ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында тәуелсіздік жылдарындағы айшықты оқиғаларға тоқталды, деп хабарлайды altyalash.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«1991 жылы әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы ұзақ күткен тарихи шешім қабылданды. Қазақстан әлемдік ядроға қарсы қозғалыстың көшбасшысына айналды.
1992 жылғы наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі болды.
1993 жылғы қарашада еліміздің өзінің ұлттық валютасы – теңге енгізілді. Дәл сол жылы «Болашақ» бағдарламасы іске қосылды, оның аясында шамамен 12 мың жастар шетелді білім алып, еліміздің игілігі үшін еңбек етіп жатыр», – деді Үкімет басшысы.
Оның пайымынша, Тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген нәтижелер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының елеулі көрсеткіштерін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.
«1995 жылы жаңа Конституция қабылданды. 1997 жылы «Қазақстан-2030» даму стратегиясы қабылданып, елдің ұзақ мерзімді перспективадағы нақты даму бағдарын айқындады. Елбасының елорданы көшіру туралы тарихи және стратегиялық шешімі бүкіл елдің дамуына мықты әсер етті.
Тағы бір маңызды қадам 2000 жылы Ұлттық қордың құрылуы болды. Бұл резерв жинақтап, елдің сыртқы тәуекелдерге қарсы тұруға мүмкіндік берді.
2005 жылы Мемлекеттік шекараның заң жүзінде рәсімдеудің толық аяқталуы айтулы оқиға болды.
2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясының қабылдануымен әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру туралы асқақ мақсат межеленді», – деді Премьер- Министр.
Сондай-ақ, ол Еуразиялық экономикалық одақ Елбасының интеграциялық процестерді дамыту туралы бастамасы бойынша құрылғанын еске салды.
«2015 жылы Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бекітілді. Әлемдік экономикаға интеграцияның маңызды кезеңі – Қазақстанның сол жылы қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі болды», -деп атап өтті Асқар Мамин.