Applied Economics Research Centre (AERC) болжамынша, елімізде инфляцияның шарықтау шегі ақпан айында тіркелуі мүмкін. Бірақ әрі қарай қымбатшылық деңгейі біртіндеп баяулайды дейді отандық сарапшылар. Биыл қаңтарда инфляция деңгейі 20,7 пайыз болды. Елдегі баға өсіміне негізінен азық-түлік тауарлары (+25,7 пайыз) үлес қосты. AERC сарапшыларының айтуынша, жыл басталғалы жүріп жатқан сыртқы факторлар инфляция үшін керағар сипатқа ие болып отыр.
Бұл ретте зерттеу орталығы аталған факторлардың өзін дезинфляциялық (баға өсімінің баяулауы) және проинфляциялық (экономикадағы бағаның ұдайы өсіп жатуы) деп екіге бөледі.
Дезинфляциялық факторлар
Біріншіден, бүкіл әлемде инфляция баяулап жатыр. 2023 жылдың қаңтарында жаңартылған ХВҚ World Economic Outlook зерттеуіне сәйкес, көптеген дамыған және дамушы елде инфляция өзінің шырқау шегін 2022 жылдың қарашасына дейін өткеріп қойды.
Екіншіден, әлемде азық-түлік бағасының өсімі баяулап жатыр. БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының азық-түлік тауарларының индексі 2023 жылы қаңтарда 131,2 тармақ болды. Бұл 2022 жылдың желтоқсанынан 0,8 пайызға төмен. Осылайша, индекстің төмендеуі 10-шы ай қатарынан байқалып отыр.
Үшіншіден, еліміздің басты сауда серіктесі – Ресейде жылдық инфляция төмендеді. Росстат дерегі бойынша, биыл қаңтарда инфляция 11,5 пайыз болды (2022 жылдың қаңтарымен салыстырғанда). Ресейден Қазақстанға тауар импортының үлесі жоғары екенін ескерсек, ресейлік инфляция еліміздегі инфляцияға үлкен ықпал жасайды. Алайда Ресейге Батыс елдерінің санкция жариялап жатуына байланысты қайталама санкциялар тәуекелін төмендету мақсатында Қазақстан Ресей экономикасымен «абайлап» сауда жасасып жатыр. Бұл Қазақстан импортындағы Ресей үлесінің азаюына алып келді: 2021 жылдың 11 айында Қазақстанға жасалған импорттағы Ресей үлесі 42,5 пайыз болса, 2022 жылдың 11 айында 35,5 пайыз болды. Ресейлік импорттың азаюы ресейлік инфляция тарапынан туындайтын шоктардың ауқымын қысқартты.
Төртіншіден, теңіз фрахтының (теңізбен тасымалдау бағасы – ред.) құны төмендеді. Негізінен, 2023 жылдың қаңтарында ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша контейнерлік тасымалдағы фрахт ставкасы 13,3 пайызға азайды (желтоқсанмен салыстырғанда). Теңіз фрахтындағы ставканың құлдырауы бесінші ай қатарынан байқалып отыр. Соның арқасында өндірушілердің логистикалық шығыны төмендеп, нәтижесінде әлемдік инфляция бәсеңдейді.
Проинфляциялық факторлар
Біріншіден, мұнай бағасының тағдыры әлі белгісіз күйінде қалып отыр. Энергоресурстар бағасының өсуі әлемнің көп еліндегі дезинфляциялық тенденцияны кері бұруы ықтимал. Мәселен, Түркиядағы жер сілкінісінен соң мұнай бағасы жоғары күйінде сақталуда. Ресей үкіметінің 2023 жылдың наурызынан бастап елдегі мұнай өндірісін «ерікті» қысқарту туралы шешімі мұнай нарығында құбылмалылық тудырып жатыр.
Екіншіден, азық-түліктің жекелеген нарығындағы жергілікті проблемаларға байланысты азық-түлік инфляциясы басқаша сипат алуы мүмкін. Мысалы, қаңтар соңында қант фьючерстері алты жылдық максимумға жетті. Қанттың кенет қымбаттау себебі – Үндістандағы егістің жеткіліксіз шығуы болды. Нашар ауа райы салдарынан Үндістан қант зауыттары қауымдастығы өздерінің 2022-2023 жылдарға деген қант өндірісіне қатысты бағалауын өткен бағалаумен (қазан айындағы) салыстырғанда 6,84 пайызға төмендету бағытына қарай қайта қарастырды. Қазіргі уақытта қауымдастық 45 мың тонна қантты этанол өндірісіне қайта бағыттаған соң, елдегі қант өндірісін 340 мың тонна деңгейінде бағалайды.
Сонымен қатар 2022 жылдың қыркүйегінде Флоридада болған боран да кесірін тигізді. Соған орай АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы маусымдағы апельсин жинау болжамын 56 пайызға, 16 млн жәшікке дейін қысқартты. Оның үстіне америкалық шаруалардың көбі апельсиндерді жалмауға көшкен «жасыл» аурумен күресіп жатыр. Сөйтіп, қаңтардың соңын ала апельсин фьючерстері 12 сауда сессиясы қатарынан 30 пайызға өсіп, 1947 жылдан бергі рекордты жаңартып фунтына 2,63 доллар болып тұр.
Үшіншіден, 2022 жылдың екінші жартысындағы қатты баяулаудан кейін Ресей инфляциясы жыл басталғалы өсу белгілерін көрсетіп жатыр. Ресей банкі төрағасының мәлімдеуінше, 2023 жылдың қаңтарында инфляция бойынша апталық деректер 2022 жылдың сәуірінен бергі жалпы баға деңгейінің ең жоғары өсу қарқынын көрсеткен.
Қазақстанның ішкі факторлары
Сарапшылар пайымынша, инфляцияның қолтығына су бүркіп тұрған ең басты ішкі фактор – елдегі ақша массасының динамикасы. 2022 жыл бойы базалық пайыздық мөлшерлеменің өсуіне қарамастан, Қазақстандағы ақша массасы тұрақты төмендеу үрдісін көрсеткен жоқ. 2022 жылдың қаңтар-желтоқсанында ақша массасының өсу қарқыны 13,9 пайыз болды (2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда)
«2022 жылдың IV тоқсанында елдегі номиналды жалақы жылдық мәнде – 22,9 пайызға, III тоқсанмен салыстырғанда 13 пайызға өсім көрсетті. Жыл соңындағы номиналды жалақының жоғары өсу қарқыны маусымдық сыйақылар және мерекелік төлемдер есебінен болды. Бұл номиналды жалақының маусымдық өсуі – тұтынушылық сұраныс өсімінің факторы. Тиісінше, бағаның жалпы деңгейінің шамалы артта қалуымен өсуі болып саналады. Қысқа мерзімді перспективадағы дезинфляциялық фактор ретінде жыл басынан бері байқалып отырған долларға қатысты төл валюта бағамының нығаюын айтсақ болады. Ұлттық валютаның курсы Қазақстандағы инфляцияға әсер ете алады. Бұл – шикізатқа негізделген экономикаға тән құбылыс. Қаңтардағы теңгенің 0,5 пайызға күшеюі доллардың өзіндік құнының төмендеуімен байланысты. Ақпан айында теңгенің доллар үшін 450 деңгейіне дейін жалғасып келе жатқан нығаюы Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан әлемдегі мұнай бағасының күрт өсуімен, сондай-ақ дәстүрлі түрде шетел валютасын сату көлемі ұлғаятын салық кезеңімен түсіндіріледі», деп мәлімдейді AERC.
Экспорттаушылардың валюталық түсімді сатуға міндеттелуі де теңгеге қолдау көрсетеді. Валютаны міндетті сату үлесі 75-тен 50 пайызға төмендетілгеніне қарамастан бұл бәрібір төл валютаның нығаюына септесетін фактор болып қала бермек.
Жоғарыда айтылған болжамдар мен деректерді негізге ала отырып AERC Қазақстандағы жылдық инфляцияның шырқау шегі 2023 жылдың ақпанына дөп келеді (21,06 пайыз) деп отыр. Бұл ретте айлық инфляция төмендеуді жалғастырады. 2023 жылы наурызда жылдық инфляция 17,84 пайызға дейін баяуламақ (айлық мәнде 0,95 пайызға). Наурыз-сәуірде инфляцияның жедел баяулауының басты себебі – өткен жылдағы «жоғары база» болмақ – 2022 жылдың наурызында айлық инфляция бірден 3,7 пайызға, сәуірде 2 пайызға секірген еді. Сондай-ақ қымбатшылықтың құлдырауына теңгенің нығаюы және әлемдегі азық-түлік бағасының төмендей бастауы әсерін тигізеді.