Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалалық және ауылдық елді мекендердің тұрғындарын ауыз сумен 100% қамту іс-шаралары қаралды.
Сумен жабдықтау созбақтауды сүймейді
Осы мәселе бойынша баяндаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикада сумен жабдықтаудың қолжетімділігі қалаларда – 98,4%-ға, ауылдарда 94,5%-ға жеткенін атап өтті. Қалаларды ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі Жамбыл облысында – 91,9%, Қостанай облысында – 80,4%, Ақмола облысында – 89,8% және Солтүстік Қазақстан облысында 85%-ды құрайтыны атап өтілді. Бұл ретте қаржыландыруда ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіштері төмен өңірлерге басымдық беріледі.
Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 402 жобаны, оның ішінде қалаларда 167 млрд теңгеге 135 жобаны, ауылдарда – 113 млрд теңгеге 267 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтаудың қолжетімділік деңгейі: қалаларда – 98,8%, ауылдарда 96,3% жетуге тиіс. Жалпы, 2025 жылға дейін қалған 25 қала мен 1395 ауылдың тұрғындары тиісті қызметтермен қамтылады.
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова атап өткендей, қазіргі уақытта республикада ұзындығы 15,5 мың шақырымдық 80 топтық су құбыры бар. Олар 1,4 млн адамды қамти отырып, 655 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Құрылысы 2010 жылы басталған Есқұла су құбырын биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ақмола, Алматы, Атырау, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 27 жобаны жүзеге асыруға қаражат бөлінді. Үйтас-Айдос топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстарын жалғастыру үшін қаражат бөлу мәселесі пысықталуда.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Премьер-министр Үкіметке 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылғанын еске салды. Осы орайда еліміздегі су ресурстарының тапшылығы мәселесін шешу маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
«Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке қарай, көптеген азаматымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл сұрақты шешу үшін саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет», деді Ә.Смайылов.
Ол жаңа Су кодексі мен бағдарламалық құжаттарды дайындау кезінде ескеру қажет екенін айтты.
Бұдан басқа, әлі шешімін таппаған бірқатар жүйелі проблема бар. Мәселен, кей өңірлерде су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары созылып кетті. Ақмола облысында бұл жұмыс 10 жылдан бері бітпей келеді. Сонымен қатар іздестіру-барлау жұмыстары да уақытында басталған жоқ. Қарағанды облысында конкурстық рәсімдер енді ғана өткізіліп жатыр.
«Сақалды» құрылысқа айналған ауыз су жобаларын аяқтау ісінде де шикілік көп. Мұның айқын мысалы ретінде Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын, Қызылорда облысындағы Талап су құбырын, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов су құбыры мен Соколов су құбырының 2-ші кезеңін айтуға болады. Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр», деп атап көрсетті Премьер-министр.
Оның айтуынша, сумен жабдықтау жүйесінде техникалық ақаулардың орын алуына негізінен инфрақұрылымның тозуы мен күрделі жөндеу жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуі себеп болып тұр.
«Мәселен, сәуір айында магистралдық құбырдың жарылуынан Балқаш қаласы бірнеше күн бойы түгелдей ауыз сусыз қалды. Абай облысындағы Андроновка ауылында су мұнарасы құлап, жергілікті тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр болды. Семейде су арнасындағы апат 70-тен астам үйді сусыз қалдырды. Сондай-ақ магистралдық құбырдағы апаттан Ақмола облысының 11 елді мекеніне су берілмей қалды. Бұл – тек бір айдың ішінде орын алған жайттар», деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы мұндай проблемалардың барлығын кешенді түрде шешу керектігін және осы жылдың қорытындысы бойынша қалалар мен ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етулері қажет екенін атап өтті.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов еліміздегі сумен жабдықтау инфрақұрылымына мониторинг жүргізіп, бір ай мерзімде Үкіметке апат қаупі аса жоғары объектілердің тізбесін енгізуді, осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары созылып кеткен барлық ауыз су жобасының аяқталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ бір ай мерзімде суға жаңа тарифтік саясатты енгізу бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
«Бұл ретте түскен қаражатты инфрақұрылымды жаңғыртуға, оның ішінде суды пайдаланудың цифрлық технологияларын енгізуге бағыттаудың маңызы ерекше», деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.
Тауарлы-сүт фермалары мен көкөніс қоймаларын салу
Үкімет отырысында Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспарын іске асыру барысы қаралды.
Осы мәселе бойынша есеп берген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2022 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған іс-шаралардың арқасында азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9%-ға артып, 2,9 трлн теңгеге жеткенін баяндады. Атап айтқанда, өсімдік майы, ұн, макарон, жарма, шұжық және қант өндірісі артқан. Алайда сүт өнімдері, соның ішінде сары май, сүт, ірімшік және сүзбе бойынша шикізат базасының төмен деңгейде дамуына байланысты өндіріс азайған.
Жағдайды өзгерту үшін өңірлік ӘКК арқылы ірі тауарлы-сүт фермаларының құрылысын жеңілдікпен қаржыландыру бойынша СҚО-ның табысты тәжірибесін қолдану жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Осы мақсаттарға 2023 жылы 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, отандық сүт зауыттары сапалы шикізатпен қамтамасыз етіледі, жалпы сүт бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай төмендейді. Алдағы жылдары осындай тағы 50 ферма салу жоспарланып отыр.
Министр көкөністердің негізгі түрлері бойынша Қазақстан ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Мәселен, 2022 жылы 4,1 млн тонна картоп, 621 мың тонна сәбіз, 1,1 млн тонна пияз және 551 мың тонна қырыққабат жиналды. Алайда өндіріс көлеміне қарамастан, қыс-көктем кезінде сақтау қуатының төмендігіне байланысты нарықта отандық көкөністер ұсынысы төмендеп отыр. Бұл мәселені шешу үшін көкөніс қоймаларын салу және жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру жүргізілуде. Оның аясында 2021-2022 жылдары жалпы сақтау көлемі 200 мың тоннадан асатын 37 жоба іске қосылды. 2023 жылдың соңына дейін 111 мың тонна өнімді сақтауға мүмкіндік беретін 29 жобаны іске асыру жоспарланған.
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі жұмыс туралы айтып берді.
Өңірлерде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы баяндады.
Премьер-министрдің айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі және өнімдер мен шикізатты жеткізудің жаһандық тізбектерінің бұзылуы салдарынан азық-түлік қауіпсіздігі ең өзекті мәселеге айналып отыр.
«Осыған байланысты өткен жылы Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспары қабылданды. Онда егіс алқаптарын ұлғайту және негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімін арттыру көзделген. Сондай-ақ мал басын өсіруге және мал шаруашылығының өнімділігіне баса назар аударылып отыр», деді Әлихан Смайылов.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту және егіс алқаптарының көлемін арттыру есебінен еліміздің агроөнеркәсіп кешені дамудың оң серпінін көрсетті. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9%-ға ұлғайып 9,3 трлн теңгені құрады. Өсудің негізгі факторы болған өсімдік шаруашылығында өнім өндіру көлемі 15%-ға артты.
Үкімет басшысының айтуынша, жоспарды іске асырумен бірге, делдалдық схемалардың жолын кесу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу және нарықтық реттеу іс-шаралары белсенді түрде іске асырылуда.
Республиканың агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өндірісті одан әрі әртараптандыру үшін 65 тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. Оған қоса, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымымен бірге Қазақстан жануарлардың аса қауіпті инфекциялары бойынша тұрақты деген мәртебе алуы турасындағы жұмыстар жалғасып келеді. Бұл өткізу нарықтарын кеңейтуге және ет өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың қажетті инфрақұрылымы құрылуда. Бүгінгі таңда жалпы сыйымдылығы 2 млн тоннаға жуық көкөніс пен жемісті сақтайтын 1 200-ден астам объект бар. Алайда Үкімет басшысының айтуынша, бұл жеткіліксіз – жаңа көкөніс қоймалары қажет.
Оған қоса Ә.Смайылов фермерлер Бірыңғай мемлекеттік субсидиялау ақпарат жүйесіне шағым айтатынына назар аударды.
«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын орындау бойынша жұмысты жалғастыру қажет», деді Үкімет басшысы.
Мәселені қорытындылай келе, Премьер-министр нарықтың нақты қажеттілігін ескере отырып, Жаңа көкөніс қоймаларын салу және қолданыстағы қоймаларды жаңғырту бойынша кешенді жоспарды өзектендіруді, барынша қысқа мерзім ішінде субсидиялаудың онлайн-платформасының тиісті жұмысын қамтамасыз етуді, маусым айының соңына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қажетті өнімдерін сатып алуды, оның ішінде көрші елдерден әкелуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Азық-түлік корпорациясының» жұмысын еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін және ӘМАТ бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз етуге бағыттай отырып, қайта құруды тапсырды.