ҚР Ішкі істер министрлігі Ақмола және Қостанай облыстарының Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 1 мыңнан астам адам жүргізуші куәлігін сатып алғаны туралы ақпаратқа орай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды altyalash.kz сайты Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Екі жылдан астам уақыттан бері полиция жүргізушілікке үміткерлерден теориялық және практикалық емтихандарды қабылдауға қатыспайды. Полиция қызметкерлері ведомстволық есепке алу бойынша жүргізуші куәлігін алуға үміткерлерді жүргізуші куәлігінен айыру және басқа да мәлімет алу тұрғысынан ғана тексеруді жүзеге асырады», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінен.
Ведомство мәліметінше, бұл жүргізуші куәліктерін беру кезінде азаматтардың полициямен байланысын азайту және сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау үшін жасалды. Нәтижесінде соңғы үш жылда полиция қатарында сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 43% төмендеді.
«Жол ережесін білмейтін жүргізушілер азаматтарға айтарлықтай қауіп төндіреді. Сондықтан көлік тізгініне отырғысы келетіндер оларға жүктелетін жауапкершілікті сезінуі керек. Азаматтардан жолда сақ болып, жол ережесін қатаң сақтауды сұраймыз», – деді полицияда.
Еске салайық, кеше ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі Қостанай және Ақмола облыстарында Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізуші куәліктері заңсыз беріліп келгені туралы хабарлады.
«Жүргізуші куәлігінен үмітті азаматтардың орнына емтиханды арнайы дайындалған тұлғалар тапсырып отырған. Мысалы, Ақмола облысында арнайы дайындалған адамдар емтихан компьютерлеріне қашықтан қол жеткізіп, бөгде азамттардың орнына дұрыс жауабын белгілеп отырған. Ал Қостанай облысында арнайы дайындалған адамдар медициналық маска мен бас киімнің көмегімен бет әлпетін тұмшалау арқылы өзге азаматтардың орнына кіріп келген. Тергеу барысында 1 мыңнан астам жүргізуші куәлігін заңсыз беру фактілері тексеріліп, емтиханнан сәтті өткені туралы берілген жалған анықтамалар қайтарылды», – делінген болатын агенттік мәліметінде.