17-19 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары жоспарланып отыр. Бұл сапар «Орталық Азия – Қытай» форматында мемлекет басшылары деңгейіндегі Бірінші саммит аясында өтпек. Әдеттегідей, үлкен сапарлар аясында екі жаққа да маңызды келісімдерге қол қойылады. Соның ішінде негізгісі және біздің қоғамда ерекше назарға ілігіп отырғаны – Қытаймен екеуара визасыз кіріп-шығу туралы уағдаластық.
Сыртқы саяси қарым-қатынастың даму жоспарына сәйкес елімізде 2023-2027 жылдары 13 мемлекетпен визасыз тәртіп енгізу туралы келісім жасасу көзделіп отыр. Жоспарланған құжаттардың бірі – «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы үкіметаралық келісім». Ескеретін бір жайт, бұл құжат қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізілмейді. Келісім күшіне енуі үшін алдымен «Миграциялық ақпараттың алмасуы туралы» құжатқа қол қойып, оны ратификациялау қажет.
Президенттің бұл мемлекеттік сапары карантиндік шектеулерден кейін тұралап қалған екі елдің экономика және сауда саласындағы ынтымақтастығына жаңа серпін беру үшін аса маңызды. Бүгінде Қазақстан мен Қытай ішкі саяси трансформация үдерістерін негізге ала отырып, тың белестерді еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Оның үстіне бұл сапар екі ел басшыларының қайта сайлануынан кейінгі алғашқы кездесуі екенін атап өткен жөн.
Геосаяси тұрғыдан алғанда, екі ел арасындағы визасыз режім үшін алаңдайтын ретіміз жоқ. Ең қасиетті әрі қастерлі құндылығымыз, ең басты байлығымыз – тәуелсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымызды сақтауда біздің Қытай басшылығынан кепілдік алғанымызды ескерген жөн. Си Цзиньпин өткен жылғы қыркүйекте Астанаға ресми сапары кезінде «халықаралық конъюнктура қаншалықты өзгерсе де біз Қазақстанды, тәуелсіздікті және аумақтық тұтастықты қорғауды берік қолдаймыз» деп бүкіл әлем алдында жауапты түрде мәлімдеді. Сондықтан да бұл сапар арқылы қытайлық тарап елімізге дамуы тұрақты, бірізді сыртқы саясат ұстанатын, халықаралық аренада беделді және елеулі экономикалық әлеуеті зор сенімді серіктес ретінде ерекше мән беріп отыр.
Жаһандық шиеленіс пен жаңа тәртіптің қалыптасуы жағдайында Бейжің дүниежүзілік қоғамдастықта дәстүрлі әріптестерімен қатарын толтыруға және көршілерімен достық байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының таяудағы сапары Қазақстан үшін көпвекторлы сыртқы саясаттың міндеттеріне жауап беретін қадам болары сөзсіз.
Жақында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы атап өтілді. Енді екі мемлекет арасындағы достық байланыстың келесі 30 жылдығы «алтын» дәуірге айналуға тиіс десек артық айтқандық емес. Осыған орай сапар аясындағы келіссөздер барысында достық пен өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету мәселесі талқыланып, бірқатар келісімге қол қойылмақ.
Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режім бізге не береді? Оның пайдалы тұстары қандай деген сұрақтарды талдап көрсек.
Бірінші. Екіжақты саудадағы алыс-беріс пен барыс-келісті оңтайландырады. Қазақстан бұған дейін де отыз шақты мемлекетпен визасыз режім орнатқанын еске салғым келеді. Келешекте тағы да әлемнің 26 елімен осындай келісімге келу жоспарланып отыр. Ал еліміз қазіргі күні біржақты визасыз режім бойынша әлемнің 80 елінің азаматтарына ашық. Оның ішінде Қытай азаматтарына былтырдан бері 14 күнге дейін елге визасыз кіруге рұқсат етілсе, биылдан бастап оны бір айға дейін созу үшін қажетті құжаттар талқыланып жатыр. Бұл жолы біржақты емес, екіжақты визасыз режім орнап, екі елдің азаматтары да өзара отыз күнге дейін емін-еркін кіріп-шыға беретін болады.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, екі ел басшыларының өзара сапарлары нәтижесінде екіжақты сауда айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта инвестициялық, туристік және жалпы экономикалық ынтымақтастықты күшейту қажет. Осыған орай визасыз режімді орнату бастамасы пайда болды. Оған пандемия кезінде сауда-шаруашылық қатынастардың тоқтап қалуы себеп болған. Бұл жайт отандық ірі, шағын және орта бизнеске зиянын тигізді. Бұл ретте Қытайдың қазіргі кезде дүние жүзінің екінші экономикасына айналғаны, әлемдегі атақты брендтердің көпшілігі шығыс көршімізде шығарылатынын, миллиард жарым халқы бар аумақта күнделікті тіршілікке қажет заттар, оның ішінде заманауи технологияларға қажет бұйымдар өндірілетінін естен шығармауымыз керек.
Екіншіден, мемлекеттеріміздің бұл қадамға баруына санкциялық текетірес жағдайы да итермелеп отырғанын ұмытпаған дұрыс. Айналамыздағы елдерге санкциялар салынып, сауда-экономикалық байланыстардың үзілуіне әкеп соғып жатқаны белгілі. Мемлекет басшысы таяуда атап өткендей:
«…Экономикалық және логистикалық байланыстардың үзілуі рекордтық инфляцияға, әлемдік экономиканың баяулауына және мемлекеттердің қарыздық жүктемесінің өсуіне әкеліп отыр. Сауда кедергілері көбейіп, мемлекеттер арасындағы өзара сенімсіздік артып келеді. Осындай жағдай аясында халықаралық қатынастардың неғұрлым тұрақты жүйесін қалыптастыру қажет».
Қытайға өз тауарларын Еуропаға тасымалдау үшін жаңа көлік дәліздері аса қажет. Ол миллиардтаған қаражат шығарып болса да, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын пайдаланғысы келеді. Біз мұндай бірегей мүмкіндікті пайдалануымыз қажет. Бұл негізінен мұнайға байланған бюджетімізге қосымша қаржы құйылуын қамтамасыз етеді. Егер одан бас тартсақ, қытайлар Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Иран арқылы Түркия мен Еуропаға өз тауарларын тасымалдаса, біз шетте қаламыз.
Осы орайда айта кетер жайт, Орталық Азия елдерінің бір бөлігі Қытаймен визасыз режім орнатқан және қалған мемлекеттер де орнатқалы отыр. Бұл мәселе жақында өтетін «Қытай – Орталық Азия» саммитінде түбегейлі шешіледі деп күтіліп отыр. Егер біз осы үдерістен шет қалып қойсақ, онда сауда транзитінен түсетін қыруар қаржыдан қағыларымыз сөзсіз.
«Отты түрте берсең – өшеді, көршіні түрте берсең – көшеді» дейді дана қазақ. Сондықтан мыңдаған шақырымдық ортақ шекарамыз бар, сауда байланысына қолайлы, экономикамызға пайдалы көршімізден басты ала қашпай, одан түсетін табысты ойлап, байсалды байланыстарымызды ақылға салып, өз мүддемізді де ұмытпай екеуара визасыз режімді құп көрген дұрыс.
Ал өзге елдің азаматтары қаптап кетеді деген байбаламға келсек, былтыр 14 күнге визасыз режім енгізілгелі бері елімізге іскерлік және туристік мақсатта тек 8 мың ғана Қытай азаматы келіп-кеткенін еске салғым келеді. Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет министрлігінің жоспарына сай визасыз режім отыз күнге созылса, алғашқы жылы 50 мыңдай турист пен кәсіпкер кіріп-шығады деп жоспарланып отыр. Олардың арасында көрші елден келетін қандастарымыз да көп екенін ұмытпаған жөн.
Бұдан басқа геоэкономикалық және инвестициялық пайдалы жақтары туралы баяндап өтсек. Екі ел арасындағы визасыз режім – инвестициялық қызмет үшін прогрессивті құқықтық базаны құруға, Қытай мен Қазақстанға іссапарлар үшін тұрақты және болжамды жағдайларды қамтамасыз ету арқылы инвесторларды қолдауға бағытталған тағы бір қадам. Бұл режім осы бағытты жоспарлауды да айтарлықтай жеңілдетеді. Сабақтас салалар үшін мультипликативтік әсер қалыптастыруға мүмкіндік беретін туризм индустриясы Қазақстан экономикасы үшін тиімді.
Қазіргі кезде Ресей мен Түркия, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия елдерімен визасыз режім орнатқанбыз, ал Еуроодақпен визалық талаптарды жеңілдету бойынша тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр. АҚШ біздің азаматтарымызға он жылдық визаларды бере бастады. Таяу Шығыста Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Азияда Оңтүстік Корея, Малайзия, Индонезия сияқты елдерге бару үшін азаматтарымызға виза қажет емес. Тек былтырдың өзінде Қазақстан визалық талаптарды өзара алып тастау туралы 10 үкіметаралық келісімге қол қойды. Жалпы, бүгінгі таңда өз еліміздің азаматтары үшін әлемнің 36 елі ашық және де бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып келеді.
Айта кетер тағы бір маңызды мәселе, Қазақстан мен ҚХР азаматтарының екі елдің аумағында визасыз болуы 30 күнмен шектеледі және бұл тек туристік және келісімшарттар жасасу, келіссөздер жүргізу, консультациялық қызметтер көрсету және басқа да іскерлік мақсаттарға ғана арналады. Ең бастысы бұл режім ел аумағында жұмыс істеуге құқық бермейді. Осы орайда Қытай азаматтарына осы визасыз режім аясында еңбек етуге және өзге де ақы төленетін қызметті жүзеге асыруға тыйым салынатынын айрықша айтып өткім келеді.
Үшінші мәселе. Осы жағдайға орай қоғамдағы наразылықтың өсуіне байланысты құзырлы мемлекеттік органдарымен бірлесіп халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, сыртқы саясат ведомствосы мен Ішкі істер министрлігі сарапшылары, қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысумен бұқаралық ақпарат құралдарында Қытай азаматтарының Қазақстанда болу тәртібі, Қазақстан – Қытай арасындағы визасыз режімнің артықшылықтары мен оң әсері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды. Осы ретте айта кетейік, өткен жылы еліміз тек Қытай емес, сонымен қатар Үндістан және Иран азаматтарына да біржақты тәртіпте 14 күндік визасыз кіру мүмкіндігі берілген болатын. Ал халық саны жағынан Үндістан жуырда Қытайды басып озып, әлемдегі ең тұрғыны көп елге айналғаны белгілі.
Жыл басынан бері Қазақстанға 4 миллион 195 мың шетелдік келген. Кеткендердің саны – 4 миллион 44 мың адам. Бұлардың бәрі әлеуетті туристер және елге ақшасын тастап кететін қонақтар. Келгендердің 90 пайызы – ТМД елдерінің азаматтары. Ал ТМД елдерімен бізде әуел бастан виза болған жоқ. Биыл Қытайдан тек 64 мың азамат келіп-кеткен, оның ішінде үш тәулікке дейін – 34 мың, 10 тәулікке дейін – 12 мың, 30 тәулікке дейін – 8 мың, 90 тәулікке тек 6400 адам келген, ал 1 мың 800 адам 90 тәуліктен астам болған. Қазіргі уақытта Қазақстанда
13 900 қытай азаматы бар. Ал 2022 жылы Қытайға елімізден 95 760 Қазақстан азаматы барған екен.
Көші-қонды бақылауды қамтамасыз ету барысында 15 мың шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 18-і – Қытай азаматы. Олар елімізден шығарылды. Бұл әрбір елге келген шетелдіктің жүріс-тұрысы тиісті орындардың қатаң бақылауында екенін білдіреді әрі олардың бәрі ақпараттық жүйеге енгізілген. ІІМ-нің мәліметінше, қазір Қазақстанда тұрақты түрде 16 мың 550 Қытай азаматы тұрады деп тіркелген, оның ішінде 14 мың 396-сы – этностық қазақ. Яғни басым көпшілігі өзіміздің қандастар. Биыл 180 этностық қазақ есепке қойылды. 411 адам Қазақстан азаматтығынан айырылды, оның ішінде 164 адам қос азаматтығы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың көпшілігі – Ресей азаматтары.
2023 жылдың үш айында елімізде 25 018 неке қиылса, оның ішінде Қытай азаматтарымен 12 неке тіркелген және олардың арасында да қандастарымыз бар екенін айта кету керек. 2023 жылға шетелдік жұмыс күшін тарту үшін 22 мың квота бөлінсе, оның 14 730-ы шетел азаматына берілді, оның ішінде Қытай азаматтары – 3 579 адам. Қазіргі таңда еліміздегі 13 мың қытайдың тек 3 500-і жұмыста, қалғаны туризм және басқа жағдайлармен жүр.
Визасыз режімді енгізгеннен кейін ІІМ Көші-қон қызметі комитеті мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті шетел азаматтарын бақылауды күшейту жұмыстарын қолға алады. Бұл үшін барлық заңнамалық құрал пайдаланылады. Қажет жағдайда Парламент депутаттары осы саладағы заңнаманы қатаңдатуға дайын.
Сонымен қатар еңбек көші-қоны да маңызды мәселе. Еліміз дамып келе жатқан мемлекет, шетелдік өндіріс құралдарын пайдаланады және шетелдік компаниялар біздің елде жұмыс істейді. Сол компаниялар қызметін әрі қарай жүргізуі және оны дамыту үшін елге шетелдік жұмыс күші қажет. Бұл – барлығымызға аян мәселе. Ішкі еңбек нарығын қорғау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайынғы квотаны бекітеді. Сол квотаның арқасында елімізге тек қажетті шетелдік мамандарды алып келуге рұқсат беріледі.
Кімдер тартылады деген сұраққа келсек, министрліктің мәліметі бойынша қазіргі күні 5 мың 262 адам – құрылыс, 1 мың 400 адам – тау-кен өндірісі, 1 мың 143 адам – ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығы, 970 адам – әртүрлі техникалық қызмет және 882 адам өңдеу кәсібіне қабылданған. Оның ішінде 3 579 Қытай азаматы министрлік берген рұқсат бойынша заңды тұлғаларда қызмет жасап жатыр. Ресейден – 1 437, Үндістаннан – 1 682, Өзбекстаннан 1 347 адам қызмет жасап жүр. Бұл тек заңды тұлғаларда жұмыс істейтін азаматтар. Бұларға қойылатын арнайы талап бар. Оларды тек бірінші басшылар, бөлім басшылары, мамандар және төменгі дәрежелі қызметкерлер ретінде қабылдауға болады. Бірақ бір жыл ішінде қазақстандық азаматтарды үйретіп, солардың орнына қою керек деген шарт қойылады.
Біздің елде жоғары білікті мамандарды қажет ететін мекемелер бар. Ол жерге шетелдік жұмыс күші шекті санмен жоғары лауазымдарға және зәру кәсіптерге рұқсатсыз алынады. Мысалы, «Астана Хаб», «Астана» ХҚО деген секілді ұйымдар. Сол сияқты мекемелерге IT немесе қаржы мамандары ұзақ емес уақытқа және бақылау арқылы шектеулі түрде жұмысқа кіре алады.
Корпоративтік ауысым арқылы да мемлекетімізге шетелдік азаматтар келеді. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан ДСҰ құрамына кіргеннен кейін осы ұйымның кей талаптарына сәйкес шетелдік компаниялар өзінің осы жердегі мекемелеріне шетелде кемінде бір жыл жұмыс істеген азаматтарды ауыстыру арқылы жұмысқа алады. Олардың саны 1 735-тен аспайды.
Үй шаруашылығына жыл сайын бөлек квота бекітіледі. Биыл бұл квота 297 мың азаматты құраған болса, қазір 87 мың азамат елде жұмыс істейді. Ол азаматтар негізінен Өзбекстан (47 мың), Әзербайжан (809), Тәжікстан (2 389), Грузиядан (5 адам) келіп отыр. Алыс шетелдерден мұндай қызметке азаматтарды алуға мүмкіндік жоқ, себебі заңмен шектелген. Сол себепті Қытай азаматтары бұл жерлерге келе алмайды.
Бүгінгі таңда еңбек мигранттарын бақылау қалай жүргізіледі дегенге келсек. Біріншіден, министрлік арнайы квота бекітеді. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдар мекемелердің талабына, арызына байланысты қажеттілікті тексеріп квота бекіту үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетіне жібереді. Квота бекітілгеннен кейін сол азаматтар мамандықпен келгенін тексеруге аталған комитет құқылы. Сол бағытта елімізде әкімдік жанындағы еңбек инспекциялары жұмыс істеп жатыр.
1991 жылдан бері елге 1 миллион 112 мыңнан астам қандас келді. Олардың 20 пайызы Қытай мемлекетінен. Оларға визасыз келуге байланысты қандай жеңілдіктер беріледі? Қазір қандастар визасыз келсе де, оларға жеңілдетілген тәсіл арқылы қандас мәртебесі беріледі. Әрі қарай олардың азаматтық алуға құқығы бар. Бұдан былай олар шетелдегі Қазақстан елшілігіне арыз тапсыра алады. Құжаттары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберіледі. Бір ай көлемінде тексеруден өткеннен кейін шетелде жүргеннің өзінде қандас мәртебесіне рұқсат береді. Біздің елге келгенде құжаттарын ресімдемей-ақ азаматтық алуға өтініш бере алады.
Тағы бір мәселе – босқындарға қатысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазір босқындармен жұмыс істеу құзыреті берілген. Қытай азаматтары елге келіп, жеті азамат босқын мәртебесін алған. Олар – этностық қазақтар. Сол жерде біраз қиындыққа тап болғаннан кейін елге шекара арқылы заңсыз келгеніне байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз құзыретінде босқын мәртебесін берген. Қазіргі уақытта олардың шаруасымен Алматы облысы әкімдігі айналысып жатыр, болашақта Қазақстан азаматтығын алуы мүмкін.
Еліміз егемендік алып, аяққа тұра бастаған кезде инвестиция тарту бойынша үлкен жұмыс басталды. Сол кезде де халық арасында «неге біз жер қойнауын шетелдіктерге беріп жатырмыз, неге ауылшаруашылық жерімізге, құрылысқа шетелдік компаниялар кіріп жатыр?» деген күдіктер болды. Бірақ осы жұмыстардың барлығының керек екенін уақыт көрсетті. Инвестицияның ел экономикасына, елдің дамуына пайдасын үлгі етіп көрсеткен Қытайдың өзі еді. Кезінде әйгілі Дэн Сяопин «Ашық есік теориясымен» Қытайға барлық инвестиция тартуға мүмкіндік туғызып, заңдастырып, соның арқасында Қытай бүгінгідей дәрежеге жетті.
Екіншіден, ел экономикасы әлі толықтай аяққа тұрып кеткен жоқ. Сол үшін туризмді дамытуымыз аса қажет. Бізде туризм саласы енді ғана өркендеп келеді. Осы салаға да мүмкіндігінше жол ашуымыз керек. Мұны түсінетін уақыт келді. Туризмнің ел экономикасына қандай пайдалы екенін бауырлас Түркия елі көрсетіп отыр. Бұл елдің экономикасына миллиардтаған қаржы туризмнен түсіп жатыр. Бізде қазір инфрақұрылым дамып келеді, шетелдіктерге көрсететін көрікті жерлеріміз де бар.
Айгүл ҚҰСПАН,
Мәжілістің Халықаралық істер,
қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы