Атыраулық оқушылар жылыжай салғалы жатыр. Мұндай ерекше мүмкіндікті оқушылар «Nxplorers: Жасыл ұрпақ бәйгесі 2.0» республикалық ғылыми жобалар конкурсында жеңіп алды.
Ауа сапасын жақсартуға арналған фиторемидианттық қасиеті бар өсімдіктерді өсіруге бағытталған жылыжай жобасы экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізбек.
39 команданың ішінен оқ бойы озық шыққан атыраулық оқушылардың жобасы экологиялық мәселені шешуге бағытталуымен құнды.
Бірі 9-сыныпта, енді бірі 11-сыныпта сыныпта оқитын Нұрдәулет Серікұлы пен Рустам Жабагин мектеп жасында жүріп осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін иеленеміз деп тіпті де ойламаса керек.
Рустам Атырау қаласындағы Жамбыл атындағы №21 мектептің 11-сыныбында оқиды. Нұрдәулет – Атырау қаласы маңындағы Алмалы ауылындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы. Ғылыми жоба жасап, серіктес атанған оларды Абай атындағы оқушылар сарайының JasSpace кеңістігі кездестірген.
«Рустам екеуміздің кездесуіміздің өзі қызық болды. Біз былтыр жазда STEAM бағытта тегін білім беретін JasSpace кеңістігінде «Робототехника», «Ағашпен жұмыс», «STEAM кіріктірілген биология» курстарында оқып жүріп таныстық. Өз басым сол уақыттан бері STEAM кеңістікке үзбей келіп жүрмін», – дейді Нұрдәулет.
Ол ғылыми жобаны зерттеу, дайындау кезеңі өзі үшін құнды тәжірибе болғанын айтады.
«Біздің жобамыз экологияны жақсартуға арналған. Экожылыжайда фиторемидианттық қасиеті бар өсімдіктер өсіреміз. Мұнда өсімдіктер тамшылатып суару әдісімен өсіріледі. Жылыжайда фитолампалар орнатылады. Сонымен бірге арудино арқылы жабдықталған құрылғы болады. Құрылғы жылыжайдағы ылғал мен ауа температурасын өлшеп тұрады. Жылыжайда шпинат, күнбағыс сынды өсімдік өсіруді жоспарлап отырмыз», – деді Нұрдәулет.
Жас ғалымдар ауа тазалығы адамзат үшін нөмірі бірінші мәселе екеніне сенімді.
«Әрине, біз жобамыз арқылы бүкіл планетаның ауасын тазартып жібереміз дей алмаймыз. Біздің жобамыз макет түрінде қалмай, іске асырылады. Осылайша, жылыжайды өзіміз күнделікті келіп, білім алып жүрген JasSpace кеңістігіне орнатамыз деп шештік», – дейді жас ғалымның бірі Рустам Жабагин.
Микробиолог ғалым Жанар Нұртөлеу ғылыми жетекші ретінде оқушыларды конкурсқа дайындаған.
«Мен жеңістен бұрын балаларды өз мүмкіндігіне сендіруді мақсат еттім. «Конкурсқа қатысамыз, экологиялық жылыжай жасаймыз» деп оқушылар алдыма келген кезде балалардың көзінен ерекше бір от байқадым. Оқушылар жобаны жасау процесіне уақытпен санаспай жүріп, атсалысты. Бастысы, балалар бұл жобаның қоғамға пайдасын әкелетініне сенді», – дейді ол.
Жас ғалымдарға жетекшілік еткен микробиолог Жанар Нұртөлеудің айтуынша, конкурс шартына сәйкес, жоба алты айда іске асырылуы тиіс.
«Жылыжайдағы өсімдіктер ауадан, топырақтан түрлі зиянды химиялық қосылыстарды бөліп алып, оны ыдыратады. Сондай-ақ ауа мен топырақтағы зиянды қосылыстарды пайдалы заттарға айналдырады.
Соның нәтижесінде оттегі қоры молайып, ғимараттағы ауа сапасы жақсарады. Әзірге біз шпинат, күнбағыс сияқты өсімдіктерді өсіруді жоспарлап отырмыз.
Ауа сапасының жақсаруы адам денсаулығына жақсы әсер етеді. Иммунитет күшейеді, метаболизм қалыпқа келеді, жүйке жүйесінің жұмысы қалыпқа түседі», – дейді ғалым.
Оқушылар арасындағы ғылыми жарыстардың жеңімпазы ретінде элиталық мектептің шәкірттерін танитынымыз жасырын емес. Рустам мен Нұрдәулеттің жеңісі барлық оқушының мүмкіндігі тең екенін дәлелдеді. Қарапайым мектепте оқитын балалар JasSpace кеңістігінде қосымша білім алу арқылы үлкен мүмкіндікке жол ашылатынын көрсетті.
Тағы бір айта кетерлігі, ауаны тазарту – Атырау үшін өзекті мәселе. Былтыр ғана Атырау ауасы ең лас қалалардың қатарына енді. Ал жақында Экология министрлігі Атырауда ауа атмосферасының 46 пайызы ластанғанын ашық мәлімдеді. Өңір ауасын ластаушы көздің бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты екенін ескерсек, тек өткен жылы аталған кәсіпорыннан шығатын ластаушы заттар 23 мың тоннаны құраған.
Орны толмас экологиялық апаттың алдында тұрған Атырауда енді оқушылардың жасыл жобаларының өміршеңдігін қамтамасыз ететін тетіктер керек-ақ…