-Мама?
-ау, балам?
-Менің қолымдағы айфон ескіріп бара жатыр. Жаңасын әперші.
– Әкең екеуміз кеше ғана әперген жоқпыз ба?
-Ту, Мам! Сыныптастарымның барлығы дерлік жаңа айфон сатып алған. Туған күнімде маған да алып беріңдерші. Оған дейін «айфон 13» те шығып қалар. Жарай ма?
-Тағы да несие төлеп жүреміз бе? жаңасын қайтпексің?
-Қатарымнан қалғым келмейді…
Иә, мұны бүгінгі жасөспірімдердің күнделікті диалогы дерсің. Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың ата-аналарына жиі айтатын әңгімелері бұл. Жасыратыны жоқ. Бүгінде қолында гаджеті жоқ баланы сирек кездестіретін болдық. Ұялы телефон атаулы балабақшаға баратын бүлдіршіндерден бастап, жоғары сынып оқушыларына дейін бар. Одан кейінгі жастар туралы жақ ашпай-ақ қояйын. Қазіргі таңда білімімен жарысатын жастар емес, ұялы телефонының жаңа маркасымен мақтанатындардың қатары көбейген. Хат алысып хат жазысуға болатын қарапайым смартфон ұстағандардың қатары аз. Көгілдірдің көк бетін сыйпағандардың денінде айфонның түр-түрі бар бүгінде. Себебі, қазіргі таңда сенің тұрмыс-жағдайыңның өзі қолыңдағы смартфонмен өлшенетін болған. Қарапайым гаджет ұстасаң, мазақ етіп күледі-мыс. Үлкендерді былай қойғанда, мектеп жасындағылардың өзі ата-аналары сатып әперген телефонмен мақтанғысы келеді. Тістелген алмасы бар айфонның жаңа түрі шыға қалса, сатып алуға асық олар. Ал, мұндай телефондардың арзан тұрмасы анық. Құны кем дегенде 500 мыңнан басталатын қымбат құрылғыны сатып алуға оқушылардың қалтасы әрине көтермейді. Алайда, «балам қатарынан қалмасын» дейтін ата-аналардың басым көпшілігі амалдың жоғынан қалағанын сатып әперуге мәжбүр. Бірі тиыннан тиын құраса, енді бірі несиенің көмегіне жүгінеді. Баласы айфон ұстап жүрген біршама ата-аналардың тұрмыс-жағдайлары керемет деп айту қиын. Бірақ, «балам жыламасын» дейтіндер аталған соманы жерден қазса да табады. Ал, арманындағы телефонды ала алмай, әке-шешем айфон әпермеді деп, өз-өздеріне қол жұмсағандар да бар арада. Мұндай факттың біреуі былтыр Алматы қаласында тіркеліп, соңы өліммен аяқталған болатын. Естімек түгіл, көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Сенбеске амал жоқ. Мұндай жағдайға кімді, тіпті нені кінәларыңды білмей дал боласың. Барлығы сол «жұрттан қалмаудың» кесірі. Оның үстіне экранның арғы жағындағы дүниелердің бүгінгі жастарға үйретері аз. Достары қымбат телефон сатып алса, соған қызығып тұратын балалардың психологиясы расында бұзылып бара жатыр.
«Apple» компаниясының жасап шығарған тістелген алмасы бар смартфондары бүгінгі заманның басты трендіне айналған. Ең алғаш Америка құрама Штатының Колифорния қаласында «apple» компаниясы «iphone» ұялы маркасын жасап шығарған болатын. Сондан бері бұл компанияның кәсібі алға басып, тасы өрге домалады. Содан кейін дәл мұндай телефондарды Қытай мемлекеті де жасап шығаратын болды.
Қазіргінің бренді болған гаджедтерге әлем елдерінің назары ауып, қызығушылығы артып, айтарлықтай сұранысқа ие болды. Дәл осы батырмасыз құрылғылар он жыл бұрын біздің елге де жетіп үлгерді. Сол уақыттың ішінде «айфон» ұялы телефоны мың құбылып, жыл сайын жаңарып отырды. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып бара жатқан оның жаңа үлгісі шығамын дегенше, көпшілік оның соңынан қуып жете алмай әлекке түсті. Айтарлықтай танымалдыққа ие бұл смартфондардың бағасы да арзан емес. Бірінің қалтасы көтерсе, енді бірінің сатып алуға шамасы жетпейді. Бірақ «apple» өнімін кімнің болса да сатып алғысы келетіні рас. Сауда үйлерінде қаптаған телефондар тұрса да, қос жанарың әлгіндегі қымбат Смартфонға бірден түседеді. Бала түгіл, кейде өзіміздің сатып алғымыз кеп кетеді. Алайда, құны бүгінде бір қыздың қалың мал бағасымен бірдей. Ал, енді өзіңіз бағасын жобалай беріңіз. Айтпағым, айфонның жаңа маркасы жайында. Дәлірек айтсам, «айфон 13». Гаджет қарапайым біз түгіл, бай-шенділердің қолына енді тиіп жатыр. Жақында ғана қолданысқа енген 13-ші маркалы айфонның құны 1.000000 теңгеден басталады. Оның басқалардан ерекшелігі жаңа қолданбасы мен әдемі камерасында ғана. Артық ештеңесі жоқ. Тек бағасы аспандап, цифры өзгеріп жатқаны болмаса, аты да заты да өзгермеген. Алайда оның жаңа маркасын сатып алуға бүгінгі жастарымыз құмар.
Расында, бүгінгі жастардың дені заманның көшімен жүргісі келеді. Телефонға телміріп, бірінен бірі қалмай ойындағы дүниеге қол жеткізуді арман етеді. Бірақ қолындағы құрылғының пайдасынан зияны көп екенін біліп тұрғанымен, оған қатты құмартады. Әңгіме смартфон жайлы басталған соң, мұны да айтпай кетпесек болмас. Әлеуметтік желі пайда болып, түрлі ұялы-телефондар шыққалы кітапханаға барып, газет-журнал оқитындарды сирек кездестіретін болдық. Жасыратыны жоқ. Газетке емес, гаджетке құмар жастарымыз көп бүгінде. Әтеген-ай деп қаласың…