Бейсенбі, Қыркүйек 21

Оралбек БОТБАЙ. «МЕНІ АЛАШ БАЛАСЫНЫҢ АЛАУЫЗДЫҒЫ АЛАҢДАТАДЫ…»

 – Ұлтжанды азамат, меценат, «Құрмет» орденінің иегері – Оралбек Ботбаймен өткен сұхбат

– Оралбек аға, сіз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге Еуропа елдерінде өтетін дүниежүзілік бизнес форумдарына қатысқаныңызды білеміз. Айтыңызшы, жалпы өзге елдермен салыстырып қарағанда, Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдау жағы қай деңгейде?

– Рас, дүниежүзілік форумдарына бірнеше мәрте қатыстым. Алдағы уақытта әлі де қатысамыз деген ниет бар. Бірақ әр өткен форумға қатысу мақсат емес. Ол жаққа барғанда Қазақстанның дамуына үлес қосатындай бағдарламамен бару керек. Елбасы ылғи да: «Сендер шетелден ақша сұрамаңдар. Біз жиырма жылдың ішінде өзге елдермен тереземізді теңестіріп, дамыған ел болдық. Тәжірибе алмасу барысында да сендер оларға үлгі болуларың керек», – деп үнемі айтып отырады. Елбасымыздың шетелде жүргенде алпауыттарға қарап: «Бiздегi кәсiпкерлер ақша сұрамайды, керiсiнше кез келген iске ақша салады. Сiздер мұндай жағдайға 400 жылда жеттiңiздер, ал он жылдағы Қазақстанның жағдайына қараңыздар», – деп бiздi бiр көтерiп тастағаны бар.

Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауларында, ел экономикасына басты серпін беретін, қозғау салар саланың бірі шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру мәселесін назардан тыс қалдырған емес.

Өткен жолғы Жолдауында да қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруде, халықтың кәсіпкерлікпен айналысуы маңызды екенін қадап айтқан Елбасының «шағын бизнесті себепсіз тексеруді тоқтатыдар» дегенінде елең етпеген кәсіпкер қалмаған болар. Өйткені, тексеріс органдары тарапынан болатын «қарапайым» тексерулердің өзі, кәсіпкерге бірінші кедергі екені белгілі. Президентіміз кәсіпкерлердің өмір бойы армандап келе жатқан армандарын орындап, орынсыз тексерулерге нүкте қойып берді.

Қазақстан Президенті құқық қорғау органдарына, соның ішінде Бас прокуратураға бизнеске тексеріс жүргізуге жалған негіздеме жасау жайттарын сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылыққа теңестіру үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырғанын білеміз. Еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына, кең тыныс алуына жаңаша жол ашылғандай болды. Осы көмегі үшін Елбасына деген кәсіпкерлердің алғысы шексіз.

– Бұл Елбасымыздың кәсіпкерліктің кең тыныспен кең өріс алуына жасап отырған қамқорлығы дейсіз ғой?

– Әрине, мен Елбасымыздың ұстанып отырған саясатын қос қолдап қолдаймын. Мен ғана емес, бүкіл ел болып қолдауға тиіспіз. Хан біреу, халық тіреу болып, жұдырық болып жұмылуымыз керек. Төле би бабамыздың сөзі бар ғой: «Басшы көп болса дау көп болады, дау көп болса жау көп болады», – деген. Бізге ел арасында дауды көбейтпей, Елбасымыздың сара саясатын қолдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс жасасақ, онда Елбасымыз айтқан мәңгілік елге қол жетізетінімізге күмәнім жоқ. Алаш жұрты алауыздыққа салынып, руға, жүзге бөлінген тұста Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді билердің көрегендігімен қазақтың басы қайта қосылғанын тарихтан білеміз. Ал бүгінгі биіміз, патшамыз ол – Елбасымыз. Сондықтан, барлығымыз Президенттің айтқанын тыңдап, маңайына шоғырлануымыз керек.

 

Әңгіме желісін сәл бұрып, Оралбек мырзаны бүгінгі қоғамда не нәрсе жиі мазалайтынын білсек?

 

«Ақшаң болса, араласайық, болмаса, хабарласайық» дейтін заман туған сияқты… Адамдар арасындағы ақша үшін ар сатпақ, аяқтан шалмақ, дүниеқорлық сияқты теріс ғадеттердің болмысымызға дендеп еніп бара жатқаны өкінішті.

 

Мені Алаш баласының алауыздығы қатты алаңдатады. Маған солай көріне ме, әлде расында да сондай күйге түстік пе, қайдам, әйтеуір, соңғы кездері қазақтың бөлінушілігі қатты белең алған сияқты. Жерге, руға, атаға жіліктеліп, өзгелерді бөтен көріп, ожырайып қарайтындармен жиі кездесеміз.

 

Одан кейін – арызқойлық. Қазіргі қоғамда біреудің сыртынан біреу шағымдану, домалақ арыз жазу, дауласу, соттасу дейтін дерт дендеп бара жатыр. Егер орынсыз жәбір көрсеңіз, құзырлы органдарға шағымданып, қорғануды мен де қолдаймын. Ал ешбір себепсіз, әркімнің үстінен арыз ұйымдастырып, алтын уақыттарын кетіріп, жала жауып, өз ісін адал атқарып жүргендерді аяқтан шалып құлатуға құлшына кірісетіндердің тым көбейгені мені ғана емес, әрбір адамды алаңдатуы керек.

 

Біздің қоғамда ушығып тұрған мәселелердің бірі дінге байланысты. Мәселен, сіз өзіңіз салдырған мешіттердің жағдайынан хабардарсыз ба? Олар өзге ағымдағы ала ниеттілердің ошағына айналып кеткен жоқ па?

 

Біз мешітті Алланың жердегі үйі деп түсінетін қазақпыз. Сондықтан да, ол мешіттер менің жекеменшігім емес. Сол ауылдардың ақсақалдары өтініш хат жазған соң, қаражат бөліп салдырғаным рас. Жастардың болашағына алаңдап, олардың жаман әдеттерден аулақ болғанын қаламайтын адам жоқ шығар. Мен өз міндетімді орындадым. Ал ол жерге халық кімді имам қылып қояды, ол жергілікті тұрғындардың төрелігінде.

 

Сіз өзіңіз демеушік еткен шаралардың барлығын дерлік туған жеріңізде, яғни, оңтүстік өңірінде өткізіпсіз. Бұл сіздің бойыңыздағы жершілдіктің белгісі емес пе?

 

Жоқ, бұған бұлай тар шеңберде қарауға болмайды. Біріншіден, туған жеріме мойын бұрып тұрсам, ол менің туған ел, туған жер алдындағы перзенттік парызым. Екіншіден, мен атсалысқан шаралар тек қана оңтүстікте өткен жоқ. Мәселен, тұңғыш рет жас ақын-жазушылар форумын Баянауылда өткізуге мұрындық болдым. «Нұрлы нөсер» ән фестивалі республиканың барлық аймағында өтті десем де болады. Астанамыздың 10 жылдығына орай «Қас қағым сәт» деген фотоальбом шығардық. Асанбай Асқаров атындағы көкпар ойынын өткіздік. Барлығын осылайша тізбектеп айта беруге болар еді. Бірақ барлығын ел игілігі үшін істегендіктен, ішімде қалсын. Сондықтан, бұл мәселеген сәл биіктеу көзқараспен қарау керек шығар…

Сіз көпшілік мән бере бермейтін салаларға әрдайым демеушілік жасап жүрсіз. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін Астанаға әкелуіңіз, ауыл балаларын Түркияға апарып қыдыртуыңыз, талантты, өнерлі жастарды елге таныту үшін «Нұрлы нөсер» фестивалін ұйымдастыруыңыздың өзі дәлел бола алады. Дегенмен, осындай қыруар жұмыстар тындырып жүрсеңіз де, ел арасында сізге өкпеушілер де бар. Бұл жағынан өзіңіз де хабардар шығарсыз? 

16 миллион халықтың барлығының ойынан шығу мүмкін емес қой енді. Ел іші болған соң өкпе айтушылар болады, әрине. Осындайда жақында ғана дүниеден өткен Есенқұл Жақыпбеков ағамыздың «Біреулер маған ынтызар, біреулер маған өкпелі» деген өлең жолдары ойыма оралады.

Мен қолымнан келгенше елге көмегімді тигізгім-ақ келеді. Бірақ, жалғыз өзім бүкіл елге бірдей көмектесе алмаймын ғой. Оның үстіне Алланың берген несібесін оңды-солды шашуды жөн санамаймын. Ол – ысырап болады.  Кейінгі кездері ел жомарттық атымызды жиі айтқан соң, маған әр өңірлерден «үй салатын ақшам жоқ еді» немесе «баламның тойын жасауға көмектесіңізші» деген сыңайдағы ұсыныстармен байланысушылар тым көбейіп кетті. Ондай ұсынысты қабылдамайтындығымды айтсам, жатып келіп ренжиді, «ел алдына шығып өтірік сөйлеп жүр, алаяқ» деп көңілге қаяу салатын сөздер айтады. Қаншама жетім мен жесір, тұрмысы нашар отбасы ішер ас пен киімге жарымай отырғанда, бір күндік ойын-тойды өткізуге атсалысу орынсыз деп есептеймін.

Негізі біреудің жеке басына қатысты әңгіме айтарда өте абай болу керек. Қазір елімізде пара алған адам да, пара берген адам да жауапқа тартылады. Бұл өте дұрыс қабылданған заң болды. Дәл осы секілді біреудің сыртынан негізсіз «алаяқ, өтірікші» деп айтқан адам да заң алдында жауап берулері керек. Сол айтқан сөзін заңды түрде дәлелдесін. Егер жалған жала болса, тиісті жазасын алуы тиіс. Меніңше, біздің елде осындай заң қабылдануы керек секілді.

Сізді аяқтан шалушылар көп деп айтады. Бұл сөз қаншалықты шындыққа жанасады?

Иа, кезінде біраз жігіттер аяғыма тұсау болғысы келгені рас.

Осы жөнінде толығырақ айтып бере аласыз ба?

Негізі жау алыстан келмейді ғой. Тарихта талай батыр бабаларымызды қасындағы атқосшылары мен жарлары жауына жығып бергені бар емес пе?! Қазақ мұндайда «Жау жоқ деме, жар астында» дейді. Менің де дүниеме қызығып, кедергі жасағысы келген өзімнің қасымда жүрген, өзім талай көмектесіп оқытып-тоқытып, аяқтандырған жігіттердің арасынан шықты. Абай атамыздың «күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты» дейтіні осы екен. Мен бұл туралы ақпарат құралдарына алғаш рет айтып отырмын. Бірақ, бұл әңгіме осыдан кейін қозғалмай-ақ қойса екен.

 

Келістік. Бір сұхбатыңызда айтыскер ақындарға деген өкпеңіздің бар екенін айтып қалыпсыз. 

 

Мен өкпелен жоқпын, шындықты айттым. Менің мақсатым қазқтың төл өнері – айтысты нсихаттау болған. Ал олардың мақсаттары басқа болып шықты. Мені бір қынжылатыны, айтыс өнерінің мазмұнын байытып, қадірін арттырайық деп қолдау білдірсем, кейбір ақындар өзара келісіп, жеңімпазды қолдан дайындап, көлікті бір-біріне кезек-кезек сыйға тартып жүрген көрінеді. Осындай орынсыз әрекеттерді көрген соң, аздап тартынып қалғаным рас.

 

Бүгінде сіздің демеушілігіңізбен жыл сайын өтетін айтыс та, «Нұрлы нөсер» де тоқтап қалды. Бұл жобалар болашақта өз жалғасын табады ма?

Әрине, жалғасатын болады. Өнері жоғалса, ұлт та жоғалады. Сондықтан, ұлттық өнерді қолдауға қашан да әзірмін. Ал «Нұрлы нөсер» фестивалінің жобасы қазір дайындалып жатыр. Алла жазса, осы жылы жаңаша бағытта, өзгеше қырынан көретін боласыздар.

Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

Мен де жұбайым да көп балалы отбасынан шыққанбыз. Қазір Құдайдың берген үш ұл, бір қызын тәрбиелеп отырмыз. Екі ұлымБақтияр мен Данияр «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мәскеуде оқып жатыр. Қызым – Гүлзира «Нұрорда» лицейінде 7-сыныпта білім алуда. «Нұрлы нөсерде» біраз ән айтып жүрді. Бойында әншілік өнер бардай көрінеді маған. Бірақ, болашақта қандай мамандықты таңдайтындығын өзі шешеді. Кенжеміз Арнұр төрт жаста. Балаларымның тәрбиесімен үйде зайыбым Феруза айналысады. Барлығы да бірнеше тіл меңгерген, әрине, ең бірінші ана тілінде сөйлеуіне, ұлттық тағылым-тәрбиесіне ерекше мән беремін. Тек Алла тіл-көзден сақтасын деп тілеймін.

 

Қазір төменгі палатада жүрген тоқал алу мәселесі әлі де көтеріліп жүр. Сіз бұған қалай қарайсыз? 

 

Тоқал алу ата-бабамызда бар дәстүр ғой. Ертеректе «еркек мақсаты әйел қартайту» деген сөз болатын. Ал қазір заман басқа, қоғам басқа.

 

«Кәрі қыздардың саны артып барады. Қаракөздеріміз шет елдің азаматтарына тұрмысқа шығып жатыр. Сондықтан, жағдайы келгендер тоқал алса, ұлтымыздың саны көбейер еді..» деген пікірлерді өз замандастарыңыз жиі айтады. Бұл сіздің де ойыңызда жүрген болар… 

Тоқал алу мақсат емес. Жаңа айттым ғой, жеңгелерің де оңай жердің қызы емес деп (күліп). Осы жарыммен бірге ұл-қыздарымды дұрыс тәрбиелеп, елін, жерін, ұлтын сүйетін азаматтар қылып өсірсек, сол нағыз бақыт! Әйгілі актер Шварценнегерден тілші «Сіз немен бақыттысыз?» деп сұрағанда «Мен әйеліммен бақыттымын. Себебі, маған адал, ақылды әйел жолықты» деп жауап берген екен. Сол секілді, менің де бақытым – үйдегі ақылды жарым.

Ұлдарым Мәскеуде білім алып жатыр дедіңіз. Бұл әлде Қазақстандағы білім беруге көңіліңіздің толмайтындығын білдіре ме? Неге ұлдарыңызды Назарбаев университеті, Еуразия университеті немесе әл-Фараби университетерінің біріне оқытпадыңыз? 

Мұны мен таңдағаным жоқ. Екі ұлым да «Нұрордада» лицейінде білім алды. Үлкен ұлым химия пәнінен Бразилияда өткен олимпиададан алтын алып келді, екінші ұлым физика пәнінен Грузияда өткен олимпиададан жүлдемен оралды. Осындай жетістіктері үшін «Болашақ» бағдарламасының жолдамасымен Мәскеуде оқып жатыр. Мүмкін магистратурасын еліміздегі оқу орындарында жалғастыруды өздері таңдайтын шығар. Балаларым қайда жүрсе де, қазақтың атын жақсы қырынан танытып жүрсе деймін.

 

Болашақтағы жоспарыңыз жайында да айта өтсеңіз?

 

Болашақта атқарылар шаралар өте көп. Оның біразы бүгінде жоспарлы түрде дайын тұр. Мысалға айтар болсам, Шортандыда 25 мың гектар жеріміз бар. Алла жазса, сол жерге балаларға демалыс орнын, ет комбинатын, тері комбинатын, сонымен қатар, әр түрлі көкөністер өсіретін жылыжайлар салуды қолға алудамыз. Қазіргі таңда осы секілді жобаларымызға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, көлемді несие беру мәселелері қарастырылып жатыр. Сонымен бірге, қиыршық тас шығаратын зауыттың жұмыстары да жүргізілуде. Алла қаласа, алдымызда үлкен той – «ЭКСПО-2017» келе жатыр. Сол кезде біздің жұмыстың нәтижесі көрініп қалар деген ойдамыз. Мұндай өндіріс орындарының көптеп ашылуы мемлекетіміз үшін де, қарапайым халық үшін де орасан зор жетістік. Себебі, соның арқасында елімізде жұмыссыздық пен кедейшілік азаяды. Сонда ғана біз Елбасымыз межелеген ең дамыған отыз елдің ортасынан орын аларымыз сөзсіз.

 

Әңгімеңізге рақмет! Тасыңыз өрге домаласын! Қашан да төрден табылыңыз!

 

Әңгімелескен Олжас Сәндібекұлы

 

«Шағын және орта бизнес қазір салынып жатқан жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуы тиіс. Бұл – Үкіметтің, Ұлттық палатаның, кәсіпкерлер мен барлық деңгейдегі әкімдердің міндеті. Бизнеске жүргізілген заңсыз тексерістер үшін шенеуніктерді жазалауды қатайту жөнінде қосымша шаралар қолдану маңызды. Бас прокуратура бұл тұста әлі өз жұмысын толық орындап отырған жоқ. Тек 2013 жылдың 9 айында ғана 140 мың тексеріс жасалған. Оның жартысынан көбісі – жоспардан тыс, ондай тексерістер жүргізуге негіз бар екендігі туралы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жалған хабарламалары үшін өткізілген тексерістер. Жазған адамның аты-жөні көрсетілмеген хаттар қаралмасын деп мен айттым ғой».

 

Нұрсұлтан Назарбаев

 

 

 

 

30 Comments

  • Біздің ауылдың жігіт ғой. Қысқа уақыт ішінде байып шыға келді. Осылар жолды жақсы таңдай біледі.

  • Anonymous

    Галым деген азамат сол Орекенди аяктан шалган адамнын туган агасы. Ози Орекен берген Джиппен жур. Сойте турып бирдене дейди. Осындай адамдар аз болса екен! Ералы

  • Нұрлан ИСА

    Әр адам өз пайым-парасатының деңгейінде түсінеді екен бұл мақаланы. Мен де солай… Бауыры азаматрының абыройын арттырып, мәртебесін биіктетсе, дер кезіндще алғысын айтып бағасын берсе – бұл ғаламат.

  • Болар елдің баласы бірін бірі батыр дейді. Болмас елдің баласы бірін бірі қатын дейді. Аяқтан шалушылар да сол қазақтар шығар. Бірліксіз ел оңбайды.

  • Айдос

    … Мұрынның жотасы болмаса сол көзің, оң көзінді жеп қояры даусыз… Жүз, бөліс, іштарлық қазақты қиқымдатып жүрген мәселе. Алтау ала болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса — төбедегі келеді”. Ұлт үшін жомарттық жасап жүрген Оралбектей азаматтар көп болғай!!!

  • іскер азамат отбасымен, бастысы, көп балалы әке боп үлгі бола алады. Сіздей ер азаматтар көбейе берсін, иншаллах.

  • САЛИҚАЛЫ СҰХБАТ БОЛҒАН ЕКЕН, РАХМЕТ, АЛТЫ АЛАШ ПОРТАЛЫ! АЛДАҒЫ УАҚЫТТ АЛДА ОРАЛБЕК БОТБАЙ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР БЕРІП ОТЫРСАҢЫЗДАР. ЖӘНЕ ДЕ ОСЫНДАЙ БҮГІНГІ МЫРЗА АТЫМТАЙ ЖІГІТТЕР ТУРАЛЫ ЖАЗЫП ОТЫРСАҢЫЗДАР. КЕШЕГІ АЛАШ ЗАМАНЫНДА БҮГІНГІДЕН ОН ЕСЕ АРТЫҚ БАЙЛАР БОЛҒАН. МЫСАЛЫ МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ “АБАЙ ЖОЛЫН” ШЫҒАРЫП БЕРУ ҮШІН ҚАЗАҚТЫҢ МЕЦЕНАТЫ КӨМЕКТЕСКЕН ЕКЕН, ОСЫ ЖАҒЫН ОЙЛАСТЫРАРСЫЗДАР.

  • Шынар

    Олжеке журналың жақсы шығып жүр. Ішіндегі мақалалар, тұлғалар жалпы журнал бұдан да көбірек танылуы үшін журналдың сайты болса тіпті жақсы болар еді.

  • Саламат

    Өткенде “ТӨР” журналын жігіттерден алып көрдім. Атының өзі ерекше, журналдың ішіде мағыналы екен. Болашақта бұл журналға шығудың өзі мәртебе болады. Себебі, кім көрін ТӨРГЕ шыға бермейді ғой. Ол алғашқы сандарынан-ақ байқалып тұр.

  • Дастан

    «Ақшаң болса, араласайық, болмаса, хабарласайық» деген сөз керемет айтылған екен. Дәл қазіргі қоғамды екі ауыз сөзге сыйдырып жіберіпті.

  • Алмас

    Оралбек Ботбай деген есім баспасөз беттерінен көрінбей кеткеніне біраз уақыт болған еді. Атын шығарды да жоқ болып кетті ғой деп ойлап жүруші едім. Сөйтсем олай емес екен. Мына сұхбатты оқып риза болып қалдым.

  • ш.ш.

    Жаксы сухбат болган екен. Алла жар болсын Ореке!

  • ешқандайда асыра айтып отырған жоқ, осындай көреалмаушылық ешқашан жойылмайды, Мөде

  • “Батасыз ер көгермес, жауынсыз жер көгермес!” деген дана сөз бар қазақта. Өлеңің шын жүректен ақтарылыпты. Кім болсаң да, халықтан үлкен емессің, соны жақсы жеткізген екен.\r\n\r\nКөгеріп өстің жұртыңның\r\nбатасыменен,\r\nАтымтай болу сол жұрттың\r\nарқасы дер ем!

  • Оралбек Ботбай қандай құрметке де лайық. Бауыржанның мына өлеңін де оқи отырыңыздар.\r\n \r\n ОЗЫҚ ОЙЛЫ ОРАЛБЕК\r\n\r\nАдамдық қана – адамның \r\n биік тұғыры,\r\nТұғырдан түспе Алланың \r\n сүйікті құлы!\r\n\r\nТұғырға сені Алланың \r\n өзі қойдырған,\r\nТумысың бөлек болған соң \r\n озық ойлы жан!\r\n\r\nТағдырдың көп қой азабы, \r\n қиыны менен,\r\nКөтеріп бәрін келесің \r\n иығыңменен…\r\n\r\nҚажымай, Аға, ешқашан, \r\n тарта бер алға,\r\nТілектес саған әрқашан \r\n дархан ел-ана!\r\n\r\nКөгеріп өстің жұртыңның \r\n батасыменен,\r\nАтымтай болу сол жұрттың \r\n арқасы дер ем!\r\n\r\nЕл үшін сенің сіңірген \r\n еңбегің ерен,\r\nЕлбасы елеп құрметтеп \r\n орденін берген!\r\n\r\nАртық-кемі жоқ, Ағасы, \r\n хақың бар тіптен,\r\nАтың жазылса тарихқа \r\n алтын әріппен!!!\r\n\r\n БАУЫРЖАН БЕРІКҰЛЫ

  • Осындай азаматтар барда Алты Алаш – Қазақ Елі өркендей береді. 10 мың долларлап ас-су ішетіндер қазаққа соқыр тиынын бере ме бүгінгі заманда?!

  • Ашылып сұхбат беріпті, рас, аяқтан шалатын адам көп қазақтарда, жапқаны жала.

  • Оралбек Ботбай – қазақы меценат. Алаш деген осындай азаматтың сұқбатын оқып риза болып отырмын, құрметті Алты алаш порталы!

Жауап жазу

Your email address will not be published.