Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан ғылымға ерекше қолдау көрсетіліп, ғылыми жобаларды қаржыландыру да қолға алынды. Алайда ғылыми жобаға бөлінген қаржыны ғылымға қатысы жоқ адамдар талан-таражға салып жатқан секілді. Ол аздай, соңғы 30 жылда ғалымдар санының 2 есе азайғаны белгілі болды. Сонда қазақ ғылымының ертеңінен күтер үміт қандай?
Ғалымдар азайып бара жатыр
Осы уақытқа дейін елімізде ғылымды дамыту мен ғалымдарды қолдауға қатысты түрлі бағдарлама болғанымен, оның қуаты мен қайтарымы мақтанарлық емес. Оған бір мысал, Қазақстанда 1991 жылы ғылыми-зерттеулермен шұғылданушылар саны 42 мың адам болса, қазір бұл көрсеткіш 22 мыңға дейін төмендеген. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025 жылға дейін Қазақстанда ғалымдар мен зерттеушілер санын қазіргі 21,6 мыңнан 34 мыңға дейін жеткізуді өз алдына міндет қылып қойғанын айтты.
– Соңғы екі жылдан бері елде ғалымдар саны азайған. Мысалы, 2019 жылы – 21 843, 2020 жылы – 22 665, ал биыл 21,6 мың ғалым бар екені мәлім болған. Қазіргі 21,6 мың ғалымның 7 525-і – жас ғалымдар. Ғалымдар еңбекақысының тұрақсыз әрі төмен деңгейі кадрлық және ғылыми әлеуеттің негізгі проблемаларының біріне айналып отыр. Осының салдарынан ғылым саласының тартымдылығы төмен. Мәселен, 2021 жылы ғалымдардың орташа жалақысы 187,7 мың теңгені құрады. Бұл Қазақстандағы орташа жалақының 75 пайызына тең, – дейді Саясат Нұрбек.
Осылайша, ведомство басшысы аз уақыттың ішінде 13 мыңға жуық ғалымды қатарға қосуға ниеттеніп отыр екен. Бұл оңай шаруа емес екені айтпаса да белгілі. Ал қазіргі ғалымдардың 32 пайызы ғана орта жасқа толмаған жас зерттеушілер екен.
– Қазіргі ғылымға келетін жастар 1-2 жылда байып кетсем деп ойлайды. Бірақ ғылымда жүрген адам байымайды. Ол тек рухани байиды. Халықтың құрметіне ие болады. Сондықтан жастардың ғылымда нәтижеге жетіп жатқанын мен байқаған жоқпын. Олардың ғылыми жаңалық ашып, оны өндіріске енгізуіне уақыт керек. Сосын терең білім мен ғылыми мектеп керек, – дейді Микробиология және вирусология ғылыми орталығының бас директоры Амангелді Саданов.
Ал ғылым докторы Азамат Ешмұхаметовтың пірінше, ғалымдардың азайып кетуіне бірден-бір әсерін тигізген фактор – ғылыми институттардың тек мемлекет тарапынан бөлінген грантқа өмір сүруі.
– Институттар өзін-өзі қаржыландыра алмады. Сондықтан ол жақтағы ғалымдардың еңбекақысы төмен. Осының салдарынан ғалымдар институттардағы жұмысын тастап кетті. Сосын ғалымдардың арасында да жалған диплом алатындары бар. Олар ғылыми еңбектерін өтірік қорғап, ғылыми дәреже алғанымен, жобаны ары қарай алып жүруге дәрмендері жетпейді, – дейді Азамат Ешмұхаметов.
Ғылыммен айналысатын орта жоқ
Сол санаулы ғалымның барлығында ғылыми дәреже болмай шықты. Тек 35 пайызының ғылыми және академиялық дәрежесі бар. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім және ғылымды дамыту тұжырымдамасында жазылған. «2021 жылғы дерек бойынша Қазақстанда 21 617 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 17 092 зерттеуші маман бар. Олардың 35 пайызы ғана ғылыми және академиялық дәрежеге ие», – делінген тұжырымдамада.
Бұл мәселелерді шешу мақсатында министрлік ғылыми қызметкерлерді ынталандыру тетіктерін енгізу керек деп есептейді. Атап айтқанда, гранттық жобаларды қаржыландыру көлемін арттыру мен мамандардың жалақысын көтеру бойынша жұмыстар қолға алынады. Сонымен қатар тұжырымдамада қызметкерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіру ісіне де ден қойылатыны жазылған.
– Қазір өзіміз де докторанттарды дайындап жатырмыз. Егер студент шетелдік ғалымдармен бірігіп мақала жарияламаса, ол PHD дәрежесін ала алмайды. Ғылыми мақала жазып жариялағанымен де, қазір еліміздегі жоғары оқу орындарының басым бөлігінде лаборатория жоқ. Жоғары оқу орындары ондаған жыл бойы ғалымдарды даярлап жүрсе де, бір құрал алмаған. Яғни, ғылыммен айналысатын орта жоқ. Екіншіден, университеттер ғылыммен айналысуға қаржы бөлмейді. Мысалы, оқытушылар бір қағаз сұрау үшін ректорға өтініш жазады. Көп жағдайда халықаралық ғылыми журналдарға мақала жариялау үшін докторанттар рецензенттердің алдынан өтеді. Еліміздегі ғылыми базасы толық жасақталған Назарбаев университеті болсақ та, біз де рецензенттерден өтуден қиналамыз. Ал басқа университеттердегі докторанттар бұл үдеден өте алмайды. Сондықтан көп жағдайда оқуларын аяқтамайды, – дейді Азамат Ешмұхаметов.
Оның айтуынша, ғылыми мақалаларды 600-700 мың теңгеге жариялап беретін арнайы сервистер де бар. Сосын қазақстандық университеттердің талабы төмен. Олардың докторанттары шетелдік студенттер мақала жарияламайтын Q3 деген журналға мақала шығарады. Қалған 3 мақаласын қазақша журналдарға жариялап, PһD дәрежесін алып кететіндер де бар.
Шетелмен салыстырсақ, біздің елдегі ғылымның даму деңгейі Нигериядан да төмен. Біз әлі ғылыммен айналысып, оны болашаққа жеткізетіндей деңгейде емеспіз.
– Кезінде Қ.Сәтбаев Ғылым академиясын құрған кезде ол жаққа мықты мамандарды жинады. Сол мамандардың арқасында Қазақстанда қаншама зауыт салынды. Олардың бәрі кеткеннен кейін Ғылым академиясына ғылымның не екенін түсінбейтін адамдар келді. Солардың арқасында біз осы деңгейге жеттік. Сондықтан Ғылым академиясында ғылымның ыстық-суығын қатар көрген азаматтар отыруы керек. Бірақ қазір Ғылым академиясын Мұрат Жұрынов басқарады. Бірақ ол ғылыммен айналысып көрмеген адам, ғылыми мақалалары шыққан журналдарының деңгейі төмен. Сонда да өзін ғалыммын деп санайды. Ондай журналдарға біздің студенттер мақала жариялайды, – дейді ғылым докторы Азамат Ешмұхаметов.
Ғылымға қатысы жоқ адамдар грант алған
Жыл сайын ғалымдардың жобаларына мемлекет тарапынан гранттар бөлінеді. Алайда Микробиология және вирусология ғылыми орталығының бас директоры Амангелді Садановтың айтуынша, ғылыми жобаны коммерцияландыруға өтінім берген кезде ғылымға қатысы жоқ адамдар кіріп кетіп жатыр. Сондықтан осы жағына көңіл бөлінсе, іргелі, қолданбалы зерттеу жасалған, ғылыми жаңалығы бар жобаларды ғана дамытуға қаражат берілгені дұрыс.
– Осыдан 2-3 жыл бұрын ғылыми жобаларды коммерцияландыру бойынша минералды су шығаратындарға ақша бөлді. Мұны қаржыландырып отырған – Ғылым қоры. Бірақ ғылыми тұрғыда зерттеліп, қаншама сараптаманың сатыларынан екшеленіп шыққан зерттеудің нәтижесі өндіріске енетін болса ғана қаржыландыру керек. Бір жерді қазып, ол жерден су шығарып ғылыми жаңалық аштым деуге болмайды. Сосын асфальт жасауға да қаржы бөлінді. Ол асфальт жүз жылға дейін сақталады дейді. Ал бұған кім сенеді? Мұндай жобалар ғылыми жобаға мүлдем келмейді. Таза бизнестің жобалары. Ал осыларды біз ғылыми жоба деп қаржыландырып жүрміз,– дейді академик.
Ғылыми жобаларға бөлінетін гранттардың да өз тәртібі бар. Ең басында іргелі жобаларға, одан кейін өндіріске бейімделген қолданбалы жобаларға, соңында жобаның мақсатты бағдарламасына грант бөлінеді. Ғылыми жоба өндіріске келгеннен кейін оны Ғылым қоры коммерцияландыруы керек. Осы тәртіп қазір ретімен сақталмайды.
– Кез келген ғылым ертелі-кеш нәтижесін беруі керек. Егер іргелі жобалар нәтижесін бермесе, бұл ғалымның өзін-өзі алдауы, мемлекетті алдауы. Мысалы, ғалым идеясын жаңа атап өткен кезеңдер бойынша іске асыруы керек. Ақшаны алғаннан кейін жобаны аяқсыз өндіріске ендірмей қалдыратындар бар. Сондықтан мемлекет грант берген соң жобаның жүзеге асуын қатаң қадағалауы керек. Немесе жүзеге аспаған жобалардың жетекшілері мемлекеттен алған қаржының 30-40 пайызын қайта қайтаруы қажет,– деді Амангелді Саданов.
Академиктің пікірінше, қазір мемлекет ғылымға барынша қолдау көрсетіп отыр. Биылдың өзінде 158 миллиард ақша бөлінді. Мұндай көмек бұрын ешқашан болған емес. Ал келесі жылы 250 миллиард қаржы бөлінеді. Ғылым және жоғары білім министрлігі жеке бөлінгелі ғылымның бойына қайта қан жүгірді. Осыдан кейін ғылыми жобалар да нәтижесін беруі керек. Әрине, ғалымдар монография, мақала шығаруы керек. Бірақ ғалым ғылыми жобасының өндіріске енуіне дейін жұмыс істеуі керек. Жариялап, жазып жатқан зерттеулері де жобаның соңғы нәтижесіне қызмет етуі қажет. Ғылым халыққа пайдасын тигізіп, экономикаға үлесін қосуы тиіс. Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан астам уақытта да ғылымға ақша бөлінді. Соның нәтижесі қайда? Бірлі жарым өндіріске енген жобалар бар. Бірақ ол еліміз үшін жеткіліксіз. Ғылымға 1 миллиард ақша бөлінсе, бірнеше жылдан кейін сол жобаға мемлекеттің берген 1 теңгесі 10 теңге болып қайтуы керек.
– Қазір Жол картасы бағдарламасы деген бар. Осы картаға ғылымды қолдау бағытында ғылыми жобаның нәтижелерін де енгізу керек. Мысалы, біздің зауыттан шыққан препараттарды малдың, өсімдіктің ауруын емдеп, өнімін жоғарылату үшін қолдануға болады. Оны ауылдағы шаруалардың өзі алып қолданайын десе жағдайы келмейді. Сондықтан мемлекет ғылыми жобаларды қаржыландырып қана қоймай, өндіріске таралуына да қолдау жасап, түрлі бағдарламаға қосу керек,– дейді академик.
Ал Азамат Ешмұхаметовтың айтуынша, ғылыми жобаларға бөлінетін гранттың пайдасы үлкен. Дегенмен Үкімет ғылыми жобаларды соңына дейін қаржыландырмай, жарты жолдан тастап кете салады. Айталық, Жапонияда Nikon команиясы университетпен 20 жылға келісімшарт жасайды. Қандай тақырыпты зерттейтіндерін алдын ала келіседі. Сосын сол тақырыптың негізінде компания университеттегі лабораторияны қаржыландырады. Ал бізде Жапониядағыдай 10-20 жылға созылған зерттеу жұмыстары жоқ. Президентіміз де гранттың мерзімін 5 жылға созуды тапсырған. Бірақ қазір гранттық қаржыландыру тек 3 жылға беріледі.
– Гранттың көмегімен біз өзімізге керек құрал-жабдықтар аламыз. Студенттерді ары қарай сапалы дайындаймыз. Сол қаржының негізінде жас ғалымдарға еңбекақы төлеп, ғылыммен айналысуына жағдай жасаймыз. Өкінішке қарай, бізде гранттар 3 жылға ғана беріледі. Осы аралықта біз дайын өнім шығарамыз деп айта алмаймыз. Мысалы, Жапония сутегін тасымалдайтын қоспаларды 20 жыл зерттеген. Содан кейін ғана нәтижесін көрген. Сондықтан ғылыми жобалар бірден нәтижесін береді деп айта алмаймын. Қазір ғылыми конкурстарды өткізу тәртібі біраз реттелді. Себебі конкурсқа қатысатын адамдардың санына шектеу қойды. Бірақ мақсатты қаржыландыру бағдарламаларына бөлінетін гранттың көлемі үлкен болғандықтан, сол жерде грантқа қатысы жоқ адамдар жүреді, – дейді ғылым докторы Азамат Ешмұхаметов.
Қорыта айтқанда, ғылыми жобаларға берілетін қаржыландыруды қайта реттемей, ғалымдардың нанына бизнесмендердің ортақтаса берері анық. Ал шын ғалым шығуы үшін жоғары оқу орындарындағы зертханаларды жасақтау қажет.