Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 19 сәуірде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде: «Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс», деді. Президенттің бұл сыны жер қатынастарын реформалауға да қатысты деп білеміз. Себебі ел өңірлерінде жер дауы әлі басылмай тұр. Бұған өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне 9500-ден астам арыз-шағым түскені айғақ.
Даудың басы – заң бабында
2003 жылғы 20 маусымда қабылданған Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 76-бабында «Кепiл берушiге жеке меншiк құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесi кепiл мәнi болуы мүмкiн», делінген. Осы бап инвестор атын жамылған кейбір алаяқтардың ауыл тұрғындарының өздеріне сеніп тапсырған жер үлестерін пайдалану құқығын қаржы институттарында заңсыз кепілге қойып, қыруар несие алып, кейін оны қайтармауы себепті кепілге салынған жерлердің аукцион арқылы сатылуына жол ашып беріп тұр.
Нақтырақ айтсақ, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында жүзеге асырылған жаппай жекешелендіру кезінде бұрынғы кеңшарлар мен ұжымшарларда еңбек еткен ауыл тұрғындарына белгілікті мөлшердегі жер үлестерін пайдалану құқығы 49 жылға берілген болатын. Ауылдағылар осы мүмкіндікті пайдаланып, шаруа қожалықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құрып, өздеріне тиесілі жер үлестерін сенімгерлік басқаруға берген. Содан бері іскер де иманды азаматтар басқарған шаруашылықтар өз үлескерлеріне жыл сайын әжептәуір пай төлеп, немесе олардың қалауларына қарай ұн, астық, жемшөп, отын дайындап беріп, көмектесіп келеді.
Алайда серіктестік құрарда ауыл адамдарына үйіп-төгіп берген уәделерін тез арада естен шығарып, мойындарына алған міндеттемелерін орындамай, жұрт есебінен жеңіл жолмен байып қалуды ойлаған теріс пиғылды пысықайлар да бар болып шықты. Ондайлар үлескерлерге күзде бір-екі қап ұн, немесе астық қалдығын беріп, алдап-сулап, түскен табыстың негізгі бөлігін өз қалталарына басып жүр. Кейбіреуі тіпті ауыл тұрғындарының жер үлестерін пайдалану құқығын жалған құжаттар жасау арқылы қаржы институттарына кепілге қойып, мол несие алып, кейін қарыздарын өтемей, екіжақты да тақырға отырғызған.
Міне, осындай қауіп төнген Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Бірлестік, Дәуқара, Светлое, Қарақамыс, Егіндіағаш ауылдарының тұрғындары 2020 жылдың басында аудандық әкімдікке жиналып, аудан басшылары мен жергілікті құқық қорғау органдарынан араша сұраған. Себебі, олардың жер үлестерін пайдалану құқығын сенімгерлік басқаруға алған «Жарқын СҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2017 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан 600 миллион теңге несие алып, оның кепіліне 42 мың гектар егістік жерді заңсыз қойған. Кейін серіктестік алған несиесін уақтылы төлей алмағандықтан, «Аграрлық несие корпорациясы» сотқа жүгініп, кепілде тұрған ауылдықтардың егіс алқаптарын пайдалану құқығын өз меншігіне алған. Іле ол жерлерді аукционға салып сатып, аталған серіктестікке несиеге берген қаржысын қайтармақшы болады. Мұны естіген ауылдықтар дер кезінде дабыл қағып, Парламент Мәжілісінің депутатына дейін арызданып, ол өз кезегінде Бас прокуратураға жүгінген. Соның нәтижесінде 5 ауылдың тұрғындары көтерген жер дауына Солтүстік Қазақстан облысының құқық қорғау органдары араласып, кепілде тұрған жерді пайдалану құқығын аукцион арқылы сатуға тыйым салынды. Үш жылға созылған сот үдерісі ақыры ауылдықтардың жеңісімен аяқталып, жерлері түгел қайтарып берілді. Ал үлескерлердің болмаған жалпы жиналысының жалған хаттамасын жасап, алаяқтыққа барған «Жарқын СҚ» ЖШС басшылары қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жазаларға тартылды.
Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданындағы Балуан ауылының тұрғындары жалпы көлемі 4322 гектар жер үлестерін сенімгерлік басқаруға тапсырған фермерлік шаруашылық басшысы сол жердің бәрін осыдан он жылдан астам уақыт бұрын басқа заңды тұлғаға сатып жібергенін дер кезінде біле алмай, қолдарын кеш сермегендіктен, жер пайдалану құқықтарынан айрылып қалды. Олар енді ғана құқық қорғау органдарына арызданып, сот арқылы әділдік іздеуге кірісіп жатыр. Сондай-ақ жуырда Қызылжар өңіріндегі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның «Чистополье-2» ЖШС үлескерлері де өз жер пайдалану құқықтарынан заңсыз айрылып қалғаны себепті сотқа шағымданды.
Демек, Үкімет пен Парламент депутаттары Жер кодексін тағы бір қарап, оған ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығымен айналысуға арналған жер үлестерін пайдалану құқығын қаржы институттарында кепілге қоюға тыйым салу жөнінде түзету енгізу мәселесін қарастырғаны жөн. Айтпақшы, мұндай түзетудің қажеттігін Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов та ашық айтып жүр.
Латифундистердің аты неге аталмайды?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» алғашқы Жолдауында жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отырғанын айта келіп: «Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді», деген еді.
Содан екі жарым айдай уақыт өткенде Президент Ақмола облысына жұмыс сапары барысында жер қатынастары мәселесіне қайта оралып: «Мен Жолдауда жерді өңдеумен айналыспайтын латифундистерден оны қайтарып алу міндетін қойдым. Бұл өте маңызды тапсырма қызыл сөз үшін берілген жоқ. Адал да еңбекқор фермерлер, шаруалар мал бағатын жер таппайтын жағдайға дейін жеттік. Алайда менің тапсырмам өте баяу орындалып жатыр. Қазіргі жағдайды өзгертпеуге мүдделі адамдардың қысымына ұшырағандықтан, бұл жұмысты созбаққа салу ұйғарылған сияқты», деп мәлімдеген еді.
Шынтуайтында, жер қатынастары саласында қалыптасқан келеңсіз жағдайды өзгертпеуге, ең алдымен, өңірлердің әкімдіктері мүдделі болғаны анық. Себебі, көптеген жер заңнамасын бұзушылықтар солардың тарапынан жасалып келді. Жер учаскелері аукцион немесе конкурс өткізілмей, «бармақ басты, көз қыстымен» беріліп жатты. Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметіне қарағанда, орталық уәкілетті органға тек жер мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың үстінен 2020 жылы – 2614, 2021 жылы 1613 арыз түскен. Осыған орай, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң әзірленіп, Мемлекет басшысы оған 2021 жылғы 30 маусымда қол қойды. Осы заңға сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жергілікті атқарушы органдардағы жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функциялары Ауыл шаруашылығы министрлігіне қайтарылды және Үкіметтің былтырғы 19 қаңтардағы қаулысымен өңірлерде Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық департаменттері құрылды. Сөйтіп, Президент тапсырмасын толыққанды орындау, шын мәнінде, былтыр басталды деуге болады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша өткен жылы мемлекетке 5,2 миллион гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылған. Тиісті ескерту алғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 миллион гектар алқапты игеруге кіріскен. Аталған көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп. Бұған Мемлекет басшысы 2022 жылы 9 тамызда жер қатынастары саласындағы тексерулерге мораторийді алып тастағаны да қолайлы мүмкіндік туғызды.
Дегенмен, Парламент Мәжілісінің былтырғы желтоқсан айында болған жалпы отырысында кейбір депутаттар Ауыл шаруашылығы министрі келтірген мәліметтерге сенімсіздікпен қарап, ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары әлі де жайылымдық және егістік жерлердің тапшылығынан құтылмағандығын, сондай-ақ уәкілетті орган басшысы жерін қайтарған бірде-бір латифундистің атын атамағанын сынады.
Расында да, осы жылдың басында іске қосылған Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен де ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының атауын ғана білуге болады. Ал ондаған мың гектар жерге иелік етіп отырған серіктестіктердің құрылтайшылары һәм латифундистердің кім екені туралы ақпарат жоқ.
Мемлекет басшысы былтырғы 8 ақпанда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Жерді ұтымды пайдаланудағы маңызды міндеттердің бірі – оның бір қолға шоғырлануына жол бермеу. Бірқатар өңірде мәслихаттардың шешімдерімен жер телімдерінің мөлшерлері ғылыми-негіздеу тәсілінсіз бекітілген: Атырау облысында – 98 мың гектар, Алматы облысында – 96 мың гектар, Шығыс Қазақстан облысында – 69 мың гектар. Сол-ақ екен, Ауыл шаруашылығы министрлігі бір қолға 98 мың гектар ауылшаруашылық жерін беруге рұқсат ететін қаулы жобасын әзірлей қойды. Бұл шамадан тыс жерге ие адамдардың қазіргі иелігін бекіту, яғни нормативтік база ретінде айқындау әрекеті сияқты көрінеді», деп латифундистерге бүйректері бұрып тұрған Ауыл шаруашылығы министрлігі шенеуніктерінің шын пиғылдарын әшкерелей айтты. Ал осы жылдың басында Үкімет қаулысымен ауыл шаруашылығы жер учаскелерінің ең жоғары шекті мөлшері заңды тұлғалар үшін – 51 мың гектардан, ал шаруа қожалықтары үшін 35 мың гектардан аспайтын болып белгіленді.
Әрине, бұл жаңалық бірнеше жүз мың гектар егістік жерге иелік етіп отырған латифундистерді абыржытып тастағанымен, мамандардың айтуынша, олар бұл шектеуді айналып өту жолдарын таба алады екен. Сондай құйтырқылықтарға жол бермеу үшін де латифундистердің аты-жөнін жұртшылық білуге тиіс. Бұл ретте қолданыстағы заңнамаға, соның ішінде «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізу де қажет болар.
Кәрібай МҰСЫРМАН