Алматы облысының Кеген ауданына қарасты Саты ауылында екі бірдей қайғылы оқиға болды. Ауылдағы орта мектептің 10-сыныбында оқитын екі оқушының бірі әлімжеттіктің құрбаны болса, екіншісі «Мені досымның жанына жерлеңдер» деп тілімдей хат жазып қалдырып, сыныптас досының артынан өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмды.
Кеген аудандық білім бөлімінің бас маманы Дархан Бекбатыровтың мәлімдеуінше, ауданда 32 мектеп жұмыс істейді. Оның 21-і – орта, 4-еуі – негізгі, 7-еуі бастауыш мектептер. Мұнда жалпы саны 5140 оқушы білім алады. Кеген ауылындағы Сәдуақас Серкебаев атындағы мектеп-гимназия және Жалаңаш ауылындағы Сәрсенбай Бейсенбетұлы атындағы орта мектептер аралас мектепке жатады. Басқа аудандардағы сияқты бала санының тығыздығы мен мектеп тапшылығы жоқ. Аудандағы мектеп оқушылары арасында қазақы тәрбиенің қаймағы бұзылмаған ауылда жантүршігерлік оқиғаның қалай болғанын тұрғындар да түсіне алмай әлек. Әсіресе тентегі болса тезге салып, ел ішіне іріткі түспеуін тілейтін ауыл ақсақалдарының жанын күйзелтіп, арқаларын аяздай қариды.
«Ауылымызда 250 түтін бар. Негізінен байырғы тұрғындар. Арасында атажұртқа келген қандастарымыз да бар. Бұрын-соңды мұндай жаман атқа ілікпеген едік. Ауылдастарымыздың ауызбіршілігі мен ырыс-ынтымағы жарасқан, бір атаның баласындай бауырмал, көпшіл, еңбекқор елдің ұрпағы өсіп-өніп отыр. Аяқасты болған оқиға бәрімізді есеңгіретіп отыр. Болған іске болаттай берік болып, бұдан әрі мұндай сұмдық жағдайға жол бермеуге тұрғындардың әрбірін шақырамыз. Баланың тәрбиесін босаңсытуға болмайды. Оның бойындағы мінез-құлықтың қалыптасуы мен жүріп-тұруын ата-ана әр кез назарда ұстап, қадағалап отырғаны абзал болар еді. Кім баласын жаманшылыққа қияды? Бір білместік орын алды», деп кейіді Саты ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Есбол Рысбаев.
Саты ауылындағы сұмдық оқиғаға байланысты А.Түркебаев атындағы мектеп-лицейдің директоры Базар Момбековпен телефон арқылы тілдескенімізде: «Мектебімізде бұзақылық бойынша есепке тіркелген бала болмаған еді. Өкінішке қарай, орны толмас қайғылы жағдай болды. Бұл балалардың тәртібі мен оқу үлгерімі жақсы болатын. Бұған дейін теріс әрекеттерін көрмедім. Олардың сол күні судың жағасына барғаны рас. Бірақ әлімжеттіктің болған-болмағаны сот-медициналық сараптамадан соң белгілі болады», деп жауап берді.
Ал оқиға орын алған күні жасөспірімнің өліміне кінәлі деген айыппен 11-сынып оқушысы күдікті ретінде ұсталған. Жалпы, облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басталғалы өңірде 9 оқушы өз өмірін қиған. Олардың екеуі Талғар ауданында болса, Жамбыл, Кеген, Іле аудандарында бір-бірден, Қарасай ауданында қаңтардан бері 4 оқиға тіркелген. Оның екеуі Әйтей ауылындағы Қосынов орта мектебінің оқушылары болса, екі оқиға Шамалған мен Тұрар ауылдарында тіркелген.
«Жыл басынан бері Алматы облысында 9 суицид, 3 өзіне-өзі қол салуға ұмтылу фактісі тіркелді. Соның ішінде бір ғана Қарасай ауданында 4 өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы болып отыр. Осындай қайғылы жағдайдың алдын алу мен балаларға психологиялық көмек көрсету, денсаулығын жақсарту мақсатында білім басқармасы бекіткен кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыс әкімі жанындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкілмен бірлесе отырып, бұл бағыттағы жұмыстар атқарылып жатыр. Аудандардағы барлық мектептегі балалардың қатысуымен жасырын сауалдамалар толтырылады. Нәтижесінде, қызыл аймақ, сары аймақ, жасыл аймақтар бойынша қанша бала қай аймаққа жататынын анықтап, қызыл мен сары аймаққа жататын балалармен тікелей жұмыс жүргізіледі. Жылына екі рет облыстық прокуратура, ювеналдық полиция қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдар, ата-аналар кеңесі, колледждер мен білім бөлімі басшыларының қатысуымен жиын өткізіп, күйзеліске ұшыраған балаларға психологиялық көмек көрсету тақырыбында алқалы кеңес өткізіп келеміз. 2018 жылы осындай жан шошырлық жағдайлар көбейіп кеткен еді. Соған орай Талғар ауданынан басталған қанатқақты жоба нәтижесінде өз-өзіне қол жұмсау әрекеті төмендеген болатын. Жұмыс жүрмей жатқан жоқ емес. Педагог-психологтер оқытылып, тәжірибелерін дамытуда арнайы семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп жатыр», дейді Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Тастандықызы.