Сталин мен Гитлердің не айырмашылығы бар? Ешқандай, мәселе мұрттарында ғана… Сіз осыған келесіз бе? Біз соғысты қолдаған емеспіз. Өйткені онда адамшылық, сезім жоқ.
Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама мемлекетті есеңгіреткенімен, сол дәуірде жаңа өркениетті түзді. Еуропаның қайта түлеуіне жол ашып, езілген халыққа ес жиғызды. Соғыстың миссиясы да сол, біреуді жаншу емес, майданнан кейінгі жаңа өмірге бетбұрыс жасау. Ал оған барар жолдың ең оңайы қолыңызға қару ұстағанда ғана ашылады. Иә, тыныштықты біреу айқалағанда ғана сезінесіз, қалған уақытта оған мазмұн берудің қажеті жоқтай…
Көршіміз соғысып жатқаннан кейін бе, түсімізге бомба кіретін болыпты. Әрі әлемде соғыс жайлы фильмдерге сұраныс артқан. Қазір осы тақырып бүтін адамзаттың санасына қоныстанып алғандай. Бұл жолы режиссер Дэвид Эйердің «Ашу» кинокартинасы жайында сөз қаузамақпыз. Фильмнен алған әсер бізді қайтадан майдан мәселесіне оралуға мәжбүрледі. Әрине, кино шынайы өмірдің голограммасы секілді. Бәрібір жасандылық һәм көркемдік кеңістіктің бояуы болады. Дегенмен де идеялық мазмұны ақылға жүк болардай эмоция мен мән сыйлайды. Сонысымен де құнды.
1945 жылдың сәуірі. Үшінші рейх ыдырап жатқан уақыт. Бірақ нацистер әлі де аш қасқырдай алға жылжып келеді. Бұларға бөгет болу үшін бір топ америкалық жауынгер батыл әскери операция жоспарлайды. Мұздай қаруланған мыңдаған жауға танкімен қарсы тұрмасаңыз, талқаныңыз шығуы мүмкін. Сондықтан күш «Өкіл әке» деген лақап атымен танымал, шайқаста шыңдалған сержант Дон Кольерге түседі. Себебі ол бұрын талай майданнан аман шыққан Шерман танкісін (M4A3E8) басқарады. Оның бес адамнан тұратын экипажы бар. Әйткенмен алғашқы ұрыста экипаж шығынға ұшырап, оқыстан пулеметшінің көмекшісі қайтыс болады.
Сыралғы сарбаздан айырылған сержант командирден оның орнына білікті жауынгер жіберуді сұрайды. Әйтсе де алапат ұрыста тәуір сарбаз табу мүмкін емес еді. Сөйтіп, полковник бұрын штабта қызмет еткен балауыз Норман Эллисонды жібереді. Норман майданда ысылмаған әрі жаумен бетпе-бет келмеген әскери маман. Қолына қару алып адам өлтіруге де қауқарсыз еді.
Сонымен бронетранспортер колоннасының қозғалысы кезінде Норман танкі ішінде панцерфаустпен қаруланған гитлерлік жасөспірімді көреді. Бірақ сөйте тұра оған оқ атуға батпайды. Мұны бақылап тұрған майдандастары экипаж мүшесінің бұл әрекетін бассыздыққа балайды. Абырой болғанда америкалықтар жау колоннасын шегіндіреді. Базаға оралғаннан кейін Дон Кольер жас сарбаздың жағасынан алып, нацистерді аяуға болмайтынын ескертеді. «Егер сен өлтірмесең, сені ғана емес, қаруластарыңның да тағдыры қиылады», дейді ашуға булығып.
Майданда командир қайтыс болғаннан кейін Дон танк ротасын басқарады. Оның қолбасшылығымен танкішілер атқыштар взводына көмекке келіп, немістің танкіге қарсы батареясын жойып жібереді. Бұл шайқаста та Норман әлсіздік көрсетеді. Жекпе-жектен кейін командир оның қолына револьверін ұстатып, тұтқынға алынған неміс солдатын атуға мәжбүрлейді. Норман тағы да батырға тән мінез көрсетпейді. Осылайша, келесі шайқаста ол снаряд тиіп, азап шеккен немістерге жанашырлық танытып, қиналмай өлуі үшін пулеметпен атады.
Кескілескен ұрыстан кейін, көп ұзамай америкалықтар Германияға тиесілі қаланы басып алады. Шерман танкісінің мүшелері шағын шаһарға еркін бойлап, көпқабатты үйдің біріне баса-көктеп кіріп келеді. Бөлмеде тығылып отырған бойжеткен Эмма мен анасы шошып кетеді. Оларға америкалықтар тиісуге оқталғанда командир араша болады. Ал жас пулеметші музыкаға әуес неміс қызына ғашық болып қалады. Екеуі соғыстан кейін кездесуге серттесіп те үлгереді. Бірақ танкистер кете салысымен, қалаға нацистер оқ жаудырады. Снарядтың бірі Эмманың пәтеріне түсіп, жас ару қаза болады. Норман құтқаруға оқталғанымен, үлгере алмайды.
Рейд кезінде танкішелер неміс танкісінің экипажы құрған буксирге түседі. Дон мен оның қаруластары минаға соқтығысып, нәтижесінде шассиге айтарлықтай зиян келеді. Барлауға жіберілген Норман жаудың батальоны жақын қалғанын айтып, танкіні тастап қашуды ұсынады. Бірақ ержүрек командир жаумен жалғыз алысуға бел байлайды. Сөйтіп, олар бірлесіп қалың батальонға қарсы тұрады. Қанша мықты қаруланғанымен экипаж мүшелері бірінен соң бірі ерлікпен қаза табады. Ең соңында командир Норманды танкінің астына жасырып, өзі граната жарылысынан көз жұмады.
Ең қызығы, кинокартина соңында Норманның өзі секілді аңғал да романтик неміс сарбазы оны байқап қалады. Бірақ батырға айналған пулеметшіні өлімге қимай, көрмегендей өтіп кетеді.
Аталған фильмде Голлливуд жұлдызы Брэд Питт бастаған актерлердің шеберлігіне таңғалмасқа болмайды. Шығарманың шынайы шығуына һәм көрерменді еріксіз сендірген кино әртістерінің еңбегі көл-көсір.