Зілзаладан зардап шеккен Түркияға әлем елдері көмек беріп жатыр. Қазіргі күні Қазақстаннан жіберілген құтқарушылар тобы қираған аймақтарда іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісіп кетті. Сүйінші жаңалық та бар. Кеше хабар-ошарсыз кеткендер санатында болған Қазақстан азаматы Сәбина Мамадиярова табылды. Үйінді астында қалған жерлесіміздің көрер жарығы бар екен. Ол ауыр дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Қазір Қазақстанның өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр. Осы мақсатта Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары мінген ұшақ Түркияның Газиантеп қаласына межелі уақытта жеткен.
Қазақ құтқарушылары үйінді астынан жергілікті мамандармен бірлесіп, тірі қалған әйелді шығарып алды. Және біздің мамандар осы нысаннан тағы бір адамның денесін тапты. Қираған ғимартты толықтай аршу қиындық тудырып, күрделі жағдай қалыптасқанына қарамастан құтқару жұмыстары тәулік бойына жалғасып жатыр
Олар қазір өздерімен ала барған техника мен құрал-жабдықтарды түсіріп, жергілікті билік өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау тетігін пысықтап алған. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы учаске бекітілген. Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрагим Күлшімбаев құтқарушылардың жұмыс барысын баяндады. Оның айтуынша, жер сілкінісі болған жерде күрделі жағдай қалыптасқан. Құтқарушылар үйінділер арасында қалған адамдарды іздестіріп, әкелінген құтқару жабдықтарын қолданып жатыр.
– Газиантеп қаласының Ататүрік көшесінде екі нысан бойынша тобымыз екіге бөлініп жұмыс істеп жатыр. Құтқару операциялары кезінде құлаған үйлердің қирандыларын қарап, арасында қалып қойған адам бар-жоғын тексеріледі. Мәйіт болса оны алып шығу да – біздің міндет. 30 адамнан тұратын бір тобымыз бір нысанда, 10 адамнан құралған екінші тобымыз басқа нысанда жүр. Олар түрік құтқарушыларымен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Мына жерде барлық күш-құрал бар. Келген еріктілер тамақ жағын ұйымдастырып жатыр. Қаланың әкімшілігі де бізбен бірге, қасымызда, – деді Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркиядан жолдаған бейне үндеуінде.
Сонымен қатар Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Ибрахимили ауданында іздестіру-құтқару жұмыстарына да кірісті. Ведомствоның мәліметі бойынша құтқару жасағы екі топқа бөлініп, олардың әрқайсысы қиын учаскелер – қираған тұрғын үйлерді тексеріп жатыр. «Біріншісі – бұл алты қабатты үй, оның толық қирау қаупі бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, адамдар үйде қалуы мүмкін. Қазіргі уақытта кинологиялық есептер іздеу жұмыстарына кірісті. Егер адам табылса, иттер тиісті белгі беріп, оларды үйінді арасынан шығарып алу жұмыстары басталады. Екіншісі – бұл толығымен қираған тұрғын үй, онда адамдар да болуы мүмкін. Жедел ақпарат бойынша құтқарушылар үйінді астынан қайтыс болған адамның денесін шығарды. Мұнда құтқарушылар конструкцияларды бөлшектеп, іздеу жұмыстарын одан әрі жүргізу үшін үйінді астына түседі. Екі объектіде де құтқарушылар адамдардың болу фактілері толық жойылғанға дейін жұмыс істейді», делінген ТЖМ хабарламасында.
Қазақстаннан барған құтқарушыларды тағы бірнеше нысанды аршып, тазалау жұмысына тарту туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігінің өкілдері хабарлады. Жерлестеріміздің жұмысы нәтижесіз емес. Мысалға, іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатқан учаскелердің жанындағы тұрғын үй толықтай қираған болатын. Осы нысанда республикалық жедел-құтқару жасағының кинологиялық қызмет тобының Джейкоб атты иісшіл иті үйінді астында тіршілік белгісі барын анықтады. Яғни иісшіл ит қирандылардың арасынан тірі адамның дыбысын естіп, белгі берген. Джейкобтың әрекеті негізінде «тыныштық минуты» жарияланды. Бұл – көмек сұраған кезде адамдардың үйінділердің астындағы дауыстарын естуге арналған уақыт. Құтқару жұмысы жалғасып, үйіндіні аршу жалғасуда
Қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы Түркияға кеше аттанды. Тиісті тапсырманы Президент берді. Екінші эшелон қатарында жеке құрамнан 60 адам, олардың ішінде ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, кинологиялық есептері бар. ТЖМ жедел әрекет ету күштерінде авариялық-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектердің 160-тан астам түрі бар. Жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі орталық штабпен келісе отырып, ТЖМ-ның екінші тобы Газиантеп қаласындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қосылады. Барлығы Түркияға аттанған қа зақстандық құтқарушыларының саны 100 адамнан асады.
Түрік жеріне табан тіреген бойда құтқарушылардың екінші тобы да бірден іске кіріскен. ТЖМ ресми парақшасында жер сілкінісі салдарынан бүлінген үйлердің конструкцияларын демонтаждау және іздестіру-құтқару жұмыстарының жедел кадрлары жүктелді. Онда қазақстандық құтқарушылар түрік әріптестерімен бірге құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Түркияға келген қазақстандық құтқарушылар күрделілігі жоғары нысандарға бекітілген. ТЖМ ресми мәліметі бойынша өткен тәулікте бірінші топ өте көлбеу келген алты қабатты үйге толығымен тексеру жүргізген, үй шөгіп кеткен, құтқарушылар қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Олар үйге кіріп іздестіру кезінде қаза тапқан 3 әйелдің денесін тауып шығарған. Қазір онда үйінділерді тазарту, құрылыс конструкцияларын шығару жүріп жатыр. Екінші топ толығымен қираған 9 қабатты екі үйді тексерген, сонымен қатар олар жергілікті құтқарушылармен бірге зардап шеккен әйелді шығарып алған. Осы объектіде құтқарушылар 1 адамның денесін тапқан. Қирау орнында күрделі жағдай қалыптасқан. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин барлық топтағы құтқарушыларды жөнелтудің алдында нұсқаулық өткізді. Министр оларға адамдарды іздеу және құтқару бойынша жауапты міндеттер жүктелгенін, сондай-ақ Түркия азаматтарының жер сілкінісінің салдарымен тезірек күресу мүмкіндігіне деген үмітін атап өтіп, құтқарушыларға туыстары мен жақындары арасына аман-есен оралуын тіледі.
Айта кетейік, Түркияға жіберілген қазақстандық құтқарушылар тәжірибелі мамандар, олардың азаматтарды құтқаруда және әртүрлі төтенше жағдайларды жоюда практикалық дағдылары мол. Мәселен, Түркістан облысынан Түрік еліне 9 дәрігер жіберілген. Олардың арасында терапевт, ортопед, нейрохирург, ангиохирург, проктолог, хирург, невролог мамандар бар. Олардың барлығы түрік тілін еркін меңгерген. Сондай-ақ Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы университетінің оқытушылары бір күндік жалақыларын аударған.
Ал еліміздің Сыртқы істер министрлігі Түркияда зардап шеккен Қазақстан азаматтарының жоқ екенін мәлімдеді.
– Қазір Түркиядағы дипломаттарымыз осы елдегі Қазақстан азаматтарымен байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Студенттер арасында тиісті ақпараттық хабарлама таратылды. Қазақстанның Елшілігі Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасымен тұрақты байланыста. Осы уақытқа дейін зардап шеккен немесе қаза тапқандардың тізімінде ел азаматтары жоқ. Сонымен қатар көптеген қираған ғимараттың астынан зардап шеккендерді құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Алайда Түркияда отандық компанияда жұмыс істеген Қазақстан азаматы табылмай жатқаны туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Түркиядағы жойқын жер сілкісінен кейін Қазақстан азаматы Мирус Құрмашев жоғалып кеткен.
– Досымыз, Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус Құрмашев Түркиядағы зілзала кезінде жоғалып кетті. Ағасы Алмат Құрмашевтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде ол Түркияның Хатай қаласында болған. Содан бері онымен байланыс үзілді. Отбасы мен достары алаңдап, жан-жақты іздестіруде, бірақ әлі де ешқандай хабар-ошар жоқ, – деп хабарлады Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев. Оның сөзінше, Мирустың бауыры мен достары, қазақстандық еріктілер оны іздеу үшін Түркияға ұшып кеткен.
Сыртқы істер министрлігі болса бұл жағдайға қатысты түсінік бере алмайтынын, жоғалған азаматтың туыстары Түркиядағы Қазақстан консулдарына хабарласу керегін айтты.
Түркиядағы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы өкілетті органдарға шұғыл көмек көрсетуді тапсырғаны белгілі. Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің үйлестіруімен Ұлттық волонтерлер желісі Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау іс-шарасын бастады.
«Гуманитарлық көмек республикалық маңызы бар барлық қалалар мен облыс орталықтарындағы «Birgemiz» өңірлік волонтерлер фронт-офистерінің кеңселерінде ұйымдастырылып, Ұлттық волонтерлік желісі арқылы Қазақстандағы Түркия елшілігіне тапсырылады. Түркия елшілігіне барып, зілзалада опат болғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез сауығып кетуіне тілектестік білдірдім. Сонымен бірге волонтерлер тарапынан жасалатын көмек турасында пысықтадық», деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Билікпен бірге ел белсенділері, қарапайым тұрғындар да бауырлас елге көмек қолын созып жатыр. Журналист Нұрбек Бекбау зардап шеккен халыққа киіз үй жіберуге ниет білдіріп, халыққа ой тастады. Бұл бастаманы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жеткізді.
«Түркияға жүз шақты киіз үй жіберсек? Зілзаладан үйлері қирап қалған халық ашық далада отыр. Сүйегі жеңіл, құламайтын киіз үй шошып отырған бұқараға психикалық қатерсіз көңіл күй сыйлар еді. Наурыз мейрамында әр облыста жүздеген киіз үй тігіледі. Әкімдіктер өңірде қанша киіз үй барын біледі. Жинап, Түркияға жіберейік. Осы жолы Наурыз тойламай-ақ қоялық. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, «атажұрттан көмек келді» деген сөздің психологиялық салмағы алапат. Әрі достығымыз, туыстығымыз осындайда артады», деді Нұрбек Бекбау.
Қазір Түркияда он елдің 1000-ға жуық құтқарушы маманы зардап шеккен нысандарда жұмыс істеп жатыр. Алапат кесел орын алған күннен бастап бұл елге Әзербайжаннан – 400, Қазақстаннан – 100, Ресейден – 100, Беларусь Республикасынан – 64, Қырғызстаннан – 63, Грузиядан – 60, Өзбекстаннан – 60, Молдовадан – 55, Тәжікстаннан – 50, Эстониядан – 44 құтқарушы аттанған.