Агросекторды сақтандырғысы келетін компаниялардың ықыласы тек ірі шаруашылықтарға ауып тұрғаны, Үкіметтің ауыл мен фермерге қатысты көзқарасы солардың жағдайына қарап қалыптасатыны осыған дейін айтылған. Ауыл шаруашылығындағы олардың үлесі – 4-5 пайыз. Ал қалған 95 пайыз қарамағында 10-15 гектар жері бар ұсақ фермерлердің үлесінде. «Ұсақ фермерлердің жағдайын кім ойлайды?» деген сұрақтың жауабы табылмағанына ондаған жылдар өтті.
Сақтандыру сегментінің сарапшысы Азамат Керімбаев 15 жыл бұрын нарықта 44 компания болғанын, қазір қатары сиреп қалғанын айтты.
«Көптеген елде сақтандырушылар техникалық жаңалықтарды енгізе отырып, экономиканың түрлі саласына белсенді түрде инвестиция жасап жатыр. Бізде ондай үрдіс әлі жоқ», дейді сарапшы.
Агросекторды сақтандырудың бас операторы – «Аграрлық несие корпорациясы» шарттарына тек ірілендірілген шаруашылықтар ғана жауап бере алады. Ал сақтандыру сегментінде жүрген сарапшылар бірінші кезекте мемлекеттен субсидия алып отырған шаруашылықтарға басымдық беретінін айтады. Инвесторлардың сақтандыру саласына қызығушылық танытпауы нарықтағы компания санын қысқартып жатыр.
А.Керімбаевтың айтуынша, сақтандыру компаниялары келісімшартқа қол қоймай тұрып жердің құнарлылығы мен қуаңшылыққа төзімділігін спутник арқылы тексереді. Осы талапқа сай келетіндер ғана сақтандыру компаниясынан төлем алады.
Сарапшылар сақтандыру мәдениеті қалыптаспағанын, халықтың басым көпшілігі бұл салаға мәжбүрлі түрде баратынын талай рет айтқан. А.Керімбаевтың айтуынша, мүлкін сақтандырғысы келетін азаматтардың біразы ең арзан сақтандыру полистерін сатып алуға тырысады.
Үкіметтің есебіне сәйкес, 2021 жылы ауыл шаруашылығын сақтандыруға 1 млрд 24 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. 2022 жылы 156 мың гектар жер сақтандырылған, бұл республика бойынша жалпы егіс алқабының 1 пайызына да жетпейді. Бұл аймақтар негізінен Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында орналасқан. Мысалы, Еуропалық одақ елдерінде ауыл шаруашылығы аймақтарының 60-пайыздан астамы сақтандырумен қамтылған, ол елдерде климаттық тәуекелдер Қазақстанға қарағанда әлдеқайда төмен. Ауыл шаруашылығын сақтандыруға сұраныстың төмен болуының негізгі себептерінің бірі – мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіз көлемі және сақтандыру өнімдерін тұтыну мәдениетінің жоқтығы.
Тәуелсіз сарапшылар ұсақ фермерлердің қателігін ауызбіршіліктің аздығымен байланыстырады. Бірі несие, субсидия сұраса, енді бірі ештеңе керегі жоқ дейді. Несие алу бағдарламасының жүйесін өзгертіп, субсидияның кей түрлерін оңтайландырып жатқанына қарамастан ұсақ фермерлер үн қатпай, бейтарап қалып отыр.
Қоғам қайраткері, экономист Қуаныш Айтахановтың айтуынша, сақтандыру сегменті – бизнес. Олардың агросекторға қатысты ұстанымы мен Үкіметтің ұстанымын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.
«Ауылды қолдауға бөлінген қаржының қомақты бөлігі ірі шаруашылықтарға берілді. Демек сақтандыру компанияларының сол қаржыны пайдаланып отырған ірі шаруашылықты сақтандыруға мүдделі болуы да нарық заңы. Осы өлшеммен қарасақ оларға қуаңшылықта сыр беріп қалатын егіс алқаптарын сақтандыр деп қолқа салу да нарық заңына қайшы», дейді.
Бірақ қомақты қаржыны иеленіп отырғанына қарамастан ірі шаруашылықтар агросекторды аяғынан тік тұрғызды деп тағы айта алмаймыз. Десе де мемлекет биылдан бастап ауылды көтеруге ден қойып жатыр. Мемлекет басшысының ауыл аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы осы сөзімізге дәлел. Биылдан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін әкімдіктерге 52,4 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржыға 11 606 микрокредит беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ республикалық бюджетті нақтылау аясында облыс әкімдері 2023 жылы ауыл халқына қосымша 15 090 микрокредит беру үшін 73,5 млрд теңгеге өтінім берген.
«Жалпы, ауылды дамыту бағдарламасында жерді сауықтыру мәселесіне көңіл бөліп, әртүрлі себеппен істен шығып қалған суармалы жерлерді айналымға енгізу үшін мелиорациялық шаралар атқарылуы керек. Жекешелендіру барысында шаруашылықтар ұсақталып, бұрынғы ішкі шаруашылық каналдар мен кәріздік жүйелер, тік дренаж ұңғымалары шаруашылықаралық нысандарға айналып, көпшілігі иесіз қалды. Ұсақ шаруа қожалықтарында қаржы, техника болмай су, кәріз жүйелері уақтылы тазаланбай, ұйық басып, су тарту қуатынан айырылды. Жердің инвестициялық тартымдылығын көтермей сақтандыру компанияларының бетін бері бұру мүмкін емес», дейді Қ.Айтаханов.