Жақсы адам әр дәуірде, әр қоғамда бар. Санасы сергек ұрпақ ұлтына жанын беріп, қанын төгіп, адал қызмет еткен жандарды құрметтеп, қадірлей алады. Еліне еңбегі сіңген қайраткерлер кімдер, ал кімдердің қоғамға пайдасынан гөрі зияны басым, жиіркенішті екенін біліп, ара-жігін ажырату кезінде абай болғанымыз абзал. Өтірік пен өнеге өмірде қатар тұрмауы керек.
Бұл орайда тарихшы ғалымдар мен саясаттанушыларға, қоғамдық пікір иелеріне әділетті пайым, шынайы көзқарас, терең зерттеулер, зор жауапкершілік жүктеледі. Бұл – өміршең мәселе. Мұны айтып отырғанымыз, бұрынғылардың жіберген қателіктері мен олқылықтарын түзету күрескерлігі бүгінгілердің қажыр-қайраты мен білім-біліктілігіне тән нәрсе болып отыр. Әсіресе мемлекеттік қызметте.
Әділетті Қазақстан үшін бұл мәселе тіпті ерекше маңызға ие. Мемлекеттік қызметші атану адамнан кәсіби білімді, рухани-мәдени өресі жоғары, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуды талап етеді. Сонда ғана олар қоғам мүддесі жолында шешім қабылдай алатын тұлға деңгейіне көтеріле алады. Мықты кадрлар корпусынсыз өркениетті нарыққа өту мүмкін емес. Ал нарықтық қатынастарда барлық әлеуметтік-экономикалық сала бойынша биік деңгей мен өре керек. Онсыз халықпен ашық диалог орнатылмайды. Мобильді жұмыс істей білуді меңгеру де талап өлшемі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бастамасымен кадр саясаты жөнінде түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Ел ертеңіне сенімді күш – қабілетті жас мамандар резервін әзірлеу, меритократия қағидатын енгізу, мемлекеттік қызмет моделін қалыптастыру белгілі бір деңгейде өз нәтижесін беріп келеді.
Қоғам талғамының өсуінің нәтижесінде мемлекеттік қызметке де жаңа талаптар қойылды. Бұл міндеттер мен талаптар Қаңтар оқиғасынан кейін қатая түскенін, азаматтық қоғамның да бұл бағытта бақылау мен қадағалау жұмыстары жанданғанын сезінбеу мүмкін емес. Алайда бүгінде шенеуніктер берілген мүмкіндіктер мен уақыттарын жұрт күткендей жаңару мен тың серпіліске тиімді пайдалана алмай отыр. Сөз көп, іс мардымсыз. Ескі кадр ескіше жұмыс істеуге әбден дағдыланып кеткен. Бюрократияға бейімделіп алған. Қарақан басының барлық жағдайын жасап жатқан шенеуніктер артық қимылдамайды, қозғалмайды, қағаз жүзінде «қарқынды даму үстінде» дейтін асырып жазған мәліметтерді жоғары қарай жолдайтын пысықай күйінде қалып отыр.
Турасын айтсақ, бүгіндері жергілікті әкімдер Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі және сапалы орындауда қауқарсыз, жаңаша әрекет етуге икемсіз, нақты істерде дәрменсіз екенін көп жағдайда көрсетіп қойды. Халық бәрін көзбен көріп отыр. Жүз жерден өзіне бағыныстағы адамдар жарнамасын жасап, ақылы мақтауын жеткізсе де қажетті деңгейде сенімнен қалған. Бүгінде пара алып, істі болып жатқандар кімдер? Шенеуніктер. Жауапты істерден жалтарып, ізін жасырып, ел асып жатқандар кімдер? Тағы, шенеуніктер. Қазынаның миллиардтаған ақшасын жымқырам деп, масқара болып жатқандар кімдер? Тағы да мемлекеттік қызметшілер.
Енді қоғам мен елді көпшілік шенеуніктерден қорғау керек деген, ойшылдардың қанатты сөзіне арқа сүйеп, күресу керек шығар. Біздіңше, батыл әрекеттер мен қоғамдық бақылауды күшейту абзал. Мемлекет басшысының жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудағы барлық бастамасы мен табанды ұстанымына сай адалдық таныту бұқаралық іске айналуға тиіс. Ескі дағдыны күресінге лақтырып, қоғам өмірінен парақор, жемқор шенеуніктерден аластату ісі әлеуметтік мәселенің ең зоры екенін жаппай сезіндіру саясатын жүргізуге басқалай сипат берген жөн. Ол – халықпен пікірлесіп, ашық диалог жүргізу және қалың бұқараның соған көзін жеткізу. Келеңсіздікті жоюдың барлық іс-шарасын жария ету.
Ұлт үшін адал қызмет ететін азаматтар ғана қоғамды алға сүйрей алады. Сондықтан әділетті қоғам құру ісінде, реформаторлық талаптарға ілесе алмаған кадрларды алмастырудан басқа ештеңе қалмай отыр.
Қоғамда әлі күнге дейін қызу талқыланып келе жатқан кадр мәселесінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқанындай, өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Бұл тұста отаншыл, мемлекетшіл қасиеттерді Алаш арыстарынан үлгі етіп алсақ та артық болмас еді. Сосын мемлекеттік қызметші жайында бізде ұнамсыз сөз көп айтылады. Себебі… Мысалы, Францияда мемлекеттік қызметші санымен емес, сапасымен, білімді және кәсіби біліктілігімен өлшенеді. Тіпті француз халқы «мына үйде мемлекетшіл қызметші тұрады» деп мақтанып айтады. Ал бізде ше? Ала-құла пікір. Қызғаныш пен жақтырмаушылық.
Бұл нені көрсетеді? Әбден ығыр еткен, түрлі себептермен, бюрократия мен жемқорлық секілді жағымсыз құбылыстар арқылы сіңісіп кеткен теріс ойдың салдары. Әйтпесе шенеуніктің бәрі жаман емес, ауыртпалықты көтере білген, адал да алғыр өкілдері болған, олар қазір де бар.
Негізінен кадрлар құрамын жаңартып, біртіндеп ауыстыру керек деген ойды құп аламыз. Әсіресе аса бір ерекше қабілеті жоқ, алайда жоғары тұрған әкімге жағымпаздығымен не жерлестігімен жаққан қоңыртөбел, шіренген шенеуніктердің еш қиындықсыз көтеріліп, майлы жілікті мансапта отыратын жағдайға жол бермеуіміз керек.
Қалай? Ол үшін халықтың арасында айтылатын әртүрлі көзқарас пен пікірді қатаң ескеру қажет. Жалпы, ел басқару жұмыстарында түрлі ұйым мен қоғамдық кеңестің ықпалы мен ұсыныстары нақты ел тілегіне сай естіле бермейді. Бұл да ойланатын мәселе.
Халықтың көңіл күйінде дәл осы жергілікті кадрларды қызметке іріктеп, орналастыру, тамыр-таныстықтың әлі де етек алуы сияқты жағымсыз әрекеттерге, руластық-сыбайластық байланыстардың бұзылмауына алаңдаушылық бар. Бұл ұрлықты жасырғанмен бірдей емес пе? Қоғамды кері сүйреушілер осындай ескі жүйедегі кәнігі қызметшілер болса, онда оларды алмастыру керек. Басқа қандай ықпалды жолдар мен шешімді іс болуы мүмкін?
Жақында қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласында жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде жаңа үлгідегі басшылар қашан пайда болады, деген сауалға қатысты мынадай ой айтыпты: «Әлі күнге дейін әкімдер мен министрлер арасында басқарудың кейбір үлгілерін экс-президенттен қабылдаған адамдар бар. Өйткені олар тікелей соған қызмет етті. Олар халықтан бұрын соған жағуды ойлады. Енді мәдениеті, көзқарасы, басқару принципі, тіпті басқаша қалыптасқан жаңа Президентіміз бар».
Мақала авторы жуық арада соған ұқсағысы келетін басшылар көбейеді деген ойын да білдірген. Солай болуы – өмір заңдылығы. Қоғамға керегі де сондай парасатты, адал, мәдениетті, сыйлы, халықшыл азаматтар. Тойымсыздық психологиясынан ада, жаңа үлгідегі басшыларды тәрбиелеп шығару – оңай іс емес. Ең бастысы – қоғамдық орта қажет. Жұртты айтқан сөзіне сендіре алатын, тыңдата алатын табанды, турашыл, ақылды тұлғалар мен айбарлы қайраткерлер болмаса, ықпалды қоғамдық, мемлекетшіл ортаның қалыптасуы қиын.
Тарихымызда тәуелсіздіктің қалыптасуына өздерінің алмас қылыштай өткір сөздерін айтып, қоғамдық мәдениет пен ұлттық ой-сананы сергітуге зор тарихи үлес қосқан тұлғалар аз емес. Академик-заңгер Салық Зиманов, өмірдің өжет сөзін айтып өткен Шерхан Мұртаза, ұлы ойшыл, ақылдың кені Әбіш Кекілбайұлы, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Герольд Бельгер, қоғам мен ұлт мүддесінде жеке батыр Алдан Айымбетов және көптеген елінің бүгіні мен ертеңі үшін әділеттіліктің, шындықтың қанын сорғалатып, билікке тік қарап, қоғамның сөзін айтқан танымал азаматтардың орнын жоғалтпайтын, аманат жүгін одан әрі жалғастыратын қоғамдық пікірдің көшбасшыларын халық шын сағынады. Жоғарыда аты аталған көптеген дара тұлғалар атойлап тұрғанда көпшілік уайым жемей, тағдырлы мәселелердің дұрыс шешілуінде арқа тұтып жүретін еді. Тек Алматы мен Астанада емес, өңірлерде де сол кезеңдерде қалың ел құрметтейтін қоғам қайраткерлерінің қатары толыға түсті. Мәселен, Ақтөбеден философ-профессор Амангелді Айталы ұлттану туралы, Оралдан көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева ұрпақ тәрбиесі, Шымкенттен жазушы Мархабат Байғұт, түркістандық әдебиетші-ғалым Құлбек Ергөбек, басқа да абыройлы азаматтар ел бірлігі, өмір шындығы, мансаптың терең мағынасы жайында жазған тартымды дүниелері ортақ қоғам мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізді.
Қазір осындай ірі және еті тірі тұлғалардың шоғыры аймақтарда аздау ма деп қаламыз. Кейбірінің көзге түсетін «белсенді қызметі» тек жергілікті дәу шенеуніктерді бас-көз жоқ мақтаудан асып кете алмай жүрген секілді. Себебі жұртшылық аузындағы шығармашылық адамдардың күнкөрісі мен күйбең тірлігі бір басқа болса, жергілікті әкімдерге жұрттың мұң-мұқтажын айтудың орнына, ел сөзінің шырпысын шығармай, жақсы істерге жол сілтеудің орнына көпе-көрнеу жалған мадақ-мақтау сөзден тау тұрғызып, бәйек болуымен теріс әсер қалдыруда. Мұндай сорақылыққа өршіл рухтағы жастар жағы әрине, өкпелейді. Өсіп келе жатқан саналы да сергек ұрпақтар толқыны өнегені өрбіткенді дұрыс санайды. Қайсар тірлік пен батыл қадамдарға қарап бой түзейді. Сөз түзелмесе, құндылықтар қадірленбесе, сосын «Қураған ағаштан қобыз шықпайды» деп жүрсе не дейміз?
Өмір өзгерді. Талғам мен талап та жылдам өзгеріп жатыр. Мемлекетті басқарудың жаңа үлгісін үйренетін кейінгі жас буын үшін адамшылық қарым-қатынас пен кісілікке көлеңке түсіретін ұсақ-түйек кемшілік болмауы керек. Ел ішінде болып жатқан өзгерістерді ілгерілетуге белсенді азаматтардың тікелей қатысы бар және солай болуы керектігін есте ұстаған жөн.
Әділетті Қазақстан құру ісінде қандай қоғамдық міндеттер тұр? Мақсат – айқын. Үлгі бар, тек үйрену керек. Үмітті ақтайтын және сенімге ие бастамалар қажет, ол жер-жерде идеялық-тәрбие мәселесі ретінде күн тәртібінде алға шығуы қажет. Бұл күндері әртүрлі қоғамдық ортада озық заман тынысын тап басып, жүйрік уақыт талаптарын терең түсініп, реформалық өзгерістерді жүзеге асыруда ұлтжанды, ойлы тұлғалардың орны мен пікір қажеттігі айқын сезілуде. Биік парасатты, шыншыл және абыройлы, беделді жандардың ел ішінде, ауыл, аудандарда, жалпы қоғамда көп болуы бәрінен маңызды. Сол себепті бұл рухани-саяси іске де қолдау мен бағалай білу тұрғысында толыққанды жаңа көзқарас қажет.
Мемлекеттік басқарудың жаңа дәуірінде барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшінің бейнесін Адалдық анықтайды. Ал Адалдық – халық күтіп отырған ең басты сапа.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері