Еліміздің мұнай-газ-химиялық әлеуеті, әрине зор. Соны игере алып жатырмыз ба? Атырауда 2027 жылға дейін 5 зауыт салынбақ. Оларға құйылып жатқан инвестицияның жалпы көлемі 2,6 трлн теңге. Бұл жобалар шикізаттық экономикадан шығудың алғашқы қадамы деп бағалаушылар көп. Ендеше полипропилен, полиэтилен, бутадиен, газ сепарациялау және өңдеу зауыттары бұл саланың локомотиві бола ала ма? Ал оның онсыз да нашарлап тұрған экологиялық салдары қандай болмақ?
Қанар қаптан опа-далапқа дейін
Сонымен, Атырау облысы тәуелсіз Қазақстан тарихында мұнай-газ-химиясы кешенінің пионеріне айналып отыр. Осылайша, бұл сала қалыптасу кезеңінен өтіп, даму кезеңіне аяқ басты деуге болады. Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасында және Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Отын-энергетикалық кешенін дамыту тұжырымдамасында ол ел экономикасын әртараптандырудың бес шешуші бағытының бірі ретінде қарастырылған. Құрылысы сәтті жүзеге асқан жағдайда 5 зауыт мұнай-газ секторын қайта бағдарлап, мұнай-химиялық кластерді дамытуға серпін беретін өзіндік құны жоғары өнім шығаратын болады. Шындығында, бұл туралы айтылып жүргеніне 20 жылдай болып қалды десек болады. Сонау 2000-жылдары сарапшылар Қазақстан мұнайы құрамының құнарына қарап мұнда өнеркәсіпке де, құрылысқа да, ауыл шаруашылығына да, сән индустриясына да қажетті өнімдердің мыңдаған түрін шығаруға болады деп баға берген болатын. Бір сөзбен айтқанда, қанар қаптан бастап опа далапқа дейін жасауға мүмкіндік бар. Осы күрделі процестерден тұратын бұл кешен енді-енді жан-жақты қолға алынды.
«Атырау облысының мұнай-химиялық потенциалы өте зор. 2019 жылы осы саланың ең алғашқы өнімі параксилол үлкен нарыққа жол тартты. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС шығарған жаңа тауар 99% осы өнімнің ең үлкен нарығы саналатын Қытайға жөнелтілді. Бағасы 67,3 млн доллар тұратын 93,8 мың тонна параксилол экспортталды. Әлемдік трендтерге сәйкес отандық мұнай-химия саласын дамыту нарықтық әлеуеті зор жаңа өнімдерді шығаруға ынталандырылған. Сондықтан да елімізде мұндай бірнеше ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі – полипропилен полиэтилен өндірісі», – дейді QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ салалық даму орталығының бас сарапшысы Гүлжан Темірханова.
Полипропилен – пластиктің қазіргі түрін жасауға арналған негізгі материал. Ол тамақ, машина құрастыру, медицина, құрылыс өнеркәсібінде орама материалдарын, пластик тұрбалар, ұйымдастыру техникалары мен жиһаздар жасауда қолданылады. Атыраудағы ел тарихында алғаш рет құрылысы жүріп жатқан кешеннің бірінші желісінің өзінің жобалық қуаты – жылына 500 мың тонна. Оны салып жатқан Kazakhstan Petrochemical Industries Inc компаниясы. Осы мақсатта Атырау облысында СЭЗ «Ұлттық индустриалды мұнай-химиялық технопарк» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Оның қатысушылары салықтық және кедендік преференцияларға ие.
«Бұл жобалардың ішінде екінші ірі өндіріс полиэтилен зауыты болмақ. Мұндағы мақсат – ішкі нарықты қолжетімді бағамен сапалы шикізатпен қамтамасыз ету. Сол арқылы полимер бұйымдарын шығаратын өнеркәсіптік кластердің құрылуына база жасақтау. Жалпы алғанда, ішкі нарықтағы тұтыну көлемі жылына 2-3% өсіммен 40 мың тоннаны құрайды. Полипропилен мен полиэтиленнің әлемде шексіз сұранысқа ие екені сондай, тіпті дағдарысты кезеңдердің өзінде де ол жоғары деңгейде қалып отыр. Сол себепті бұл өндірістің болашағы зор. Сол сияқты метанол, бутадиен, фенол, толуол және мұнай химиясының өзге де өнімдерін айтуға болады», – дейді Гүлжан Темірханова.
Мұндағы жобалар инвесторлардың қатысуымен «Бизнестің Жол картасы-2020» және «2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асады. Бұл мұнай-газ саласының жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, салалық және технологиялық құзыреттіліктерді арттыруға және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға көмектеспек. Сарапшылар мұнай-газ-химия саласы экономикаға мультипликативті әсер беріп, өндіріс көлемінің 1 долларға көбеюі басқа салаларда 2,3 долларға дейін өсім беретін болады деп тұжырымдап отыр. Өйткені халық тұтынатын тауарлардың 96%-ы мұнай-химияның қатысуымен жасалады.
Экономикалық сипатты экологиялық апат
Атырау облысы – елімізде ең бір экологиясы нашар өңірлердің бірі. Ол оның ең бірінші кезекте өндірістік өлке екенімен байланысты. Әрине, экономикалық озық жетістікке бір адамдай қуанатынымыз анық. Өйткені онсыз да жағып жіберуден басқа жолы жоқ ілеспе газдан ауаға көптеген улы түтін тарап жатыр. Ал оның орнына ол газ сепарациядан өтіп, өңделіп жатса, зор пайда емес пе? Мәселен, сол газды ТЭЦ-ке апарып қосқан күннің өзінде белгілі бір көлемінен 20$ ғана пайда түседі екен, ал құрамындағы элементтерді бөліп сатар болса, бұл соманы 110$-ға дейін арттыруға болады. Әйтсе де, таяқтың екі ұшы бар демекші, еліміздегі өндірістік өңірлердің барлығында өнеркәсіптің қоршаған ортаға салған ауыр ізі жатыр.
«Бұл жобалар жаңадан басталып жатқандықтан, мен олардың экологиялық зияндылығына әзір ештеңе айта алмаймын. Бірақ қазіргі бар өндірістердің өзі экологиялық талаптарды сақтамай отырғанына қарап қатты сене де алмаймын. Мәселен, сол KPI компаниясы, соның ішінде Karabatan Utility Solutions деген компания өткен жылы қыс мезгілінде ешкімнен сұрамастан, рұқсат та алмастан табиғаттағы ойыс жерге төгіп жатты. Оны арнайы жабдықтап, су сіңбейтін мембрана материалдар төсемеген. Тағы бір мысал. Осы кезінде Қарабатандағы зауыттан ешқандай зиян болмайды деп уәде еткен. Ал қазір Қашаған кен орнынан мұнайды әкеліп, күкіртін тазартып отыр. Осылайша, олар біріншіден ауа бассейнін ластап отыр. Санитарлық қорғау аймағының жанында орналасқан стансалар ол жерден экстремалды жоғары күкірт концентрациясының көрсеткішін көрсетіп отыр. Ал жылына ең көп ретте жел шығыстан соғады. Сол кездерде оның иісі қалаға жетеді. Дәл осындай жағдай Атырау мұнай өңдеу зауытымен байланысты болды. KPI-дың ароматты көмірсутегілерін қайта өңдеу кешенін саламыз дегенде халық қарсы шықты. Бірақ оларды тыңдаған ешкім болмады. Өйткені шешімнің бәрі астанада қабылданады. Жергілікті халықты ойлап жатқан ешкім жоқ. Бізде өндірістік мекемелердің экология тақырыбына қатысты қоғамдық тыңдауларды көп ретте жасырын өткізуге тырысады. Сол дұрыс емес!», – дейді атыраулық қоғам белсендісі Арман Хайруллин.
Қоғам белсендісінің айтуынша, Жылыой ауданы облыста 14 ауру түрі бойынша бірінші орында тұр екен. Өйткені онда 90-жылдардан бері «Теңізшевройл» зауыты бар. Бүгінде оның үшінші кезеңі салынып жатыр. Соңғы үш жылда Қарабатан зауыты іске қосылды. Экологиялық ахуал одан сайын нашарлаған. Одан да бөлек, Солтүстік өндірістік аумақта Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК), «ҚазТрансОйл» Атырау мұнай құбыры басқармасы сияқты көптеген өндіріс орны шоғырланған Атырау қаласының да, аудандардың да жағдайы мәз емес.
«Қарабатандағы «Болашақ» зауытында мұнай қалдықтарының метанол және тағы да басқа улы заттардың үлкен концентрациясы лагуналарға ешқандай тазартусыз төгіледі. Оған Экология департаменттері қарсы болса да, министрліктен тікелей бұйрық түседі де, олар соны мәжбүрлі түрде қабылдайды. Одан бөлек, шайынды сулар төгілген кезде аминқышқылдылығы өлшенбейді, кері осмос дегендері жоқ. Өйткені біздің елде экологияға келгенде ақша үнемдейді. Бұл практика – ол өте үлкен трагедия. Таяуда астанадан келген кардиолог дәрігер Жанар Оралбекова: «Атыраудың тұрғындарының жүрек-қан тамырлары 99%-ға дейін бітеліп қалады» деген ақпарат айтты. Астаналық дәрігерлер «Атыраудан келдіңдер ме?» деп шошиды дейді. Ал Жылыой ауданында ұйқыдан тұрмай қалу деген кең тараған. Оны мұнай-газ өндірумен байланыстырып зерттеп жатқан ешкім жоқ. 90-жылдардан бері қарай Атырауда ауа бассейніне 4 миллион тоннадан астам зиянды қалдықтар тасталыпты. Мұның барлығы топыраққа, суға, шөпке, жан-жануар, тіпті адамдардың бойына сіңіп, жиналып жатыр. Бұл ұлт болашағы үшін қауіпті. Тіпті, болашағы емес, дәл бүгінгі экологиялық апат», – дейді қоғам белсендісі.
Біз тек бір өңірдің экономикалық жетістіктері мен экологиялық кемшіліктерін мысалға келтірдік. Болмаса өндірістің қоршаған ортаға тигізетін зияны еліміздің барлық өңіріне тән. Қазақстанда экологиясы ең нашар 10 қала болса, соның ішінде алғашқы үштікте Атырау қаласы аталады. Сондықтан да экономика мен экологияның егіз түбірлі екенін ұмытпаған да абзал!
Нұрлан ҚОСАЙ
Дереккөзі: aikyn.kz