Соңғы бесжылдық көлемінде елдегі мұнай зауыттары жиі жөндеуден өтетін болды. Жөндеу деген аты болмаса, бұл өзі елді біраз әбігерге салатын кезең. Өйткені өндіріс уақытша тоқтаған соң бензин тапшы боп, баға қымбаттауы бірнеше рет қайталанды. Ал мұнай өңдеу зауыттарын жөндеуге қыруар қаржы шығындалады. Зауыт жиі жөнделсе, шығын да молаймақ. Сайып келгенде, бұл көкейге күмән ұялатпай қоймайды.
Теңіздегі бәсеңдеген «толқын»
Таяуда Теңіз кен орнында соңғы бірнеше күнде мұнай өндірісі азайғаны мәлім болды. Оған себеп – 6 мұнай өндіру желісінің біріндегі жоспардан тыс жөндеу жұмыстары. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, өндіріс жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қайта жалғаспақ. Бірақ ведомство жөндеудің қашан басталғанын, қашан аяқталатынын нақтыламаған. Тек жыл басынан бері Теңіз кенішінде өндіру жоспары 102 пайызға орындалғанын алға тартыпты. Осылайша, жоспардан тыс жөндеу өндірісті уақытша тұралатпақ.
Аталған министрліктің 1 ақпанда өткен жиынында Теңіз кенішіндегі өндірісті жылына 12 миллион тоннаға арттыруға тиіс кеңейту жобасы 45,2 миллиард доллардан 46,7 миллиард долларға қымбаттағаны айтылған еді. 2016 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жоба 2024 жылдың маусым айында іске қосылуы тиіс. 2022 жылдың соңында жоба бойынша жұмыс 96,1 пайыз орындалған. Биыл бұл көрсеткіш 99 пайызға жетеді деп күтіліп отыр. 2023 жылы Теңізде мұнай өндіру көлемі 27,9 миллион тонна, газ 16,1 миллиард текше метр болады деп болжанған. Қазақстан биыл жалпы көлемі 92 миллион тоннадан астам, 2024-2025 жылдары өндіріс болжам бойынша 100 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Әйткенмен, мұнай өңдеу зауыттары көңіл көншітпейтіндей. Жиі жөндеуді қажет ететін нысандардың шығыны пайданың біраз бөлігін кемітіп жатқан тәрізді.
Жөндеуден соң жанармай «жоғалады»
2021 жылы елдегі мұнай өңдеу зауыттары кезегімен жөндеуге түсіп, халықты біраз әбігерге салғаны есте. Сонда наурыздың ортасына таман Энергетика министрлігі Шымкент пен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты жөндеу мақсатында жұмысын уақытша тоқтататынын хабарлаған. Бірақ осы кезде аяқасты Атыраудағы мұнай өңдеу зауытынан да ақау шығып, жаңағы екі нысанның құрылысы кейінге шегерілді. Сөйтіп, үш кешен де бір жылдың ішінде жөнделді. Осы тұста бір қызық жайтты айта кетсек. Негізі, аталған мұнай өңдеу зауыттары содан 3 жыл бұрын ғана, 2018 жылы жаңартылған. Құрылысқа бақандай 2 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Осыған қарамастан зауыттар қайта жабылып, жұмысын тұралатты. Бұл жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалмағанын білеміз. Президент елдегі мұнай өңдейтін зауыттар мол қаржыға жаңартылса да, неліктен жиі жабылып қала беретінін түсініксіз жайтқа балады. Осыны айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы мұнда бір шикіліктің барын жеткізген. Демек, қаржы шығындауда көлденең көк аттылардың күрделі схемаларға құрылған мүддесі жатқан болуы мүмкін. Мұнай өңдейтін зауыттардың жұмысы тұралаған соң елде жанармай бағасы да қымбаттап шыға келеді. 2018 жылы алғашқы 6 айда 13 пайызға өсті.
Осы тұста әңгімені әріден тартуға тура келеді. 2018 жылы шілдеде мотор отынының сапасы K-4 және К-5 экологиялық кластарына сәйкес келуі тиіс болды. Сол кезде Энергетика министрі болған Қанат Бозымбаев үш ірі мұнай өңдеу зауытына енгізілетін жөндеуді басқаруды автоматтандыру жүйесінің тиімділігін алға тартып, зауыттарға 3 жыл сайын 45 күндік жөндеу жүргізілетінін айтқан болатын. Бірақ бұл жөндеу жұмыстары жоспар бойынша әр зауыттың өңдеу көлемін жылына 300 мың тоннаға дейін арттырып, елді бензин тапшылығына ұшыратпау қажет болған. Алайда нәтиже мүлде олай болмады. Қазақстанда бензин тапшылығы әдеттегі жағдайға айналды. 2018 жылы зауыттар жаңартылып жатқанда бензин тапшы болып, Аи-92 маркалы сұйық отынның бағасы кей аймақтарда 200 теңгеге дейін жетті. 2021 жылы да кешен жөнделеді дегенде осыған ұқсас жағдай қайталанды. Расымен, жөндеу жұмыстары тек кері әсерін тигізер болса, зауыттарды 3 жыл сайын неге жаңартуымыз керек? Экономист Жанкелді Шымшықов бұл мәселеде шикілік жатқанын тілге тиек етеді.
«90-жылдары экономист Жарысбек Абуталипов «біздің мұнай өңдеу зауыттарымыз мұнайды 60 пайыз деңгейінде ғана қайта өңдейді, ал озық елдерде бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін жетіп отыр. Мұнайды қайта өңдеу деңгейін шетелдер дәрежесіне көтеру үшін мұнай өңдеу зауыттарын түбегейлі жаңғырту және заманауи технологияларды енгізу қажет» деген болатын. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, зауыттар жаңа инновациялық өнімдер өндіруді қолға алмақ түгілі, экономикамыздың жанар-жағармайға деген қажеттілігін де қанағаттандыра алмады. Бұл өз кезегінде ел ішінде жанармай бағасының тұрақсыздығына себеп болып отыр. Егіс науқаны басталар тұста мұнай өңдеу зауыттары «жоспарлы» жөндеуге тұрғызылады, баға да бірден қымбаттайды. Бұрын ЖЖМ-ның қымбаттауын мұнай бағасының өсуімен түсіндіріп келгендер мұнай бағасы арзандағанда кезде де неліктен баға толассыз жоғарылап отырғанын тағы да зауыттар қуатының әлсіздігіне жаба салды. Біздің пайымдауымызша, бұл мәселе зауыттардың әлсіздігінен емес, монополияға қарсы тиісті комитеттің бағаны реттеп, қадағалаудағы дәрменсіздігінен туып отыр. Нәтижесінде, барша тұтыну тауарлары мен қызметтер бағасы көлік шығындарының өсуі салдарынан жаппай көтеріліп, инфляцияны одан сайын өршітті», – дейді маман.
Қауырт іс қатар келеді
Жанармай тапшылығы дегеннен шығады, 2021 жылы Энергетика министрлігі «қазақстандықтар мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу кезінде бензин тапшылығы мен қымбаттауын сезінбейтін болады» деп жар салған. Әдеттегі сылтау – осы. Бірақ мүлде олай болмады. Мәселен, сол жылы Қызылорда, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы жанармай құю бекеттерінде сұйық отын тапшы болып жатты. Шынында, Шымкенттің аумағында бүтін бір үлкен аймақты жанармаймен қамтамасыз етуге шамасы жететін қазіргі заманғы мұнай өңдеу зауыты бар. Мәселе – неде? Бензин тапшылығының түп себебі 2021 жылғы қаңтарда басталған. Атырау облысына KEGOC энергиясын жеткізуде қиындық болды. Бұл жағдай Атырау мұнай өңдеу зауытында бензин мен дизель отынының өндірісіне айтарлықтай әсер еткен апатты тудырды. Кейін сәуір айында Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында жоғары сұранысқа ие бензин мен дизельді отын өндірісі едәуір төмендеп, зауытты жоспардан тыс жөндеу қажеттілігі туындаған соң Энергетика министрлігі наурыз-сәуір айында жоспарланған Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысын кейінге қалдырды. Шынында, кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Сосын елімізде жанар-жағармайға сұраныс 20 пайызға өсті. Бөлшек сауда нарығының ірі қатысушылары сұраныс жоғары болатын маусымды қалыпты жағдайда өткізу үшін дизельдің қорын жасауды дер кезінде қамтамасыз еткен. Ал тауар қорын тек 2-3 аптаға жасайтын жергілікті бөлшек сауда мұндай қарқында жұмыс істей алмай қалды.
Осылай біртіндеп күрделене бастаған мәселенің соңы неге соқтырғанын жақсы білеміз. Былтыр жыл басында болған келеңсіз оқиғада халықтың көңіл күйіне сұйық отын бағасы да әсер еткені жасырын емес. Әрине, мұнай өңдеу зауыттарынан ахуалы жақсарғаны жөн, дегенмен күтпеген жерден жөндеу жұмыстары қайталана беретіні қызық-ақ. Бұны шикіліктің шеті ретінде балаймыз ба, анығы беймәлім.