Алаяқтардың арбауына түскен атыраулық дәрігер бір сәтте үйінен айырылып қалды. Оған қоса, алаяқтардың нұсқауымен бірнеше банктен миллиондап несие алып, қарызға белшесінен батып отыр. Ол енді кезінде өзі емдеген пациенттері мен дос-жарандарынан көмек сұрауға мәжбүр.
Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері балалар бөлімінің меңгерушісі, фтизиатр-дәрігер Марат Шуақбаевтың есімі Атырау жұртына жақсы таныс. Әсіресе, 2020 жылы әлемді коронавирус жайлап, пандемия алқымнан алған кезде дәрігердің шарапатын көргендер көп. Талайды ажал тырнағынан арашалап қалғаны өз алдына, онлайн форматта атыраулықтарға дәрігерлік кеңес беріп отырды.
Алтын қолды дәрігер ойламаған жерде алаяқтардың арбауына түсіп қалған.
«Алаяқтардың арбауына еріп, екінші деңгейлі банктерден аса ірі көлемде несие ресімдеп, оны олардың көрсеткен жеке адамдардың есепшотына аудардым. Тіпті, өз үйімді әлдеқайда арзан бағаға сатып, оның да ақшасын алаяқтарға аудардым. Олардың көрсеткен құжаттарына сеніп, отбасымның қарсылығына да қарамадым. Қысқасы, көңілімде титтей де күдік болмады. Әрине, мұның бәріне өзім кінәлімін», – дейді Марат Шуақбаев.
Алаяқтардың көзі ашық, жоғары санатты маманды қалай тақырға отырғызып кеткені белгісіз. Олардың жымысқы ойын жүзеге асырудағы схемасы жайында құзырлы органдар да мардымды ақпарат берген жоқ.
Тағы бір атыраулық Гүлмира Галиахметова да осындай күйге түскен. Бала күтімімен үйде отырған ана онлайн режимде қосымша табыс табуды ойлап жүріп, алаяқтар құрған торға түсіп қалған.
«Балам екеуміз отағасының тапқан табысына қарап отырмыз. Сәбиіміз 1 жастан енді асты. Қарайтын адам болмағандықтан, жұмысқа шыға алмай отырмын. Амалсыз үйде отырып, қашықтан істейтін жұмыс істеп жүргенімде Instagram желісінен бір жарнаманы көзім шалды. Әрине, бұл істің артында алаяқ тұр-ау деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеді. Өзін Гүлнара Даукеновамын деп таныстырған әйел брокер екен. Ол бір платформа арқылы табысты еселеуге болатынын айтты. Telegram мен Instagram да үлкен аудиториясы бар екен. Солар арқылы табысты болудың жолын үйреткені кәдімгідей сенім ұялатты. Әрі әлеуметтік желідегі парақшасында күн сайын салымын еселеп алған жандардың алғыс айтқан постын жариялайды.
Ойлана келе мен де салым жасап көрдім», – дейді Гүлмира Галиахметова.
Алаяқтардың сөзіне сеніп, қыруар табысты ойлаған кейіпкеріміз алғашында әлдекімнің есепшотына 100 мың теңге жіберген екен. Бірақ брокер хабарласып, биржада 100 мың теңгенің пакетіне арналған орын қалмағанын, кемінде 400 мың теңге салуым керек екенін айтыпты. Гүлмира қарыздана жүріп, тиісті соманы брокер көрсеткен есепшотқа аударған. Осы сәттен бастап Гүлнарадан тырс еткен жауап болмапты. Уәде етілген табыс та жайына қалған. Жолдасына үй алуға көмектесемін деп жүріп, керісінше қарызға батырып қойған ол амалсыз полицияға арызданған.
Кейіпкеріміз айтқан Telegram каналды біз де шалып шықтық. Күн сайын таңертеңнен қыруар қаржының есепшотына түскені туралы жарыса хабарлап, брокерге ағыл-тегіл алғыс айтқандарға қарап олардың тұтас командамен жұмыс істейтіні аңғарылады. Адамның іші-бауырына кіріп кететін «ақылды» жазбалар шынымен де елітіп әкетеді.
Мамандар пандемиядан кейін онлайн алаяқтықтың түр-түрі пайда болып, оның ғаламдық жылдамдықпен дамып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Оның үстіне, карантин шектеулерінен кейін жұмыссыз қалғандардың көбі кез келген жолмен ақша табуды ойлай бастады. Бұл орайда алаяқтардың дәурені жүріп, олар түрлі схеманы іске асыра бастады. Өкініштісі, қарыздан құтылып, табысын еселеймін деп жүргендердің көбі олардың кезекті құрбанына айналып жатыр.