Соңғы үш жылда елдегі қылмыстық қудалау органдары әртүрлі қылмыстар жасады деген күдікпен 3000-нан астам адамды іздеуге салды.
Бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарлауынша, шет мемлекеттерде ұстау және оларды кейіннен Қазақстанға экстрадициялау, соның ішінде прокурорларды үйлестіруімен 500 адам ұсталды.
Қазір 2500-ден астам қылмыскерге іздеу жарияланды. Негізінен ішкі істер органдарының желісі бойынша, алаяқтық жасағаны үшін 400, ұрлық үшін 250 қылмыскер іздестіріліп жатыр. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген 400 күдіктінің 250-і іздеу жарияланғаннан кейін ұсталды.
Шет мемлекеттермен жолға қойылған ынтымақтастықтың арқасында іздеуде жүрген қылмыс жасаған 600 күдіктінің жүрген жері анықталды, олардың көпшілігі Ресей Федерациясында, Америка Құрама Штаттарында, Түркия Республикасында, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Қырғыз Республикасында, Өзбекстан Республикасында және Украинада жасырынып жүр.
Мысалы, биылғы жылы қоғамдық резонанс тудырған қылмыс жасады деген 6 күдікті ұсталды (4 – кісі өлтіру бойынша, 2-қаржы пирамидаларын ұйымдастырғаны және басқарғаны үшін). Қалғандары бойынша басқа елдердің құқық қорғау органдарымен бірлесіп оларды ұстау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.