Қазақ елінің негізгі бір қазынасы – «қара алтын». Қазір мұнай баррелінің құны біресе қымбаттап, біресе арзандап, қайта-қайта құбылып тұр. Мұнай бағасының тұрақты болмайтыны әуелден белгілі еді. Десек те, бағаның бұлайша құбылуы экономикасының жетекші саласы мұнай-газ өнеркәсібімен байланысты елдер үшін аса тиімді емес.
Мұнай баррелінің құнына алуан түрлі болжам, жорамал жасалып отыр. Мәселен, жыл басында Швейцариядағы UBS Group AG банкінің сарапшылары мұнай бағасының қымбаттайтынына болжам жасады. Сарапшылар мұны мұнай-газ өнеркәсібіне, Қытай мен дамушы елдер экономикасын қалпына келтіруге құйылатын инвестициялық қаржы көлемінің аз болатындығымен түсіндіреді. Олардың болжамына қарағанда, жыл соңына таман Brent маркасына жататын «қара алтын» баррелі – 110, WTI мұнайы – 107 АҚШ долларына дейін көтеріледі.
Сол тұста тұманды Альбион астанасы – Лондон шаһарындағы ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың фьючерсі барреліне 78,30 доллардан саудаланды. Ал WTI мұнайының келісімшарттары барреліне шамамен 73,80 долларды құрады. «Мұнайға сұраныс тәулігіне 1,6 млн баррельге дейін өседі. Жылдың екінші жартысында мұнайға сұраныстың рекордтық көрсеткіші – тәулігіне 103 млн баррельден асуы ықтимал» делінген UBS есебінде.
Банк сарапшылары мұнай бағасының өсуіне түрткі болатын бірнеше себепті алға тартады. Біріншіден, мұны әлем экономикасын шырмауықтай шарпыған инфляциямен байланыстырады.
Қазір әлем елдерінің бәрінде инфляцияның шарықтауы бұғаудан шығып барады. Бұл тек мұнайдың ғана емес, өзге де тауарлар бағасының қымбаттауына әкеліп соғады.
Екіншіден, АҚШ-тағы қатаң еңбек нарығының әсері бар. Оның үстіне тауарды жеткізу тізбегіндегі түрлі шектеулердің ықпалы тимей қоймайды. Міне, осындай жайттар шығындар үлесін едәуір ұлғайтары даусыз.
Тағы бір себеп – жеті қат жер астынан мұнай өндіру көлемінің төмендейтіні. Мәселен, мұндай қадамға Каспий теңізінен «қара алтын» өндіруді жағалаудағы елдерден бұрын бастаған Әзербайжан үкіметі барғалы отыр. Бұл елде биыл газ конденсатын қоса есептегенде, мұнай өндіру көлемі 31,2 млн тонна шамасында болатыны жоспарланған. Өткен жылғы жоспар 32,7 млн тонна көлемінде болғанын ескерсек, биыл «қара алтын» өндірісі 4,6%-ға төмендейді.
Ал халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) дерегіне қарағанда, биыл әлемде мұнайды тұтынуға әлемдік сұраныс артып, тәулігіне 1,9 млн баррельге өсуі мүмкін. Бұл болжам расқа айналар болса, тәулігіне өндірілетін «қара алтын» 101,7 млн баррельге жетеді.
Агенттік сарапшыларының пікірінше, мұнайға сұраныс авиаотынды көбірек тұтыну есебінен артпақ. Биржа жағалаған ойыншылардың тынышын кетірген «қара алтынға» сұраныстың жартысына жуығы Қытай елінен түсуі мүмкін екендігі жоққа шығарылмайды. Бірақ бұл үшін Аспан асты еліндегі коронавирус инфекциясына қарсы шектеулердің күші жойылуы қажет.
Керісінше, тұтынушыға мұнай жеткізудің өсімі тәулігіне 1 млн баррельге дейін төмендейтіні болжанып отыр. Әрине бұл – «қара алтын» тасымалдаушылардың табысын ортайтатын, тіпті көңіліне кірбің ұялататын болжам. Өйткені 2021 жылы мұнай жеткізу 4,7 млн баррельге артып, делдал ойыншылар кірісі молайғаны даусыз.
Мұнай бизнесінде үлесі барларды ойлантатын тағы дерекке сүйенсек, ОПЕК+ құрамына кірмеген елдерде «қара алтын» сұранысына қатысты ұсыныс тәулігіне 1,9 млн баррельге ұлғаяды. Алайда ОПЕК+ ұйымының ұсынысы басқаша сипат алып отыр. Нақтысында бұл ұйым Ресейдегі өндірістің төмендеуіне байланысты тәуліктік өнім өндіру 870 мың баррельге қысқаратынын жоққа шығармайды.
Жаһандық экономиканың дамуына талдау жасайтын халықаралық валюта қорының (ХВҚ) да өз болжамы бар. Қор дерегінше, мұнай баррелінің бағасы 16,2 пайызға арзандайтыны анық. Демек «қара алтынның» бір баррелі 81,13 долларға дейін төмендейді. Шынымен мұнай бағасы дәл осылай төмендесе, бұл жанармай санатына жатпайтын шикізат тауарларының бағасы орташа 6,3%-ға арзандауы әбден мүмкін деген сөз. «2022 жылғы 29 қарашадағы фьючерстік нарықта есептелген орташа болжамды баға 2023 жылы 81,13 долларды, ал 2024 жылы 75,36 долларды құрайды», делінген қор талдауында.
Сауда-саттықтың қыр-сырына қанық сарапшылар мұнай бағасының жиі құбылуын қалыпты жағдай ретінде бағалап отыр. Бұған соншалықты алаңдаудың қажеті жоқ. Өйткені баррель құны бір көтеріліп, бір төмендейді. Кейде тоқтаусыз қымбаттап, керісінше, бірнеше күн қатарынан арзандайтыны қайталанып жүр. Бұл – жыл сайынғы үрдіс. Оған биржа ойыншыларының қитұрқы әрекеті де себеп болуы мүмкін. Тіпті әлемде болып жатқан геосаяси ахуалдың да, техногендік сипаттағы апаттардың да әсері тиетіні дау тудырмайды. Қырғи-қабақ елдер арасындағы экономикалық санкцияның да салқыны бар.
Мәселен, мұнай баррелі бір жұма бұрын қымбаттаған еді. Енді тағы да қайтадан құлдырауға бет алды. Бұған алдағы кезеңде болуы мүмкін инфляцияның деректері, Азия мен АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын қалпына келтіру әсер еткен секілді. Тағы бір дерекке жүгінер болсақ, Brent маркалы мұнай фьючерстері 74 центке немесе 0,9%-ға арзандап, барреліне 85,65 долларға тұрақтады. Америкалық WTI маркалы мұнай 2,1% өсімнен соң қайтадан 73 центке немесе 0,9%-ға арзандады. Сөйтіп, оның бір баррелі 78,99 долларға сатылды. Әрине мұндай баға ұзақ уақыт сақталмауы бек мүмкін. Бірнеше күннен кейін қайта өзгеретіні анық.
Осыған байланысты OANDA биржалық компаниясының сарапшылары шикі мұнай бағасының төмендеуін бір ғана себеппен байланыстырады. Бұл – энергетикалық трейдерлердің оған сұраныс болжамының әлеуетті әлсіреуін күтуі. Ал CMC Markets сарапшыларының түсіндіруінше, Джейхандағы түрік терминалы арқылы Әзербайжанның мұнайын экспорттау қайта жандана бастаған. Сөйтіп, өткен аптада «қара алтынды» жеткізумен байланысты туындаған алаңдаушылықтың қара бұлтын сейілткен. Тегінде бұл терминал Әзербайжан мен Ирактан мұнай тасымалдайтын құбырлар үшін қойма рөлін атқарады. Бұған қоса мұнайды жөнелту үшін тиеу бекеті ретінде қолданылады. Алайда терминал Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі кезінде бүлінген.
Осындай себептер мұнай бағасының оқтын-оқтын өзгеріске ұшырауына әсер еткенімен, әлем елдері көмірсутекті шикізатты өндіру әсте тоқтатпайды. Мұнай өндіруді жалғастыра беретін елдер қатарында 124 жылдан бері «қара алтын» селін үздіксіз беретін кен орны көп Қазақстан да бар. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, былтыр мұнай өндіру көлемі 84,2 млн тоннаны, «қара алтын» экспорты 64,3 млн тоннаны құраған. Ал биыл мұнай өндіруді 90,5 млн тонна, ал мұнай экспортын 71 млн тонна деңгейінде қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Мұнай өнімдерін өндіру көлемі 13,7 млн тоннаға жеткен. Оның ішінде 5,2 млн тонна дизель отыны, 2,8 млн тонна мазут, 5 млн тонна бензин өндірілді. Ал авиаотын өндіру көлемі – 0,7 млн тонна. Авиаотын өндіру жоспарының орындалмауы Атырау мұнай өңдеу зауытында былтырғы қазан-қараша айларында жүргізілген жөндеу жұмыстарымен байланысты болып отыр.
– Мемлекет басшысы сапалы жанар-жағармайға артып келе жатқан қажеттілікті қамтамасыз ету міндетін алға қойды. Биыл бұл міндетті орындау шеңберінде өндірісті жылына 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін, келешекте жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Осы мақсатта Шымкент мұнай өндеу зауытын кеңейтудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге кірісеміз, – дейді Болат Ақшолақов.
Қазақстан да – мұнай экспорттаушының бірі. Өйткені мұнай экспортынан ел бюджетіне құйылар түсім аз емес. Елімізде өндірілген мұнай қай елдерге экспортталады? Олар мұнайды қандай бағамен сатып алады?
Energy Monitor қоғамдық қорының мәліметіне қарағанда, Қазақстанның мұнайы 30 елге экспортталады. Мәселен, былтыр біздің елде өндірілген мұнайдың бір тоннасы үшін 597 доллардан жоғары баға ұсынған 10 ел бар. Бұлар – Италия, Нидерланд, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия, Франция, Румыния, Сингапур, Испания және Үндістан.
Қазақтың мұнайын сатып алушылардың бастауында Италия тұр. Бұл елдің үлесі «қара алтын» экспортының 27,9 пайызын құрайды. Италия тұтынушыларына сатылған «қара алтынның» бір тоннасы – 731 доллар.
Тармақ-тармақ құбыр тартып, көліктің теміржол, танкер секілді түрлерімен экспортталған мұнайдың бағасы барлық ел үшін бірдей емес. Мәселен, Сингапурға сатылған мұнайдың бір тоннасы 597 долларға бағаланған. Бұл – ең төменгі баға. Румыниядағы тұтынушыларға 665, Нидерландқа – 704, Түркияға – 715, Францияға – 724, Испания еліндегі сатып алушыларға 743 доллармен жөнелтілген. Ал Оңтүстік Корея мен Қытайға экспортталған мұнайдың құны 767 долларды құраған. Әлемде халық саны жағынан алдыңғы орындағы Үндістанның тұтынушылары ең жоғары баға ұсынып, «қара алтынды» 770 доллардан сатып алған.
Әрине қазақ мұнайына қызығатын ел көп. Соның ішінде Азия елдерінің қазақ мұнайының бір тоннасы үшін өзгелерден жоғары баға ұсынатыны байқалады. Шетелге экспортталған мұнайдың 1 тоннасы үшін орташа баға 720 долларды құрап отыр. Бұл – былтырғы баға. Аз ба, әлде көп пе?.. Өзіңіз бағамдай беріңіз!