Шығыс Қазақстан облысында аю атқан браконьер ұсталды, деп хабарлайды altyalash.kz сайты.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Браконьер» жедел-алдын алу шарасын жүргізуде. Шара барысында заңсыз аю атқан Алтай ауданының 45 жастағы тұрғыны ұсталды.
«Ол Тұрғұсын ауылының маңында аюды тұзаққа ұстап алған. Етін өзіне алып, терісін сату үшін дайындауға ниеттенді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабына (Заңсыз аң аулау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген шығын сомасы анықталуда», – деді облыстық ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Жедел алдын алу шарасы басталғалы бері полицейлер 200-ден астам рейд өткізді. Нәтижесінде, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 420 фактісі тіркелді.