Бейсенбі, Маусым 22

Тұрсын Жұртбай Ахмет Байтұрсынұлы және біртұтас алаш идеясы

1905 жылдан бастап аса ықтияттылықпен саяси күрес нәтижесінде жасалған, 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылу арқылы нақты мемлекеттік идеяның негізін қалаған Біртұтас алаш идеясында әрбір алаш қайраткерлерінің демі мен аңсары бар. Ал ол идеяның ұйытқысы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев дәл тауып айтқанындай, қазақ қоғамының Сун Ят Сені мен Махатма Гандиі – Әлихан Бөкейханов болатын [1]. Әлекеңнің – Әлихан Бөкейхановтың тергеушіге берген жауабындағы: «Мен сырымды екі-ақ адаммен бөлісе аламын. Олар – Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов» – деп айтқанына жүгінсек, онда Біртұтас алаш идеясының ілхамында Ахаңның да – Ахмет Байтұрсыновтың да рух шапағаты бар. Мен бұл арада 1905 жылғы Сәлімгерей Жантөриннің «Автономия» атты еңбегінен және Мұхамеджан Тынышбаевтің 1905 жылғы 19 қарашада автономияшылдардың І сьезінде жасаған «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндамасынан басталатын, Әлихан Бөкейханов жинақтаған ұлттық тәуелсіз сана туралы тарихи тәпсірлерді қазбалап жатпаймын.Бұл идеяның тұғырын Әлихан Бөкейханов саяси тұрғыдан қалыптастырса, Ахмет Байтұрсынов соның идеялық негізін тікелей орнықтырды деп есептеймін. Тақырып тәмсілінің тәспіріне орай, ұлттық идея – Алаш идеясы және Ахмет Байтұрсынов деген мәселеге, соның ішінде Ахаңның тікелей алғауы мен талғауы арқылы байыпталған, былтыр мен биылғы жылдың басты тақырыптары болып отырған бір-екі шағымды мәселеге қысқаша ғана тоқталып өтемін. Сонымен, сіздерге жақсы таныс, 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпықазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделді. Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Яғни, бұл ұстаным: Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген – деген тұжырымға саяды. Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын. Яғни, бұл – өз жерінің игілігін – әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат – деген емеуірінді танытады. Жердің астына, үстіне, аспанына иелік ете алмасаң – ырықтың кеткені сол емес пе?!. Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді. Абайдың: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек», – дегендегі бірлік – осы экономикалық бірлік. Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын. Бұл – А.Байтұрсыновты «ұлт ұстазы» атандырған ұлы ұстанымның қорытынды тұжырымы. Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру. Яғни, тағы да сол Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек: Бұл дегеніңіз – «тәуелсіз сот құрылымы, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар (заң)» [2]. Бұл айтылған ұстанымдарды таратып жатпайын. Ол ұзақ әңгіме. Саясат, жер саясаты, экономика, заң, қоғамдық даму дегенді былай қоя тұрып, «Қазақ» газеті арқылы Ахмет Байтұрсынов тиянақтап тұжырымдап кеткен өзіміздің тәуелсіз рухани тәрбиемізге тоқталамын. «Қазақ» газеті – ұлт ұйытқысы болды. «Қазақ» газеті, жоғарыдағы төртінші бапта топтастырылған қазақтың ұлттық рухани идеясының мәйегін ұйытты: бірінші және ең бастысы – қазақтың саяси көзқарасын оятып, Біртұтас алаш идеясын қалыптастырды. екінші, қазақ тілінің жазылуы мен емлеcін тұрақтандырды; үшінші, қазақ әдеби тілінің негізін қалыптастырды; төртінші, қазақ кәсіби журналистикасының негізін орнықтырды. Міне, мұның барлығы тура сол тұстағы қазақтың талмалы тұсы болатын. Соның ішіндегі ең бейбіт мәселенің бірі, дәл бүгінгі күндегі сияқты әліпби мәселесі еді. Өйткені, дәл қазір ықпалы залалсыз көрінгенімен де, сол бір жол айырығы тұсында ерекше мәнді а) жер мәселесі мен ә) әліпби б) грамматика г) термин туралы пікірталасында: қазақтарды татарлардың көзқарасын ұстануға қарай қақпайлаған, татар тілі – исі түрік жұртына ортақ тіл болу керектігі жөнінде тікелей талап қойған татар көпестерінің демеуімен шығып тұрған, «Айқап» журналының ұстанымына қарсы тұру арқылы «Қазақ» газеті – қазақ идеясының өміршең екендігін дәлелдеді. Өздерінің түпкі мақсатына жете алмайтынын, «Қазақ» газетінің ерекше бедел алып, енді мойынсындырмайтынын білген «Айқаптың» «иплаштары» біртіндеп демеушіліктен бас тартты. «Айқапты» көтермелейтін қазақ көпесі әлі қалыптаспаған еді. Сондықтан да ол журанал жабылып тынды. Осындай нәзік мәселенің өзінен жол таба білген және бүгінгі қазақ әліпбиінің толысқан нұсқасын өмірге әкелгені үшін де біз «Қазақ» газетінің және оны шығарушылар Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, демеушісі Оразай Ахмедтің алдында тағзым етеміз. 1990 жылғы «Қазақстанның суверенитеті» туралы мәлімдемеде қамтылған жоғарыдағы бес түрлі ұлттық ұстаным бұтақтала келіп, 2002 жылғы жерді сату туралы заң жобасынан кейін қазақ мемлекеті ұлттық идеядан толық арылып, беймарал мемлекеттің құрылымына көшті. Ал «Жапония сияқты ғылымға сүйенген ұлттық-демократиялық мемлекет құру керек» – деген ұстаным үшін анық емес деректерге сүйенсек, кезінде 60 мыңдай адам «жапон шпионы» ретінде ату жазасына кесіліпті. Қазір дәстүрсіз ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл – үлкен рухани апат. Тәуелсіз экономика мен тәуелсіз ғылым жоқ. Ал тәуелсіз ғылымсыз – тәуелсіздік те, зиялы да, болашақ та жоқ. Тағы да сол «сорлы» Абай: «… малды сарып қылып ғылым табу керек. Ғылымсыз – ахирет те жоқ, дүние де – жоқ. Ғылымсыз – оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық, ешбір ғибадат орнына келмейді», – дейді. Біз сол ғылымды «малдың», яғни, бизнестің құрбандығына шалып отырмыз. Ұлттық ұйытқының, мектептің, соның ішінде бастауыш мектептің ұлттық мәйегі ұйымаған. Ботаника пәнінен – Қазақстанның шөптерінің түрі мен атауларын, зоологиядан – Қазақстанның жан-жануар мен хайуанаттар дүниесін, жағырапиядан – жер мен су атауларын, жер қыртысының аттарын, астрономиядан – «он сегіз мың ғаламның» қазақша атауларын, тарихтан, өзгені былай қойғанда, қазақ хандығының құрылған жылы туралы нақты мәліметті таба алмайсыз (Бұл ретте тарихшылар әлі бір тоқтамға келген жоқ). «Саудасы – ар мен иманы» – деп Абай айтқандай, дін – саясат пен бизнестің құралына айналды. Ұлттың өз дінін өзіне жиіркенішті көрсету ұстанымы жүргізіліп отыр (Дін туралы қабылданбай қалған ескі заң жобасы мен қолға алынып жатқан жаңа заңның сұлбасы солай деуге негіз қалайды). Мемлекеттік Тіл – мемлекеттік қолданымнан шеттетіліп отыр. Мысал керек пе? «Кітап шығарудың қажеті қанша. Оны кім оқиды. Электрондық нұсқа бар» – дейтін министрлер мен ректорлар пайда болды. Мемлекет – өз ұлтынан ажырай бастады. Екеуінің ойы екі басқа. Енді олардың басы қайта біріге ме, жоқ па? Әй, қайдам. Бұның барлығы нені танытады? Жоғарыда атап өткенімдей, біздің тәуелсіз мемлекетімізде қарама-қарсы бағыттағы екі ұлттық ағымның қалыптасқандығын анық аңғартады. Ашығын айтайын, мемлекет халықтан ажырап қалды. Қазір мемлекет пен халық басқа: «Мемлекет тек реттеп отыруы керек. Қалғанын базардың өзі реттейді», – деп өзеурегендер, енді бірер жылдан соң халықтан мүлдем қол үзіп, тағы да сол Ленин айтқандай, «халық бұрынғысынша өмір сүргісі келмейтін, ал биліктегілер бұрынғысынша басқара алмайтын жағдайға» душар болары анық. Былтыр ғана болуы мүмкін болжам, биыл, шындыққа қарай бетін бұрып отыр. Міне, Әлихан Бөкейханов ұйытқан, Ахмет Байтұрсынов идеялық тұрғыдан байыптаған Алаш идеясының негізгі мәйектері осындай. Қазір ерінбеген – алашшыл болып алды. Мәселе ұранда емес, соны ұлттың діліне сіңіруде. Кейде, маған кеңес тұсындағы Балтық жағалауы, Өзбекстан, қазіргі Бельгия сияқты Үнсіз Азаматтық Мойынсынбау қозғалысын үнемі санада ұстаған дұрыс сияқты да көрініп кетеді. Кеңес тұсында да, кейінгі кезде де, қазір де «Қазақ» газетінің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске көзқарасы үнемі екіұшты түсіндіріліп келеді. Сондай әрекенің кесірінен Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдық (!) мерейі өткен жылы аталмай қалды. Осы уақытқа дейін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiнің қарсаңында, көтеріліс тұсында, ақпан және қазан төңкерісінен кейінгі азаматтық соғыс жылдарындағы алаш қайраткерлерінің ұстанған бағыты мен саясатын екіұдай түсініп, екіұшты бағалап, бұрынғы кеңестік кезеңде қалыптасқан ығыр пікырдің ыңыршағын шығара қайталау орын алып келеді. Бұл тек алаш идеясы мен алаш қайраткерлеріне және олардың көзқарасына ғана жасалған қиянат емес, қазақ тарихына жасалған әділетсіз қиянат. Мұндай тоғышарлық пен томырықтыққа негізделген пікірсымақтарға тарихи және мұрағаттық құжаттарды дәлелге келтіре отырып, батыл тойтарыс беретін кез жетті. Ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған ұлт – заманауи қару-жарақтың тілін білуі тиіс. Өзінің жігіттік намысын қорғауы үшін «орыс, ноғай, қалмақ, бурят» ұлттарымен қатар әскери ілімді үйренуі керек. Ал майданға барудан бас тартқан жағдайда, ол ұлттың жері «мәңгілік қазына есебіне өтпек», «өздері жалдамалы мұжықтың қатарына жатқызылмақ». Міне, осындай қияметті таңдаудың алдында тұрғанда, басқа халықпен тең дәрежеде саяси талап қоюға мүмкіндік беретін таңдау – «қара жұмысқа баруға көну». Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов өзінің «Алаш азаматтарына!» жолдаған құлағдарында:«Көнбегенде көретін ауырлық: бағынып тұрған үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп, мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законге сүйеніп істер… Мысалы, Қазақ шын қарсылық қылатын болса, ел-елге отряд шығады. Отряд шықса, елдің берекесі кетеді, бас пен малға әлегі бірдей тиеді, елдің іргесі бұзылады. Айтқанға көне қоймадың, қарсылық қылдың деп Түркістан уәлаятына военное положениені жұртқа келге бір опат деп білу керек. Военное положение иғлан етілген жерже түймедей жазыққа – түйедей жаза болады. Қарсылық көрсетсек, Түркістанға болған военное положение өзге де елге болмай қалмайды…Аз қазаға, аз бейнетке» [3] төзуі керектігін түсіндірді. «Жұрттқа келуге тиісті ол опат» қандай опат еді. «Көпті қазаға ұшырататын, көпті азапқа қалдыратын азап» қандай азап еді. Көтеріле ұалған жағдайда патша ағзамның бұратана халыққа дайындап қойған қандай «сыйы» бар еді? Міне, Ә.Бөкейхановтыі осы бір ғана уәжін дәлелдейтін дәйектерді көп назарына ұсынумен ғана өз пікірімізді дәйектейміз. Иә, алаш қайраткерлері «Қазақ» газеті арқылы: пулеметпен, зеңбірекпен қаруланған патшаның жазалау әскеріне қарсы шоқпармен, сойылмен, шиті мылтықпен қарсы шабатын «барымта соғысының дәуірі» өткенін, босқа қасапқа түсетінін, сондықтан да әуелі қарудың тілін меңгеру қажеттігін ашық жазды. Арандап босқа қырылып қалмау үшін және қазақ халқын қалайда заманның қару-жарағының тілін білуі үшін 1916 жылы ақпан айында Ә.Бөкейханов (бір Дума мүшесі екеуі, депутаттың атын ұмыттым) Ресейдің қорғаныс министріне арнайы жолығып, мынадай талаптар қойды: а) Қазақтан әскер алынсын. Оны қазақ елі қостайды. Бірақ қара жұмысқа, окоп қазуға ғана алынып, зеңбіректің оғына қасап болуға қарсы. Сондықтан да қазақтардың өз еркімен әскерг баруы үшін: ә) Қазақтарды әскери іске баулитын арнайы қысқа мерзімдік әскери курс ашылсын; б) Жеке қазақ атты әскер батальеоны мен дербес полк құрылсын; в) Әскер құрамына қазақ өкілі әскери комиссар міндетін атқарсын; г) Жасақтарды ауылды жерде өзіміз жасақтап, ат пен және қаражымен қамтамасыз етеміз. д) Дін өкілі ішінде болсын. ж) Бақауыл да (артқы қосын – шаруашылық бөлімі, ас дайындайтын, кір жуатын т.б. қызметтер) – қазақтардың өзінен жасақталсын. Сонда қазақтардың башқұрттар мен қалмақтардан, Кавказ халықтарынан бір де кем түспейтініне көзіңіз жетеді әрі оған ант береміз – деп [4-5, 7] жазды. Өкінішке орай олардың бұл пікірін Патша үкіметі мүлдем теріс қабылдады, қазақтар да байыбына бармады. Патшалық кеңес пен Әскери министрлік: Түркиямен соғыс жүріп жатқанда түрік тектес халықтардан әскер қатарына адам алуға болмайды. Олар қаруланған соң самодержавиенің өзіне қарсы көтеріліске шығады» – деген арнайы ұйғарым шығарды. Мұның екінші бір астары және бар. Оның мәнісі былай: бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ресей жеңілістен кейін жеңіліс тауып жатқан. Ұзаққа созылған соғыстан титықтаған патша үкіметі одан құтылып шығудың амалын қарастырады. Ол амал табылады. Сөйтсек, ғалым Қайрат Сақтың айтуынша: соғысқа қатысушы «Антанта» мемлекеттерінің шарты бойынша: соғысқа қатысушы бір елдің ішінен бүлік шықса – ол ел соғыстан шығады екен. Қазақ пен Орта Азия халықтарынан тыл жұмысына адам алынса, олардың сөзсіз көтеріліске шығатынын алдын ала білген. Осыған орай, өздерінің майданда ойсырай жеңіліп жатқанына қарамастан тек қана Жетісу өңірінде жазалау жорығын жүргізу үшін жергілікті жандармереяның әскерінен тыс 35 рота, 3900 қылышты 24 казак жүздігі, 16 зеңбірек, 47 пулемет ұстаған[6] Батыс Сібір мен Орынбордан шығуға тиісті жазалау әскерінің саны мұнан да көп әрі соғыс тәжірибесі бар жинақы жасақ. 1916 жылы құпия жасақталып, тылдағы дайын тұрған жазалау отрядтарын алаш ардагерлері біліп, барынша ашық мәтінмен «Қазақ» газеті арқылы ескерткен. Көтерілістің қанды балағы сіздерге белгілі. Міне, осы тылдағы жұмысқа алынғандар ел көріп, саясатпен танысып, қарудың тілін біліп, заманның аңысын түсініп, елге қайтқан соң ел ісіне араласты. «Алашорда» үкіметі кезінде Троицкіде, Семейде арнайы қысқаша әскери курс ашылды. Онда: Капитан Тоқтамышев және ақ гвардияның офицерлері сабақ берді. Соның ішінде: Т.Құнанбаев, Ж.Аймауытов, Саниязбек Медеуов, Жетісуда – С. Аманжолов, Ж. Күдерин т.б. болды. Ж. Аймауытов пен Абдолла Байтасовтың Орынбордағы қызыл әскерлер курсына дәріс беруі де соның ықпалы. Осы курстар арқылы әскери тәжірибеден өткен, майдан көрген алаш әскерлері 1920 жылы Мұхамеджан Тынышбаев пен Ораз Жандосовтың ықпалымен, Сарқандағы алаш жасағы таратылып, шұғыл түрде Әулие-Ата қаласына астыртын жөнелтіліп, онда тұңғыш қазақ атты полкін құрды. Қазақ ұлтының ұлттық идеясын ұйытқан «Қазақ» газетінің көтерген мәселелері әлі де толық зерттеп, астарын ашуды қажет етеді. Оны тереңдеп зерттеген сайын ұлттық құндылықтарымыздың мағынасы ашыла түстіні анық. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың тәлімі сонда ғана тиянағын табады. Әдебиеттер: 1.Әлихан Бөкейханов және біртұтас Алаш идеясы: Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы // Түркістан. – 2011. – 15 қыркүйек (№37). – 9 б.; Еуразия университеті газеті. – 2011. – қазан (№105). – Б.9, қараша (№106). – Б.9; Ұлт тұтастығының ұйытқылары немесе Әлихан Бөкейханов және біртұтас Алаш идеясы // Ақиқат. – 2012. – №6. – 53-57 б. 2. Жұртбай Т. «Ұраным – Алаш!..», Түрме әфсанасы, Жегі, 1 том., А. Ел-шежіре. 2007, 464 б. 3.Бөкейханов Ә. Шығармаларының толық жинағы. 1-13 том. Астана. Сарыарқа. 2009-2013. 4.Жұртбай Т. Бейуақ. А.Қазақстан. 1990.304 б. 5.Сапаргалиев Г. Карательная политика царизма в Казахстане. А, Ғылым. 1966. 6.Елеуов Т. Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi, А. Қазақ ССР ҒА баспасы, 1955. 7.ҚР Орталық Мемлекеттік архиі, 44, 76, 109 қорлар. «Қамшы» сілтейді

“Қамшы сілтейді”

Алты Алаш – Руханият

Жауап жазу

Your email address will not be published.