Жексенбі, Қараша 19

Наурыз күні болғанда: Құл құтылар құрықтан, Күң құтылар сырықтан

Қытайдың Баркөл аймағында тұратын ақын, аудармашы, қазақ қолөнерін зерттеуші, этнграф-ғалым Шәкен Бөкетайұлымен халқымыздың ұлық мерекесі «Әз Наурыз» туралы өткізген сұхбатымызды жариялап отырмыз. Ұлттық салт-дәстүріміз бен ұлық мерекеміз жайлы тереңнен толғаған ізденіске толы өрісті ойлары оқырман жүрегіне жол табары шүбасыз деген сенімдеміз.

Сұрақ: Шәкен Бөкетайұлы мырза, сіз қазақ халқының көнеден сақталып келе жатқан дәстүрлі киім-кешек, киіз үй жасау және басқа да тұрмыста кеңінен қолданылатын ою-өрнек саласын зерттегелі көп жылдар болды. Бұл жайында ойларыңызды тарқата отырсаңыз.

Жауап: Қазақ ұлты түркі халықтарының ішінде ежелгі ру-ұлыстардың дәстүр-салтын, тілдік қорын, дүниеге көзқарасын, ежелгі наным-сенімін ең жақсы сақтап қалған халық. Көкт түріктер заманынан бері бүгінгі моңғұл үстірті, алтай-Саян таулары, Қазақстан мен Орта азияның ұлан байтақ далаларында өмір сүріп, ежелгі түркі мәдениеті негізіндегі өзіне хас мәдениетін, дәстүр-салтын қалыптастырып, ешкімге ұқсамайтын, айрықша стильде дамытып, бүгінгі күнге жеткізді. Аздек шағынан-ақ дархан табиғатпен тамырласып, ұлы жаратылыс кіндігіне түбегейлі байланған ұстанымдар мен салт-дәстүрлер, өмір сүру формалары, өндіріс пен тұрмыста қолданылатын құрал-саймандары, тұрар жай баспанасы, ас-тағамы, ою-өрнегі, музыка аспаптары… бәрі-бәрі ұлттың ұстынын, пәлсапасын, наным-сенімін айғақтайтын ұлттық брент, халықтық құндылықтар болып табылады.

Бір ғана қазақ киіз үйінің өзі ұлтық рәміздің жарқын үлгісі есептеледі. Ондағы архитектуралық шешім, астрономиялық кеңістік, пәлсапалық ұғым, отбасылық тәрбие, төрт маусымдағы ауа құбылысына сәйкесім, ырым-тыйымдар бүгінгі оқырмандар мен зерттермендерге құпиясын әлі толық аша қойған жоқ. Алтай, Тиянь-шан, Памиыр тауларындағы жартас беттеріне бәдізделген киіз үй суреттеріне қарап,пайда болу уақытын заманымыздан бұрынғы 2-3 мыңжылдықтардың тұсына апарып жүрген зерттеушілер, киіз үйдің бастабында Қазақстан мен Моңғұл үстірті, Шүлен-Алтай таулары аумағында пайда болып, кейіннен көршілес аймақтар мен басқа ру-ұлыстарға таралғанын тілге тиек етеді.

Ал жылқының қолға үйретілуі, қымыз ашыту, ат абзелдерін жасау, үзеңгінің тапқырлануы, шалбар мен өкшелі етік сияқтылардың барлығы түркі жұртының тарихымен әсіресе Алашжұртының әлемдік өркениетке қосқан төңкеріс сипатындық үлесі деп қаралуда.

Бұлардан сырт, теріден, сүйектен, металдан, ағаштан,  киізден жасалатын әр түрлі сәндік жәнетұрмыстық бұйымдардың барлығы тереңдеп зерттеуді, дамытып жалпыластыруды, фолклорлық, практикалық құнын арттыруды керек ететін айрықша өнер туындылары есептеледі. Біздің осы дәстүрлі өнер туындыларын зерттеуіміз бен мұрагерлік етуіміз әлі де көңіл тоғайтпайды. Бір бөлімі дәстүрлік, этнографиялық құнынан алшақтап кетсе, бір бөлімі базардың нарқына бейімделіп барынша азынды көруде. Ендігі жерде бұл ұлттық құндылықтарымызға  ғылыми тұрғыдан баға беріп, тәугі технологиясын сақтай отырып жетілдіріп, ешкімге ұқсамайтын ершімін, фолклорлық, эстетикалық құнын бұзбай мұрагерлік етуіміз керек.

Сұрақ: Әңгімемізді екінші арнаға, наурыз тақырыбына бұра отырсақ. Ұлыстың ұлы күні деп аталған наурыз мерекесі қазақ халқының ертеден келе жатқан жаңа жылын тойлау мейрәмы есептеледі. Сіздің ойыңызша көшпенділер арасында қай дәуірден бері тойлана бастаған?

Жауап: Наурыз мерекесі дәл қай кезден пайда болып, қай кезден бастап тойланды? Бұны дәп басып айту қиын. Оның қалай да исламияттан бұрын бар мекреке екені белгілі. Оның елі ішнде күні бүгінге дейін сақталып қалған айқын бір дәлелі – «көп көже» аталған наурыз асын пісірген қазанның төрт құлағына май салу, немесе «Көкқұтан деп аталатын жыл құсы бар, сол келіп жейді» деп туралған ет қою ырымы. Мереке күннің таңында жаңа көтеріліп келе жатқан күнге сәлем ету, күн мен түннің теңелгендігін бейнелейтін наурыз өрнегі сияқтылар. Бұл оның Түркі жұртының күнге табынатын ежелгі шамандық, тәңірлік замандарының сарқыты екенін әйгілейді.

Содан барып бұл мерекені зерттеушілер зорастр діні Орта Азияға тарағаннан кейін, шығыс иран-тәжік тілі бойынша «наурыз мерекесі» болып аталған болуы мүмкін деп қарайды. Осындай ерекшеліктері мен шығыс халықтарына лортақ болған сипатына қарай отырып, заманымыздан бұрынғы сақтардың, ғұндардың дәуіріне дейін апарады. Ұлы абай да: «Ол күнде «Наурыз» деген жазғытұрым бір мейрам болып, наурызнама қыламыз деп той тамаша қылады екен», – дейді. Соған қарағанда бұл мерекенің жасы кемінде бірер мың жылға баратын болу керек.

Сұрақ: Бұл ұлы мерекенің нақты тойлану дәстүрі қалай болған?

Жауап: Наурыз – жыл басы, яғни жаңа жыл. Бұл мерекені көкек айының 21-22 күндері, көктемгі күн мен түн теңелген мезгілде шығыс халықтарының бір талайы салтанат қылып, ерекше күн есебінде атап, жыл басы мерекесі етіп, жыл сайын тойлап келген. Шығыстық дәнішпандар Махмұд Қашқари, әбу Райхан Брунни, Ә. Фердауси, Ә. Қауайдан бастап, қазақтың Абай, Шәкәрім, әлихан, Ахмет, Міржақып, Мәшһұр Жүсіп, Сәкен сияқты ғұламалары наурыз туралы еңбектер, жақсы сөздер жазып қалдырған.

Материалдарға негізделгенде ертедегі иран тілдес халықтар наурызды бірнеше күн тойлайтын болған. Олар бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды екен. Жаңа өнген жеті дәнге қарап,келешек егін жайын болжайтын болған. «Сумалак» деген көже жасайтын болған. Ағаш соқамен бір бораздадан жыртқан, ат байгесін салып, жамбы атқан. Көне киімдерін тастап, ескі ыдыс-аяқты сындырған. Бір-біріне гүл ұсынып, үйдің қабырғасына дөңгелек ою – күн символын салған. Үйдің тіреу ағашына гүл ілген.

Ал қазақта бұл мереке өзіндік бояу-нақышымен, ырым-салтымен өтіп келген. Жыл көретін түнді «Қыдыр түні» деп атап, сол түні даланы Қыдыр аралайды, оның назары кімге түссе, соның тілегі орындалады деп сенген. Ақ мол, дән көп болсын деп ырымдап, үйдегі ыдыстарды құр қймай, сүт, су, арпа, бидай сияқты дән-дәмдермен толтырып қоятын болған. Сол түні ауыл жастары асау тайға ыңыршақ ерттеп, үстіне қуыршақ мінгізіп, мойынына қоңырау байлап, төбесіне құстың қауырсынын қадап, түн ортасында қорадағы малды үркітіп, иттерді шулатып, елді ұйқыдан оятып, тайыншаны тулатып бос жібереді екен.

Күн мен түннің теңелер тұсында, яғни 22-ші көкек күні жер-көкті жарып, ерекше бір гуіл (дыбыс) өтетін көрінеді, оны жан-жануарлар ішінде Меккеден шыққан қой ғана сезеді екен дейді халық. Сол күні барлық жаратылыс, оның ішінде адам бойында да ерекше сезім, өзгеше түйсік болады деп білген халқымыз бұл күні тырнақ, шаш алмайды екен. Сосын қыз-жігіттер жиналып, ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан «ұйқы ашар» жасайды. Жігіттер қыз-келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді, оны «селт еткізер» дейді. Жылы-жұмсақтан қарттарға арнап «белкөтерер» деп аталатын дәм жасалып тартылады. Бұлардың соңы келер күні «наурызнамаға» жалғасады.

Ұлыстың ұлы күнінде,
Бай шығады балбырып,
Қасында жас жеткіншек,
Тұлымшағы салбырап.
Бәйбішесі балпиып,
Күндіктері шаңқиып.

Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылмиып,
Екі көзі жаудырап,
Ақ бөкендей сырқырап.

Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан.
Кетік ыдыс, шөміштің,
Түтіні кетер бұрқырап,

– деп Шәкәрім қажы жырлағандай таң атысымен адамдар орнынан тұрып, таза киімдерін киіп, далаға шығып бір-бірімен құшақтасып көрісіп: «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын, ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын, ұлыс береке берсін, пәле-қала жерге енсін!», – деп тілек тілеп, жаңа көтерілген күнге тәу етеді. Ескі киімдердің түймелерін үзіп шоға қадап, жарылға, кетілген ыдыс-аяқтарды сындырады. Содан әрі қарай бір жерге жиылысып, бұлақ көздерін ашып, тал егетін болған. Бұрын бұл мереке 3-9 күнге жалғасқан. «Қорқыт ата кітабындағы» Дірсеханның жыл сайывн өткізетін тойы дәл осы наурызнама болса керек. Содан әрі қарай балуан күресі, көкпар, ат жарысы, теңге ілу сияқты ұлттық ойындарға ұласады да, үй бас сайын «көп көже» істеп, топтасып наурызшылайды. «Ұлыс мұратты болсын, көктем шуақты болсын, өзен суатты болсын, өріс құрақты болсын, алқап малға, ел іші берекеге толсын!», – деп бата беріседі. Кеште хал-қадарларынша бір жерге жиналып, «наурыз жыры», «наурыз тілек», «наурыз жұмбақ», «наурыз бата» айтылып, соңы ән-күйге ұласатын болған.

Наурызда әрқандай адам бір-біріне болған ескі өкпе-араздықтарын міндетті түрде кешірісіп, төс соғыстырып көрісіп, қайта татуласатын болған. Сондықтан бұл мереке ынтымақ-бірліктің де мерекесі есептеліп қастерленеді. Бір-бірін кешіріспегендерді көрсе: «Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібіді, сен тастан қаттысың ба?», – деп татуластырады екен. Олай дейтіні атақты астроном Ұлықбектің обсервоториясына дәл 22-ші көкек күні күн сәулесі түсетін көрінеді.

Ал, «Наурыз көжеге» келсек, бұны ел ішінде «көп көже», «тілеу көже» деп атайды.бұл туралы да ел ішінде көптеген аңыз-әңгімелер бар. «Наурыз деген Алаштың ағасы екен,  өмірден ұрпақсыз өткені үшін інісі алашқа өзін жылына бір рет еске алып отыруды тапсырған, содан бастап Наурызды тойлау қалыптасқан екен»  десе, енді бір аңызда: «Бұрын қазақтар өзге көшпелі тайпалар мен өріске таласып, үнемі соғысып тұрады екен. Бір жолы олар қарсыластарын жеңіп, жерді тартып алыпты. Жеңісті тойлау үшін тілеу жасауға кірісіпті. Ет азайған, сарыөзек шақ болғандықтан («көкек айы көк ішек» деген мәтелді еске алыңыз) әр кім қолында барын ортаға салып, тай қазанда қайнатып, жұрт болып ішіпті. Содан жыл сайын осы жеңістің құрметіне «көп көже» жасап, тілеу тілейді екен», – делінеді.

Жамалқан Қарабатырқызы деген ақын апамыз: «Жазғытұрым бір бай көшіп, күн бұзылып, Отамалы деген қойшы үсіп өліпті. Сосын бір дәнішпан адам жылда жазға салым келетін осындай кездойсоқ апаттан құтылудың жолын іздеп, аспан шырақтарын бақылап, ат байлайтын мама ағаштың жыл бойғы көлеңкесіне зер салады екен. Көлеңкенің әр маусымда келген орнына қазық қағып, белгі салып отырып, көктемгі күн мен түннің жылда бір уақытта теңелетінін есептеп шығыпты. Сол күнді жыл басы деп белгілеп, Отамалы өлген жұттың осыған ілесе келетінін осыдан біліпті. Содан сол амал өткеннен кейін қоздауға көшіп, мал-жандары аман қалыпты. Сосын жұрт жиылып, Наурыз деген кемпірдің қазанына біреу етін, біреу бидәйін, біреу қатығын салып қайнатып, тілеу көже қылып ішіпті. Содан бастап бұл дәстүр жыл сайын қайталанып, наурыз мейрамына айналыпты», – деп өлең етеді.

Аңыз қалай айтса да, осы күні қазақтың әр үйінде қазан асылып, оған қыстан әдейі сақталған сүрі салынып (соғымның шекесі, кәріжілік, қазы, шұжық), бидай көже істеледі. Оған кемінде жеті түрлі дәм салынады. Олар негізінен: бидәй, қатық (ол болмағанда сүзбе, құрт) тары, күріш, ет, тұз, су қатарлылар. Бұл жетуі шартты ұғымдар, қолында барлар одан да көбейтіп, тақ сан негізінде қоса береді. Қыстай келе алмаған қарттарға, сапарға, алысқа кеткен жолаушыға арнап сыбаға сақталады. Топталып та, жекелеп те қыдырып келіп ішеді. Кейде жігіттер өзәра бәстесіп те ішеді. Барған үйінен ыдысқа құйып ала кетуіне де болады. Сондықтан бұны да беркенің, көптің асы деуге болады. Мәшһұр Жүсіп бұл мереке туралы. «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын ол кітаптың атын «Салдама» дейтін», – дейді. Мұны ары қарай зерттеу керек.

Сұрақ: Наурыз атауы көбінесе парсы тіліндегі – Норуз сөзінен, яғни «жаңа күн» мағынасынан  шыққан деп айтылады. Наурыз атауы бұрынғы тарихи мәдениеті ортақ болған халықтарда бүгінге дейін ұқсас аталып келеді. Қазақтар бұл мейрамды «Әз-Наурыз» дейді. Сіздің бұл жайындағы ойыңыз қалай?

Жауап: Бұл мерекені ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар  «су мейрамы», тәжіктер «гүл гардон»,  «бәйшешек»,  «наурыз», курдтер «неуроз», өзбектер «навруз», түрікмендер мен әзербайжандар «новруз», қырым татарлары «наврез», хорезмдіктер «наусаржы», татарлар «нардуган», бурияттар «сагансара», соғдылар «наусарыз», армияндар «набасари», чубаштар «»норис ояхе» деп атап, өз дәстүр-салты, өндірістік амалияты негізінде тойлайды. Қазақтардың наурызды қалай тойлайтынын шолу негізінде айтқандай болдық.

Енді қазіргі зиялы қауым мен баспасөзде жүрген біраз ауыс-күйіс туралы тоқталайық. Кейде бұл мерекені бертінде ғана тойлай бастған, қалыптасқан салт –дәстүрі де жоқ кейбір ағайындар өздеріне тәуелдегісі келеді. Біз де жаңағы ел ауызында жүрген аңыздарды дәлелге тартып, тек бізге тән төл мереке деп жанықпай-ақ қояйық. «Наурыз» сөзі кімдікі, қашан шықты, кімнен кімге барды? Бұл да әзірге басы ашылмаған түйіннің бірі. Бір білетініміз шығыс халықтары мен түркі жұрты арасында ұқсас атпен аталып, көктемгі күн мен түннің теңелген кезінде өтетіндігі.

Сұрақ: «Наурыз» ұғымымен қоса қазақтың көнеше ай қайыру есебі жайлы білетініңіз де өте көп сияқты. Сол жайлы бірер сөз айта отырсаңыз.

Жауап: Қазақтың халықтық күнтізбесі ай есебін негіз етеді. Ал ай есебін тоғыспен есептейді. Тоғыс дегеніміз айдың үркердің бетін айына бір рет жанап өтуі. Бұл барыс әдетте үш күнге созылады, бірінші күні тоғайды, екінші күні ауыл үй қонады, үшінші күні озып шығады. Айдың тоғайуын есепшілер қаңтардан бастайды. Бұны көшпелі тұрмыс жағдайы қалыптастырған. Сол есепке жүгінсек, қаңтар (желтоқсан) григориян календары бойынша 11 іне, үштің айы (қаңтар) 9 жаңасына, бірдің айы (ақпан) 7 жаңасына, көкек (наурыз) айы 5 жаңасына, мамыр (сәуір) 3 жаңасына, маусым (мамыр) 1 жаңасына, шілде (маусым) 25 іне, тамыз (шілде) 21 іне, мизам (тамыз) 19 ына, қазан (қыркүйек) 17 іне, қараша (қазан) 15 іне, желді (қараша) 13 іне тоғаяды.

Бұл жердегі ай ретінің және атының ауыс-түйісіне керек болса кейіндеп айырым тоқталамыз. Сонымен әр айда екіден амал болады да, бір жылда 24 амалды құрайды. Әр амал жыл сайын тұрақты түрде әр айдың 10-15 ікүндері және 20-25-ші күндері өтеді. Шәкәрім қажы айтқандай біздің ай аты деп жүргендеріміздің бір парасы жұлдыздың аты да, бір бөлімі сол айда келетін амалдың аты. Сонда біздің «Әз наурыз» деп атап жүргеніміз көкек айында келетін екі амалдың аты. «Әз» осы айдың 10 күні кіріп, 15 іне шығатын амал. Амал болғанда ауа райы бұзылып, не күн жауады, не боран болады. Қазақтағы «Әз болмай мәз болмас, шағала келмей жаз болмас» деген мақал осы амалға қаратылған.

Ал «наурыз» көкектің 20 күні кіріп, 25 іне шығатын амал. Бұл амалды қазақ «көп көже», «тілеу көже», «бөрі сырғақ» деп те атайды. Бұл амалда да күн райы бұзылып, кейде қар жауады, бұны «наурызша» деп атайды. «Қыз Жібектің ақтығы наурыздың ақша қарындай» дегендегі меңзелген жұқа көбік қар осы. Есепшілер осы қарға қойдың жас құмалағын тастап, келер күн райын болжайтын болған. Онда құмалақ салған жерден қарды ертіпі батып кетсе, ұзамай күн жылынып, жаз болады деп, біразға дейін тұрып барып батса, қыс аяғы әлі созылады деп болжайтын болған. Осы кезде туған төлді «наурыз төлі» деп сетерлеп, сатып не ешкімге бермеген. Осы мезігде келетін бейнесі ұзақ қарғаға келіңкірейтін «наурызек» деген жыл құсы болады, оны көрген адамдар «Наурыз, келдің бе? Деп жем шашатын болған. Осы айда жапырақты, түрлі-түсті гү ашатын «наурызшешек» деген өсімдік болады. Содан да «наурыз жырларында»: !көк құрт көзін ашқан күн, ұзақ ұшып келген күн» деген жолдар айтылдады.

Сұрақ: Халқымыздың ұлық мерекесі жайлы, ай атаулары туралы қысқаша болса да керемет құнды мәліметтер айттыңыз. Енді алдағы зерттеу жоспарлаыңыз жайлы бөлісе отырсаңыз.

Жауап: Жоспар көп. Жұмыс та көп. Кейде дәрмен, кейде мүмкіндік болмай жатады. Күнделік қызметтік қолбайлау бар, бүйіріңнен түрткілейтін өлең бар, көркем аударма, қажетінше айналысатын сурет бар дегендей. Олар өз алдына жүре береді ғой. дегенмен, 5-6 жыл бұрын құрастырып баспадана шығарған тың зерттеу кітабым – “Қазақ ою-өрнектеріне» қайта айналып тағы бір соғып, жетпеген тұстарын жетілдіріп, назариялық негізін ғылыми жүйеде қалыптастыра түсу керек. «Қазақ қолөнері» деген атпен біршама күрделі жұмыстың программасын жасап қойғанмын. Соны кемелді, ұғынықты етіп, әрі пайдалану құралы әрі фолклорлық, практикалық сипатын қамтыған энциклопедиялық еңбек етіп шығарсам деймін қалған жұмысты алла амандығын берсе көре жатармыз…

Әңгімеңізге мың алғыс!

Сұхбаттасқан: Ұларбек Дәлейұлы

Алты алаш – Руханият

 

Жауап жазу

Your email address will not be published.