төмендеуі 2-2,5 пайыз болса, теңгенің нығаюы – 4,2 пайыз. Бұл жайт сатушыларға сатып алушыларды өз нысандарымен қызықтыра түсуге және сонымен бірге доллардың құлдырауынан ұтылмауға көмектесті, өйткені баспана иелерінің көбі бұрынғысынша өз нысандарының құнын белгілеуде долларға сүйенеді, – деп түсіндіреді Homsters.kz жылжымайтын мүлік сату онлайн-сервисінің басқарушы серіктесі Мария Рен.

Ақпанда жаңа баспаналар бағасы өзгерген жоқ, бұл бастапқы нарықтың шетел валютасына аса тәуелді емес екенін көрсетеді.
Үй салушылардың көбі, әсіресе, ірі компаниялар бағаны теңгемен белгілеуге әлдеқашан көшті. Долларға байланған бағаны зәулім үйлер салуға маманданған және құрылыс пен әрлеуге қажетті материалдарды шетелден таситын санаулы кәсіпорын ғана сақтап отыр, – дейді Мария Рен.

Наурыз айында сарапшылар жаңа баспаналар нарығында тұрақтылық сақталып, қайталама нарықта баға одан әрі төмендейді деп болжайды, бірақ оның қарқыны валюта нарығындағы ахуалға байланысты болмақ. Егер теңге одан әрі нығая берсе, біз бағаның бір айда 1-2 пайызға төмендейтінін байқаймыз, ал валюта нарығындағы ахуал тұрақты болса, бағаның 0,5-0,7 пайыздан артыққа төмендеуі екіталай.

Алты алаш – ақпарат

Жауап жазу

Your email address will not be published.