Түркістан облысында жылу жүйесі жүргізілмеген, электр пешпен жылытылатын, шатыры әбден тозған, ылғалдан еденге төселген тақтайлар шіри бастаған кітапхана бар. Қабырғалары зәктенген ғимаратта қалыпты температурада сақталмаған соң кітаптардың ылғал тартып, жарамсыз күйге түсуі әбден мүмкін. Өткен ғасырдың 70-жылдары монша ретінде қолданылған бүгінгі кітапхана ғимараты құлаудың алдында тұр.
Сауран ауданының Ораңғай ауылдық округына қарасты Құсшы ата елді мекеніндегі бұл кітапханада 11 мыңнан аса кітап аядай жерде сығылыса орналастырылған. Интернет желісі, өз-өзіне қызмет көрсету орталығы, түрлі мәдени іс-шаралар өткізілетін арнайы зал, тіпті оқырмандар отыратын оқу залы мен кітапханашыларға арналған бөлме де жоқ. Мәдениет үйі жоқ Құсшы ата ауылындағы мәдени орталық ретінде жұмыс істеп тұрған кітапхананың жағдайы осындай.
Ауылды айтамыз, облыс орталығы Түркістан қаласында Мәдениет үйі жоқ. Болған. Бірақ сатылып кеткен. Облыс әкімдігі оны мемлекетке қайтару мақсатында әрекет жасапты да. Бірақ қазіргі егесі жоғары баға сұрағандықтан қайтару тиімсіз болып отыр. Қалада жаңа Мәдениет үйін салу көзделгенімен қаржы мәселесі шешілмеген. Әрине, облыс орталығында Мәдениет үйінің болғаны абзал. Бұл орайда мәдениет ошақтарына жылдар бойы көңіл бөлінбегені, құрылыс немесе күрделі жөндеуде соңғы орынға қойылып келгені жасырын емес. Табыс көзі болып саналмайтын клуб, театр, кітапхана, мұражайдан гөрі тойхана салған кәсіпкерлер үшін де тиімді болғаны мәлім. Тойханасы көп оңтүстік өңірде мәдени нысандарға енді ғана көңіл бөліне бастады.
Кітапханаға қайта оралайық, жалпы облыс аумағында жұмыс істейтін 396 кітапхананың 344-і ауылдық. Төрт ауылда қосымша балалар кітапханасы жұмыс істейді. Компьютермен қамтамасыз етілген 275 кітапхананың 225-і ауылдық кітапхана. Ал 121 кітапхана компьютермен мүлдем жабдықталмаған. Әсіресе Бәйдібек, Жетісай, Төлеби, Мақтаарал аудандарында компьютері жоқ кітапханалар көп. Сондай-ақ 224 кітапхана интернет желісіне қосылмаған. Ғаламторға қосылған 172 кітапхананың 116-сы ауылдық жерде орналасқан. Жыл басынан бергі 4 айда 28 225 жаңа әдебиеттермен толығып, жалпы кітап қоры 6 078 377 данаға жеткен. Облыс әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Ауыл кітапханаларына – 20 мың кітап» акциясы шеңберінде бүгінде облыстық кітапхана қорына сыйға берілген кітаптар саны 12 мыңнан асқан.
Әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші – мәдениет саласының өңірдегі жағдайын саралаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға бірқатар нақты міндетті жүктеген еді. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев аудан, ауылдардағы әлеуметтік нысандарды аралап, біраз мәселені анықтап қайтқан. Мысалы, Сарыағаш аудандық тарихи-өлкетану мұражайына жаңа ғимарат қажет. Өйткені бұрын уақытша паналаған ғимарат апатты деп танылған. Қазіргі таңда мұражай №71 мектепке уақытша орналастырылған. Мұражайдың өз ғимараты жоқ. Сондықтан алдағы уақытта аудан әкімшілігі тарапынан тиісті жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама дайындау қажет. Сарыағаш – туристік әлеуеті мол аудан. Келушілер өңір тарихымен танысуы тиіс, яғни музей керек.
Жөндеуді, жаңартуды немесе жаңасын салуды қажет ететін нысандар Жетісай ауданында да баршылық. Мысалы, Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ғимараты салынғалы бері күрделі жөндеу көрмеген. Театр жетекшілері жылу мәселесінің де ұзақ жыл бойы шешілмей келе жатқанын айтады. Бұл орайда облыс әкімінің орынбасары театр ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ дайындалып, мемлекеттік сараптамаға ұсынылғанын және қорытынды бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты. Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханаға да 2016 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Кітапханашылар нысанға алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлінсе деген тілегін жеткізді. Жалпы өңірде – 255, яғни 4 аудандық Мәдениет сарайы, 12 аудандық Мәдениет үйі, 91 ауылдық Мәдениет үйі, 148 ауылдық клуб мекемесі халыққа қызмет етеді. Бүгінде аудан, қалаларда халық саны 2 мыңнан жоғары мәдениет үйлері мен клубтары жоқ 85 елді мекен бар. Әсіресе, Сарыағаш, Мақтаарал, Сайрам, Жетісай аудандарында Мәдениет үйі жоқ ауыл көп.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр 4 клуб пайдалануға берілген және осы жылдың соңына дейін 12 клубтың құрылысы аяқталып, халық игілігіне беріледі деп күтіліп отыр. Қалған аудан, қаладағы халық саны 2 мыңнан жоғары ауылдық елді мекендерде мәдениет ошақтарын салу жыл сайын кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Биыл Ұлттық қордың қаржыландыруымен 4 клубтың құрылысы басталған. Ал 8 клуб күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді және 64 клуб мекемесінің музыкалық аспаптары мен аппаратуралары ескірген. Бұл орайда 5 клуб мекемесіне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары басталған.
– Қоғамның материалдық дәрежесі жоғары болса, рухани өмірі де жоғары болады. Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Өкінішке қарай, мәдениет үйлері жетіспейтін аудандар өңірімізде аз емес. Оның өзіндік себебі де бар. Бірінші кезекте балабақша, денсаулық, білім, инфрақұрылым салуға көңіл бөлінді. Мәдениет ошақтары кейінгі орынға ысырылды. Экономикалық тұрғыда табыс әкелмейтін, шығын шығарылатын нысан. Яғни ол жер табыс көзі болып саналмайды. Сондай көзқараспен қарағанда тиімсіз болып есептелді. Соның салдарынан да халыққа дұрыс мәдени қызмет көрсетілген жоқ. Ол өз кезегінде адамның мәдениетіне, руханиятына кері әсер еткені мәлім. Әрине, мәдениет ошақтары қажет, халық мәдени ортаның қалыптасқанын қалайды, күтеді. Бұл орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен бірқатар нақты жұмыс қолға алынбақ. Мысалы, бүкіл аудандардың мәдени картасын жасау көзделіп отыр. Қандай нысандар бар? Олар қандай жағдайда? Жөндеуді, жаңадан салуды қажет ететіндерін анықтап, осы бағытта арнайы жоспар жасау қажет деп ойлаймын. Мысалы, Жетісай театрына қатысты осыдан үш жыл бұрын 750 млн теңгеге ЖСҚ жасалған, бірақ ешқандай қаржы бөлінбеген. Енді ЖСҚ-ны қайта жасауға тапсырыс бердік. Қазір құрылыс материалдары қымбаттағандықтан қажетті қаржы млрд теңгеден асуы мүмкін. Өңірде үш театр болса, екеуі – Түркістанда, біреуі – Жетісайда. Бірақ ол осындай дұрыс жоспарланбау, қаржы бөлінбеуі салдарынан толық көлемде жұмыс істей алмай отыр. Дегенмен Мәдениет үйлерін, өнер иелерін қолдау, ынталандыру бағытында байқаулар ұйымдастырылу қаралған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ кітапханалардағы кітап қорын көбейту мақсатында қолға алынған акция аясында 20 мыңнан аса кітап жинау көзделіп отыр. Аудан, ауыл тұрғындарымен кездесулерде көбіне материалдық жетіспеушілік және кадр тапшылығы айтылады. Бүгінде ауылдарға мәдениет мамандары бармайды. Жас мамандарды көптеп тарту жолдарын да қарастырудамыз. Әрине, бұл орайда жалақы және әлеуметтік мәселе оң шешімін табуға тиіс. Сондай-ақ тозығы жеткен ғимараттарды жөндеу немесе жаңасын салу қажеттігі де ауылдықтар тарапынан көп айтылып жатыр, – дейді Бейсен Тәжібаев.
Айта кетелік, облыстық мәдениет және туризм басқармасының 2023 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес аудан, қалаларда облыстық деңгейде 17 іс-шара өткізілмек. Алдағы уақытта, «Түлкібас шайырлары» облыстық ақындар айтысы, «Шаянға барсаң, әншімін деме» облыстық ән байқауы, «Арыс жағасында» облыстық ретро фестивалі, «Қымызмұрындық» фестивалі, «Жайдарман – Созақта» облыстық жайдарман ойындары, «Мырзашөл жұлдыздары-2023» облыстық жас эстрада әншілері байқауы, «Алтын бесік» жас аналарға арналған облыстық байқауларын ұйымдастыру жоспарланған. Қазіргі таңда аудан, қалалардағы жас таланттардың танылуына сеп болу, Түркістанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында «Өнерлі өлке» облыстық фестивалі өтіп жатыр. Әр апта сайын белгіленген кестемен аудан, қалалық өнерпаздар қала жұртшылығына рухани демалыс сыйлау үшін барын салуда. Оза шапқан өнерпаздарға қомақты жүлде тағайындалған. Одан бөлек, республикалық «Түркістан дауысы», Халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндерінің байқауы өтпек. Сонымен қатар былтыр Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы еліміздегі филармониялар арасында тұңғыш рет Алматы қаласындағы Республика сарайында ән кешін өткізсе, биыл бас қала Астанада 3 мыңнан аса халықтың алдында өнер көрсетпек.
Ақындар айтысы, жыр мүшәйралары да жолға қойылып, тұрақты түрде өткізіліп келеді. Түркістан облысының 5 жылдығына орай 5 жаңа кітап жарық көріп, оқырманға жол тартпақ.
Дереккөз: egemen.kz