Сейсенбі, Шілде 25

Ұлықбек Есдаулеттің өлеңдері

Тiлтұмардай көгершiн мен кептерге,
Тұрымтайдың теперiшi өткенде,
Тұтамдай сөз өткiзе алмай өктемге,
Теңдiк үшiн тебiскендей Тептерде,

Ерулiге қарулы сай сәттерде,
Қырып-жойып оқпанмен де, оқпен де,
Құмбыл халық қара қанға бөккенде,
Қанды жұма қасiретi жеткенде,

Жер-жаһанда iшiн тартып көп пенде,
Дүниенi дүбiр кернеп кеткенде,
Ортекелер орғығандай бөктерге
Өлеңдерiм өрiп шықты дәптерге…

Өртке, дертке, сертке малған – қысса-жыр,
Шыңыраудан қайнап шыққан құса бұл,
Оу, Алашым, ақыныңды шет көрме…

Жүргiзе алмас перғауынға Мұса әмiр,
Әмiр етсе – Жаратқанның iсi әдiл…
Шерiн төккен шайырда жоқ бет-перде,
Тiлiне ешкiм сала алмайды тұсауыл!

 

Намыс туралы баллада

Бiздiң көлде қамыс бар едi
Жайқалған.
Бiздiң елде намыс бар едi
Найқалған.
Нар қамыс кеттi өртенiп,
Ар-намыс қалды ерте өлiп,
Қайтадан ендi көктер ме шiркiн, әй, қайдам?

Жоққа да жүйрiк жетер ме?
Айта алман деушi ем, айта алман!
Бар екен, шүкiр!
Болыппын күпiр бекерге,
Мың тағзым саған мiрден мерт болған қайсар жан!

Шер жұтқан қазақ шөлдептi,
Тiрi екен Намыс, өлмептi!
Намыс бар екен, жаратқан,
Көзқаман билiк көздей де көздей боратқан
Кеудесi шұрық, көңiлi сынық әр оқтан!..

Кiсәпiр көрсе мүсәпiр болып қалмайтын,
Өр Намыс осы ерлiктiң жолын жалғайтын,
Мирас боп қалған Бейбарыс, Бекет, Барақтан!
Намыс тiрi екен!

Қалыпты бiрақ сансырап,
Бұғаулап, бұрап,
Дүрелеп, ұрып, қамшылап,
Шауып та жатыр, атып та асып, азаптап,
Шұбырып қаны, тамшылап,
Шығарда шықпай жан шыдап,
Жаралы Намыс берiспей жатыр қансырап,
Найзағай Намыс – қазаққа бiткен шамшырақ!

Алашқа бiткен тамшы бақ!
Намысың тiрi тұрғанда
Бұйым болып па,
Басыңа түскен сан сынақ!

Алты Алаш – руханият

 

Жауап жазу

Your email address will not be published.